«Атамекеннен» кетсе де, атамекенінен кетпеген Тимур Құлыбаевтың иелігінде не бар?
«Атамекеннен» кетсе де, атамекенінен кетпеген Тимур Құлыбаевтың иелігінде не бар?
©А.Ахметқазы
754
оқылды

Бүгін еліміздің танымал бизнесмені Тимур Құлыбаев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшылығынан кетті. Ол бұл жайында мәлімдеме де жасады. Бүгінде Тимур Құлыбаев пен зайыбы Динара Құлыбаеваның ортақ байлығы – 5,6 миллиард доллар. Бұл мәліметтерді Forbes жариялады. Демек әрқайсының иелігінде 2,8 миллиард доллардан бар. Елдегі жағдайға байланысты 6 қаңтарда Халық банктің акциясы 16 пайызға түсіп кетті, нәтижесінде ерлі-зайыптылар 200 миллион доллар жоғалтты. Бұл бізге белгілі тұсы десек болады. Ал білмейтініміз бір төбе шығар?

Тимур Құлыбаевтың басшылық қызметтері

54 жастағы Тимур Құлыбаев – KAZENERGY Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдары қауымдастығының басшысы, ресейлік «Газпром» компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі, Ұлттық Олимпиада комитетінің төрағасы және Қазақстан бокс федерациясының басшысы. Тимур Құлыбаев жұбайы Динара Құлыбаевамен бірге «АЛМЭКС» холдингі арқылы Халық банкті иелік етуде. Қазақстандағы «Altyn Bank» АҚ-ның 40 пайызы Халық банкіне тиесілі. Сонымен қатар олардың иелігінде елдегі ең ірі инвестициялық холдинг те бар. Кәсіпкер коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға берумен айналысады. Олардың қарамағында жалпы аумағы миллион шаршы метрден астам объектілер бар. Атап айтсақ: сауда орталықтары, ойын-сауық кешендері, бизнес-орталықтар, қонақүйлер мен қоймалар кіреді. Нұр-Сұлтан қаласының өзінде «KeruenCity Астана», Keruen, Talan Gallery, Emerald Tower, «Лукойл», Marden, «Вега» бизнес орталықтарынның иесі. Алматы бойынша Almaty Towers, Point Almaty, «Спутник», Moskva, Baykonyr, Globus, Promenade, Car City және «Пассаж» бизнес орталығына иелік етеді. Осының өзінен олар былтыр 11,1 млрд теңге табыс тапқан екен. Бір ғана мұнай саласының өзінде кәсіпкердің бірнеше компаниясы бар. Мысалы, «ҚазМұнайГаз» жанармай құю станцияларының желісі жекешелендірілген соң, бір жарым жылдан кейін құрылтайшысының қатарына Joint Technologies компаниясы кірді. Forbes-тың мәлімдеуінше бұл компания Тимур Құлыбаев пен Раушан Сағдиеваға тиесілі. Бұл оның мұнай өнімдерін сатумен айналысатын алғашқы активі емес. Бұған дейін ол GasEnergy брендімен дизель отыны мен бензин сатумен айналысқан. Еліміздің 6 ірі қаласында желісі бар. Осының бәрін Құлыбаев Joint Technologies арқылы жүзеге асырып отыр. Қосымша «Автогаз Трэйд» компаниясының үлесін иеленген.

 Құлыбаевтың бизнесін кім жүргізіп отыр?

Құлыбаев жылына 100 миллон тонна мұнайды шетелге экспорттайды. Бұл іс «Petrosun» ЖШС сияқты шағын компания арқылы жүзеге асады. Forbes-тың жазуынша, бұл компанияда Тимур Құлыбаевтың оң қолы Данияр Әбілғазиннің үлесі бар. Байқасаңыз, Әбілғазин Құлыбаевтың біраз бизнесінде үлескер болып алған. Осының арқасында ол бүгінде Қазақстанның ең ірі бизнесмені атанып отыр. Алматылық Данияр Әбілғазиннің еңбек жолын Ұлттық Қауіпсіздік комитетінен бастап, Қаржы министрлігінің вице-министріне дейін өскен. 2018 жылы Forbes Әбілғазиннің байлығын 317 млн долларға бағалаған. Сол уақытта ол жылына 57 млн доллар пайда тапқан болатын. Осы күнде Әбілғазин «Petroleum Operating» ЖШС, «Автогаз Трейд» ЖШС үлестеріне ие. Ал оның отбасына Viled Group, «Petrosun» ЖШС, «Trade Commerce Oil» ЖШС үлестері тиесілі.