«ӨКМ операторының» орнын басқан «Жасыл даму» қандай компания?
«ӨКМ операторының» орнын басқан «Жасыл даму» қандай компания?
Фото: Тop-news.kz
466
оқылды

"ӨКМ операторының" утилизация төлемін әкімшілендіру және қаражатты басқару қызметі тоқтатылды. Енді оның қызметін «Жасыл даму» АҚ атқаратын болды. «Жасыл даму» АҚ қандай компания? Оның активтерінің мемлекетке тиесілі екені рас па?

«Жасыл даму» АҚ-ның ресми сайты істемей тұр. Google-дің хабарлауынша, сайтты біреулер бұзып алған. Компания 2003 жылы Үкімет қаулысымен "Қазақ экология және климат ғылыми-зерттеу институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны болып құрылған. Кәсіпорынның негізгі мақсаты ғылым және табиғатты қорғау саласындағы өндірістік-шаруашылық қызметтерді жүзеге асыру болған. 2003 жылы бастапқы капиталы – 16,1 млн теңге, 2010 жылы 51,3 млн теңге болды. 2012 жылы кәсіпорын атауы "Жасыл даму" АҚ болып өзгерген. 2013 жылы заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеуден өткен. Қазір онда 60-қа жуық адам жұмыс істейді. 2013 жылғы Жарғысында "Жасыл даму" АҚ қызметінің мақсаты қоршаған орта сапасын сақтау, қалпына келтіру, жақсарту және Қазақстанның төменкөміртектік дамуға көшуін қамтамасыз ету екені жазылған. Акционерлік қоғамның жалғыз акционері – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі. Аудиторлық есеп бойынша, компанияның 2020 жылғы таза шығыны – 19 млн теңге, ал жалпы жабылмаған шығыны 91 млн теңге болған. 2020 жыл 31 желтоқсандағы есеп бойынша компанияның капиталы – 67 млн теңге. Finance.kz Telegram арнасының мәліметінше, компания мемлекет бюджетіне 2018 жылы – 35,5 млн тг, 2019 – 22 млн тг, 2020 – 38 млн тг, 2021 – 59,5 млн тг салық төлеген. "Жасыл даму" АҚ Мемлекеттік сатып алу порталында өнім беруші ретінде де, тапсырыс беруші ретінде де тіркелген. 2016 жылдан бері Энергетика және Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінен жалпы көлемі 400 миллиардтан астам теңгеге тапсырыс алған.  2020 жылғы аудиторлық есеп мәліметінше, "Жасыл даму" АҚ өнімдерді сату және қызмет көрсету арқылы – 109,5 млн теңге, мүлікті жалға беру арқылы – 5,4 млн тг, қоршаған ортаны қорғау және экология мәселелері бойынша консультациялық қызметтерден (көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімін жүргізу) 149,2 млн теңге табыс тапқан. "Жасыл даму" АҚ қазіргі бас директоры – Азамат Алимбаев. Ол А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде "Құқықтану", Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінде "Қаржы" мамандығында оқыған. 2000 жылдан бастап Қостанай облысының Әділет басқармасында заңгер болып қызмет еткен. Кейін Қостанай қаласы әкімінің заң мәселелері жөніндегі кеңесші-көмекшісі (04.2001-09.2004), Костанай қаласы әкімі аппаратының әкімшілік органдар және заңгерлік қамтамасыз ету бөлімінің бастығы (02.2005-09.2008), Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің жетекші маманы (09.2008-03.2009), төрт ай мерзімінде Қоршаған ортаны қорғау министрінің көмекшісі, Экологиялық реттеу және бақылау комитетінде басқарма бастығы (07.2009-05.2011), Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары (05.2011-07.2012), 2012 жылы Қостанай облысы Экология департаментінің басшысы қызметтерін атқарған.