Ұрланған заттарды сатылымнан іздеңіз...
Ұрланған заттарды сатылымнан іздеңіз...
501
оқылды
Еліміздегі бүлік кезінде сауда орындары мен дүкендерді тонағандардың қарасы көп тәрізді. Себебі жаппай ұрлық Алматыда ғана емес, өзге де қалаларда болған. Кейін тонаушылардың біразы бейнежазбаға түсіп қалғанын көрдік. Ендігі мәселе – ұрланған заттар саудаланып жатқан секілді. Өйткені онлайн саудада әртүрлі жаңа тауарлардың арзан бағамен сатылатыны жайлы күмәнді жарнамалар көбейді. Өкініштісі сол тонаушылардың қатарында қарапайым тұрғындар да бар. Егер ұрылар ұсталған жағдайда оларды қандай жаза күтпек?

Күмәнді жарнамадан көз сүрінеді

Қазір жарнамаларды қарап отырып, ұрланған не ұрланбағанын анықтау қиын-ақ. Құзырлы органдар үшін бұл өзекті мәселеге айналатын сыңай бар. Күдік кө­­­бейгесін бе, әйтеуір жарнамадағы сатушылар тауар­­дың сатып алған күні мен түбіртегі бар екеніне сен­діретін болыпты. Кейбіреулер тіпті, телефонмен бір­ге ресми кепілдік талонын да суретке түсіріп, жүк­теген. Дегенмен онлайн сауда алаңында әдетте­гідей қол­данылған, ескілеу заттар емес, жаңа тауарлардың тым көбейіп кеткенін аңғардық. Мәселен, olx.kz сай­тын ашып, бүлік болған 5-6 қаңтардан кейінгі жар­намаларды шолдық. Күмәнді жарнамалар, әсіресе Алматы қаласында көп. Тонаушылардың ең көп ол­жа­ға кенелген жері осы қала екенін білеміз. 6 қаң­тар­дан бастап жүктелген жарнамадағы тауарлардың дені – жаңа заттар. Қолданылған немесе ескілерін си­рек ұшыратасыз. Біразы iPhone телефондарының соң­ғы, жаңа үлгілерін сататынын айтқан. Құны на­рық­тағы орташа бағадан 100-150 мың теңгеге арзан. Бұдан бөлек, әлемге танымал брендтердің киім-ке­шек­тері мен қымбат иіссулардың да жарнамасы қап­тап кеткен. Осы кезде iPhone 13 pro 256Gb телефонының қорабы ашылмаған жаңасын 600 мың теңгеге сата­тынын көрсеткен жарнаманы кө­зіміз шалды. Негізі, бұл тауар­дың нарықтағы орташа құны – 690-760 мың теңге шамасында. Сатушыға хабарласқанымызда «түбіртегі жоқ, телефонды жаңа жыл­ға сыйлыққа алғанмын, нақ­ты алатын болсаңыз, көрсетемін» деген жауап естідік. Бұл жай бір жарнама ғана, ал онлайн сауда алаңы сағат сайын жарнамалармен толығып жатқанын аңғардық. Қызығы сол, тауарлардың түгелі дерлік – жаңа. Бұл жерде екінші мәселенің тиегі ағытылады. Жарнамада көр­сетілген тауарларды сатып алғысы келетіндер көбеюі мүмкін. Бірі болмаса, екіншісі ұрланған зат сатып алып, сан соғып қалмасына кепіл жоқ. Ал заңгер Эльмира Асаубаева тауардың қайдан кел­геніне анық көз жеткізу үшін «әуелі фискалдық түбіртек пен ала­тын заттың құжатын талап ету керек» дейді. Дегенмен желідегі жарнамада қазақстандықтардың тауарға фискалдық түбіртек не­месе құжат тіркеуі бұрыннан си­рек кездесетін жағдай екен. Яғни, бізде көбі сатып алу-сату шартын жасау арқылы өздерін қорғамай­ды. ҚР АК 406-бабының 1-бөлі­гінде «сатып алу-сату шарты бойынша бір тарап (сатушы) мүлікті (тауарды) екінші тараптың (сатып алушының) меншігіне беруге, ал сатып алушы қабыл­дауға міндеттеледі. Бұл мүлік (тауар) үшін белгілі бір соманы төлеу керек (бағасы)» делінген. Бірақ іс жүзінде мұндай шартты ешкім жасамайды. Ең болмаса сатушыдан белгілі бір тауарды шынымен сатып алушыға келісіл­ген сомаға сатқанын мәлімдеген қарапайым жазбаша түбіртек те алынбайды. Бұл жағдайда заң­герлер қауіпсіздік үшін жарнама­ны, сатушының хаттарын сақтап алған жөн екенін айтады. ұрланған заттар «Кез келген ұялы телефонның немесе жабдықтың өзінің се­риялық нөмірі болады. Бөлшек саудада әрбір өнім осы нөмірмен есеп­теледі. Сайтта сатылатын өнім­ді сатып алғыңыз келсе, мы­на­ларды сұрауға құқылысыз: төл­құжат, өнім сапасының сертифи­каты, фискалдық түбіртек. Осы­ның бәрі сатушының тауарды өзі сатып алғанын дәлелдейді. Сату­шы тауарға қоса тіркелетін барлық құжаттарды ұсынуға міндетті», – дейді заңгер Элмира Асаубаева. Құзырлы органдар күмәнді жарнамаларға қатысты қандай да бір тексерісті бастағаны жайлы әзірге еш дерек жоқ. Бірақ назар­дың бәрі тонаушыларға ауғаны белгілі. Әйткенмен олардың өзі то­лық табылмай жатқаны қын­жыл­тады.

Тонаушылар айыппұлмен құтыла ма?

Иә, тонаушылар түгел табыл­мады. Ұсталғандары да аз емес. 8 қаңтарда Ішкі істер министрлігі Қазақстаннан қашып кетпек болған үш жүзге жуық адамды ше­кара маңынан ұстаған. Олардан қыруар ақша, қару және материал­дық бағалы заттар тәркіленген. «Автокөлікпен және жаяулатып елден қашпақ болған үш жүзге жуық адам мемлекеттік шекараны ке­сіп өтіп жатқанда ұсталды. Олар­дан ұялы телефондар, сон­дай-ақ отандық және шетелдік валю­тадағы қыруар қаражат тәр­кіленді», – деп хабарлаған еді ми­нистрлік. Ал 15 қаңтарда Алма­тыдағы «Белый ветер» дүкенінен 7 ноутбук пен 12 ұялы телефон ұрлаған 22 жастағы азамат қолға түсті. Оған қоса «Азия Парк» сауда үйіндегі бутиктерді тонап, оны жасырын сатпақшы болған үш қыз бен екі ер адам ұсталды. Бұлардың қатары әлі де толыға түсетін сияқты. Бұдан кейін тонаушылардың тағы бір легі оңтүстіктен шықты. Түркістан облысындағы «Ынты­мақ» блок-бекетінде Алматы қа­ласындағы тонауға қатысқан деген күдікпен екі адам ұсталды. Олардан түрлі техникалық құрал-жабдықтар табылған. Көп ұзамай осы өңірден тағы 7 адамның ұсталғаны мәлім болды. Жалпы, ұсталған ұры Қазақ­стан Республикасының Қылмыс­тық кодексінің 191-бабы бойын­ша «Тонау» фактісімен сотталады. Бұған қоса Қылмыстық кодекстің 192-бабында айтылған «Қарақ­шы­­лық» пен 196-баптағы «Көрi­неу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi иемдену немесе өткізу» фак­тісімен де жауапқа тартылуы мүмкін. Көбіне бұл баппен ұстал­ған азаматтар қылмысы анықтал­ған жағдайда үлкен айыппұл тө­леп құтылады екен. Негізі, Қа­зақстан заңнамасы бойынша тонаушылар үшін ең ауыр жаза «Қа­рақшылық» бабында қарасты­рылған. Қылмыскер жазаланған жағдайда 3 жылдан астам абақты­да отыруы мүмкін. Ал «Тонау» бабы бойынша қылмыскер 2 000 АЕК-ке дейін, шамамен 6,1 мил­лион теңге айыппұл төлеуге мін­деттеледі. Осы жолғы тонаушылық бір­шама тақырыптың бетін ашты. Мәселен, Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова бейбіт тұр­ғындардың ұрлыққа түсуін елдегі кедейлікпен байланыстыруға тырысты. Ол бұған дәлел ретінде елімізде 1 миллионнан астам бала кедейшілікте өмір сүріп жатқанын келтірген. Жөн сөз, әйткенмен бұл тонаушыларды ақтауға себеп емес. Қайткен күнде де қылмысқа барғандар жазалануы тиіс. Бұл тұс­та құзырлы органдар біз сөз ет­кен күмәнді жарнамаларға тек­серіс жүргізуді ұмыт қалдырмаса екен дейміз.