Еліміз бойынша депутаттар, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері және «Jas Otan» Жастар қанатының белсенділері коммуналдық қызметкерлерге, полицияға көмек көрсетуді және азаматтардың өтініштеріне ден қоюды жалғастырып жатыр. Бұл туралы партияның баспасөз қызметі хабарлады. Жасотандық еріктілер жергілікті билікке қалаларды тазарту мен ғимараттарды қалпына келтіруге көмектесіп жатыр. Өңірлердегі партия мүшелері тәртіпсіздіктерден зардап шеккендер үшін қан тапсыруда. Осы күндері филиалдар мен белсенді партиялықтар полиция мен әскери қызметкерлерге қала көшелері мен блок-бекеттерде ыстық тамақ ұйымдастырды. Тек Алматының өзінде нұротандықтар қаланың барлық ауданы бойынша мұқтаж азаматтарға 125 млн теңге көлемінде көмек көрсетті. Бірқатар өңірде алғашқы күннен бастап қоғамдық жасақтар құрылды. Мәслихаттардағы фракция мүшелері мен «Nur Otan» бастауыш партия ұйымдарының басшылары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында өткен Мәжіліс отырысында қойған міндеттерін халық арасында белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Партияның баспасөз қызметінің мәліметінше, «Nur Otan» қоғамдық қабылдау бөлмелері де жұмысын жалғастыруда. Биыл 1 қаңтардан бастап 622 адам жүгініп, оның 283-і «111 шұғыл қызмет» байланыс орталығына хабарласқан. Азаматтарды толғандыратын негізгі мәселелер – әлеуметтік қамсыздандыру, жұмысқа орналасу және еңбек құқықтарының бұзылуы, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық сынды мәселелер. Депутаттар, партия мүшелері – мемлекеттік органдардың басшылары 67 қоғамдық қабылдау өткізіп, 136 адамның мәселесі қаралды.
Әбілмансұр ЖАСАН