Қымбат акциз: баға салмағы кімге түседі?
Қымбат акциз: баға салмағы кімге түседі?
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
430
оқылды
Үкімет мұнай өнімдеріне акциз бағасын қымбаттатқалы отыр. Яғни, өндірушілердің көтерме сауда түріне салық­тың осы жанама түрін көтер­мек. Онысын елдің экономи­ка­­лық қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ету мақсатында деп және акциз мөлшерлемесін ұлғайту бюджетке қосымша қаражат тартуға мүмкіндік береді деп түсіндіреді. Қаулы жобасы ашық талқылауға шығарыл­ған. Бұл жұмыстардың бар­лы­ғы Президенттің тапсырмасы­мен жүзеге асып жатыр де­ген­­мен де, көптеген сарап­шы­лар оған қар­сы шығып отыр. Ен­деше бұл нарыққа қа­лай әсер етеді? Жанармай бағасы тағы да өсіп кетпей ме?

Бензин акцизі – 57%, дизелдікі 388% қымбаттамақ

Қаулы жобасында бензин, га­зохол, бензанол, мұнай еріткіші, жеңіл көмірсулар қоспалары мен экологиялық отынды өндірушілер­дің көтерме саудада өткізуіне ар­налған акциздер мөлшерлемесін 1 тоннасына 24 435 теңгеден 38 134 теңгеге дейін, дизель отынын 1 тоннасы үшін 9 300 теңгеден 35 726 теңгеге дейін ұлғайту көздел­ген. Яғни, бензин 57%, дизель 388% қымбаттамақ. Осы арқылы Үкімет дизель отынына акциздер­дің маусымдық өзгеруін болдыр­мау­ды, дизель отынының импор­тына акциздердің тең мөлшерлеме­сін белгілеуді мақсат етіп отыр. Жо­баны қабылдау теріс әлеумет­тік-экономикалық және құқықтық салдарға алып келмейді деп сен­діреді олар. «Нарық конъюнктурасының қазіргі қалыптасқан жағдайында ЖЖМ өндірушілер мен түрлі дел­далдар қосымша пайда алады. Осы маржаның бір бөлігін акциздер арқылы бюджет пайдасына алып қоюды қамтамасыз ету қажет. Бұл мем­лекеттің әлеуметтік-экономи­ка­лық міндеттерін іске асыруды қамтамасыз ету үшін бюджетке қосымша қаражат тартуға мүмкін­дік береді», – дейді Қаулыға салыс­тырмалы кесте ұсынған Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин.

Пайдасы кімге, зияны неде?

Мамандардың айтуынша, акциздерді көтеру 2022 жылы жалпы бағаны түсіреміз деген идеяға қайшы келеді. Әйтсе де, Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі акцизді көтеру арқылы ЖЖМ өндірушілерден өте мол табысын (сверхмаржа) бюджетке алып алу ниеті барын айтқан болатын. Бірақ мұндағы логика түсініксіз. Өйткені акциз дегеніміз – ол тауар бағасына қосылатын жанама салық, ал оны әдетте тұтынушы төлейді. Сондай-ақ салықтың бұл түрі ұсынысты емес, сұранысты реттеу үшін қол­данылады. Айталық, темекіге сұра­нысты азайту үшін акцизін өсірсе, ол қымбаттайды, осылайша оған деген сұраныс та кемиді. Бензин де сол сияқты. Мәселен, экология­лық отынға сұранысты арттыру үшін оның акцизін қымбаттатады. Біз сөйлескен мамандардың пікірі бір жерден шығып отыр. «Қарапайым тілмен айтқанда, акциз дегеніміз өндірушіден ақша алу деген сөз емес, тұтынушыдан ақ­ша алу деген сөз. Ал акциз арқы­лы өндірушілердің өте мол табы­сын алу үшін оған қоса бензин ба­ғасына шектеу қою қажет. Бү­гінде мұндай шектік бағаны Мем­лекет басшысы 180 күнге қойды. Бірақ «акциз­+шек­тік баға» схема­сы қолдан жасанды түрде енгізіл­ген­діктен нарыққа жат боп келеді. Оны тым ұзақ ұстап тұру мүмкін емес: шек­теуді алып тастауға мәж­бүрлік туған кезде бензин бағасы күрт көтеріледі де, ол акциздің өсуіне және мұнай­дың қымбат­тауына алып келуі мүмкін», – дейді AERC Қолданбалы зерттеулер де­партаментінің аға аналитигі Евгения Пак. «Тағы да жиырма бес! Мұндағы салыстырмалы кестені мұқият зер­делеп көрсеңіз, мұндағы салмақ делдалдарға емес, мұнай өңдеу зауыттарына түсетінін байқауға болады. Сондықтан да оларға мұнай өнімдерін ішкі нарыққа сат­қан­нан гөрі акциз жоқ болғандық­тан, экспортқа шығарған тиімді бол­мақ. Дәл қазіргі модельде дизель отынына, әсіресе қысқы түріне баға көтеріліп кетуі мүмкін. Меніңше мұның бәрі 2025 жылы ЕурАзЭО аясында Бірыңғай нарық іске қосылар кездегі ЖЖМ баға­сын теңестіру мақсатында жасалып отырған сияқты», – дейді KazServis Телеграм арнасының құрыл­тайшысы Рашид Жақсылықов. «Президент түпкі бөлшек бағаны көтерместен, өндірушілер мен трейдерлерден салық жинауды өсіруді тапсырған болатын. Бірақ Үкімет әзірге тек өндірушілерге акцизді өсірумен ғана шектеліп отыр. Бұл ретте негізгі маржа әлі де болса трейдерлерде (алыпсатар­ларда) қалып отыр. Қарапайым ғана математика: трейдерлер ішкі нарықта мұнайды бареллін 20$ немесе тоннасын 120$ сатып ала­ды. 1 тонна мұнайды өңдеу 80$ тұрады делік, нәтижесінде 1 тонна мұнайдың өзіндік құны өңдеу мен тасымалды қоса алғанда 250$ (110 000 теңге) болады. 1 тонна мұ­найдан жабайы есеппен алғанда 600 кг дизель, 400 кг бензин және басқадай да тез сатылып кететін жанама өнімдер шығады. Мұнда ЖЖМ бөлшек саудада литрмен сатылатындықтан, конвертация жа­сасақ 1 тонна бензин 1 350 литрге шығады. Оның бағасы 180 тең­ге. Сонда мұндағы шығынды тек бензинмен ғана жабуға болады. Қал­ған өнімдер тек қана пай­да», – дейді қаржыгер Әлихан Қанапия. Мамандардың айтуынша, біздегі қазіргі акциз құны литріне орташа 15 теңге болса, Ресейде олар біздің ақшамен алғанда 120 теңге. Сондықтан да ол жақта ЖЖМ қымбат. Егер шекара ашы­латын болса, онда экспортқа акциз салынбайтындықтан, олар біздің нарықты арзан отынмен толтырып тастауы мүмкін екен.

Мол табыс – ел игілігіне

Аға аналитик Евгения Пактің пікірінше, кейбіреулер Қазақ­станда акциздерді өсіру керегіне Ресейде де солай болғанын «дәйек» қылып келтіреді екен. Расында ол жақта да өте мол табысты (сверх­мар­жа) мемлекетке алып алу жос­парымен 2022 жылдан бастап бензин акцизін 4%-ға өсірді. Бірақ ол үшін ресейліктер 2019 жылдан бастап ерекше схеманы іске қосты. Мәселен, оның алдында 2018 жылы Ресейде бензин бағасы күрт өсіп кеткен болатын (егер 2008 жылдан бері қарай бензин бағасы литріне орташа алғанда 2 рубльден өсіп отырған болса, 2018 жылы бірден 3-4 рубльге көтерілген). Сондықтан да Ресей Үкіметі 2019 жылы жанармай бағасын өсіруге мораторий жариялайды: өйткені, бензин бағасының өсу қарқыны инфляция қарқынынан жоғары болмауы тиіс. Бұл механизм демпфер деп аталады. Одан соң 2020 жылдан бастап біртіндеп акциз бағасын өсіре берді. Нәти­жесінде, бензин өндірушілер бен­зин бағасын инфляция қарқыны­нан тез өсіре алмағандықтан, ак­циздер расында да өте мол табысты (сверхмаржа) ел бюджетіне бұра бастады. Бұл ретте ЖЖМ бағасы Ресейде тым қатты бекітілмеген, елдегі жалпы баға деңгейі шегінде икемді боп келеді. Сондықтан шек­тік баға деген ұғым нақты бір цифрды білдірмейді. Әйтсе де, соның өзін де экономистер мұны нарық тұрғысынан тиімсіз деп отыр екен. «Әйтсе де, бұл механизмді Ре­сейде енгізбес бұрын, онда жанар-жағармайдың бағасына құрылым­дық талдау жасалған. Соның ішін­де 2015 жылы АИ-95 маркалы бензин­нің бағасы неден тұратыны анализ­ден өткізілді: сонда бір литр бен­зиннің бағасында соңғы тұ­тыну­шыға жеткенге дейін мұнай өнімдері тек жартысын ғана құ­райтыны анықталған. Қалған бөлігін опера­циялық шығындар, ішкі нарықтың сыйақысы, ак­циздер, ҚҚС, табыс салығы және таза маржа құраған. Сондықтан бізде де өндіріске деген ынтаны төмендетіп алмай және түпкі тұ­ты­нушыға бағаны көтермей жеткізе отырып өте мол табысты (сверх­мар­жа) бюджетке бұру үшін Қа­зақ­стандағы жанар-жағармай баға­сы­ның құрылымына талдау жасау қа­жет. Меніңше шектік баға бел­гі­лен­ген осы 180 күнді осындай жұ­­мыс­тарға арнап, аталған сектор­ды реттеудің ең тиімді жолын табу қа­жет сияқты», – дейді Евгения Пак. Сондай-ақ маманның пі­кірін­ше, 180 күн өткеннен кейін шектік бағаны алып тастау бірте-бірте жүзеге асырылуы керек. Болмаса, бұл бензин бағасының бірден күрт көтеріліп кетуіне әкеліп, оның соңы тасымалға, ал ақыр аяғында жалпы бағалар деңгейінің жоға­ры­лауына әкелуі мүмкін.

Делдал табысы мемлекетке

Естеріңізде болса, мұндағы та­ғы бір проблема – ЖЖМ нарығын­дағы инфляцияны тежеп тұру. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Үкімет отырысында осы мәселені шешу үшін бірқатар ұсыныс берген болатын. Олардың не­гізгілері – «мұнай өнімдерін кө­терме жеткізуші», «мұнай өнімде­рін көтерме өткізу» деген ұғымдар­дан «қағаз жүзіндегі» делдалдарды алып тастау, яғни ешқандай логис­ти­калық нысандары жоқ, тек қар­жылай спекуляцияларды жүзеге асыратын, сол ақшаның шетінен логистикалық тасымалдың да ақ­ша­сын төлейтін қатысушыларды шет­тету; мұнай өнімдерін тауарлық биржа арқылы өткізу үлесін 2025 жылға дейін 40%-ға дейін жеткізу, сонымен қатар биржадан тыс мә­мілелерді де бір мезетте тіркеуге алып, антимонополиялық қадаға­лап отыру; Мұнай мен ЖЖМ-ның биржадан тыс көлеміне бірдей қолжетімділік беретін ереже жасап шығару, онда келісімге дейінгі шарт­тар, контрагенттерді іріктеу тәртібі, бас тартуға негіз болған жағ­дайлар және т.б. қарастыру. Бірқатар сарапшылар қаулыда осы мәселе де сөз болуы тиіс деп са­найды. «ЖЖМ нарығындағы инфля­ция туралы ең бірінші көтерген «Қа­зақстан отын қауымдастығы» еді. Бірақ оны әркім әртүрлі түсінді де, ең соңында сындай қисынсыз ұсыныс болып шықты. Енді мәсе­ленің өзіне келер болсақ, жанар-жағармай нарығында әр қатысу­шы­ның өз орны бар. Мәселен, «берушілер» (давальцы) мұнайды көтерме көлемде сатып алып, зауыт­қа алып келіп жанар-жағар­майға айналдырады. Одан шыққан бензинді көтерме саудагерлер сатып алып, құю стансаларына (АҚС) жеткізеді, қарызға береді, сақ­тау қызметін көрсетеді. Анау айтқандай мұнда «қағаз жүзінде» жүрген ешкім жоқ. Қатысушылар­ды қысқарту дегенде - ірі тарату желілерінің мүддесі жатқан сияқ­ты. Бұл мәселені де АҚС-тарды тікелей биржаға қосу арқылы шешуге болар еді. Меніңше, қазіргі қалыптасқан жағдайды бұзуға болмайды, әйт­песе, тізбек үзіліп, жа­нар-жағар­майды үздіксіз жет­кізуде үзілістер болып, бензин тап­шы­лығы туын­дауы мүмкін. Ал маусым­нан тыс кездері профицит болуы ықтимал. Бір сөзбен айтқан­да, жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін», – дейді көтерме саудамен ай­налысатын «АстанаПетро» ЖШС директоры Төлеген Қасенов. KazServis телеграм каналы хабарлағандай, таяуда Энергетика министрлігі елдегі 25 ірі мұнай «беруші» (давальцы) компания­мен жиын өткізіп, қысқан кө­рінеді. Оларға МӨЗ бен АҚС ара­сында тікелей делдал болуды тапсырған. «Бұл Үкіметтің мұнай өңдеу зауытына дейінгі және одан кейінгі делдалдарды біріктіріп жіберу мақсаты бар екенін білдіреді. Бұл дұрыс шешім деп ойлаймын. Осы ретте Энергетика министрлігі «берушілерге (давальцы) Petrosun компаниясының көтерме бағасын ұстануды тапсырған. Ол мұнай өнімдерін ҚМГ-дан кейінгі ірі көтерме сатушы компания. Неге дәл сол Petrosun-ның бағасы таң­да­лып алынғаны белгісіз. Бірақ бұл көтерме нарықтағы біртұтас баға құрау жүйесін қалыптастыру мақ­сатын көздеп отыр деп түсінемін. Осындай тапсырмадан кейін бір­қатар «берушілер» (давальцы) өз экономикасын қайта есептеп шы­ғару үшін үзіліс алған көріне­ді», – дейді Рашид Жақсылықов. Сонымен, елімізде кең көлемде реттеу шаралары жүзеге асып жатқанын байқауға болады. Бұған дейінгі қалыптасқан жүйені қайта қарастырып, жаңаша формат іздеген мемлекет «өгізді де өлтір­мей, арбаны да сындырмай» жағ­дай­­дан шығатын жолдарды қарас­тырып жатқаны анық. Ал ол жол­дың межесі Еуразиялық экономи­калық одақтың бірыңғай кеңістігі екенін ескерсек, алдағы екі-үш жылда еліміздегі баға динамикасы жоғары бағыт алатынын жоққа шығаруға болмайды. Ендеше, мақсат – мемлекеттің ұтылмағаны, экономиканың тұқырмағаны болып қалу қажет.