Қасқырға жаза жоқ, халықта маза жоқ
Қасқырға жаза жоқ, халықта маза жоқ
553
оқылды
Шығыс Қазақстан об­лысы Катонқарағай ау­да­ны аумағында соңғы кез­дері қасқыр тұрғындарға маза бермей тұр. Ал олар­ды Ұлттық парк аумағында атуға болмайтыны жө­нін­де ереже тағы бар. «Ит-құс малымызға маза берер емес. Қолдан келер қайран жоқ. Айдың-күннің аманында төрт түлігімізді қасқырға жегізіп қойып, қарап отырмыз. Атайық десек, заң рұқсат етпейді. Атпайық десек, ма­лымызды ойсыратып барады. Жіпсіз байланып қалдық. Әкім­дерде пәрмен болғанымен, дәрмен жоқ. Мұның қашанға дейін жал­ғасатынын бір Құдай біледі», – деді бізге телефон шалған Ка­тонқарағай ауданы Жаңаүлгі ауы­лының тұрғыны Қуат Сахимов. Тұрғындардың атайын десе, ата алмай, жіпсіз байланып отырға­ны – заң бойынша Ұлттық парктің аумағында қасқырды атуға бол­май­тыны. Содан да болар, соңғы жылдары Катонқарағайдың бөрі­лері мүлде еркінсіп, ауылдарға қыр­ғидай тиіп, жергілікті жұрттың мазасын қашырып жатқан көрі­неді. Мәселен, былтыр тек қара­ша-желтоқсан айларында Катон­қарағай ауылдық округіне қарасты Шыңғыстай, Жаңаүлгі, Қабырға ауылдарының 40-тан астам жыл­қысын жеп кетіпті. «Жаңаүлгі ауы­лынан Қуат Сахимовтың 10, Қ.Нұралиннің 5, Б.Құмашев, А.Үзем­баев, Б.Қайсеновтің 12, Шың­ғыстай ауылынан А.Тоқ­паевтың 3, Б.Баекиннің 2, Е.Мұ­сақанов, К.Алхамовтың 6, Қа­бырға ауылынан Ж.Нығметовтің 2 бас жылқысы ит-құсқа жем болды. Жаңаүлгі ауылының тұрғыны, «Қуат» шаруа қожалығының басшысы Қуат Сахимов елді мекен тұрғындары атынан бізге ша­ғым­данды. Шағым бойынша Ұлттық парк директоры Ж.Тыныбековке хат жолданған. Ұлттық паркке қа­расты жер аумағындағы аң, құсты атуға рұқсат беру, реттеу, заңсыз аң атқан адамдарға шара қолдану солардың құзырында. Аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне де ауыл малына қасқырлардың ты­ныштық бермей тұрғаны жайлы хабар берілген», – дейді Катон­қарағай ауылдық округінің әкімі Қайрат Нұрқанов. Катонқарағай ұлттық паркінің мамандары парк аумағында аң-құс санының көбейгенін жасырмайды. Олардың айтуынша, парк аума­ғында 100-ден астам қасқыр бар. «Биыл қар ерте түсіп, түз тағысы жекеменшік шаруа қожалық­та­рына зиян келтіріп жатыр. Әсіресе, Ақсу, Аққайнар, Катонқарағай ауылдарының маңында қасқыр­дың шабуылы жиілеп кетті. Бірақ Ұлттық парк аумағында аң аулауға мүлдем рұқсат жоқ. Бұл туралы Ерек­ше қорғалатын табиғи ау­мақтар туралы Қазақстан Рес­пуб­ликасы заңының 48-бабында жазылған. Ескерте кетейік, Ұлттық парк аумағында аң ауланса, ол қылмыстық әрекет болып санала­ды», – дейді Катонқарағай мем­лекеттік Ұлттық табиғи паркі директорының орынбасары Арнас Ауғанбаев. Жалпы, шекаралық аймақ­тар­да қасқыр аулау күрделі мәселеге айналғалы қашан?! Осыдан үш жыл бұрын Тарбағатай ауданының Жаңаауыл ауылдық округіне қарасты Ахметбұлақ ауылының тұрғыны қыстақтағы қораға түскен көкжалды әуелі қақпанмен ұстап, соңынан сойылмен соғып алған еді. Әрине, жетіскеннен емес, шекараға жақын маңда қару ұстауға болмайтындықтан, осын­дай қадамға барған-ды. Бұл мәселе сол уақытта қоғамда біршама резонанс тудырғандықтан, аудан басшылары мен прокуратура өкілдері бірлескен комиссия құрып, шекарашылармен келісімге келіп, ауыл тұрғындарына қару ұстап, қасқырдан қорғануға рұқсат берілген болатын. «Көктемнен бері маза бермей келеді. Құлын­дарға қырғидай тиіп, қара күзде тайларды жеп кетті. Шыңғыстайда қойларды тамақтап кетті деп естідік. Мылтығымыз бар, бірақ Ұлттық парк өкілдері атуға рұқсат бермейді. Бір жылдары қасқыр қаптаған соң тікұшақпен келіп атқан еді. Алдағы уақытта Тар­ба­ғатай ауданы секілді бізге де қас­қыр атуға рұқсат берілсе жақсы болар еді», – дейді ит-құстан әбден зәрезап болған ауыл тұрғындары.

Шығыс Қазақстан облысы