Ішкі көші-қон бақылаудан шықса...
Ішкі көші-қон бақылаудан шықса...
694
оқылды
Дұрыс дамуды көздеген кез кел­ген мемлекет ішкі көші-қон мә­селесін реттеуге ұмтылады. Себебі ауылдан қалаға халық ағылған сайын экономиканың түрлі салала­рына салмақ түсіп, өңірлер ара­сын­дағы айырмашылық ұлғая түседі. Бақылаусыз кеткен ішкі мигра­цияның қандай қатері бар екенін Алматы мен өзге қалаларда болған дүрбелең анық байқатты. Еліміздің ең ірі мегаполисі Ал­матыда урба­низация жүйесіз қа­лыптасып келе жатқаны бұдан бұ­рын Шаңырақ пен Бақай оқиға­сынан байқалған. Бірақ урбаниза­цияны бақылау мүмкін бе?

Әлем елдерінен сабақ алдық па?

Үкімет елдегі кез келген мемлекеттік бағдарламаны қолға алғанда әлемдік тәжірибеге сүйенеді. Әйткенмен шетелге турист ретінде де, іс-сапарлатып та жиі жол жүретін шенділер көші-қон мәселе­сіне келгенде шетелдік мысалға көз жұма қараған секілді. Әйтпесе әлемнің әдемі қалаларына табаны талай рет тиген үкіметтің адамдары сол елдің тыныс-тіршілігін бізден жақсы білмесе, кем білмейтіні рас. Мәселен, Бразилияның ірі қалала­рындағы шет аймақтар қазір қылмыстың ордасына айналған. Кедейлер мен бан­диттер тұратын қараңғы жерлерді олар өз тілінде «фавелалар» деп атайды. Бұл фавела бір күнде пайда болған жоқ. Елдегі урбандалу жүйесіздігінің «жемісі». Бүгінде полиция мен әскерилердің өзі фавелаларға арнайы операция аясында бронды кө­лікпен ғана кіретін жағдайға жетіп отыр. Рио-де-Жанейродағы Шападау, Сан-Паула фавеласына кірген бөтен адамның аман шығуы қиын. Жаңа Гвинеядағы жағдай да Бразилиямен бірдей. Бұл елдегі ірі қалалардың іргесінде де негізінен тұ­рақты табыс таппайтындар тұрады. Елдегі халықтың біразы молшылықта өмір сүрсе, көшіп келушілердің көбісі кедейшілікте күндерін әрең көріп жүргендер. Ал әлем­дегі ең танымал қала Гонконг екі жыл бұрын Париж және Сингапурмен бірге әлемдегі ең қымбат қалалардың рейтин­гіне кірді. Бірақ сәулеті келіскен қымбат қаланың шетіндегі Монгкок ауданы ме­гаполистің екінші қырын көрсетеді. Мон­гкоктың көпқабатты ескі ғимараттарында ондаған мың гонконгтықтар өмір сүріп жатыр. Үй деп айтылғанымен, тұрғындар кәдімгі темір тор және плацкарт ваго­нындағы сөре өлшеміндегі бөлмелерде, табыт үйлерде тұрады. Өйткені қалада тұрғын үйді жалдау құны шарықтап кеткен. Ал қаланың жеті жарым миллион тұрғыны пәтер сатып алмақ түгілі лайық­ты тұрғын үйді жалға да ала алмайды. Статистикаға сенсек, қазір мегаполисте 250 мың халық кедейлік шегінде өмір сүреді.

Халықтың жайынан хабары жоқ

Әлем елдеріндегі жағдайға күлетін жайымыз жоқ. Өйткені дәл қазір біздегі Алматы мен Нұр-Сұлтан, Шымкент се­кілді халық саны көп орталық қалалардың айналасында толық бақыланбайтын «шет аймақтар» көбейіп келеді. Қалталылар көшіп келушілерге арнап бір бөлмелі жатақтар салып, ай сайын пәтерақысын алады. Үй дегені болмаса, олардың кө­бінде адам өміріне қолайлы жағдай жоқ. Елорданың шынайы әлеуметтік бейнесін көру үшін Есілдің оң жағалауына бару жет­­кілікті. Әсіресе, вокзал маңы, ба­зар­лар­­дың айналасы халықтың шынайы тұрмысын көрсетеді. Ал ару қала Алма­тыдан арман іздеп барғандардың дені орталықтың өзінде емес, шет жақтардағы аудан мен ауылдарда, қала берді Алтын Орда секілді базар маңындағы жатақтарда тұрып жатыр. Алматыға осыдан бес жыл бұрын кө­шіп келген Алмагүл Ізбасарова мамандығы бойынша екі қолға бір күрек таппай жүр. Ал отағасының таңнан кешке дейін жолаушы тасымалдап тапқан ақшасы күн­делікті асына жұмсалады. «Мамандығым – тарих пәнінің мұғалімі. Бірақ өз салам бойынша жұмысқа тұра алмадым. Қазір қаланың сыртында тұрып жатқандықтан, үш баламды апаратын жақын жерде балабақша жоқ, аялдама алыс. Жолдасым таңертең ерте кетіп, кеш келеді. Бұлай өмір сүрген ешкімге ұнамайды ғой. Ауылда жолдасыма жұмыс жоқ. Оның үс­тіне қатарымыздан қалмай, балалары­мыздың болашағы үшін қаладан жер алып, үй салғымыз келді. Бірақ жалғыз жол­дасымның тапқаны ай сайынғы пә­терақы мен тамақтан артылмайды», – дейді Алмагүл Ізбасарова. Алмагүл секілді алып қалаға арман іздеп келгендер көп. Көші-қон полициясының дерегінше, 2015 жылдан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан, Шымкент секілді қалаларға көшіп кел­ген­дердің саны анағұрлым өскен. Мысалы, былтыр Нұр-Сұлтанға көшіп келгендер саны – 25 086 адам. Екінші орында Алматы, мегаполиске 24 351 адам қоныстанған. Ал Шымкентке биыл 9 459, Маңғыстау облысына 238 адам көшіп келген. Алматы қаласы бойынша Жұмыс­пен қамту орталығына былтыр 45 мыңнан астам адам жүгінген. Оның 27 мыңнан астамына орталық тұрақты жұмыс орын­дарын табуға көмектессе, 10 мыңнан ас­там адам уақытша жұмысқа ғана ор­налас­тырылған. Демек, мегаполиске қоныс­танушылар көбейген сайын жұмыссыздық та өсе түседі деген сөз.

Жүйелілік жетіспейді

Деректерге сүйенсек, қазір халықтың 60 пайызы қалада, 40 пайызы ауылда тұрады. Ауылда тұратын 40 пайыз ха­лықтың көбі егде жастағылар, яғни 40-50 жастан асқандар. Ал қала тұрғындарының көп бөлігі жастар. Мамандардың бол­жауынша 2050 жылдарға таман халықтың 80 пайызы қалада тұрады. Бір сөзбен айтқанда, урбандалу үрдісінен қашып құтыла алмаймыз. Әлеуметтанушы Ілияс Тілеубергенов урбандалудың негізгі себебін адамдардың жақсы өмір сүруге ұмтылысы, өмір са­пасын арттырғысы келуімен байла­ныс­тырады. Айтуынша, өмір сапасының жақсаруы жұмыс, денсаулық, білім беру мен бос уақытты тиімді өткізуге арналған орындардың болуынан басталады. Одан басқа қауіпсіздік, адамның қоршаған ортасы, яғни араласатын дос-жарандары болу керек. Осы айтылғандар қандай жер­де жақсы дамыса, адам сол жерге ағылады. Ауылды жерлерге саябақ орнатып, ба­лабақшалар мен хауыздар салып, спорт секцияларын жасап беріп, бірақ жұмыс болмаса жұрт жұмыс іздеп бәрібір қалаға кетеді. Өйткені жұмыс болмаса табыс болмайды. Саябақ пен кинотеатрға баратын адамда қаражат болмаса, ол жердің барлығы қаңырап тұрады. Осы себептен де халықтың жартысы Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент, Атырау мен Ақтөбе, Қарағандыға көшеді. Осы алты қалада адамдардың шоғырлануы жиіленіп барады. Бірақ соңғы уақытта тағы бір үрдіс бар. Ол – қалалықтардың шетелдерге кетуі. Өйткені медицина мен білім сапасына көңілі толмайтындар, өзі мен ұрпағы үшін ары қарай дамитын жер іздейтіндер көбейіп келеді. Урбандалудың бірден-бір себебі – жұмыс пен алатын қызметтердің сапасы. Осылай деген әлеуметтанушы «халық ор­талыққа қала болғаны үшін ғана көш­пейді» деп отыр. «Әлемдік тенденцияға қарайтын болсақ, урбандалу барлық елде жүріп жатыр. Кейбір елдерде қалалану процесі жақсы, екінші елдерде нашар жүреді. Мысалы, Латын Америкасы мен Африка елдеріндегі орталық қалалардың шет аймақтарында қылмыс көп. Қазір бізде де елорда деп келген қоныс аудару­шы­лар үшін орталықтағы пәтерлер қым­бат, сол үшін Нұр-Сұлтанның айнала­сындағы Қосшы, Қоянды мен Малиновка секілді жерлерге қоныстанады. Сөйтіп ол жерде әлеуметтік проблемалар басталады. Латын Америкасы елдерінде де дәл осы­лай басталған. Үлкен қалалардың шет жа­ғына қоныс тепкен әлеуметтік осал топ­тар, маргиналдардың тұрақты жұ­мысы, не табысы жоқ болғандықтан қыл­мыспен айналысуға жақын бола бастады. Сондықтан урбандалу үрдісін дұрыс реттемесе, билік пен қоғамның арасында үлкен проблема туындауы мүмкін. Бұл проблеманың басын кешегі оқиғадан көріп отырмыз», – дейді Ілияс Тілеубергенов.

Қайтпек керек?

«Еңбек» бағдарламасы бойынша халықты түстіктен теріскейге, «Серпін» бағдарламасы арқылы студенттерді оң­түстіктен солтүстіктегі оқу орындарына көшіру жоспарланды. Бірақ бағдарлама өз нәтижесін бермеді. Өйткені бағдарла­маны жүйелі түрде жүзеге асыру тетіктері болмады. Шенеуніктердің салғырт-салақ­тығы тағы бар. Оған жұмыстың жоқтығы мен ауа райының қолайсыздығын қо­сыңыз. Бір қызығы, Солтүстік Қазақстан облысында халық саны азайып жатса, Петропавл қаласының халқы өсіп келеді. Бұл да халықтың ауылдан қалаға көшіп жатқанын ғана көрсетеді. Сол үшін Үкімет қандай да бір бағдар­лама қабылдамас бұрын жергілікті жердің халқынан не үшін кетіп жатқанын, ал көшіп келіп жатқандардан не жасап беруге болатынын сұрап білуден бастағаны жөн екенін айтты сарапшы. «Мемлекет жұмыс бермейді. Осыны халық пен Үкімет түсіну керек. Жұмысты кәсіпкер береді. Үкімет кәсіпкерге жағдай жасайды. Үкімет кәсіпкерлерді халықтың ең негізгі дамушы тетігі ретінде қарастырып, бар­лық жағдайды жасайтын болса, кәсіпкер өзі-ақ келетін жұмыскерлерге барлық жағдайды жасайды. Қазіргі жағдайда Үкімет кәсіпкерлерге субсидия береді де «Қоластыңа оңтүстіктен келген адамдарды жұмысқа ал, мен сендерге жол мен су тартып беремін» дейді. Бірақ ол жерде кәсіптің көзі бар ма, бұған Үкімет басын ауыртпайды. Бұл қате. Кәсіпкерлер қай жерден кәсіп ашқысы келеді, қанша адам қажет, жұмысшыларды ұстап тұру үшін не керек екенін біліп, Үкімет соған қарай әрекет етуі тиіс», – дейді әлеуметтанушы. Көріп отырғандай, митингке шыққан­дардың шырылы қазіргі көші-қон үде­рісінің шынайы кейпін тағы көрсетті. Тұрақты табыссыз, үйсіз-күйсіз жүрген адамның бойында протестік ой қоғамдағы шешімін таппаған мәселе мен әділет­сіздіктен туындайтынын түсінетін уақыт жетті. Қарны тоқ, киімі бүтін адамның өзі іштей билікке наразы болуы мүмкін. Бірақ алаңға ашынған, көбінесе шегінерге жері жоқ, жоғалтатын ештеңесі жоқ адамдар шығады. Билік алаңға шығатын адамдарды азайтып, жат ағымның жетегінде кете­тін­дерді жүгендеу үшін де ашынған адам­дардың пікіріне құлақ түргені керек-ақ.