Еңбек мигранттарына мұқтажбыз ба?
Еңбек мигранттарына мұқтажбыз ба?
521
оқылды
Елімізде шетелден келіп, жұмыс істейтін азаматтардың саны азаюы мүмкін. Өзге елдер­ден мамандарды жөн-жосықсыз әкелетін алпауыт ком­па­ниялардың бары жасырын емес. Ал олар елдегі еңбек нарығы­на кері әсер етіп, жұмысшылар ара­сында әлеуметтік теңсіздіктің, жа­лақы айырмашылығының қалып­та­суы­на әсер ететіні жасырын емес. Соның салдарынан бұқараның нара­зылығы да күшейеді. Ал Қазақстан еңбек мигранттарына шынымен зәру ме?

Санын шектеуге кірістік

Таяуда бизнесмендермен кездескен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік жұмысшылар үшін квота санын азайтып, еңбек күші ретінде қа­зақ­стандықтарды көптеп тартуға шақырғаны мәлім. Президент елімізде, әсіресе жастар арасында жұмыс істейтін азаматтар саны жеткілікті деп санайды. Яғни, жеке кәсіп­керлердің шетелдік жұмысшыларға ар­налған квоталарды кеңейту идеясын құп­тамады. Осы жайларға тоқталған Прези­дент ел алдында еңбек идеологиясын енгізу міндеті тұрғанын айтқан еді. Расымен, елімізде шетелдік еңбек мигранттары аз емес. Мысалы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігінің сайтында Қазақстанға 2021 жылы сырттан тартылған жұмыс күшінің квотасы туралы құжаттар бар. Министрдің қолы қойылған бұйрықтардан шетелдік жұ­мысшы ретінде сырттан 28 305 шетелдік, еңбекші иммигрант ретінде 255 000 мың адам тартылғанын көрдік. 2020 жылы да квота саны былтырғымен шамалас болған. Ал биыл 15 мың шетелдіктің қызмет етіп жатқаны айтылды. Шетел азаматтарының жұмыс күшін тартуға берілген рұқсаттар­дың ішінде мынадай санаттар бар: бірінші санат – 635 (басшылар және олардың орынбасарлары), екінші санат – 3 206 (құрылымдық бөлімшелердің басшылары). Келген жұмыс күшінің негізгі бөлігі үшін­ші және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады екен – 8 572 адам. Қазір елде шетел азаматтарын жұмыс күші ретінде пайдаланатын 1 779 жұмыс беруші бар. Оларда шамамен 458 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді. Бұл жалпы жұмысшылар санының 97 пайызын құрап отыр. Бірақ ресми деректе өзге елден заңсыз келіп, қара жұмысқа жегіліп жүр­гендердің нақты саны жайлы ақпар жоқ. Олар да еңбек күші ретінде қаралады. Са­ны өте көп. Осыған қарап, шетелдік еңбек күшін азайту қажеттілігі туып отырғанын аңғару қиын емес.

Шетелдіктердің тиімсіз тұсы қайсы?

Былтыр Қазақстан мұнайсервистік компаниялар одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұлов мұнай өндіру сала­сындағы отандық еңбеккерлердің табысы мен шетелден келген жұмысшылардың орташа жалақысын салыстырып, зерттеу жүргізді. Зерттеу қорытындысына қарасақ, Экспат-мұнайшы – 12 млн теңге, Қа­зақстан азаматы 739 мың теңге жалақы алады. Айырмасы жер мен көктей. Еңбек саласын 20 жылдан бері зерттеп жүрген сарапшы Олег Егоровтың айтуынша, 2000-жылдары шетелдік жұмысшылар жа­лақы мәселесінде жергілікті мұнайшы­ларға иегінің астынан қараған. Бірақ екі жақтың да ауыртпашылығы мен атқаратын жұмысы теңдей болған екен. «Бұл мәселе компаниялардың, консор­циумның өз ішінде қаралатын еді. Мен сол жылдары америкалық мұнай кәсіпорнында жұмыс істедім. Өзім құралпылас шетелдік мамандардың жалақысы 10 есе көп болды. Қашағанда жалақыны теңестіру соңғы жыл­дары ғана айтыла бастады. Қазақстан­дық топ-менеджерлер отандық мұнайшы­лардың жалақысы теңеспесе де, шетел­дік­тердің айлығына жақындасын деген та­лап­тар қойып жүр. Техникалық мамандар­дың жалақысы, қара жұмыс істейтін жұмысшылардың еңбекақысына қатысты мұнай өндірісі саласында жиі толқулар болады», – дейді О.Егоров. Қандай да бір дау туа қалса, шетел­діктердің дайын тұратын жауабы бар екен. Егер АҚШ-тан келетін маманды біздің мұнай секторында ұстап тұру үшін оның жалақысы қомақты болуы шарт. Себебі ол өз елінде 20 мың АҚШ долларынан кем жа­лақы алмайды. Тіпті, әлеуметтік пакет­терді қосқанда одан да көп төлеуге мәжбүр. Тұратын жері, тамағына қосымша қаражат қарастырылған. Ал мұндай жеңілдіктер көбіне қазақстандық жұмысшыларға беріл­мейтіні белгілі. Бірақ ТМД елдері бойынша көші-қон сарапшысы Елена Садовская бұл пікірмен келісе қоймайды. Айтуынша, мәселе біліктілікке де қатысты. «Квота бойынша тартылатын шетелдік жұмыс күшінің саны Қазақстанда 2000-жылдарға қарағанда айтарлықтай азайған. Ол кезде экономикалық өсу болды, жаңа кәсіпорындар ашылды, жаңа жұмыс күші қажет болды. Заманауи жо­ғары технологиялық жабдықта жұмыс істей алатын жергілікті кадрларды қажетті көлемде таба алатынымызға күмәнім бар. Жоғары жалақыны компаниялар өз қал­тасынан төлейді, білікті мамандарға қы­зығады. Алайда шетелдік жұмысшыларды тарта бастаған кезден-ақ компаниялар қазақстандық еңбек нарығында білікті мамандарды іздеп, таппағаны туралы анықтама ұсынуы керек еді», – дейді Е.Садовская Қош, білікті мамандарға зәруміз делік. Әйткенмен, аса бір білімді қажет етпейтін жұмыстарға да шетелдіктерді тартатын болдық. Оны қалай ақтаймыз? Әлде жер­гілікті азаматтар ондай жұмысқа құлықсыз ба? Мәселен, былтыр мамырда Атырау облысының әкімдігі ауылшаруашылық саласында жұмыс істету үшін Өзбекстаннан 600 адамды ұшақпен алып келген. Оған қоса, Атырау басшылығы көше сыпыртуға 70 өзбек азаматын арнайы чартерлік рейс­пен жеткізген екен. Рас, жер қойнауын пайдалануда ірі мұнай өндіруші компаниялардың үлесі салыстырмалы түрде көп. Теңіз жобасында, Қарашығанақ және Қашағанда ұлттық мұнай компанияларының акциясы 20 пайыздан аспайды. Теңізшевройл – 20 пайыз, Қарашығанақ – 10 пайыз, ал Қашағанда – 16 пайыз. Сондықтан бұл ірі кеніштердегі шетелдік компаниялардың ең жоғары жалақы алатын позицияларын сырттан келгендер қолдарында ұстап отыр. Ал оларды елдегі жұмыссыздық пен еңбек нарығы секілді мәселелер алаң­датпайды.

Ресей күресті бастағанда біз де қосылдық па?

30 жыл бұрын Кеңес Одағы тараған соң Орталық Азияның мигрант жұмысшылары миллиондап Ресейге ағылды. Қара жұмыс­шылардың азғантай тобы ғана Қазақстан­нан нәпақа тапқан. Қызығы сол, қазір Ресей де еңбек мигранттары мен заңсыз еңбек күшіне қарсы күресті бастады. Биылдан бастап миграция тәртібін кү­шейтті. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің тұрғындары Ресейге кел­геннен кейін бір ай ішінде есірткі құмар­лығы және туберкулез, мерез секілді жұқ­палы ауруларға тексеру нәтижелерін тап­сыруы тиіс. Билік еңбек мигранттарынан бас тартуға ниетті. Ал Қазақстанға келетін мигрант саны 2014 жылдан бері өскенін аңғаруға болады. Ресейде мигранттарға қатысты ұлт­аралық өшпенділік пен ксенофобия өр­шіген. Ресми өкілдері де соңғы жылдары мигрант жұмысшыларға халықтың өш­пенділігі артқанын мойындады. Ресей пре­зи­дент әкімшілігі басшысының орын­басары Магомедсалам Магомедов 2020 жылғы сауалнамада респонденттердің төрттен бірі мигранттарды жақтырмағанын айтқан. Қорыта айтқанда, Ресейден кейін Қазақстан да сыртқы еңбек күшіне тәуел­діліктен арылуға мүдделі сияқты.