"Еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты" – Мәулен Әшімбаев
"Еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты" – Мәулен Әшімбаев
313
оқылды

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының бағдарламалық сөзіне орай фейсбуктегі парақшасында өз пікірін жария етті. Онда былай делінген:

Бүгін Мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық сөзінде еліміздің алдында тұрған әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси салалардағы негізгі басымдықтарды белгілеп берді. Сондай-ақ Үкіметтің жаңа құрамына және барлық мемлекеттік аппаратқа нақты міндеттер жүктеді. Жалпы қаңтар болған қайғылы оқиғалар елімізде жүйелі және шынайы өзгерістер қажет екенін көрсетіп берді. Сондықтан Мемлекет басшысы ұзақ уақыт бойы қоғамда талқыланып келген аса маңызды мәселелерге жеке-жеке тоқталды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, мемлекеттік басқару жүйесі қайта құрылуға тиіс. Күштік құрылымдарды реформалау және армиямыздың әскери әлеуетін арттыру мәселесі де өте өзекті. Сондай-ақ мемлекеттің экономикадағы үлесін және әлеуметтік теңсіздікті азайтудың маңызы зор. Бұл ретте «Самұрық-Қазына» қоры мен тұтас квазимемлекеттік сектордың жұмысын қайта қарау күн тәртібіне шығып отыр. Шағын және орта бизнесті жаппай дамыту және өңірлердің дамуындағы теңгерімсіздік жою тиісті жағдай жасалады. Мемлекет басшысы еліміздің саяси жүйесін одан әрі демократияландыру қажеттігіне баса мән берді. Бұл бағыттағы нақты бастамалар сарапшылармен және қоғаммен жан-жақты пысықталып, осы жылдың қыркүйегінде көпшілікке таныстырылады. Жалпы алғанда бүгін ұсынылған шаралар жүйелі сипатқа ие. Олар мемлекеттік басқару жүйесін, экономиканың құрылымын, әлеуметтік саланы түбегейлі өзгертуге, азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған. Осылайша, еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басып отыр. Бұл – тұтас мемлекеттік басқару жүйесін меритократия, әділеттілік және ашықтық қағидаларының негізінде қайта құру кезеңі. Осы жолда Парламент Сенаты Мемлекет басшысының барлық бастамасын қолдай отырып, заңнамалық тұрғыдан оларды сапалы әрі уақтылы қамтамасыз ету үшін қажетті жұмыстарды жүргізе береді. Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!