Елдің шетінде, желдің өтінде қалмасын
Елдің шетінде, желдің өтінде қалмасын
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
480
оқылды
Сөз жоқ, шекараны шегендеп, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тәуелсіздігіміздің басты жетістігі. Дегенмен дәл осы шекара сызығы­на таяқ тастам жерде күн кешетін ха­лықтың әлеуметтік-экономи­ка­лық жағдайы мәз емес. Ресми ста­тистика тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарымен салыстырғанда бү­гінде шекараны бойлай қоныстан­ғандар санының бірнеше есе азай­ғанын айғақтайды. Тұрғындар са­нының кемуін былай қойғанда, ше­кара маңындағы елді мекен­дер­дің кейбірі әне-міне кар­тадан жойылып кеткелі тұр. Жалпы, шекаралық аймақ тұр­ғын­дарының жағдайын жасап, ондағы елді мекендердің инженерлік-инфра­құры­лымын жетілдіру стратегиялық маңызға ие. Өкініштісі, сол түпкі мақсаты ұлттық қауіпсіздікке кепілдік беретін маңызды мәселеге тиісті көңіл бөленбей-ақ келеді. Салдарынан шекаралық аймақтардағы шешімін күткен әлеуметтік мәселелер қордалана түскен. Сондықтан мұнда­ғылар реті келсе, ел арасына қарай көшіп алуды құп көреді. Тіпті, жайлы өмірді ше­караның арғы жағынан іздеп кеткен­дері де бар. Бәрінен бұрын елдегі соңғы жағ­дайлар шекараны нығайтуда әскери әлеуетпен бірге елдің шетіне халықты тығыз қоныс­тандырудың қажеттігін көрсетті. Әлбетте қажетті инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту мәселелері шешіліп, шағын және орта бизнесті да­мытуға жағдай жасалса, елдің шетінде де ел қатарлы ғұмыр кешуге болады. Қазірдің өзінде шекара аумағындағы 1 200-ден астам елді мекенде 1,5 миллионнан астам адам тіршілік етеді. Алайда олардың саны жыл санап азайып барады. Апта бұрын шека­ралық аймақта өлместің күнін кешіп жүрген көпшіліктің мәселесін сенатор Ольга Булавкина бастаған Сенат депутаттары көтеріп, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады. Онда шекаралық аймақта бизнесін да­мытуға ниеттілерге салықтық жеңіл­діктер жасау, жұмысы бар тұрғындардың еңбек өтілін 1,5 коэффициентімен есеп­теу, өзге өңірлерден шекара маңындағы ауылдарға қоныс аударғандарды баспа­намен қамтуға субсидия беру тетіктерін қарастыру мәсе­лелері сөз болды. Ра­сында, тетігін тапқанға мұнда көтерілген кез келген мәселені қолда­ныстағы заң­нама немесе арнаулы мемле­кеттік бағ­дарламалар аясында шешу қиын­дық туғыза қоймайды. Тіпті бір кездері Үкі­­меттің қаулысымен шекара маңындағы елді мекендерді дамытудың 2014-2020 жыл­дарға арналған кешенді шаралар легі де бекі­тілгені есте. Әйтсе де, аймақтарда қа­лып­тасқан қазіргі жағдайлар Үкімет мү­ше­лерінің әлгі қаулыны орындауға селсоқ қарағанын көрсетеді.

Өсу жоқ, көшу көп

Бір ғана мысал. Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Экономика басқармасы екі жыл бұрын есеп жүргізіп, өңірдегі 635 елді мекеннің тек 307-сіне болашағы бар деп баға беріпті. Бұл санатқа шекара маңында 23 ауыл ғана іліккен екен. Сол жолғы санақ кезіндегі теріскейдегі шекара маңындағы 15 ауылдың тұрғындарының саны 50-ге жетпейтіні де мәлім болыпты. Еліміздің ең үлкен шекаралық аймағы саналатын Шығыс Қазақстан облысында да бұл мәселенің түйінін тарқату қиындап барады. Дәл осы өңірдегі жалпы ұзын­дығы 2100 шақырым болатын мемлекеттік ше­кара Ресей, Қытай мен Моңғолия елдері­мен шектеседі. Бір кездері өз алдына бөлек аудан болған Марқакөл ауданы да халық санының аздығынан бү­гінде Күршім ауданының құрамына кірген. Марқакөлдік Абзалбек Мұхамет­жанов соңғы жылдары бір кездері Марқакөл ауданының құрамында болған 14 ауылдың жойылып кеткенін айтады. – Әрине, халықтың үдере көшуі­нен ауылдар иесіз қалып жатыр. Жастар жұ­мыстың ыңғайына қарай республиканың әр қиырын шарлап жүр. Көп ауылда әуелі мектеп жабылды. Артынша ондағы тұр­ғындар да баласына мектеп іздеп жақын маңдағы ауылдарға қоныс тепті. Осылайша заманында дүркіреп тұрған елді мекендердің орнын сипап қалдық. Бұл күндері кезінде 40-50 отбасы тұрған ауылдардың орны қа­рапайым фермаға айналып кетті. Бұлай жалғаса берсе, ендігі 1-2 жылдағы шығыс­тағы шекара маңындағы ауылдарды сау­сақ­пен санауға болатындай жағдайға жетеміз, – дейді Абзалбек Мұхаметжанов. Шығыспен бірге Ресейдің 5 об­лысымен шекарасы түйісетін Батыс Қазақстан облы­сындағы да жағдай осы. Жыл санап халі на­шарлаған шекаралық ауылдағы қара шаңырақты қара құлыпқа күзеттіріп кете баратындар көбейген. Нәтижесінде, мек­теп­тердегі оқушы­лардың саны күрт азайып, олар орта мектептен негізгі мектепке, не­гіз­гіден бастауыш мектепке айналған. Мектеп жасындағы баласының болашығына алаң­даған халықтың көшуден басқа амалы жоқ. Әдетте шекара маңындағы ауылдар туралы сөз болғанда оңтүстік шекараны бой­лай қоныстанғандардың жағдайы ту­ралы айтыла көп бермейді. Өйткені қай ауы­лында болмасын халқы тығыз ор­на­ласатын түстік өңірлерде жоғарыда сөз болған мектептің жабылуы, тұрғын­дардың үдере көшуі сияқты мәселелер кездеспейді. Әрі мұндағы жағдай да шығыс, солтүстік, батыс шекарада­ғы­лармен салыстырғанда көш ілгері. Сонда да болса оңтүстіктегі шекара маңындағы ауыл тұрғындарының жағасы жайлауда деп айтуға келмейді. Шекараға таяу тұрып, жергілікті биліктің назарынан шет қалған елді мекеннің бірі – Жамбыл облысы, Меркі ауданы Аңдас батыр ауылы. Шекарадан небәрі 800 метр ғана жерден қоныс тепкен бұл ауылда да әлеуметтік мәселе жеткілікті. Ауыл тұрғыны Ерболат Бірбаевтың айтуынша, елді ме­кендегі мектеп ғимаратының тозығы жет­кен. Жастардың бос уақытын ұйымдастыру­ға арналған, мәдениет, спорт нысандары да жоқ. «Ауылдағы бес-алты көше Кеңес Одағы тарағалы жөндеу көрмеді. Ауызсу мәселесі де кезек күт­тір­мей шешуді қажет ететін мәселенің біріне жатады. Әлі күнге бірде лай, бірде тұнық құдықтың суын ішіп жүрміз», – дейді ол.

Көршілерге қызыға көз салады

Осы факторлардың өзі-ақ шекара маңын­дағы ауылдардағы әлеуметтік-эко­номикалық жағдайды бағамдайды. Жер­гілікті жұртшылық та жағдайдың оңала­тынына күмәнмен қарайтындай. Есесіне олар шекараның арғы жағындағы қоңсыла­ры­ның өміріне қызыға күн кешіп жүр. Мә­селен, шығысқазақстан­дықтардың ай­туынша, Қытай жағы Шығыс Қазақстан об­лысымен шекаралас аудандарын қайна­ған тіршіліктің орта­сына айналдырған. Біз шекара маңын­дағы 100 тұрғыны бар ауылдың тіршілігін қамтамасыз етумен бас ауыртып жүр­генімізде шығыстағы көршіміз шекара маңына 250-300 мың тұрғыны бар қалашық салып үлгеріпті. Аспанасты елі өздерінің бас жоспарына сай 2050 жылға қарай Қазақстанмен және Солтүстік Корея­мен шектесетін аймақтарда кемі 5-7 мил­лион адам тұратын үлкен қалалар салуды көздейді. Ресей де соңғы жылдары шекаралас аймақтарға халықты тығыз орналастыруға көңіл бөле бастаған. Қазір солтүстіктегі көршімізде шекара маңындағы аймақ тұрғындарының жалақысына 90 пайыз­дық үстемақы қосады. Елдің шетінде, жел­дің өтін­де күнелтетіндердің қысқы отыны да мем­лекеттің мойнында. Әрі қолданыстағы заң­намаға шекаралық аймақта жұмыс істейтін әйелдер 50 жа­сында, ал ер адамдар 55 жаста зейнет­керлікке шыға алады. Сонымен бірге дәл осындай аймақта ширек ғасыр өмір сүрген ресейліктер кейін алып елдің өзі қалаған жерінен жеңілдікпен пәтер алу құқығына да ие. Осы тұрғыдан алып қарағанда шекара бойын мекендеп, «шықпа жаным, шық­памен» күнелтіп жүрген көптің жағдайын түсінуге болады. Сондықтан олар да ха­лықтың өмір сүру сапасын жақсартып, тұрмысын түзеуге бағыттал­ған Президент реформаларының нәтижесіне үлкен үміт артады. Әрі халықаралық бедел тұрғы­сынан да шекара сызығы бөліп тұрған көрші ауылдардың әлеуметтік жағ­дайының әрқилы болуы да жауаптыларды ойлантуы керек-ақ. Мәселенің астарында әлеуметтік-эко­номикалық, дипло­ма­тиялық салдар жат­қанымен мұндағы ең басты нәрсе ұлт­тық қауіпсіздік екенін де ұмытпағанымыз жөн.