Қазақстандық Жібек Құламбаева жұптық сында Үндістанның Мумбаи қаласында ITF W25 турнирінің жеңімпазы атанды.
Қазақстан теннис федерациясы мәліметінше, Құламбаева осы жарыстың 1-ракеткасы латвиялық Диана Марцинкевичпен финалда чемпиондық атақты сарапқа салды.
Қарсыластары қазақстандық Анна Данилина – украиналық Валерия Страхов болды. Бірінші партияда Жібек пен Диана 6:3 есебімен басым түсті. Екіншісінде Анна мен Валерия есе қайырды – 6:4. Супер тайбрейкте Ж.Құламбаева мен Д.Марцинкевич жеңісті жұлып алды – 10:6.
Осылайша Жібек жұптық сында ITF турнирлеріндегі 14-інші, биылғы алғашқы титулына қол жеткізді.