Тәртіп бұзғандар көп
Тәртіп бұзғандар көп
453
оқылды
Қарағанды облысында қиын-қыстау кезеңде 86 құқық бұзушылық тіркел­ген. Ал төтенше жағдай жария­ланған уақыттан бастап полиция бөлімдеріне 128 адам жеткізілді. Қазақстан Президентінің «Төтенше жағдай енгізу туралы» Жарлығы негізінде Қара­ған­ды облысында комен­датура­ның  Жедел штабы құрылды. «Өңірде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін барлық поли­ция қызметкерлері, Ұлт­тық ұлан мен Қазақстан Қор­ғаныс ми­нистрлігінің әскери қызмет­керлері қыз­меттің күшей­тілген режиміне көші­рілді. Облыстың елді мекендерінен кіріп-шы­ғатын аумақ­тарына бақылау бекеттері орналастырылды», – дейді Қара­ғанды облысының коменданты Ерлан Файзуллин. Төтенше жағдай жариялан­ған кезден бастап полиция бөлімдеріне 128 адам жеткізіл­ген. Сонымен қатар Қазақстан Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 476-бабы, яғни «Төтенше жағдай режимін бұзу» бойынша 86 құқықбұзушылық анықталды. Аталған баптың санкциясына сәйкес, 10 АЕК көлемінде айыппұл салуды немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу көзделген. Төтенше жағдай кезеңінде тіркеуден өткен қарудың өзін тасымалдауға және алып жүруге тыйым салынған. Полиция қызметкерлері қызметтік міндеттерін атқару кезінде тіркеуде тұрған 3 аңшы мылтығымен 1 пневматикалық тапаншаны тәркіледі. Бақылау бекетінен өтпек болған Қазақстан Республика­сындағы тіркеу мерзімі өтіп кеткен 30 жастағы Өзбекстан азаматы ұсталды. Сондай-ақ өткен жылдың 24 желтоқ­саны­нан бері із-түзсіз жоғалған деп саналған 30 жастағы Қарағанды қаласының тұрғыны бекеттен өту барысында анықталды. «Қарағанды облысының Полиция департаменті, полиция қызметкерлерінің жұмы­сына түсіністікпен қарайтын тұрғындарға алғысын білдіріп, азаматтардан төтенше жағдай­дың барлық талаптарын орындауды сұрайды», – дейді  комендант Ерлан Файзуллин. Сонымен қатар Алматы және басқа да оңтүстік өңірлерде құқық қорғау органының қыз­мет­керлерімен заңға қайшы әрекет жасаған және тонаумен айналысқан азаматтарды ұстау шаралары жүргізілуде.  Осыған байланысты Қарағанды облы­сы­ның полицейлері де өңірде  осындай тұлғаларды анықтау бойынша кешенді іс-шаралар жүргізуде.  «Сондықтан да облыс тұрғындарынан барлық күдік тудыратын сәттер бойынша қырағылық танытып, бірден 102 телефонына хабарласуларын сұраймыз», – дейді Ерлан Файзуллин.