Олардың өз әлемі бар
Олардың өз әлемі бар
559
оқылды
Аутистер саны артып келеді. Пси­хикалық даму ауытқушылығы бар адам саны елдегі статисти­калық көрсеткіштен де көбірек бо­луы мүмкін. Өйткені ерекше ба­ла­лармен жұмыс істейтін маман­дар аутизмнің алғашқы белгілерін анықтауға әлем елдеріндегі білікті дәрігерлердің өзі бас қатырып жатқанын айтады. Елімізде аутизмі анықталғандардың саны соңғы жеті жылда бес есе өскен. Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсау­лығын қорғау департа­ментінің берген мәлі­метіне сүйенсек, бү­гінде 4 887 адамға «ақыл-ой кемшілігі» диаг­нозы қойылған. 2015 жылы ба­лалар­дағы аутизмнің 228 жағдайы анық­талған болса, қазір 1 184 балада психикалық даму ауытқушылығы байқалыпты.

Диагнозы дәлелденбеген

Біздің дәрігерлер ақыл-ойы кеш да­митын адамдардың диагнозын дөп ба­сып айту қиын екенін айтады. Бірақ ау­тис­тердің саны ана­ғұрлым өсуіне диаг­нос­тика жасаудың мүм­кіндігі жақсарға­нымен түсіндіреді. Ерте жас­тағы бала­ларды оңалту орталығының невролог дәрігері Әлия Смағұлова аутизмнің се­бебі мен салдары әлі толық зерттелмеге­нін алға тартады. Оның айтуынша, ау­тизм­ге байланысты көптеген теория бар. Бірақ оның өзі толық дәлелденбеген. Пси­хологтердің пайымынша, «ақыл-ой кем­шілігі» генетикалық себептерге бай­ланысты болуы әбден мүмкін. Бірақ бас­қа ауру түрлері секілді геномдық және хро­мосомалық көрсеткіштеріне байла­нысты анықтайтын нақты талдау жоқ. Бұрын да аутизм белгілері бар адам көп болды. Тек оларға аутизм диагнозы қойыл­маған. Қазір ғылым мен медицина дамып жатқандықтан, «аутизм» диагнозы көп қойыла бастаған. Көбіне балалардың диагнозы МРТ арқылы қаралады. Неврологтер мен психо­логтер баланың анатомиялық тұрғыдан миы дұрыс қа­лыптасқанына психикалық дамудың кешігуіне немесе өзгерген мінез-құлықта­рына қарап баға береді. «Бала бойындағы психи­калық ауытқушылық туралы есті­генде ата-аналар «біздің тұқымда жоқ» деп айтады. Бірақ олардың ата-бабасын ешкім толық зерттеген жоқ қой. Оның үс­тіне, бұл диагноз дөп дәлел­деніп біт­кен жоқ. Мүмкін, өзгеріс молекулар­лық деңгейде болып жатқан шығар. Мидың клетка­лары нейрондардан тұрады. Бұл ақыл-ойға, қимыл-қозғалысқа, сезім мен тәртіпке жауап береді. Аутизм дәл осы тәртіптің патоло­гия­сы. Өйткені қа­лып­ты балаларда әлеуметтік дағды­лар пай­да болады. Ал аутистерде әлеу­меттік дағды қалыптаспаған. Олардың басқа біреу­лермен ойнағысы келмейді. Сөйлеген сөздері де басқаша. Бір ата-аналар «ба­лам сау болып туып, кейін пайда бол­ды» деп жатады. Бір айлық кезде бала­ларды невропатологтер тексереді. Бірақ ба­ла­ның тәртібіндегі өзгерісті 2-3 айлық баладан байқай алмаймыз. Оның тәр­тібіндегі өзгеріс есейе келе байқалады», – дейді невролог дәрігер Әлия Смағұлова. Со­ның өзінде аутизмді диагностикалау қиын.

Аутистердің табиғатын түсінетін мамандар аз

Аутизмнің дәрежесі әртүрлі болуы мүмкін. Яғни, дамудың кешеуілдеуінен бастап өте жоғары ақыл-ой деңгейіне дейінгі аутистер бар. Сондықтан аутизмі бар балалардың бестен бір бөлігі оқып, жоғары білім ала алуына мүм­кіндік көп. Әлеуметтік кәсіпкер және аутист баланың анасы Жанна Қаратайдың 23 жастағы аутист ұлы Әлібек сноубордпен айналысып, мульт­фильм­дер жасайды. «Ұлым дүниеге келгенде сап-сау болды. Екпе алғаннан кейін денсаулы­ғы нашар­лап кетті. 2-3 жасқа дейін дәрігерлер да баламның құлағы «естімейді» деп келді. Кейін Мәс­кеуге барып диагнозын білдік. Бірақ сол кезде біз де қазіргі ата-аналар секілді қателік жібер­дік. Біз аутизмді «ауру» деп санап келдік және «ауруды жеңеміз» деп сендіріп, уақы­тымызды емдеуге арна­дық. Сөйтсек, бұл «ауру емес», жатыр ішінде қалыптасатын жүйке жүйесінің өзінше бір түрі екен. Бар болғаны аутис­терге дамуы мен қалыптасуы үшін жеке әдістеме керек», – дейді Жанна Қаратай. Екі жыл бұрын аутизмді зерттеуші маман­дармен бірге әдістемелік бағдар­ла­ма жасаған ол «Қазақстандағы аутизм­ге қатысты қатып қалған қасаң түсінік пен ескірген әдісті өзгерту керек» деп есептейді. «Негізі, аутистердің табиғи әлеуеті өте жоғары. Олардың есте сақтау қабілеті де жақ­сы. Олардың талдау қызметі де жақсы дамыған. Егер аутистің бойында басқа ауру түрлері бол­маса, олардың жасына қарай дамуына еш­қандай кедергі жоқ. Оларды оқуға үйрету, тәрбиелеу мен дамытуға септігін тигізетін әдіс керек. Яғни, олардың өздерін қызықтыратын дүние арқылы дамыту. Жеке дара жігер беру керек. Егер ол адамның бір нәрсеге қызығушы­лығы оянса, демек оны да­мы­туға арналған терезенің ашылғаны деп түсінуге тиіспіз», – дейді Жанна Қаратай. Аутистердің бойындағы өзгерісті зерт­теуші мамандар «психикалық ауыт­қу­шылығы бар» деп есептелінетін адам­дардың дамуын тежей­тін бірнеше себепті анықтаған. Мысалы, ау­тис­тердің дамуы­на бала кездегі желшешек, тұмаумен ауруы, химиялық заттардан уланып қа­луы әсер еткен. Кейбір аутист балаларда анасынан айырылу, қатты күйзеліс, қан­дай да бір триггер баланың денсаулы­ғының нашар­лауы­на алып келген. Бұ­лардың барлығы бол­маған күннің өзінде бала бойында аутизмнің бел­гілері болуы мүмкін. Алайда дені сау ау­тистің сыртқы себептерден келген зиянды әсері бол­маса, аутистердің басқа адамдар секіл­ді жоғары жетістіктерге жетуі жиі кез­деседі. Леонардо да Винчи, Исаак Ньютон, Альберт Эйнштейн секілді тарихта аты қалған әйгілі тұлғалар жетістікке жетуде аутизм кедергі емесін дәлелдеп кетті. Аңызға айнал­ғандарды айтпағанда, бүгінгі миллиардер Илон Маскке де дәрігерлер аспергер синдро­мын қойған. Оның осындай дәрежеге жетіп, ақыл-есі жоғары адамдардан да асып түсуіне себеп болған дүние космосқа деген қызығу­шы­лықтан басталған. Не болмаса, спортшы Майкл Фелпс. Оған да дүниеге келген кезде-ақ «аутизм» диагнозы қойылған. Бірақ суға деген қызығушылық оның да талантын ашып, туабітті кемшілігін түзеуіне септігін тигізген. Қалай десек те, бөлініп жатқан қаржы мен уақытты жылдан-жылға дендеп бара жатқан аутизмді емдеуге емес, ақыл-есі әртүрлі дамы­ған адамдардың қызығушылығына жұмсау әлдеқайда тиімді. Сол үшін аутизмге шалдық­қандардың бойындағы белгілермен күресіп, ескірген терапияны жаңарған әдіснамаға ауыстыру абзал боларын мамандар да жоққа шығармайды.