Берік Уәли «Самұрық-Қазына» қорына қатысты мәлімдеме жасады
Берік Уәли «Самұрық-Қазына» қорына қатысты мәлімдеме жасады
© bestnews.kz
563
оқылды
Президенттің пікірінше, мемлекет экономикаға көп араласа бермеуі керек және осы тұрғыда «Самұрық-Қазына» қорының активтерін жекешелендіру ісін жандандыруы қажет.  Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында хабарлады. 
"Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда өткен Мәжілістің пленарлық отырысында «Самұрық-Қазына» қорының қызметін толығымен трансформациялау қажет екенін айтқан болатын.
Қордың портфельді компаниялары – ұлттық экономиканың жүйе құраушы құрылымдары. Сондықтан қазір экономиканы құрылымдық жағынан қайта құру және ресурстарды ел игілігіне бағыттау жөніндегі міндеттердің орындалуы қордың жұмысына байланысты", - деп жазды ол.
Мемлекет басшысының пікірінше, Үкімет, ең алдымен, тым көп басқару құрылымдарын қысқартумен айналысуы керек. Сонымен қатар мемлекет пен халықтың мүддесіне бағытталған табыстарды арттыру үшін «Самұрық-Қазына» мен Үкімет арасындағы өзара қатынастардың сипатын өзгерту қажет.
"Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтен экономиканың негізгі салаларында шынайы бәсекеге негізделген орта қалыптастыруды және қор мен ұлттық компаниялардың сатып алу жүйелерінің ашықтығын қамтамасыз етуді талап етті.
Президенттің пікірінше, мемлекет экономикаға көп араласа бермеуі керек және осы тұрғыда «Самұрық-Қазына» қорының активтерін жекешелендіру ісін жандандыруы қажет.
Осыған орай жекешелендіру кезінде ашықтықты сақтау маңызды. Онсыз экономиканы құрылымдық тұрғыдан қайта құру мүмкін емес. Президент Үкіметтен және Жекешелендіру жөніндегі мемлекеттік комиссиядан нақты ұсыныстар мен іс-әрекеттер күтеді", – дейді Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли.