Мемлекет дамуындағы жаңа бетбұрыс
Мемлекет дамуындағы жаңа бетбұрыс
468
оқылды
Жаңа Қазақстанды құру кезеңі басталды. Бұл шы­найы жаңару кезеңі болмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев бей­неконференция байланысы көмегімен Мәжілістің жалпы отырысына қатысып, осылай мәлімдеді. Алдымен ол Мә­жілістегі саяси партиялар­дың фракция же­тек­шілерінің алдында сөз сөйлеп, Үкімет басшысы лауазымына  Ә.Смайыловтың канди­да­тура­сын ұсынды. Кандидатураны талқыға сал­ған фракция жетекшілері оны бірауыздан қолдады. Осыдан кейін Қ.Тоқаев Ата Заңның 44-бабына сәйкес, Премьер-Ми­нистр лауа­зымына тағайындауға келісім беруі үшін Смайылов Әлихан Асханұлының кандидатура­сын Мәжіліс қарауына ұсынды. Парламенттік фракция­лар­дың жетекшілері, депутаттар кан­дидатқа қолдау білдіріп, сөз сөйледі. Талқылаулардан кейін дауыс беру рәсімі өтіп, сол ар­қылы Мәжіліс Президенттің Ә.Смайыловты Үкімет басшысы лауазымына тағайындау жөнін­дегі ұсынысына келісім берді. Қасым-Жомарт Тоқаев Ә.Смайыловты Премьер-Ми­нистр лауазымына тағайындау туралы Жарлыққа сол жерде қол қойды. Жалпы, тәуелсіз Қазақ­стан тарихындағы 12-ші Үкіметті ірі істер, ауқымды жұмыстар кү­тіп тұр. Себебі Мемлекет бас­шы­сы тың бетбұрыстарға бастамашы болды. Жаңа Министрлер ка­би­нетіне саяси, әлеуметтік-эконо­микалық салалардағы және ұлт­тық қауіпсіздік пен қорғанысты қамтамасыз ету жөніндегі өзекті мәселелерді шешу үшін нақты міндеттер жүктелді.

Елдегі оқиғаларға баға берді

Президент алдымен 2022 жылдың басында болған оқиғаларға бағасын бере кетті. Оның байламынша, тәуелсіздік тарихында Қазақстан алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болды. Ел басына түскен осындай сынақты қайыспай біртұтас ел болып еңсере білдік. Енді мұндай жағдайға ешқашан жол бермеу қажет. Қ.Тоқаев «еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беруді» алда тұрған өте маңызды міндет деп белгіледі. – Ашығын айтсақ, бұл – бірнеше жыл бойы алдын ала ойластырылған зұлымдық­тың көрінісі. Олардың көздегені – қатігез пиғылдарын іске асыру болғаны айдан анық. Жамбыл облысындағы (Қордайдағы) тәртіпсіздіктер, этносаралық сипаттағы арандатушылықтар, түрлі қақтығыстар – осы қатарда. Қоғамымыздың біртұтас­тығына ұдайы түрде сына қағумен болды, бұл мақсатта кәсіби дайындалған сценарий негізінде наразылық акциялары пайдаланылды. Радикалды шаралардың нақты орындаушыларын даярлау ісі жасырын жүрген. Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкі­летті орган ретінде мемлекетті күйретуші осы жұмысқа нақты баға беруге қауқарсыз болды және оған ниеті де болмады. Ол ұлттық қауіпсіздікке төнген төтенше қатерді қалт жіберіп алды, - деді Қ.Тоқаев. Президенттің пайымдауынша, Қазақ­станға шабуыл жоспары әскери, саяси, идеологиялық, дезинформациялық және басқа да қырлардан тұратын тұтас кешенге құрылды. Билікті басып алу ісін мұқият дайындауға кәсіби мамандар тартылыпты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағалауын­ша, контртеррорлық операцияның өткір кезеңі артта қалды. Барлық өңірде жағдай тұрақтанды. Осыған байланысты Қазақ­стан Президенті ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің негізгі миссиясы табысты аяқталғанын, сондықтан 2 күннен кейін ҰҚШҰ біріккен бітімгершілік контингентін Қазақстаннан кезең-кезеңмен шығару басталатынын және бұл процесс 10 күн ішінде аяқталатынын мәлімдеді. Демек, 24 қаңтарда ҰҚШҰ толығымен елден кетуі тиіс. Мемлекет басшысы лаңкестік агрес­сияға тойтарыс беруде ІІМ арнайы бөлімшелері жауынгерлерінің, Қорғаныс министрлігі және Мемлекеттік күзет қызметі әскерилерінің жанқиярлық ерлігін атап өтті. – Алайда барлығы бірдей өз парызына адалдық таныта алмады. Бірқатар қалада ҰҚК департаменттерінің басшылары ұрыс арсеналының жеткілікті болғанына қарамастан, шайқасқа араласпай, барлық қару-жарақты және құпия құжаттарды қалдырып, қызметтік ғимараттарын тастап кеткен, – деп қынжылыс білдірді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Осыған орай ол мемлекет қолға алатын жұмыстардың басымдықтарын айқындады. Біріншіден, антитеррорлық операция табысты түрде аяғына дейін жеткізілуі тиіс. Тәртіп толық қалпына келтіріледі. Бұл азаматтар көшеде қорықпай, емін-еркін жүруі, оқып, жұмыс істеуі, балалары мен жақындарының қауіпсіздігіне алаңдамауы үшін қажет. Екіншіден, ел Президенті бұзақылық қылмыстарға қатысы бар содырларды және олардың жандайшаптарын тегіс тауып, жазалайды. Терактілердің артында кімдер, қандай күштер тұрғаны анық­талады. Радикалды топтардың ұйқыдағы ұяшықтарының осынша қаптауына, олардың қолбасшылық пункттерінің кең ауқымды қызмет етуіне құзырлы орган­дардың не себепті жол бергені, агентуралық жұмыстың неге жүргізілмегені айқын­далады. –Үшіншіден, қаза болған тәртіп сақшыларының, әскери қызметшілер мен қарапайым азаматтардың отбасына көмек көрсету – қасиетті борышымыз. Бұл мәселе менің жіті бақылауымда болады. Тұр­ғын үймен, оқумен және басқа да қа­жетті нәрсемен қамтамасыз етеміз. Төртін­шіден, қысқа мерзім ішінде қираған дүние-мүлікті қалпына келтіру керек. Толығымен қалыпты өмірге ораламыз! Қаржы жүйесі мен көлік саласы, азық-түлік жеткізу еш кедергісіз жұмыс істеуі қажет, – деді Қ.Тоқаев. Тауарлар мен қызметтердің тапшы­лығын, бағаның негізсіз көтерілуін болдырмау маңызды. Үкімет комиссиясы өз жұмысын бастап кетті. Ол азаматтар мен бизнеске қолдау көрсетеді. Мемлекет қаржылай көмекпен қатар, кәсіпкерлерге басқа да қолдау түрлерін ұсынады: несиенің пайыздық төлемдері, айыппұл, өсімпұл белгілеу тоқтатыла тұрады.

Қауіпсіздік саласы жаппай қайта құрылады

Бесіншіден, еліміздің қауіпсіздігін нығайту және қауіп-қатердің алдын алу үшін шұғыл шаралар жүзеге асырылмақ. – Сарбаздарды, әскери техника мен қару-жарақты қажетті жерге жедел жеткізу үшін әскери-көлік авиациясы паркін толықтыру ісін қолға аламыз. Мемлекеттік шекараны нығайтуымыз керек. Миграция, соның ішінде ішкі көші-қон саласын тәртіпке келтіретін кез келді. Қару-жарақ айналымын мұқият тексеріп, оны заңмен реттеу қажет, – деді ол. мемлекет Қазақстан Президенті ұлттық қауіп­сіздікті қамтамасыз етудің бүкіл жүйесі түбегейлі түрде қайта құрылатынын мәлім етті. Қарулы күштер, құқық қорғау құрылымдары, ұлттық қауіпсіздік органдары, сыртқы барлау – бәрінің жұмысы реформаланады. Күш құрылымдарына жауынгерлердің соғысу дағды-машықтарын пысықтауға, қорғаныс қана емес, қарсы шабуылдың да тиімді құралдарымен жарақтануға шұғыл кірісуге бұйрық берілді. Ұлттық ұлан сандық және сапалық тұрғыдан күшейтіледі. Өңірлерде оның жаңа бөлімшелері құрылады. ІІМ арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің саны артады, ұрысқа қабілеттілігі жоғарылатылады. Барлық күш құрылымдары қызметкер­лерінің еңбекақысы көтеріледі. Полицейлерді құқықтық қорғау нығайтылады. Тәртіп сақшыларына тиісу, оның заңды талаптарына бағынбау үшін жаза қатайтылады. Ұлттық армияның ұрыс қабілеттілігі түбегейлі түрде арттырылады. Қысқа мерзім ішінде Арнайы операция күштері қолбасшылығы құрылады. Реформа Шекара қызметін де қамтиды: оны ұйымдастыру және басқару қағи­даттары өзгертіледі. Сыртқы, әскери, криминалдық және қаржылық барлау қызметтері де толығымен қайта құрылады. Күш құрылымдары арасында тиімді, үйлесімді жұмыс жолға қойылмақ. Тағы бір маңызды жайт: діни экстремизмге қарсы тұру бойынша жүйелі іс-шаралар кешені жүзеге асырылады. Жат ағындардың қылмыс әлемімен, әсіресе түрмеде отырғандармен біте қабысып кетуіне жол бермеу қажеттігі атап өтілді. Әйтпесе, сарапшылар радикалды діни ағын өкілдерінің есірткі саудасын, тән саудасын, сауда орталықтарын және басқа да салаларды өз бақылауына алғанын айтып жүр.

Билік халықтың әл-ауқатын арттыруға ден қояды

Әрине, қарудың күшімен ғана елдегі жағдайды түзетуге тырысу – қателік. Президент биылғы қаңтардағы қайғылы оқиғаларға салмақты әлеуметтік-эко­номикалық проблемалар, кейбір мемор­гандардың тиімсіз, тіпті зиянды жұмысы түрткі болғанына назар аудартты. Билік өкілдері бұқараға шекеден қарайды, оның шын мұқтаждықтары мен талап-тілектерін білмейді. Елде байлар мен кедейлер арасындағы теңсіздік күшейді. Халықтың табысы тек қағаз жүзінде өсті. – Қолданыстағы жүйе «достарыма – барлығы, қалғанына – заң бойынша» қағидатымен ірі компанияларға қызмет етуге бағдарланған. Шын мәнінде, бұл жүйе экономикадағы олигополияны одан сайын күшейте түседі. Үлкен кәсіпорындар ерекше артықшылықтарға ие, олар елдегі бәсекелестікті басып-жаншиды, реформа жүргізуге кедергі жасайды. Мысалы, Қазақстанның даму банкі (ҚДБ) қаржы­лық-өнеркәсіптік және құрылыс алпауыттары кіретін таңдаулы тұлғалар тобына арналған жеке банкке айналып кетті. Біз олардың кім екенін аты-жөндеріне дейін білеміз. Олар жоғарыдағы кабинеттерге еркін кіре алатынын пайдаланып, төл жобаларын жүзеге асыру үшін артықшылықты шарттарға қол жеткізді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл топтар мемлекеттің орасан зор ресурстарын шығындайды, ал шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қаржы жетіспейді. Сондықтан Үкіметке ҚДБ-ны қайта құру жүктелді.

Алпауыттар тағдыры қыл үстінде

Мемлекет басшысы бүгінде алпауыт­тар­дың бағаны ымыраласып белгілеуі қалыпты нәрсеге айналғанын сынады. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алу саласында картельді келісімдер жасасу кең тарады. Салдарынан ел басшылығының тапсырмалары орындалмайды. Сол себепті Президент картельді келісімдер жасасты деген күдік болған жағдайда мемлекеттік сатып алу қатысу­шыларын тексеруге тыйым салатын мораторийдың күшін жоюды тапсырды. Мемлекеттік квази-алпауыт – «Самұрық-Қазына» қоры да сынға ілікті. – Бұл қордың активі ЖІӨ-нің 60%-ына жуық. Яғни, оның тиімді қызметі бүкіл экономикамызды өркендетуге тікелей әсер етеді. Қордың «КЕГОК», «Қазақгаз» және «ҚТЖ» сияқты инфрақұрылымдық компаниялары экономиканың барлық дерлік секторының тиімділігін айқындайды. «Қор өзінің негізгі міндетін орындап отыр ма? Ұлттық байлықты еселей алды ма?» деген орынды сұрақ туындайды. Қомақты жалақы алатын қызметкерлері, директорлар кеңесі немен айналысады? Қызметі өте қымбат консалтинг компанияларын және шетелдік мамандарды жұмысқа тартқаннан пайда бар ма? – деп сауал тастаған Президент Үкіметке квазисекторды түбегейлі реформалау үшін ұсыныстар әзірлеуді жүктеді. Қордың тендерлеріне қатысты мәселелер де қордаланыпты. Ел Президенті ауыл шаруашылығын дамыту, субсидиялау мәселелеріне қатысты тапсырмалар берді. Сондай-ақ кеденде, әсіресе Қытаймен шекарада былықты тазартып, тәртіп орнату шаралары қабылданады. Елді елең еткізген жаңалықтың бірі – Қ.Тоқаев Үкімет мүшелерінің, депутаттар­дың және әкімдердің жалақысын көтеруге 5 жылдық мораторий енгізді. Өйткені облыс әкімдерінің айына 2 миллион теңгеге жуық жалақы алатыны халықтың көңіл­толмастығын туғызған. Қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету жайына тоқталған Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық банк пен қаржылық реттеушіге «нарықтың сыртқы және ішкі қатысушыларының теңгеге сенімі толық қалпына келгенге дейін» ұлттық валютаның тұрақтылығын ұстап тұруды жүктеді. Олай болмағанда, теңге дереу девальвацияланатын еді. Айтқандай, Ә.Смайылов Үкіметі 2025 жыла қарай инфляцияны 3-4%-ға дейін түсіруге, сол үшін тиісті шаралар қабыл­дауға міндеттелді. Премьер-Министр 3 апта ішінде Үкі­меттің 2022 жылғы Іс-қимыл бағдар­ламасын дайындауы тиіс. Құжат ақпанның басында Президенттің қатысуымен өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында қара­лады.