Өзі көгілдір, болашағы бұлыңғыр
Өзі көгілдір, болашағы бұлыңғыр
445
оқылды
«Абайлаңыз, газ» дейтін ескертпе сөз қаңтардың басты дабыл белгісіне айналғандай. Себебі бір жағынан елдегі толқуларға газ триггер түрткі болса, екінші жағынан елдің газ нарығын бірнеше алпауыт басып, басыбайлы иеленіп отырғаны әшкереленді. Президент Қ.Тоқаев газ бағасына мораторий жариялады, бәрі тынышталды. Ал саланың жылдар бойы қордаланған проблемалары әзірге шешілген жоқ. Мысалы, ұлттық оператор «Қаз­ТрансГаздың» 2015-2019 жыл­дардағы залал-шығыны 300 миллиард (!) тең­гені құраған. Бұл шығын шетелге газ­ды қымбаттау бағаға экспорттау ар­қылы өтеліпті. Алайда 2020-2024 жылға дейінгі «Қаз­Транс­Газ­дың» залалы 879 миллиард теңгеге дейін жетеді деп күтіліп отыр.

Олигархтар астына басқан сала

Бәсекелестікті қорғау және да­­мыту агенттігі бұл саланы оли­го­полия жайлаған дейді: «Отын-энергетикалық кешен сала­сын­дағы олигополистік топтардың үстем­дігі, әсіресе сұйытылған мұн­ай газы (СМГ) нарығында ең жо­ғары деңгейге жеткен. Бұл са­лада Қазақстанда небәрі 3 не­гізгі өнім беруші – CNPC, Petrosun және KMG нарықтың 70%-дан астамын астына басқан. Ал қалғаны – жекелеген жергілікті өндірушілер ғана, олар газды не­гізінен географиялық орна­ласуы­на сәйкес белгілі бір елді ме­кен­дер­ге ғана жеткізеді», – деп мәлім етті антимонополиялық орган. Бұл – бір проблема. Алпауыттарды қыспаққа алу ар­қылы мемлекет көгілдір отын­ның бағасын алты ай бойы ұстап тұрмақ. Ары қарай босатып қоя бер­се, баға да жүгенсіз кетіп, ша­рық­тай жөнелуі мүмкін. Бұл – екінші мәселе. Бұған не түрткі болуы мүмкін? Сала ма­мандары елде артық газ жоқ екенін ай­тады, егер Ресейден тасымалдаса, баға одан сайын қымбаттайды. Өзге газ өн­діру­ші елдерден ерекшелігі сол Қазақ­станда мұнаймен араласқанынан өзге газ, яғни таза газ кен орындары жоқ. Салдары­нан нарық қажетті ресурстармен жеткілікті көлемде қамтамасыз етілмеген. Бұрынғы үкіметтер газ саласының әлеуетін арттыру­ға, қажетті ресурспен қам­туға бас қатыр­мапты. Бұл – үшінші түйткіл. «Құрылымы бойынша Қазақ­стан­да өндірілетін газ – негізінен ілеспе мұнай газы. Бұл ретте елі­мізде өндірілетін бүкіл газдың 75%-дан астамы Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз жобаларына тиесілі. Соның ішінде Қарашыға­нақтағы жалпы өндіру көлемі 4 жыл бойы өзгеріссіз қал­ды, тек Теңіз бен Қашағанда 3 жыл үде­рінде біртіндеп ұлғаюда», – деп хабарлады Энергетика министр­лігі. Осыдан сұрақ туады: «Әлемдік супер­гигант саналатын 3 бірдей алып кен орнын иеленіп отырған Қазақстан неге газға жарымай отыр?». Министрліктің түсіндіруінше, мұнай­мен ілесіп шыққан газдың бәрі бірдей нарыққа жол тарт­пайды. Оның үлкен бөлігін – 31%-ын жер қойнауын пайдаланушылар жерасты қабаттарындағы қысым­ды ұстап тұру үшін кері жібереді. Мұндай айла-шарғы мұнайды ба­рынша көп шығару үшін жасалады. Тағы бір бөлігі алауда босқа жағы­лады. Газдың тағы 14%-ын Karachaganak Petroleum Operating B.V. (Қарашығанақ), North Caspian Operating Company N.V. (NCOC, Қашаған) және Теңізшевройл (Теңіз) төл технологиялық мұқтаж­дық­тарына жұмсайды, электр энергиясына және кәдеге жаратуға пайда­ланылды. Сонда елде өндірі­летін барлық газдың 54%-ы ғана қайта өңдеуге жіберілді. Жалпы, еліміздегі халық пен саны аз шоғыр болатын отандық кәсіпорындарды, ЖЭО мен электр стансаларын газбен жабдықтауға осының өзі жетер еді. Бірақ өң­деуге жіберілген шамалы газдың 38%-ы кейін экспортқа жөнел­тіледі. Сонда 62%-ы ғана ішкі на­рыққа түседі.

Байлық үстіндегі ел ресурсқа жарымады

Шикізат та, өңделген өнім де аз, ен­деше нарық заңы бойынша сұраныс ұсы­ныстан асқанда баға көтеріледі. Үкімет осы азғантай газды биржа арқылы саудаға сала бастады. Баға бірден үш есе ша­рық­тады. Биылдан бастап билік бүкіл газды 100 пайыз электронды алаңда сатуға кө­шірмек болған. «Қасіретті қаңтар» оқи­ғаларынан кейін аяқ тартты. Президент Қ.Тоқаев Үкіметке сұйытылған газды электрондық сауда алаңдары мен биржалар арқылы өткізуге толық көшуді 1 жылға шегеруді тапсырды. Оған дейін Министр­лер кабинеті нормативтік-құқықтық базаны мұқият әзірлеп, сауда алаңдары жұмысының ашық болуын қамтамасыз етуі, бағаның күрт өсуін шектеу тетіктерін енгізуі қажет. Әйтпесе, Мемлекет басшы­сының айтуынша, сұйытылған мұнай газын (СМГ) тарату және саудаға шығарудың тәртібі жете пысықталмаған. Электронды сауда барысында бағаның өсуін шектеу тетіктері қарастырылмаған. Сал­дарынан «Энергетика министрлігі электронды сауда бойынша жедел әрекет етіп, бағаны ауыздықтай алмады». Қалай болғанда, шикізат пен өнім тапшылығы мәселесін шеш­пей, бағаны тұсаулап ұстау қиын. «Энергетикалық қауіпсіздікті сақтау және газ саласын одан ары тұрақты да­мыту үшін ресурстық базаны кеңейту қажет! Шикі газ өндіру көлемін және тауарлық газ өндірісін басым тәртіппен ұлғайту үшін не жасалады? Бұған қазір Қаламқас-Теңіз, Прорва кен орын­дары тобы, Өріктау се­кілді игеруге дайын тұрған, барланған кен орындары есебінен қол жет­кізу жос­пар­ланып отыр. Бұл істе елеулі прогреске жету үшін қосым­ша ар­тық­шылық-преферен­ция­ларды пысық­таған жөн. Бұл стра­те­гиялық инвестор­ларды тарта отырып, осы кен орындарын тез игеруге ықпал етеді», – деген пі­кірде Энергетика министрлігі. Бұған қоса, Ресеймен шекарада ор­наласқан, Имашев кен орнында барлау жүргізу және жете зерттеу жоспарланды: онда 172 миллиард текше метр көгілдір отын тұнып тұр деген дерек бар. Салыстыру үшін айтсақ, Қазақстанның ішкі нары­ғында жыл сайын шамамен 20 миллиард текше метр газ тұты­нылады 2025 жылға қарай бұл көр­сеткіш 25,7 млрд, ал 2030 жылға қарай 30,2-31 млрд текше метрге дейін артады деп болжанған. Демек, Қазақстан Ресеймен бір­лесіп, игеруді қарастырып жатқан кен орынның қоры 5-6 жылға ғана жетуі мүмкін. көгілдір отын Бұдан бөлек, Қашаған кен орнын кеңейту жобаларының Үкімет қарап жатқан ағымдағы тұжырымдамаларында енді «ілеспе шикі газды коммерциялан­дыру» басымдық ретінде белгіленген. Яғни, жерастына қайта айдау және алау­ларда босқа жағу мейлінше азайтылуы тиіс.

 ГӨЗ дегені көзбояушылық па?

Жарайды, кен орындары шикізатқа қарық етсін делік, бұл мәселені түбегейлі шеше ме? Шеш­пейді, өйткені үлкен көлем­дегі шикі газды өңдейтін зауыт жоқ. Ұсақ кәсіпорындарды айтпа­ғанда, Жаңаөзендегі жалғыз ірі кәсіпорын – Қазақ газ өңдеу зауы­ты онсыз да шама­сынан тыс жұмыс істеп тұр. Сондықтан Президент Қ.Тоқаев 2021 жылғы маусым айында, Маңғыстау облысындағы «Қазақ газ өңдеу зауыты» базасын­да сұйытылған газ өндіретін жаңа зауыт салу жөнінде тапсырма бер­ген. Энергетика министрлігінің де­ре­гінше, оның негізінде «Қаз­ТрансГаз» АҚ өзге инвесторлармен бірлесіп, жылына 1 миллиард текше метр шикі газды өңдейтін зауыт салу жөнінде инвестициялық шешім қабылдапты. Алайда бұл жобаға қатысты нақтылықтан гөрі, сұрақ көп. Мысалы, 1 млрд көлем қазірдің өзінде жылына 20 млрд тұтынатын елдің жұмырығына жұқ болмайтыны байқалады. Екін­шіден, қазір жаңа ГӨЗ жобасының тек техникалық-экономикалық негіздемесі ғана дайын­далған. Оны қаржыландыру мәселесі әлі күнге шешілмеген. Сол себепті Қашаған кен ор­нының операторы – NCOC осы алып кен орнын игерудің кейінгі кезеңдерінде үшінші тараптарда, соның ішінде ресейлік ГӨЗ-де өңдеу үшін оларға шикізат жеткізу көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Осы аптаның басында жаңа Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төраға­лығымен өткен Мұнай-газ және энергети­ка салаларын дамыту жөніндегі ведомс­тво­аралық комиссияның (ВАК) отыры­сында ішкі нарықты сұйытылған газбен үздіксіз қамту мәселесі жеке қаралды. Жиында айтылғандай, бүгінде СМГ-ні биржа арқылы сату уақытша доғарылған. Оның орнына автогаз жергілікті әкімдіктер қалып­тас­тырған өтінімдер мен сұралған кө­лем негізінде, «Жеткізу жос­пары» бойынша ішкі нарыққа зауыттан тікелей жеткізіліп отыр. «Қазақстанның ішкі нарығына сұйы­тылған мұнай газын жеткізу жоспарын қалыптастыру қағида­ларына» өзгеріс енгізілген. Оған сәйкес, Энергетика ми­нистрлігі мұнай-газ химиясы кәсіпорын­дарына, тұрғындардың тұрмыстық мұқ­таж­дық­тарын өтейтін топтық резервуар­лық қондырғыларға, сондай-ақ автогаз құю станса­ларына, газ желісі ұйымдарына, газ толтыру бекеттері мен газ толтыру стансаларына да биржадан тыс, тікелей газ бөлуге міндеттелді. Биылғы 5 қаңтарда газды бөл­шек саудада сатуға шекті бағалар белгіленді, атап айтқанда, өңір­лердің алыстығы ескеріле отырып, 180 күнге сұйытылған мұнай газы­ның (автогаз) 1 литрінің шекті бағасы елдің батысында – 50, оң­түстігін­де – 60, солтүстігі мен шы­ғысында 60-70 теңгеге тү­сірілді. Шалғай аудандарда – 55-75 теңгеге дейін барады. Сондай-ақ газдың шекті көтерме бағасы да 1 тонна үшін 38 701 теңгеден 28 000 теңгеге дейін тө­мендетілді.

Жалғыз жазалау жеңісті жақындатпайды

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин күн сайын газ баға­ларына мониторинг жүргізіп жат­қанын жеткізді. Уақытша бел­гiленген шекті бағалардан асырып сату фактілері анықталса, Әкім­шілік құқық­бұзушылық туралы кодексінің 162-бабына сәйкес, алдымен бағаны төмендету туралы нұсқама жіберіледі. Оны орын­дамаса, әкімшілік жазаға тарты­лады. – Бас прокуратурамен бірлесіп, СМГ-ның 6 көтерме сатушысына – «Қаз­МұнайГаз» АҚ, Petrosun ЖШС, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «ҚазГерМұнай БК» ЖШС, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС және «ҚазГӨЗ» ЖШС-іне монопо­лиялық жоғары баға белгілегені, үстем жағдайын теріс пайдалану белгілері бойынша тергеу, сондай-ақ газды бөлшек саудада өткізумен айналысатын 180 субъектіге қа­тысты тергеу тағайындалды. Тергеудің алдын ала нәтижелері көрсеткендей, баға өсуінің негізгі себебі – электронды сауда алаңын­дағы баға тетігінің жетілмегені болған, – деді антимонополиялық орган басшысы. Биржа нарығының алпауыт ойыншысы «ЕТС тауар биржасы» сауда алаңының ұйымдастыру­шысына қатысты хабарла­маны орындамау фактісі бойынша тергеу жүргізілді. Бас прокуратура осы агенттік қызметкерлерін жұмыл­дыра отырып, нарықтың 102 субъектісіне, оның ішінде биржада сауда-саттықты ұйымдас­тыру­шыға қатысты тексеру жүргізіп жатыр. Монополияға қарсы орган салада тергеу жүргізуді жалғастырмақ. Маңғыстауда автокөліктердің 90 па­йыз­дан астамы газға көшіп алғаны мәлім. Дегенмен еліміз бойынша көгілдір отын­мен «қорек­тенетін» темір тұлпарлар үлесі көп емес көрінеді. Ұлттық статбюро де­ре­­гінше, Қазақстанда жеңіл автомо­бильдер­дің 88,1%-ы (3,3 млн) бензинмен жүреді. 74,1 мыңы дизельді тұтынады. Ал газ-бал­лонды жабдықпен жарақтал­ған автокө­ліктер үлесі небәрі 0,1% немесе 3,9 мың. Бұған қоса, 296,6 мыңы немесе 7,8%-ы аралас (бензин, газ, электр) бо­лып ке­леді. Салада қордаланған мәселелер жетер­лік: ел аумағының жарты­сына жуығы газдандырылмаған (газ игілігін 9,8 млн адам немесе 53%-ы көріп отыр). Қолданыс­тағы магистралды газ құбырлары тозуда, күзетке қаражаттың жетіс­пеуі кесірінен ішінара тоналуда екен. «Сарыарқа» және басқа газ құбырлары өңірлерге жеткенімен, тұрғындар оған түрлі себеппен қосыла алмады. Салада маман жетіспейді. Инвесторлар қызығу­шылық танытпайды. Ендеше баға­ны «қатырумен» іс бітпес. Саланың жылдар бойы қордаланған проб­лемалары жан-жақты, кешенді қарауды талап етеді.