Инвесторларды үркітіп алмасақ...
Инвесторларды үркітіп алмасақ...
© коллаж: Елдар Қаба
481
оқылды
Қаңтар оқиғасының салдарынан Лондонның қор биржасындағы қазақстандық компаниялардың акциялары құлдырады. Ғимараттар өртке оранып, дүние-мүлік тоналып, қала көшелерінде қантөгіс болып жатқанда «Қазатом­өнеркәсіп», Халық банк, Kaspi.kz, акциялары «жаппай сатылымға» шықты. Бір күнде Kaspi.kz акциялары 30 пайызға құнсызданды. Тыныштығы тайған елден ат тонын ала қашатын инвесторлардың ендігі әрекеті қандай болады? 2022 жылы елімізге 24 млрд доллар инвестиция тарту жоспарланған. Үкімет инвесторлардың сенімін қайтара ала ма?

МИЛЛИАРДТАР ЖЕЛГЕ ҰШТЫ

Лондонның қор биржасында саудаланатын жалғыз ұлттық компания «Қазатом­өнеркәсіп» акцияларының бағасы 12,2 пайызға төмендеді. 4 қаңтарда 40,6 долларға саудаланса, 12 қаңтарда 35,65 долларға ба­ғаланған. Бүліктің салқыны тиген ком­паниялардың көш басында Kaspi.kz тұр. Акцияларының құны 5 қаңтарда 30 пайызға арзандады. Оған дейін 31 желтоқсанда Kaspi.kz компаниясының акциялары 116 доллар болса, 4 қаңтарда 118 долларға бағаланған. 12 қаңтарда 98,8 долларға түсті. Яғни, ірі қазақстан­дық компания бүлік салдарынан 16,3 пайызға құнсызданды. Ал Халық банк акциялары 4 қаңтарда 16,86 доллардан сатылған. 5 қаңтарда, яғни бір сауда күнінде 20 пайызға арзандап кетті. 12 қаңтарда бір акциясы 15 доллардан саудаланып жатыр. Сонда акцияларының құны 11 пайызға арзандапты. Сәйкесінше, дүрбелең салдарынан қазақстандық төрт миллиардер 3 млрд долларынан айырылды. Оның ішінде Вячеслав Ким бірден 1,4 млрд долларын жоғалтқан. Михаил Ломтадзе әп-сәтте 1,4 миллиар­дынан қағылды.

АҚША ТЫНЫШТЫҚТЫ СҮЙЕДІ

Қазақстандық компаниялар акциялары құнының өзгеруі еліміздің инвестициялық тартымдылығына әсер етеді. 30 жылда елімізге әлемнің 120-дан аса мемлекеті 330 млрд доллардай тікелей инвестиция құйған. Орталық Азияға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың 70 пайызы елімізге тиесілі. Неге? Себебі ақша үшін ойын ережелерінің тұрақтылығы мен заң­дардың орындалуы маңызды. «Ақша тыныштықты сүйеді» деген тәмсіл бар. Шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың біздің елге қаржы құюға құл­шынып тұруындағы себеп – елдің тұрақ­тылығында. Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан сол ерекшелігінен айырылды. Онсызда соңғы бірнеше жылда пандемияға байланысты әлемдік экономикада тікелей шетелдік инвес- тициялар көлемі қысқарды. Қазақ­станда 2020 жылы шетелдік инвестиция көрсеткіші 30 пайызға төмендеп, 17 млрд долларды құраған. Ал 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында 11,1 млрд доллар тартыл­ған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 20 млрд, ал 2022 жылы 24 млрд долларға қол жеткізу жоспарланған еді. Енді инвесторлар елімізге сене ме? Берекесі қашқан елге инвесторлар­дың қаржы құюы былай тұрсын, маңайламасы анық. Мысалы, Қырғыз Республикасында шетелдік инвесторлар ақшасын шығарып, елден кетіп жатыр. Соңғы 10 жылда олар Қырғыз елінен 5 млрд доллар көлемінде инвестиция шығарған. Соның 16 пайызы 2020 жылы болған. Оған індет кезінде шекара жабылып, екі ай бойы өндірістің тоқтап қалғаны әсер еткен. Ең басты себеп – қазан айында болған саяси тұрақсыздық. Биліктің ауысуымен бірге жүретін дүрбелең, биліктің мүлікті қайта бөлу әрекеті, бұрынғы келісімдерден бас тарту және саяси сенімдегі вектордың құбылмалылығы іскер топтарға әсер етті. 2021 жылдан бері қауіпсіздік күштерінің бизнеске қысым жасауы тағы бар. Ресейде де шетелдік инвесторлардың белсенділігі төмендеп кеткен. Тіпті, өткен жылы 2014 жылғы көрсеткішпен теңескен. Оған да індеттен бөлек геосаясат әсер етіп отыр. 2020 жылы шетелдік инвесторлар Ресейде 141 жобаға инвестиция салған. Бұл – соңғы алты жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Украинаның бұрынғы экономика, сауда және ауыл шаруашылығы министрі, Украина президенті кеңсесі жетекшісінің қазіргі кеңесшісі Тимофей Мылованов елдегі белгісіздік пен жағдайдың шиеленісуіне байланысты инвесторлар Украинадан ақшаны біртіндеп шығара бастағанын мәлімдеген еді. Мыловановтың «Ел үшін біз көріп отырған басты қауіп – белгісіздік, Ресеймен қарым-қатынастың күрделенуі. Соғыс болуы мүмкін деген мәселе жиі көтеріледі. Дүрбелең басталса, бірінші кезекте, шетелдік инвесторлар ақшаларын елден шығара бастайды. Бұл қазірдің өзінде болып жатыр» дегені бар.

СЕНІМІНЕ ИЕ БОЛА МА?

Біздің жағдайда да еліміздегі наразылықтар белгілі бір жағдайда елдің инвестициялық тартымдылығына нұқсан келтірді дегенмен Үкімет дер кезінде жағдайды реттей алды. Бұл ойымызды TICKMILL халықаралық брокерлік тобының сарапшысы Арман Бейсембаев та қуаттап отыр. Сарапшы Президенттің Жолдауда көтерген мәселелері шешімін тапса, халықтың үміті ақталса, инвесторлардың сеніміне қайта кіруге мүмкіндік бар екенін айтады. «Мәселен, Ауғанстан – сирек металдарға бай мемлекет. Сондықтан Қытай инвес­торларының қызығушы­лығына ие. Ауғанстан «тәліптердің» қолына өтсе де, соғыс болып жатса да, қытайлық инвесторлардың қызығу­шылығын төмендеткен жоқ. Олар келісімге келіп жатыр. Қазақстан Қытай мен Еуропа арасын байланыстырушы көпір болғандықтан, Қытай бізге инвестиция құюға мүдделі. Тұрақтылық аса маңызды емес», – дейді А.Бейсембаев. Иә, инвесторлар тәуекелді түсінеді. Қазақстан инвесторларды мұнай, шикізат, құрылыс, сауда, инфрақұрылым арқылы тарта алады. Ауғанстанның өзі еліміздің бидайына тәуелді. Ұнымыз­дың негізгі тұтынушысы саналады. Ауғанстанмен Қазақстанды салыс­тыруға келмейді. Бірақ егер Ауғанстан дәл қазіргі жағдайда инвестиция тартып жатса, Қазақстанның мүмкіндігі әлдеқайда жоғары екенін білдіреді. Қорыта келгенде, инвесторларға керегі кепілдіктің болуы екенін ескерсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс отырысында инвесторлар алдындағы мемлекеттің барлық міндеттемелері мен кепілдері толық көлемде орындалатынына уәде берді. Әрине, біздегі шикізаттық базаның молдығы, географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы тікелей шетелдік инвестицияға жол ашады. Дегенмен саяси жүйенің тұрақтылығы да ауадай қажет. Ин­вестициялық климат қалыпқа түсуі үшін уәделердің орындалуы, Үкіметке деген үміттің ақталуы маңызды.