Ақ Олимпиада таяп қалды
Ақ Олимпиада таяп қалды
394
оқылды
Қытайдың бас шаһары Бейжіңде алауы тұтанатын қысқы Олимпиада ойындарының басталуына санаулы күндер қалды. Әлем тарихында қос Олимпиаданы қатар өткізген алғашқы қала атанатын шаһар дүбірлі доданы өткізуге тас-түйін дайын. Төртжылдықтың басты жарысының салтанатты түрде ашылуы 2008 жылы жазғы Олимпиада ойындары өткен стадионда өтеді. Аталған рәсімге көрермендер қатыстырыл­майтынына қарамастан, оны көгілдір экран арқылы тамашалайтындар саны көп болады деп күтіліп отыр. Ал спорттық бәсекелер рес­ми түрде ашылу салтанатынан екі күн бұрын басталады. Қазір Бейжіңдегі Олимпиада және Паралимпиада ойындарына арнап салынған 12 спорттық нысанның барлығы аяқталды. Үш олимпиадалық ауыл, басты медиа-орталық, ұлттық стадион және өзге де нысандар толығымен қолданысқа берілді. Дүбірлі додаға 95 елден келген 4 мыңнан аса спортшы қатысады. Саңлақтар 7 спорт түрі бойынша 109 медаль жиынтығын сарапқа салады. Олимпиада бағдарламасына биатлон, бобслей (бобслей, скелетон), керлинг, коньки спортының түрлері (коньки жарысы, мәнер­леп сырғанау, шорт-трек), шаңғы спортының түрлері (тау-шаңғы жарысы, шаңғы қос­сайысы, шаңғы жарысы, тұғырдан секіру, фристайл, сноуборд), шана спорты, шайбалы хоккей енді. Бұдан өзге биылғы ақ Олим­пиадаға 7 жаңа жарыс түрі қосылды. Олар – әйелдердің жекелей бобслейі, ерлер мен әйелдер арасындағы шаңғы биг-эйрі, шорт-тректегі аралас эстафета, тұғырдан секіру, фристайл және сноуборд-кросс бойынша аралас командалық жарыстары. Атап өтер жайт, тұңғыш рет қысқы Олимпияда ойындары тарихында ерлер мен әйелдер саны біршама теңесті. Бейжіңде әйелдер қатысатын жарыс алдыңғы Олимпиадалармен салыстырғанда әлдеқайда көп болмақ. Яғни, қатысушылардың 45 пайызын әйелдер құрайды. Халықаралық Олимпиада комитеті былтыр Токиода өткен жазғы Олимпия ойындарында да жолдамалардың 51 пайызын ерлерге, 49 пайызын әйелдерге үлестірген еді. Жарысты ұйымдастырушылар марапаттау рәсімінің жоғары деңгейде өтуіне барынша жағдай жасамақ. Қаңтар айының басында марапаттау рәсімінің атрибуттары таныстырылды. Таныстырылым аясында көпшілікке гүлдер, тұғыр мен марапаттаушылардың киімдері көрсетілді. Айта кетелік, Олимпиада жеңімпаздары гүлден бөлек, арнайы тапсырыспен дайындалған ойынның бойтұмарын да сыйға алады. Енді жарыс өтетін негізгі үш қалаға тоқ­талайық. Олимпия ойындары Бейжің мен оның маңайындағы Яньцинь және Чжанцзякоу қаларында ұйымдастырылады. 2008 жылғы жазғы Олимпиадаға арнап салынған спорт нысандарында қысқы Олимпиаданың керлинг, хоккей, конькимен жүгіру спорты, сондай-ақ ерлер мен әйелдер арасындағы сноубординг пен шаңғы фристайлындағы биг-эйр секілді жарыстар өткізіледі. Бейжіңнен солтүстік-батысқа қарай 80 шақы­рым жерде орналасқан Яньцинде шаңғы, бобслей, скелетон және шана спортының жүлделері сарапқа салынады. Бейжіңнің солтүстік-батысындағы көршілес Хэбэй провинциясына жақын орналасқан Чжанцзякоу қаласында сноубординг, шаңғы спортының барлық түрі және биатлон жарыстары өтеді. Олимпиададағы ауылдар саны да үшеу. Ойын өтетін әр кластерде бір ауылдан бар. Бұл спортшыларға ыңғайлы болуы үшін жасалған қадам. Үш олимпиадалық ауылдың жалпы аумағы – 330 мың шаршы метрді құрайды. Спортшылар 20 ғимаратқа орналастырылады. Кейіннен аталған нысандар тұрғын үйге айналып, халық игілігіне беріледі. Олимпиадалық ауылда спортпен шұғыл­дануға барлық жағдай жасалған. Фитнес құралының 27 түрі бар, жалпы саны 139 тренажер қолданысқа беріледі. Мұндағы фитнес орталық та тәулік бойы жұмыс істейді. Сондай-ақ әр олимпиадалық ауылда 18 бөлімшесі бар үлкен аурухана болады. Егер спортшылардың бірінен коронавирус анық­талса, оны жедел жәрдеммен басқа ауруханаға алып кетеді. Тағы бір қызық дерек, жарысқа қатысушы­ларға арналған ас мәзірі 4 жыл бойы дайындалыпты. Мәзірге 678 тағам енген. Осы орайда біраз жайт есепке алынған: диета, діни көзқарас және тағы да басқа (вегетериандық ас, халал тамақ). Әрине, ас мәзірінде дәстүрлі қытай тағамдары да бар. Күні кеше Халықаралық Олимпиада комитеті 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасында ковидке қарсы шаралардың Токиомен салыс­тырғанда қатал болатынын мәлімдеді. Өткен Олимпиадамен салыстырғанда Бейжіңде бірқатар өзгеріс, айырмашылық бар. Біріншіден, жарысқа қатысушылар «жабық жүйеге» өту үшін міндетті түрде толығымен вакцина алған болуы тиіс. Екіншіден, әр қатысушы күн сайын ПТР-тест тапсырады. Ал Токиода олимпиадалық ауылға кіретін тұлғаларға ғана күн сайын ПТР тапсыру міндеттелген болатын. Қорыта айтқанда, ақпанның алғашқы күндері әлем назары Қытай астанасына ауады. Алдымен 4-і күні қысқы Олимпиаданың ашылу салтанаты өтеді. Мұнан кейін барлық жарыс түрінен бәсекелер басталады. Өз кезегінде жарысты ұйымдастырушылар дүбірлі дода кезінде жаңа технологияларды кеңінен қолданып, спорттық іс-шара ұйымдастырудың ең озық үлгісін көрсетпек.