Техникалық байқаудың «базары» тарқай ма?
Техникалық байқаудың «базары» тарқай ма?
689
оқылды
Көлікті техникалық бай­қау­дан өткізу – әуелі жүргізушінің өз қауіпсіздігі үшін керек дү­ние. Оның үстіне, көліктің қауіпсіз қозғалысын реттейтін заң нор­маларына сай темір тұлпар межелі мерзімде тексеруден өтуі қажет. Алайда ебін тапқандар дәл осы рә­сім­нен кедергісіз өтіп, айласын асырып жүр. Сондықтан да саладағы осы секілді бармақ бас­ты, көз қысты әрекеттің куә­сі болған көпшіліктің кө­­кейін­де «Көлікті міндетті техникалық байқаудан өткізу керек пе?» деген сауалдың туындауы да заңды.

«Қашықтан» тексеру, «көлденең» табыс

Қолданыстағы заң бойынша, зауыттан шыққанына 7 жылдан астам уақыт өткен жеңіл көлік­тердің жылына 1 рет тех­никалық байқаудан өтуі міндетті. Егер мұндай машиналар жолаушы та­сымалымен айналысуға пайда­ланса, 6 ай сайын көлік құралының іске жарамдылығына көз жеткізіп тұру керек болады. Техникалық байқаудан өту құнын көліктің қоз­ғалтқышының көлеміне бай­ла­нысты 3 мың теңгеден басталып, 6 мың теңгеге дейін жетеді. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 5-тармағына сай міндетті техни­калық байқаудан өтпегендерге 5 айлық есептік көрсеткіш көле­мінде айыппұл салынады. Ал кө­лікті тексеру туралы талапты орын­дамаған жүргізуші 1 жыл ішінде тәртіп сақшыларының қо­лына түскен жағдайда айыппұл көлемі 20 айлық есептік көр­сет­кішке дейін ұлғаяды. Айдың-күннің аманында айыппұл арқалағысы келмейтін жүргізушілер жыл сайын тех­никалық байқаудан өтуге мәжбүр. Ал бұл тексерістен ақысын төлеп, жауыннан кейінгі саңырау­құ­лақтай қаптаған кез келген тех­никалық байқау оператор­ларының бірінен өтуге болады. Өкінішке қарай, жүргізушілердің арасында дәл осы қызмет түрін «қашықтан» алудың тәсілін меңгеріп алғандар да жеткілікті. Тексерушіге кө­ліктің суретін телефонмен-ақ жіберіп, оның қозғалысқа жарам­дылығы туралы құжат алатындар көп. Алайда әрбір жүргізушіге таныс бұл схема бірер жыл бұрын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агентті­гінің қызметкер­лері­нің де назарына ілінген. Сол жолы құзырлы орган қыз­меткер­лері автокөліктерді мін­детті тех­никалық байқаудан өткізу­мен айналысатын 152 операторды тексерді. Тексеру барысында опе­ра­торлардың 724 құқықбұзу­шы­лыққа жол бергені анықталып, оларға 3 миллион 849 мың теңге айыппұл салыныпты. Тіпті, 88 оператор кө­лікті техни­калық бай­қаудан өткізу құқығынан айы­рылып қалған-ды. Сонымен бірге әлгінде айтылғандай, жалған диаг­ностикалық карталарды анықтау мақсатында ұйымдасты­рылған рейдтік шара кезінде кар­таны қолдан жасаудың 84 фактісі белгілі болды. Нәтижесінде, тех­никалық байқауға жауапты 26 оператордың үстінен әкімшілік хаттама тол­тырылып, 2 қылмыстық іс қозғал­ған. Былтыр да көлікті техникалық тексеруден өткізуде жеңілдің асты­мен, ауырдың үстімен өтуге ниет­тілерге қызмет көрсеткен ұйым­дасқан қылмыстық топтың қыл­мысы әшкере болғанын көпшілік ұмыта қойған жоқ. Көлік комите­тіндегі лауазымды тұлғалары же­текшілік еткен бұл топ республика­ның әр аймағынан 28 жалған фирма ашып, 260 мың диагности­калық карта қолдан жасаған екен. Сол жолы көліктің қауіпсіздігі туралы құжатты қол­дан жасаған алаяқтардың табысы 1 миллиард теңгеге жуық­тағаны да айтылды. Әрине, біз келтірген статистика көлікті техникалық байқаудан өткізу саласындағы мәселелердің бір ғана бөлшегі болуы мүмкін. Өйткені диагностикалық картаға оңай әрі тез қол жеткізгісі келетін жүргізушілер де, олардың тапсы­рысын орындаушылар да жымыс­қы ойын жасырын жүзеге асырып кете барады. Салдарынан көліктің жүргізушіге, жолаушыға және өз­гелерге қауіпсіз болуын қамта­ма­сыз ететін жүйеге сенім жоғалды. Жүргізушілерді де қауіпсіздіктен бұрын құжаттың дұрыс болуы көбірек ойландыратын тәрізді. Көптің көкейінде жүрген осы бір өзекті мәселені Мәжіліс де­путаты Айқын Қоңыров көтеріп, көлікті міндетті техникалық бай­қаудан өткізуді алып тастаудың жолдарын қарастыруға Үкімет назарын аударды. Мәжілісмен келтірген дерекке сүйенсек, елі­мізде жыл сайын 2,7 миллион көлік техникалық байқаудан өт­кізі­леді. Әрбір көлік жүргізушінің әрбір тексеріс үшін ақы төлейтінін ескерсек, саладағы жылдық табыс көлемі 7-13 миллиард теңгені құрайды екен. Сәйкесінше, сала мамандарына оның ішінде ісіне адалдық танытып, көлік құралын егжей-тегжейлі тексеретіндер мен әлгінде айтылғандай жалған диаг­ностикалық картаны оңды-солды таратындардың аражігін ажы­ратуға тура келеді. Мәжіліс депута­тының бұл сауалына қатысты Үкімет әлі үн қатпады. Есесіне техникалық байқаудан өткізу мәселесіне келгенде көпшіліктің пікірі қақ айырылды.

Қамқорлық па, жемқорлық па?

Мәселен, «Автомобилистердің қоғамдық одағы» қоғамдық бір­лестігінің төрағасы Жан Ботанов мәжілісмен Қоңыровтың ұсы­нысын қос қолдап қолдайтын­дардың қатарында. -Міндетті техникалық бай­қаудан бас тарту – дұрыс шешім. Біріншіден, өз өмірі мен авто­кө­лігінің қауіпсіздігі жүргізуші үшін керек. Ал мемлекеттік органдар­дың жыл сайын міндетті техника­лық байқаудан өту туралы талабын халыққа «қамқорлық» танытудан бұрын жемқорлық пен қағазбас­тылыққа бір табан жақын жүйе деп білемін. Екіншіден, көлікті жыл сайын тексеру талабы өз маши­насының жағдайын бес саусағын­дай білетін жүргізушінің наразы­лығын күшейте түседі. Сондықтан салаға қатысты ендігі шешімдер шенеуніктерден бұрын қарапайым автокөлік жүргізушілерінің мүд­десіне бағытталуы керек, – дейді Жан Қасымұлы. Әрине, маман айтқандай, әр жүргізуші көлігінің қауіпсіздігі ең әуелі өзі үшін қажет екенін түсіне алса, техникалық байқау саласын­да­ғы мәселелер мұншалық күр­де­ленбес еді. Керісінше, жүргізу­шілерді құжаттарының тексеруші органдардың талабына сай келуі ойлантатын болса, диагнос­ти­калық картаны «ақысын» төлеп сатып алу қажеттігі туындайды.

Сенімге қол салған алаяқтар

Көлікті техникалық байқаудан өткізумен айналысатын «ЛПро­гресс ЛТД 2004» ЖШС директоры Жарқын Тәңірбергеннің айтуын­ша, тексерудің заңға сай жүргізілуін қамтамасыз ететін шаралардың легін қабылдаған жөн. Қазақстанның көлік құрал­дарын міндетті техникалық бай­қаудан өткізуден түбегейлі бас тартуы мүмкін емес. Өйткені бұл жол қозғалысына қатысушылар­дың қауіпсіздігі бойынша Женева келісіміне қайшы келеді. Бізде бұл рәсімнен толықтай бас тартудан бұрын оны өткізудің заңдылығын қамтамасыз етуге баса мән берген жөн. Жыл сайынғы міндетті тек­серістен бас тарту жол-көлік оқи­ғаларының жиілеуіне әкеп соғуы мүмкін. Техникалық байқау кезін­де көлік құралының техникалық жағ­дайымен бірге одан шығатын тү­тін­нің қоршаған ортаға тигізер әсері де сараланатынын ұмытпау керек. Рас, салада көлікті боксқа қойып көрмей, телефондағы суре­тіне қарап-ақ диагностикалық карта беретін операторлар бар. Бұл әдісті көбіне техникалық байқау­дан өткізуге арналған ғимараты, құрал-жабдығы, тіпті арнайы ма­мандары жоқтар қолданады. Егер салаға өзгеріс әкелу керек болса, құр ноутбукпен отырып, көліктің суретіне қарап жалған құжат берумен айналысатын алаяқтармен күресті күшейтудің тетігін қарас­тырудан бастау дұрыс болады. Олар салаға, тәп-тәуір жүйеге де­ген сенімді жоғалтып жіберді, – дейді Жарқын Ерғазыұлы. Сарапшылардың енді бір тобы саланы жемқорлар мен құлқынның қамын ойлайтындардың жайлауы­на техникалық байқауды жеке кәсіпкерлердің қолына беру себеп болғанын айтады. – Өз басым көліктерді тех­ни­калық байқаудан өткізу талабын алып тастауға қарсымын. Себебі дәл осы талап арқылы көлік жүр­гізуші де, жолаушы да көшедегі өзге көліктердің техникалық та­лап­тарға сай келетініне сенімді болады. Одан соң техникалық байқау құжаты жоқ көлік апатқа түскен жағдайда сақтандыру ком­паниялары «көлікте ақау болған» деген сылтаумен кепіл құнын тө­леу­ден қашуы мүмкін. Ал жүргізу­ші­нің қолында техникалық бай­қаудан өткенін растайтын құжат болса, мұндай мәселе туындамай­ды, – дейді сарапшы Өмірбек Құрбанбаев. Бұл мәселені шешуде сарапшы екі сатылы техникалық байқау жүйесін ұсынады. – Осы орайда мен кәсіпкердің техникалық байқауды жүргізгенін, ал мемлекеттік қызмет сол байқау­дың жүргізілгенін тексеріп, растау жүйесін енгізуді қолдаймын. Содан соң техникалық байқау ор­та­лығында көлікті фотоға түсіріп, оны қағазға шығарудың қажеті жоқ. Оның орнына тексерістің барысын видеоға түсіру дұрыс деп ойлаймын. Осылайша, электронды қорытындыны барлық полиция қызметкерінің планшеттері арқы­лы, электронды үкімет порталынан көре алады. Ең бастысы, техни­калық байқаудан өту процесін бейнетаспаға түсіру жоғарыда атал­ған деректердің жолын тыя­ды, – дейді Өмірбек Құрбанбаев. Әзірге Қазақстандағы техни­калық байқау рәсімінің ендігі тағдырына қатысты ресми мәлімет жоқ. Үкімет жалғыз депутаттық сауалға бола көлікті міндетті тех­ни­калық байқаудан өткізуден бас тарта қоймасы анық. Солай болған күннің өзінде саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне түбегей­лі зерттеу жүргізу қажет-ақ.