Жаңа заманның «көшпенділері»
Жаңа заманның «көшпенділері»
561
оқылды
Көршіңіз қылмыскер болуы мүмкін. Себебі ізін суы­ту үшін жалдамалы пәтерде тұру – қас­көйлердің кәнігі әдеті. Тек­серу жұмыстарының нәти­же­сінде бүлікшілердің 1 бөлмелі пәтерде 8-10 адамға дейін топ­­тасып, арам пиғы­лын жүзе­ге асыруды жоспар­лап келгені анықталды. Оған қоса, адам­дар­ды аяусыз өл­тірген жауыз­дар­дың қару-жарақтары да ба­сы­байлы бас­панасынан емес, жалда­малы пәтерлерден табылып жатыр. Қараша ха­лық­­тың бас­панаға деген мұқ­таж­дығы шешілмей, «кварти­ранттар­дың» саны кемімейді. Бұлай жалғаса берсе, қауіп­сіз­дік мәселесі кейінге шегеріле береді. Жалпы, қандай азамат­тар пәтер жалдайды?

КЕЙУАНАНЫ ТОНАП КЕТКЕН

«Пәтер керек» дегеннің ар­тында қандай ойдың тұрғанын біле алмайсың. Пайданы ойлаған пәтер иелері ондайға бас қатыр­майды да. Жеке куәлігін көрсетіп, айтқан ақ­шаны берсе жеткілікті, кім көрін­геннің қолына кілтті ұс­тата салады. Елдегі жаппай бүлік көршіңнен де күдіктенуді үйретті. Себебі жазадан қашып жүрген со­дырлардың қазір жалдамалы пә­тер­лерде жасырынып жатуы әбден мүмкін. Одан бөлек, жақында Өс­кеменде зейнеткерді «квартиран­ты» тонап кетті. 46 жас­тағы азамат 80 жастағы кейуананың ұялы те­ле­фонын қолынан жұлып алып, сан­дықта сақтап жүрген 2 мил­лион тең­гесін қолды еткен. Қа­зір ұр­ыға қатысты Қыл­мыс­тық кодекстің 191-бабы 3-бөлігі («Тонау») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұған дейін елге белгілі кісінің жұбайын ақша сұрауға барғанда пәтер жал­даушылар пышақтап өлтіргені көптің есінен шыға қойған жоқ. «Көптеген пәтер иелері мен жалға алушы қаражатты үнемдеу үшін риэлторларға жүгінгісі кел­мейді. Алаяқтық оқиғаларының да жиі орын алуы – сондықтан. Жыл­жы­майтын мүлік саласында алаяқ­тар көп. Қауіпсіздік мәселесінде үнемдеуге болмайды. Жалға алушы мен жалға берушінің талаптарын қанағаттандыра білу – риэлтордың кәсібилігі. Сондықтан риэлторға ақы төлеген кезде бірінші кезекте өз тыныштығыңыз бен қауіпсіз­ді­гіңіз үшін төлейсіз», – дейді риэл­тор Жан Рысбаев. Түркияда тұрғын үйді жалға алу мәдениеті қалыптасқан. Жалға алу­шылардың да, жалға берушілердің де құқықтары заңмен қорғалады. Өкі­нішке қарай, біздің заңнамада риэл­тор­дың құқықтық жағдайы белгі­лен­беген. Яғни, риэлтор ту­ралы, оның қызметі туралы ешқан­дай заң жоқ. Қазір жылжымайтын мүлікке қатыс­ты ешқандай білімі жоқ бос жүрген адамның бәрі риэлтор бола алады. Риэлтор болам деген ниет болса бол­ды, өзіне жарнама жа­сай­ды. Сөйтіп, жұмыс істей береді. Осы тұста Қазақстанда пәтер жалдаудың көбі заңнан тыс ұйым­дастырылатынын атап өткен жөн. Мәселен, елордада жалға берілетін пәтерлердің 80 пайызы заңсыз, жартысынан көбі келісімшартсыз, сөз жүзінде келісілген. Сондықтан оқыс оқиғалардың болмауына кепілдік жоқ.

КІМДЕР ПӘТЕР ЖАЛДАЙДЫ?

Елімізде жүргізілген зерттеу­лер­ге сүйенсек, жалға алынған тұр­ғын үйдің ауданы заң талап­та­рына сәйкес келмесе де, оған қол жеткізу үшін әрбір бесінші адам екінші жұмыс істейді, жалға алу­шы­лардың жартысына жуығында жи­нақ жоқ.Сонымен қатар жар­тысынан көбі соңғы бір айда банк­тен несие алған, 17 пайызында тіпті ақшасы азық-түлікке жетпейді. Кө­біне кімдер пәтер жалдайды де­сеңіз, жартысы жергілікті тұр­ғын­дар болса, қалғаны мигранттар. Пәтер жалдаушы­лар­дың басым бөлігі қалаларға соңғы 5 жылда көшіп келгенін ескерсек, тізімнің 20-30 пайызын 18-29 жас аралығындағы студенттер құрайды. Үштен бірі басқа мекенжайда тір­келген. Жалға алынған пәтерде тұратындардың 54 пайызы тұрақты немесе уақытша тіркеуге ие жұмыс істейтін, қалада тұратын азаматтар. Пәтер жалдап тұратындарды зерт­­­теушілер 3 топқа бөлген. «Бірі – пәтер ішінде бөлме жалдайтындар, «времянкаларда» тұратындар. Бұл топқа 30-45 жастағы орта білімді қа­зақ әйелдерін жатқызған. Бір ғана табыс көзі бар. Оның өзінде же­кеменшік компанияларда жал­дамалы жұмысшы болып қызмет етеді. Көбінің бұлай жүргеніне 4 жылдан асқан. Үй ала алмауының негізгі себебі – қаражаттың тап­шы­лығы. Келесі, пәтерлерді немесе жер үйлерді жалдап тұратындар. Бұл тізімде де әйелдердің үлесі көп. Кө­біне 18-29 жас аралығындағы қыз­дар мен 30-45 жастағы келіншектер. Көбіне ұлты – қазақ. Басым бөлігі­нің кәсіптік білімі бар, тұрмысқа шыққан. Үйсіз жүруінің негізгі себебі – табысының төмендігі. Үшінші санатта – мемлекеттік бағ­дарламалар бойынша пәтер жал­дап тұратын 43-45 жастағы қазақ әйелдері. Жоғары білімі бар, тұр­мыс құрған. Бір ғана табысы бар әрі әлеуметтік төлемдер алып отырады. Мемлекеттік қызмет саласында жал­дамалы жұмысшы болып еңбек етеді. Олардың да табысының тө­мен болуынан үй сатып алуға шама­сы жоқ. Бірақ пәтер жалдап тұратын әрбір екінші адам ипотекадан үмітті», – дейді сарапшылар. [caption id="attachment_180222" align="alignleft" width="1200"]инфаграфика © инфографика: Елдар Қаба[/caption] Дамыған елдерде жеке пәтер деген болмайды, көбі жалдамалы. Оларда жеке өз үйің болғанынан гөрі пәтер жалдап тұрған ыңғайлы. Өйткені пәтер жалдау құны табатын табыстың 15-20 пайызы. Жалдаған пәтер құнының ішіне айлық ком­муналдық төлем мен таңер­теңгілік асыңыз қоса қамтылады. Арзандау пәтерге тұрамын десеңіз, өзіңіздің таңдауыңыз біледі. Жалдап тұрған пәтердің тұрмыстық құралдарының бірі істен шықса, қайта қалпына келтіріп беру – жалға берушінің міндеті. Пәтер иелері пәтер жалдау­шы­лардың ақшасын алып отырған соң, барлық жағдайын жасауға да­йын. Өйткені жалдап тұрған пәтер­дің барлық мүлкі ай сайын төлене­тін пәтерақының құнына кіреді.

БАҒА ҚАЙДА БАРАСЫҢ?

Бізде жалдамалы пәтердің құны табатын табыстан үш-төрт есе жо­ғары. Айталық елордада 250 мың теңгеге 1 бөлмелі пәтерді жалдай­тын­дар да көп. Сайттарда 13-20 шар­­шы метрлік бір бөлмелі пәтер­лер айына 50-60 мың теңгеден тұр. Көбінде жуынатын бөлмесі жоқ. Тіпті, астананың төрінде тұрған жал­дамалы «времянкалардың» ара­сында дәретханасы далада орна­лас­қандары да жетерлік. Алматыда да «времянкалар» сұ­ранысқа ие. Алматы облысында Есік, Қаскелең, Шаңырақ, Айна­бұлақ, Талғар аудандарында 30 мыңнан 60 мың теңгеге дейін пәтер жалдап тұруға болады. «Жалдап тұрған пәтеріңе қонақ ша­қыруға болмайды, балаларың болмау керек» дейтін пәтер иеле­рінің талабы бар. Пайдаланып отырған тұрмыстық құралдардың біреуі істен шықса, төлейсің. Сөй­тіп, жалдаушылардан көзін жұмып қойып сыпырып алған ақшасына әлгі адам тағы да бірнеше пәтер са­тып алып, жалдамалы пәтер ре­тінде бизнесін жасайды. Сондықтан пә­тер ақысын зорға төлеп отырған от­басы тапқан табысын біреудің қо­­лына ұстатып отырғандықтан өзі­­­нің пәтер иесі атануы қиын. Осы­­лай өзін үйін армандап, өзгенің пә­­те­ріне жылдап ақша төлеп жүр­ген­дер жетерлік. Соның бірі 6 жыл­дан бері жыл­жымайтын мүлік сала­сында жүрсе де, бір пәтерге қо­лы ти­меген риэлтор Әлия Бердіқо­жа­ева. «Неге пәтер жалдап келемін? Себебі қалада өмір сүргім келеді, жұмыс істеп ақша табу үшін жүрмін. Екі балам бар, жалғызбасты ана­мын. Бір жыл бұрын астанада 12-14 миллион теңгеге 1 бөлмелі пәтер са­­тып алуға болатын еді. Қазір сол үй­­лердің бағасы 17-20 миллион тең­геге көтеріліп кетті. 7 жылдан бе­рі баспананың соңынан жүрмін. Баға қымбат, табысымыз жалдауға ғана жетеді», – дейді Ә.Бердіқожа­ева.

ҚЫМБАТШЫЛЫҚ ҚАПА ҚЫЛДЫ МА?

Ресми мәліметтерге сүйенсек, былтыр бір айда 300-ге жуық қазақстандық Түркиядан, теңіз жағалауынан пәтер сатып алған. Риэлторлар статистикасы бойынша, тек Түркияның Жерорта теңізі жаға­лауына қазірдің өзінде мың­даған қазақстандық қоныстанған. Қазақстандықтардың көбі неге Түркияда өмір сүруді қалайтынын білесіз бе? Себебі баға арзан. Мә­селен, Аланияда теңіз жағасында жаттығу залы, бассейні бар коттед­ж­ді 1 айға 900 мың теңгеге жалдауға болады, ал астанада Есіл ауданын­дағы 6 бөлмелі дәл сондай коттеджді жалдау құны айына 1 мил­лион 700 мың теңгені құрайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әлеу­меттік жағ­дайы төмен топтар үшін на­рық­тағы баспананы жалға алу құнын субсидиялау мәселесін қарас­тыруды тапсырды. Жұмысшы жастарға берілетін жалдамалы пәтер сияқты мұнда да белгілі бір шек­теулер болуы мүмкін. Осы орайда жоба мемлекеттік бағдарламаларға ілікпей қала беретін, «квартирант» атанып кеткендердің үмітін ақтаса игі.