«Жасыл даму» жарылқаcа игі
«Жасыл даму» жарылқаcа игі
© коллаж: Елдар Қаба
752
оқылды
Автоәуесқойлардың алты жыл бойғы арманы, әділетті талап-тілегі орындалғандай: шет­елдік әр көлікке кенедей жабысып, миллиондап алым жиған жекеменшік компания – «ӨКМ операторы» ЖШС-ның қиянатты тірлігіне ел Президентінің тапсырмасымен тыйым са­лынды. Бұл іс мемлекеттік кәсіпорынға табысталды. Aiqyn газеті елдегі автопарк­тің жоғары қарқынмен көнеруіне соқтырған көлеңкелі схеманы ұдайы сынап келді. Енді утилизациялық алым жүйесі қалай дамымақ? Соған да тоқталсақ.

Елді ашынтқан алымның хроникасы

2015 жылғы 30 желтоқсанда Үкіметтің «Өндіру­ші­лер­дің (импорттау­шы­лар­дың) кеңейтілген міндет­те­ме­лері операторын ай­қындау туралы» №1137 қаулысы шық­ты. Құ­жат бұл маңызды миссияны тосыннан пай­да бол­ған, жұртқа белгісіз «ӨКМ операторы-Опе­­ра­тор РОП» ЖШС-ына жүктеді. Тіпті, Үкімет қау­лы­сы­ның өзі ком­панияның атын қайталап тұрған еді. Бастапқыда бұл жаңалықтың мазмұнын түсінбеген жұрт оған мән бермеді. Алайда іле-шала елдің жаны шыр­қырады: жаңа жекеменшік компания алапат кө­лемде алым енгізіп, бұған дейін Моңғолия, Жапония, Аме­рика, Германия, БАӘ, Оңтүстік Корея секілді алыс шет­елден еркін ағылған арзан автокөліктердің тас­қы­нына тосқауыл қойды. Осының алдында, 2014 жыл­ғы ма­мырда үш ел Еуразиялық одақты құрған-тын, оған кейін Қырғыз елі мен Армения қосылды. Алысқа құлаш ұру мүмкіндігінен айырылған қазақстандықтар амал­сыз осы елдер арқылы айналмалы жолдармен ар­зан автомобиль тасуға кірісті. Республикада «ар­мян­», «ресейлік», «қырғыз», «абхаз» көліктерінің проблемасы туындап, жыл өткен сайын ушыға бер­ді. Енді, міне жаңа Премьер Ә.Смайылов Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасын орын­дау үшін 2022 жылғы 18 қаңтарда «Экология, геология және табиғи ре­сурстар министрлігінің ве­домс­­тволық бағынысты ұйым­да­рының кейбір мәселелері ту­ралы» Үкімет қаулысын қабыл­дады. Құжатқа сәйкес, мемұйым – «Жасыл даму» АҚ өндіру­ші­лердің кеңейтілген міндетте­ме­лерінің операторы болып ай­қындалды. Ал «ӨКМ операторы» ЖШС-ның алымды әкімшілендіру және тиісті қаражаттарды басқару қыз­меті тоқтатылды. Экология ми­нистрі Серікқали Брекешевтің мәліметінше, банктердегі есеп­шот­­­тары мен депозиттерінде «ӨКМ операторының» 220,6 мил­лиард теңгесі қалған. Үкіметтің жаңа қаулысына сәйкес, компа­ния­­­ның утилизациялық алым қа­ра­жаты есебінен жинаған ак­тив­тері мемлекеттік меншікке айналады. Ecowaste Solution ЖШС мен компания құрылтайшысы Шынар Мұхтарова Үкіметке «ӨКМ опе­раторы» ЖШС-ның жарғылық капи­талындағы қатысу үлесінің 100%-ын республикалық меншікке беру туралы ұсыныспен шықты. Яғни, бүкіл компания дүние-мүл­кімен бірге Үкіметке сатылмады, «сыйға тартылды».

Алым жинау қашан қайта жанданады?

Утилизациялық алым тетігіне ие болған «Жасыл даму» АҚ «ӨКМ операторы» ЖШС-ның жарғылық капиталы жүз пайыз жекемен­шік­тен мемлекеттік меншікке табыс­талғанын растады. «Қазір «Жасыл даму» АҚ-ның бірінші кезекті міндеті – ӨКМ мем­лекеттік операторының қыз­ме­тін жоспарлы режимде тезірек жандандыру үшін қажетті ұйым­дас­тырушылық және заңгерлік шараларды қабылдау. Бұл ретте уәкілетті орган оның мөлшерлеме­лерін қайта қарағанға дейін қолда­ныстағы утилизациялық төлемдер мөлшерлемесі өз күшінде болады. Жаңа алым мөлшерлемесін түзу және талқылау таяу уақытқа жоспарланған», – деді «Жасыл даму» мамандары. Ал осы салаға жауапты ме­м­орган – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі утилизациялық алымның жаңа мөлшерлемесі биылғы ақпан айы­ның соңына қарай бекітілетінін мәлімдеді. Оның дерегінше, коэффи­­циент­терді қайта қарау мақ­сатында ве­домс­твоаралық жұмыс тобы құ­рыл­ды. Аталған мерзімге дейін алым қолданыстағы мөл­шерлеме бойынша жаңа опе­раторға – «Жасыл даму» АҚ-ына төленуі керек екен. Алайда автосалон және авто­көлік иелерінің айтуынша, бұл алымды жинау тоқтатылған. «2022 жылғы 11 қаңтарда Мәжіліс отырысында Қ.Тоқаев Үкіметке «ӨКМ операторының» жұмысын тоқтатуды жүктеді. Пре­зидент сөзінен кейін «Оператор РОП» ЖШС алым жинауды күрт тоқтатты. Содан бері осы алым төлемдері қабылданбай жа­тыр. Ал заң бойынша өндіру­ші­лердің, импорттаушылардың ути­ли­зациялық алым төлеу міндеті жойылған жоқ. Оны төлемеген жеке және заңды тұлғалар әкім­ші­лік жазаға тартылады. Не істей­тінімізді білмейміз. Үкімет ашып айтпады, түсіндіру жұмыстарын жүргізбеді. Дұрысы, жаңа оператор толыққанды жұмысқа кіріскенге дейінгі кезеңге утильалымды төле­ме­гені үшін әкімшілік жауапкер­ші­лікке тарту да тоқтатыла тұраты­нын жариялауы керек еді», – дейді белгілі автокәсіпорын өкілі Әнуар Жұман. «Утильалым бізді әбден зәрезап қылды. Смайыловтың Үкіметі жаңа мөлшерлемені тек келесі айдың соңына қарай жария ете­тінін мәлімдеді. Газдың ба­ғасын бір күн ішінде ретке кел­тіріп еді, ал мына мәселені сонша созбалаңға салудың мәнісі неде? Шетелден автомобиль әкелген адамдар маған қоңырау соғып, хабарлама жазып, көлігін есепке қоя алмай жатқа­нына ша­ғым­данды. Оларға құзыр­лы органдар: «Наурызға дейін кү­тіңіздер!» депті. Не деген көңілсіз шабан тірлік», – дейді блогер, ав­тобрендтермен серіктес кәсіп­кер Бейбіт Әлібеков. [caption id="attachment_180213" align="alignleft" width="1200"]жасыл даму © коллаж: Қуаныш Сапарбай[/caption] Экология министрлігінің тү­сіндіруінше, қазір мүдделі уәкілетті органдар «ӨКП операторының» активтерін мемлекеттік меншікке алу шараларын қабылдап жатыр. Құзырлы органдар қорытындылар әзірлеп, ұсынуы қажет. Жеке ком­па­нияның дүние-мүлкі мен пер­соналы «Жасыл даму» АҚ-ына өтті. «Жасыл дамуды» жаңа мәр­тебеде әділет органданында қайта тіркеуден өткізу және басқа рә­сімдер қолға алынды. Осының бәрі уақыт алатын көрінеді. Дегенмен кәсіпкерлердің, ав­тосалон иелерінің және «темір тұлпарын» тезірек рәсімдегісі ке­летін қазақстандықтардың қатаң сынынан кейін Үкімет қарқынына қарқын қосып, күні-түні жұмыс істеуге көшкені белгілі болды. Осының арқасында дүйсенбіде машиналарды рәсімдеу, алым төлеу ісі қайта жалғасады деген хабар бар.

Операторлар туралы не білеміз?

Электронды үкімет порталын­дағы дерекке сенсек, «ӨКМ опера­торы-Оператор РОП» ЖШС-ның құрылтайшылары және иелері – Eco Waste Solution ЖШС мен Шынар Мұхтарова болды. Бұл кісінің кім екенін сарапшылар мен журналистер білмейді, себебі ол ақпарат құралдарының алдына шығып, баспасөз мәслихатын өткізбеген, сұхбат бермеген. Әлеу­меттік желілерде де тіркелмеген. Eco Waste Solutions компаниясы да тылсым тұлға – Мұхтарованың атына тіркелген. Қалай болғанда да, биліктің қолдауымен «ӨКМ операторы» шетелден тасылған ескі ғана емес, су жаңа автокөліктерден де аяусыз алым жинады. Мысалы, жеңіл көліктердің утилизациялық алымы қозғалт­қышының көлеміне қарай 460 мыңнан 3,5 миллион теңгеге дейін жетті. Ауыл шаруашылығы техни­касынан 5,5 миллионнан 14 мил­лион теңгеге дейін алынды. Бұған қоса, алым көлемі Үкімет бекітетін шекті күнкөріс мөл­шеріне байла­ныс­тырылды, тиісін­ше жыл сайын өсіп отырды. Мұның сыртында шетелдік автоөнеркәсіп өнімін сатып алған азамат мөлшері өте ауқымды кедендік бажды төлеуі тиіс және ЕАЭО техрегламентінің талабына сәйкес, ресейлік «Глонас» батыр­масын орнатуға шығындалады. Салдарынан шетелден әкелінген кө­лік екі есе қымбаттап шыға ке­леді. Сөйтіп, Қазақстандағы авто­парк жедел қарқынмен ескіріп барады. Елдегі автопарктің жарты­сынан астамының «жасы» 20 жыл­дан жоғары, ескі-құсқы күйге жетті. Оның үстіне, экономист Марат Қайырленовтің айтуынша, алым енгізілгелі Қазақстандағы жеңіл автомобиль саны 2014 жыл­ғы 5 миллионнан қазір 3,6 миллионға дейін күрт азайып кеткен. Яғни, «темір тұлпар» азаматтар үшін қолжетімсіз болды. Ал ұлан-бай­тақ аумағы бар қазақ елінде ма­­ши­наның болуы – өмірлік маңыз­­ға ие. Бұл да халықты «ызалы жүрек, долы қол» жағдайға жеткізген түйткіл еді. Экология министрі С.Бреке­шев­тің мәліметінше, 2016 жылғы қаңтарда енгізілгелі бері утильалым түрінде «ӨКМ операторы» 691,9 млрд теңге (өзге деректер бойын­ша – 579 млрд) жинапты. 49,1 млрд теңге салық төлеген. Дегенмен са­рап­­шы­лар «нақты сандар белгісіз» дейді, себебі оператор қоғамға толыққанды есеп бермей келген. «Егер «ӨКМ операторының» шығыстарына үңілсек, барлық жиналған ақшаның 59,4 млрд тең­гесі ғана автомобильдерді кәдеге жаратуға және ауыл шаруашылығы техникасы үшін сертификат беруге бөлінген. Бұл оның жинаған алы­мы­ның 10%-ына да жетпейді. Ен­деше алда утильалым 10 еседен көп төмендетілуі тиіс! Егер бұл алым 100 мың теңгеге дейін түсірілсе, елде автомобильдер 1-3,5 миллион теңгеге арзандайды», – дейді Тәуел­сіз автобизнес одағының басқарма төрағасы Берік Зайыров. Утилизациялық алымды жаңа мөлшер­ле­мемен жинауға жауапты «Жасыл даму» АҚ-ына келсек, ол – Эко­логия министрлігіне толық бағы­на­тын, ведомстволық ұйым. «Жа­сыл даму» директорлар кеңе­сінің төрағасы – Экология, гео­логия және табиғи ресурстар вице-ми­нистрі Ахметжан Пірімқұлов. Ұйым тарихы 1951 жылдан бастау алатын «Қазақ экология және кли­мат ғылыми-зерттеу институты» республикалық мемлекеттік кәсіп­орны негізінде 2012 жылы құрыл­ды. Премьер Асқар Мамин 2021 жылғы 15 сәуірде Үкіметтің №241 қаулысына қол қойып, оны жой­мақшы болды: «Жасыл даму» АҚ-ын «Халықаралық жасыл техноло­гиялар және инвестициялық жоба­л­ар орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына қосты. Бірақ бұл қайта ұйымдастыруды қазір тоқтатуға шешім қабылданды. «Жасыл даму» АҚ негізгі мис­сиясы – қоршаған орта сапасын сақтау, қалпына келтіру және жақсарту бойынша жағдай жасау. Компания қалдықтардың барлық түрін басқару және утилизациялау, парник газдарының шығарын­дыларын қысқарту жұмыстарымен айналысады. CO2 шығару квота­ларын сатқысы немесе сатып ал­ғысы келетін алпауыт кәсіпорын­дар сонымен серіктес болады. Жыл сайынғы парник газдары шыға­рын­дылары квотасын бөлудің Ұлттық жоспары жобасын да «Жасыл даму» әзірлейді. Компания еліміздегі иесіз, аса улы қалдық­тар­ды жоюға маманданған. Ақ­мола, Қостанай, Павлодар облыс­тарына 2020 жылы осындай қал­дықтардан арылуға 53,4 млн теңге бөліпті. 2020 жылы ол Қарағанды облысында Кеңес заманы кезінен қалған «Балқаш-9» әскери нысаны («Дарьял-У» радиолокациялық стансасы) аумағын улы химикат­тардан арылтуға үлес қосты. Бірақ оның арты дауға ұласқаны мәлім: тендер жеңімпазы «ЭкоЛюкс-Ас» ЖШС полихлордифенилі бар конденсаторларды, улы қалдыққа толы 3 контейнерді әскери поли­гон­нан әкетіп, Степногордағы уа­қытша сақтау қоймасына жет­кізген. Аса қауіпті қалдықтардың қалаға енгенін естіген степногор­лық­тар наразылық білдірді. Мәсе­ле­нің қалай шешілетіні белгісіз. Қалай болғанда, «Жасыл даму­дың» басты миссиясы мен барлық күш-жігері енді утилизациялық алым жаққа кілт бұрылатынға ұқ­сайды. Бір анығы, Қазақстанда жаңа, алып монополист дүниеге келді.