Қылмыстың өтеуі – жаза
Қылмыстың өтеуі – жаза
593
оқылды
Елімізде болған оқиғалар қандай жағдайда да заң үстемдік танытатынын аңғартты. Демек, бұзақылық жасап жатқандарға қашанда кешірім болмайды. Олардың бәрі де күні ертең өз әрекеті үшін заң алдында жауап береді. Мемлекеттің біртұтастығын бұзудан бастап бөтеннің мүлкіне қасқана зиян келтіруге дейін жалғасатын құ­қықбұзушыларды жазалау тетігі Қазақстанның Қылмыстық кодексі мен өзге де құқықтық құжаттарда жан-жақты қарастырылған. Алғашында Маңғыстауда бас­талған бейбіт митингті қолдаған облыс орталықтары мен ірі қа­ла­лардағы шерудің соңғы шуға ай­налып кеткені мәлім. Ресми ақ­паратқа сүйенсек, бүгінде бірқатар ел аумағындағы бірнеше қалада қазір экстремистік күштер құқық қорғау органдарына қарсы қару қолданып, қан төгілді. Осы орайда қоғамға жат әл­гіндей әрекетті ұйымдастырғандар Қылмыстық кодекстің 181-бабына сай Қазақстанның азаматтығынан айырылып, өмірінің 12-17 жылын қамауда өткізуі бек мүмкін. Сол секілді бүлік кезінде теріс пиғылды топтардың шашбауын көтерген­дер де азаматтығынан айырылып, 8-12 жылға темір торға жабылуы ғажап емес. Жаппай тәртіпсіздікті ұйым­дастырушылар 4 жылдан 10 жылға дейін сотталады. Ал оларға еріп, бейберекетсіздікке қатысқандар 3 жылдан 10 жылға дейін темір торға қамалуы мүмкін. Билік өкiлде­рiнiң заңды талаптарына бағын­бауға, жаппай тәртiпсiздiкке ша­қырып, арандатуға жол бергендер де өмірінің 3 жылын түрмеде өткізеді. Бұдан бөлек, салдарынан қо­ғамдық тәртіпсіздікке қауіп төніп, бөтеннің мүлкін жойып, бұ­за­қылық жасағандар Қылмыстық кодекстің 293-бабына сай 2 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеп, 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұ­зақылық кезінде атыс қаруы қол­данылса, сот басбұзардың бас бос­тандығын 3 жылдан 7 жылға де­йiнгi мерзiмге шектей алады. Осы елең-алаң шақта жалған ақпарат таратып, елді ала тайдай бүлдірушілер де қылмыстық жа­уапкершілікке тартылатынын ұмыт­паған жөн. Қылмыстық ко­декстің 247-бабына сәйкес, жалған ақпарат таратқандар 1 айлық есеп­тік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеп, 1 жылға сотталады. Ал тө­тен­ше жағдай кезінде заңға қайшы әрекет жасалса, жел сөзді тара­тушылар 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Кісі мүлкіне қол салуды қолдамайды

Заң байтал түгіл бас қайғы болған заманда қара басының қамын күйттеп, кісі мүлкіне қол салғандарға да аяушылық таныта қоймайды. Әсіресе, елдің түкпір-түкпірінде бой көрсеткен бүлік­шілер сияқты тұрғын үйге, қыз­меттiк, өндiрiстiк үй-жайға, қой­маға не көлік құралына заңсыз кiріп, ұрлық жасағандар Қылмыс­тық кодекстің 188-бабына сай жа­заланады. Яғни, жаппай тәртіп­сіздік кезінде бас пайдасын ойла­ғандардың мүлкі тәркіленіп, 2 жылдан 8 жылға дейін бас бос­тандығынан айырылады. Дәл осындай жолмен жасалған то­наушылық әрекет үшін де басбұ­зардың мүлкі тәркіленіп, ол 5 жыл­дан 10 жылға дейін сотталады. қылмыс Бүлікшілер тарапынан жиі бай­қалған бөтеннің мүлкін қас­қана жойып, бүлдіру фактісі үшін де қылмыстық іс қозғалады. Олар­дың кінәсі дәлелденген жағдайда сот заңға қайшы әрекет еткендерге екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiн айыппұл салып, түзеу немесе 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғам­дық жұмыстарға тарту, 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу туралы шешім шығара алады. Ал бұл әрекеттер кезінде өрт қою, жарылыс жасалса, қыл­мыс қылмыскердің де жазасы ауыр­лай түседі. Атап айтқанда, бүлік­шілерге 3 мыңнан 7 мың ай­лық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынып не­месе түзеу жұмыстарына тарты­ла­ды. Немесе 3 жылдан 7 жылға де­йін бас бостандығынан айыры­лады. Бөтеннің мүлкін қасқана жойып, бүлдіру фактісі аса ірі залал келтіретін болса, бүлікшілер 5-10 жылын темір тордың арғы жағында өткізеді.

Басқыншылардың басынан сипамайды

Күллі елді сары уайымға сал­ғаны бас көтерушілердің мемле­кеттік мекемелердің, қоғамдық ұйымдар мен коммерциялық нысандарға шабуыл жасап, басып алуы болды. Қылмыстық кодекстің 269-бабында ғимараттарға, құры­лыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау, басып алу әрекеті кезінде құқықтық жа­уапкершілікке тарту жайы ай­тыл­ған. Әлгіндей әрекет жасаған­дар­дың кінәсі дәлелденген жағдайда олардың бас бостандығы 3 жылдан 7 жылға дейін шектеледі. Басқын­шылық адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, қаруды не қару ретiнде пайдаланылатын заттарды қолданып жасалған жағ­дайда қылмыскерлердің жазасы тіптен ауырлай түседі. Мұндайда сот оларды 7 жылдан 12 жылға де­йін бас бостандығынан айыра ала­ды. Шабуыл кезінде кісі өлімі бол­са басбұзардың мүлкi тәркi­ленiп, азаматтығынан және 8 жыл­дан 15 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айырылады. Басқыншылықтан бөлек бүлік­шілер тарапынан бой көрсете бас­таған терроризм актісі үшін де жаза қатаң. Қылмыстың кодекстің 255-бабында лаңкестік жасаған­дардың 6 жылдан 10 жылға дейін түрмеге қамалатыны көрсетілген. Егер лаңкестік әрекет кезінде қару, жарылғыш заттар қолданылса, бұл мерзімі 8 жылмен 12 жылдың ара­сын құрайды.

Тәртіпке бас иген...

Қазір бүлікшілер тарапынан құқық қорғау және арнаулы мем­лекеттік орган қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің өміріне зиян келтіру, тіпті өлтіру фактісінің орын алғаны да дәлелденді. Демек, мұндай әрекетке жол бергендер де заңға сай жазалануы керек. Қыл­мыстық кодекстің 380-1-бабында қызметтік міндетін орындау сә­тінде құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың, әскери қызметшілердің өміріне қастандық жасағандардың мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейін бас бос­тандығынан айырылатыны тайға таңба басқандай етіп жазылған. Елдің тыныштығы мен біртұ­тас­тығын сақтау жолында өз қызметін атқарып жүргендерді аса қа­ты­гездікпен өлтіру, қастандықты тө­тенше жағдай жарияланған жер­де немесе терроризмге қарсы опе­рация жүргізу аймағында жасау фактісі дәлелденсе, қаныпезер қа­­рақшы 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұдан бөлек, жаппай тәртіп­сіздік кезінде әскери мүлікке зиян келтіру сияқты жағдайларды көзі­міз шалды. Егер дәл осындай құ­қықбұзушылыққа барғандардың заңға қайшы әрекеті дәлелденсе, олар Қылмыстық кодекстің 459-ба­бына сай келтірілген шы­ғынның көлеміне қарай 2 000-5 000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалап, бас бостандығы 2 жылдан 5 жылға дейін бас бостан­дығынан айырылуы да ғажап емес. Әскери мүлікке зиян келтіру фак­тісі қазіргідей төтенше жағдай ке­зінде жасалса, қылмыскердің жа­засын өтеу мерзімі 5 жылмен 12 жылдың арасын құрайды. Ал жаппай тәртіпсіздік кезінде билік өкіліне күш қолданушылар Қылмыстық кодекстің 380-бабы­на сай 3 мың айлық есептік көр­сеткіш көлемінде айыппұл төлеп, әрекетіне қарай 3 жылдан 12 жыл­ға дейін бас бостандығынан айы­рылады.

Төтенше «тәртіп»

Қалыптасқан жағдайға байла­нысты 5-19 қаңтар аралығында ел аумағында төтенше жағдай енгі­зілді. Тәртіпке сай кешкі сағат 23.00 мен таңғы 7.00 арасында ко­менданттық сағат деп танылды. Бұл аралықта кез келген қозға­лысқа тыйым салынды. «Төтенше жағдай туралы» заңның 20-бабына сай коменданттық сағат ережесін бұзған жеке тұлғаларды жауап­кер­шілікке тартудың құқықтық негіз­дері көрсетілген. Яғни, комен­дант­тық сағат кезінде жеке басын куәландыратын құжаты болма­ғандар жеке басы анықталғанға дейін ұсталады. Мұндай азамат­тарды ұстау мерзімі 48 сағаттан аспайды.