Қолды болған қару қайда кетті?
Қолды болған қару қайда кетті?
615
оқылды
Кешегі «қаңтар оқиғасы­нан» кейін халық арасында көптеген қарудың тарап кет­кені белгілі. Өйткені содырлар қару са­татын дүкендерді, олар сақ­талған режимдік меке­ме­лерді тонап, түрлі қарулар мен оқ-дәрілерді талан-та­раж етті. Оның үс­тіне, тәртіп сақшыларынан тартып алған қарулары тағы бар. Күштік құрылымдардың түрлі топ­тарды ұстап, олар­дан тәркі­леп жатқаны – осы қарулар. Енді оларды толық жинау мүмкін бе?

Дүкендегі мылтық атылмайды

«Қорамсақ» қауым­дас­ты­ғының мәліметі бойынша, Алматы қаласында «қаңтар оқиғасы» кезінде 6 қару дүкені тоналған. Олар – «Корган-центр», «Арма-56», «Анна-16», «Анна», «Оружейник», «Pro-Hunt» ком­пания дүкендері. Қанша қару ұрланғаны әзірге белгісіз. Бір белгілісі – сол күні дүкен иелері қанша рет полиция шақырса да келмеген. Ал қорғаныс дәрежесі жоғары мұндай дүкендерді тонауға қылмыскерлер үлкен дайын­дықпен келген екен. Қабырға қирататын құралдарымен, қуаты күшті өнеркәсіптік кескіштермен жарақтанып, дүкендердің қой­масына кіру үшін 5-6 сағатын жұмсаған. Осы уақыт бойы кә­сіпкерлер күзет ұйымдары мен күштік құрылымдарды кө­мекке шақырғанымен, қайыр болмапты. «Алматыдағы оқиғалар біздегі қару сататын дүкендердің қорғаныс дәрежесі техникалық жағынан өте жоғары екенін көрсетті. Дабыл қаққыш, темір есік, тор терезе, қалың қабырғалар мен темір сейфтер – бәрі бар. Бірақ мұның бәрі сырттан көмек келгенге дейінгі уақытша қорғанысқа арналған. Сонда да сол күні содырлар қоймадағы қаруға жету үшін ұзақ арпалысты. Тіпті, кейбір дүкендердің қоймасына кіре алмастан кетті. Егер қаруларды түгел алып кеткен күннің өзінде де оны қылмыскерлер пайдалана алмас еді. Өйткені талап бойынша дүкендегі қарулардың ішіндегі атуға қатысы бар бөлшектері алынып тасталады, әрі бөлек сақталады. Яғни, ол атылмайды. Сондықтан да олардың Алматыдағы атысқа қолданыл­маға­нын жауапкершілікті мойнымызға ала отырып мәлімдейміз! Сондай-ақ қылмыскерлердің қолына дүкен­дердің балансындағы барлық қарудың аз ғана бөлігі түскенін мәлім етеміз!», – дейді «Қорамсақ» қару қауымдастығының атқарушы директоры Сергей Катнов. Осы ретте, еліміздегі қару ұстау мәселесінде азаматтық мүддені қорғайтын қауымдастық өкілдері өз тарапынан 13 тармақтан тұратын шаралар тізбегін ұсынып отыр. Онда олар қару дүкендерін қорғайтын жекеменшік күзет ұйымдарының қызметкерлеріне травматикалық немесе ұсақ бытырамен ататын қару ұстауға емес, автоматты емес қысқа ұңғылы және ұзын ұңғылы қарулар ұстауға, патрондар көлемін екі есеге ұлғайтуға рұқсат беруге, азамат­тардың газды тапанша, револьвер, электрошокер сияқты адам өлтір­мейтін қаруларды алуын оңайлатуға шақырады. «Қару сатуға жарияланған мемлекеттік сатып алудағы тендерді қадағалауға алу қажет. Соңғы 2 жылда осындай тендерді жеңіп алған лицензиясы жоқ күдікті тұлғаларды тексеруі тиіс. Интернет арқылы қару сатуға қатаң қадағалау қойып, оларды уақытылы бұғаттап отыру керек. Төтенше жағдай жарияланған кезде қару сататын дүкендерді жекеменшік күзет ұйымдары емес, күштік құрылымдардың арнайы бөлімше­лері күзетке алуы қажет. Бұл тұста дүкеннен дабыл түскенін күтіп отырудың қажеті жоқ. Өйткені Мемлекет басшысы Алматыда ТЖ жариялаған кезде дүкендерге ешкім тиіспеген болатын. Егер күзет сол кезде келгенде, қару қылмыс­керлердің қолына түспес еді», – дейді қауымдастықтың атқарушы директоры.

Қараусыз қару қайтарылса ләзім

Сонымен, елімізде заңсыз айналымда жүрген қару саны арта түсті деуге толық негіз бар. Дүкендер мен күштік құрылымдардан тонағаны бар, деструктивті топтардың өздерінің тыққандарын шығарғаны бар, шетелден келгендерінің ала келгендері бар – ертеңгі күні әр-әр жерден тәркіленген немесе өз еркімен тапсырылған қару көбейе түсер болса, таңғалмауға болады. Мәселе, олар қандай мақсатта қолданылуы мүмкін екенінде. Әрине, бірінші – криминалды мақсатта. Ол сонысымен де қауіпті. Ал одан кейін келесі кезекте террорлық мақсатта пайдаланылып, халық пен мемлекетке қарсы кезелерін де жоққа шығаруға болмайды. Бір анығы,  Алматыдағы оқиғалар кезінде террористерде қару жеткіліксіз болғанын пайымдауға болады. Өйткені олар арсеналын толықтыру үшін қару дүкендері мен режимдік нысандарға мақсатты түрде шабуылдаған. «Елімізде қарулар азаматтық, қызметтік және соғыс мақсатындағы болып бөлінеді. Олардың қай-қайсысына да қауіпсіздік жағынан қойылатын талап жоғары. Сақтау, күтіп ұстау, тасымалдау және пайдалану шараларының барлығы заң жүзінде қатаң қадағаланады. Біздің құқық қорғау органдарының алдында енді осы заңсыз айналымға кеткен қаруларды заң аясына қайтару міндеті тұр. Әрбір қарудың зауыттан шыққандағы таңбасы бар екенін ескерсек, ол қалай болғанда да бір жерден шығатыны анық. Ол таңбаны егеп, жонып жоқ қылғанның өзінде де, әр қаруды ұңғысындағы атылған іздеріне қарап анықтауға болады. Қазір ондай мүмкіндіктеріміз бар. Сондықтан да қолға түскеннен кейін оларды жойып жіберуді немесе қайтадан дүкен иелеріне қай­таруды мемлекет шешеді», – дейді орталықтандырылған қару сақтау қызметін көрсететін Sapsan Group KZ компаниясының өкілі, запастағы полиция полковнигі Нұртай Сартаев. қару Запастағы полиция полковнигі ұзақ жылдар қару айналымын қадағалау бөлімшесінде қызмет еткен. Сол кездерде жүргізілген халықтан қару сатып алу шаралары­ның нәтижесінде елімізде қарумен жасалатын қылмыстар саны айтарлықтай азайғанын айтады. Оның бір себебі – мемлекет белгілеген қару сатып алу бағасының ТМД елдерімен салыстырғанда нарыққа бір табан жақын болғанында. Сондықтан да бұл жұмыстарды одан сайын жандандырып, халықты қару тапсыруға ынталандыруы керек. Өйткені енді қылмыскерлер жауапкершіліктен қашып, заңсыз қарудан құтылу үшін оны лақтырып кетуі мүмкін. Ал тауып алған адам оны тапсырса ақша алатынын, әрі жазықсыз жазаланбайтынын білсе, оны полицияға әкеліп бермек. Полиция өз тарапынан осы жұмыстарды әлсіретіп алмауы қажет. «ІІМ құрамында азаматтық және қызметтік қару айналымын қадағалау бөлімшелері бар. Олар күнде таңертеңнен кешке дейін тек қару есебін, айналымын, сақталуын, қолданылуын, тасымалын, профилактикасын қадағалаумен айналысады. Жалпы, полиция тарапынан Қазақстандағы қару айналымын қадағалау механизмі – ол өте нәтижелі механизм. Өкінішке қарай, осы бөлімшелер үлкен қысқартуға ұшырады деп естідім. Оның үстіне, алатын айлықтары басқа қызмет­тегілермен салыстырғанда аз. Меніңше, бұлай жасауға болмайды. Керісінше, бұл бөлімшелерді нығайтып, еңбекақысын арттырып, қатарын көбейте түсу керек. Бұған дейінгі жылдар бойы тірнектеп жасалған жұмыстарды жоғалтып алмауымыз керек!», – дейді ІІМ ӘПК Азаматтық және қызметтік қару айналымын қадағалау басқар­масының бұрынғы бастығы Нұртай Сартаев.

«Қару» жедел шарасының көмегі көп

Ашық ақпарат көздеріндегі мәліметтерге сәйкес, былтыр еліміздің ішкі істер органдары атыс қаруымен жасалатын құқықбұзу­шылықтардың алдын алу мақса­тында 90-ға жуық жедел-про­филактикалық шара өткізген екен. Атыс қаруын заңсыз айналымнан алу және азаматтық қару иелерінің оны сақтау тәртібін тексеруге бағытталған шаралар барысында 3 351 дана қару, 60 мыңнан астам ойық қаруға патрон, 31 жарылғыш құрылғы, 15 келі жарылғыш заттар, 11 дана снаряд тәркіленген. Қаруды заңсыз сақтағаны және алып жүргені үшін (ҚК 287-бабы) сотқа дейінгі 908 тергеу басталып, 1 203 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Азаматтық қарудың 254 564 иесі тексеріліп, сақтау және тіркеу ережелерін бұзған 12 356 дерек анықталып, 241,5 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынған. «Қоғамдық қауіпсіздікті қам­тама­сыз ету және атыс қаруымен жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында ІІМ жыл сайын халықтан заңсыз сақталған атыс қару, оқ-дәрі мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша акциялар өткізеді. «Қару» және тағы да басқа атаулармен мұндай акциялар 2008 жылы, 2012-2018 жылдары өткізілді. Нәтижесінде, халық ақшалай сыйақы үшін 52 мыңнан астам атыс қаруын, 1,6 миллионнан астам ойық қару патронын өз еріктерімен тапсырды.  Барлығы  1,7 млрд теңгеден астам сомаға қару-жарақ сатып алынды. Биыл бұл акция 20 сәуірден басталып, осы мақсатқа 95 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Осы уақытқа дейін азаматтар өз еркімен 1,4 мың бірліктен астам атыс қаруы, 57,5 мың дана ойық қару патрондарын тапсырды. Ерікті түрде тап­сырылған барлық қару комиссиялық түрде кәдеге жаратылады.  Комис­сияның шешімдері бойынша, мә­дени құндылығы бар қару музейлерге тапсырылады». Министрлік өкілінің айтуынша, соңғы 5 жылда атыс қаруын қолдана отырып жасалатын қылмыс саны­ның жартысынан көбіне азаюы қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін айғақтайды. Мәселен, мұндағы көрсеткіш, 2015 жылғы 488 деректен 2020 жылы 224 дерекке дейін, яғни 54%-ға төмендеген, ал биыл өткен осы кезеңмен салыс­тырғанда 17%-ға, 166-дан 138-ге азайып отыр. Әйтсе де, «қаңтар оқиғасы» бұл бағыттағы жұмыстарды одан сайын қатаңдата түсу қажетін көрсетіп отыр.