Мәдени ескерткіш емес...
Мәдени ескерткіш емес...
328
оқылды
Қарағанды қаласында ескі үйлердің балконы қызу тал­қыға түсіп отыр. Бірі «өткеннен хабар беретін тарихи туынды» десе, екіншісі «жаңарту керек» екенін айтады. Қаладағы Назарбаев даңғы­лындағы №7а-үйдегі балконды жаңартқандар туралы әлеуметтік желіде жерлестерінің әрекетіне ашуланған қарағандылықтардың бейнеүндеуі пайда болды. Өйткені осы үйдегі тұрғындар өз пәтерле­рінде жөндеу жұмыстарын бастады. Оған қоса, 1958 жылғы ғимараттың сыртқы түрін өзгертуге шешім қа­былдаған екен. Куәгерлердің ай­туынша, бірнеше балкон толығы­мен қирап, олардың орнына жаңа, модернизацияланған қоршаулар пайда болды. «Назарбаев даңғылы 7а-ме­кенжайы бойынша Қараған­ды қаласының сәулет мұрасы бол­ған үйде 13 қаңтарда 3-үйдің сырт­қы қасбетіндегі 2 балкон қирады. Бұл үйлерде дәл осындай балкондар бар, олар – екінші, үшінші және төртінші қабаттарда әрқайсы­сы­ның өзіндік тамаша дизайны бар және осы үйлердің сәулеттік ерек­шелігінің бірі. Осы жұмыстардың бәрі қандай негізде жүргізіліп отыр? Оларға рұқсатты кім берді? Тыйым салу керек емес пе? Біз осы бал­кон­дарды, үйдің тарихи кел­бетін толық қалпына келтіруді та­лап етеміз. Біз бұл мәселені маман­дармен талқы­ладық. Сондай-ақ кінәлілерді әкім­шілік жауап­кер­шілікке тарту­ды талап етеміз!», – дейді жергілікті тұрғын. Қала әкімдігі бұл ғимарат тұр­ғындардың жекеменшігі екенін айтып, жағдайға қатысты пікір біл­дірді. Сондықтан құрылыс салу­шылармен қажетті іс жүргізу үшін тұрғын үй тұрғындары Қарағанды қаласы әкімі аппараты жанындағы сәулет бөліміне немесе қалалық мем­лекеттік сәулет-құрылыс бақы­лау бөліміне ұжымдық арыз жол­дауы қажет. Бұл жағдайға қалалық орта­лықтың мамандары түсініктеме беріп, шешімге наразылықтарын білдіріп, тұрғындарға қаланың мә­дени мұрасын сақтаудың маңызын еске салды. «Сәулет мұрасын сақтау – кез келген қаланың қала құрылысы философиясының басты қағидала­рының бірі. Кей елдерде тарихи нысандарды қайта құру мәселесі өте мұқият қаралады. Өкінішке қарай, бізде бұл қағида әрқашан орындала бермейді, кейде тарихи орын тұр­ғындарының өздері қате­леседі. Бұл жағдай Назарбаев даң­ғылы 7а мекенжайында орна­ласқан тарихи мұрасы бар үйдің балконына қа­тыс­ты. Онда пәтер иелері бал­конды және балконнан тұратын оның шынайы безен­ді­рілуін бұзды. Бұл пәтердің тұрғын­дары қайта құруды қала әкімші­лі­гі­мен келіс­песе ке­рек, өйткені бал­кон қор­шауын мұн­дай аяусыз өзгерту тарихи ғи­маратты бір стиль­ден шығарып жібереді», – деп жазды наразылар әлеуметтік желіде. Бүгінде пікір екіге жарылған. Instagram-дағы жазбаға жазылған пікірлерде біреулер «өз мен­ші­гіміз, сондықтан бәрін жасауға болады» деп айтса, енді біреулер жергілікті урбанистердің мұндай ны­сан­дарды бұрынғы қалпында сақтау маңызды деген пікірімен келіседі. «Егер бұл қаланың сәулеттік мұрасы болса, онда қала неге осы мұраны сақтамайды?». «Бұл үй кез келген жаңа үйден 100 есе жақсы, керемет көрінеді. Тек қасбетін қалпына келтіру ке­рек», – дейді тағы бір қараған­ды­лық. Тұрғын өз үндеуінде бұл үйдің тарихи мұралар тізіміне енгізілге­нін айтты. Алайда бұл деректі «Қа­ра­ғанды қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесі жоққа шығарды. Олар­дың айтуынша, үй мәдени мұра нысандарына жатпайды. Бірақ бұл үйдегі балкондарды бұзуға да рұқсат берілмеген. «Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 7а үй мекен­жайы бойынша 3-қабаттағы екі балконды бұзуға байланысты Қа­ра­ғанды қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасы құры­лыс-монтаж жұмыстарын жүр­гізуге (сәулет-жоспарлау тап­сыр­ма­сы, жобаны келісу) рұқсат бермеген. Яғни, 2006 жылғы 20 желтоқ­сандағы Қарағанды облысының жергілікті маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштерінің бекітіл­ген мемлекеттік тізбесіне сәйкес, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы 7а үй тұрғын үйі Қарағанды қаласы­ның аумағында орналасқан тарихи-мәдени мұра объектілеріне жат­пайды. 2020 жылғы 17 қарашадағы №73/01 «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан заңының 16-бабы 1-тармақшасына сәйкес, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қыз­меті заңнамаға және мемлекеттік нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылады», – деп хабарлады әкімдік. Сондай-ақ қалалық Сәулет басқармасы бұл оқиғаның барлық мән-жайын анықтайтынын ха­барлады. «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қа­зақстан заңының 17-бабы 1-тар­мағында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамада белгіленген талаптарды бұзу Қазақстан заңдарында көз­делген жауаптылыққа әкеп соға­тыны белгіленген. Сол заңның 31-1-бабына сәйкес, жауапкер­шілік­ке тарту шараларын қабылдау сәулет-құрылыс бақылау органда­рының құзыретіне жатады. Осыған орай «Назарбаев даңғылы, 7а үйдегі 3-қабаттағы екі балконды бұзу фактісі бойынша Қарағанды облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасына тиісті шаралар қабылдау үшін хат жолданды», – дейді қалалық сәулет басқармасының мамандары.

Қарағанды облысы