«Жұлдыздар» алдаған ба, әлде алданған ба?
«Жұлдыздар» алдаған ба, әлде алданған ба?
710
оқылды
Әнші, ақын, актер, блогерлердің сөзіне имандай сенгендер қазір аузы күйіп отыр. Ал жұрттың сенімін асыра пайдаланып, оңай жерден олжалы болуды көздегендері «мән бермеппін» деп сүттен ақ, судан таза болып шыға келеді. Неге? Жағдайы оңалатынына үміттеніп, соңғы тиынын санап берген, алаяқтардың құрбанына айналған азаматтардың қаржысын кім қайтарады? Халықты алдаған танымалдар неге «кешірім» видеосын түсіріп, жазадан құтылып кетіп жатыр? Бұл заңның әлсіздігінен бе?

СЕНГЕНІМ СЕН БОЛСАҢ...

Айтыскер ақын Балғынбек Имашев қорына ақша салғандар «ал­да­нып қалдық» деп шағым­дан­ды. Ба­сы дауға қалған айтыскердің қо­ры­ның 1 орны 150 мың теңге тұра­­ды. 6 баланың анасы қорға 325 мың теңге салып, алданып қалға­нын айтты. «2021 жылдың тамыз айында бұл кісі парақшасында «мен осын­дай қор ашып жатырмын», – деді. «Ке­зекке тұрыңдар, мұқтаж 300 адам­ға үй алып береміз осы қор ар­қылы», – дейді. Бұл не қор, не коопе­ратив, өздері де дұрыс түсін­дір­мейді. «Қаласаңыздар, кезекке тұрыңыздар, 1 кезек 150 мың теңге тұра­ды», – деді. Сол кезде алтын­шы балама аяғым ауыр болып, жәр­демақы түскен кезде бірден со­ны салып тастадым. Түбіртегі, бар­лығы бар, 205-болып кезекке тұр­дым. Ол кісінің аузында Алласы бар, бетінде сақалы бар, дұрыс адам болған соң осылай сеніп отыр­дым», – дейді келіншек. Айтыскердің өзі мұны «мем­ле­кет­тік бағдарлама бойынша бас­па­­­насы бар әйелдің орынсыз та­ла­бы» деп, көпбалалы ананың өзіне жа­зықсыз жала жапты деп отыр. «Ақсана деген әйел маған бір күн бұрын хабарласып, өз кезегінің орнына қайын сіңлісін тіркеуді талап етті. Себебі өзі кезекте тұрса да, мемлекеттік бағдарламамен бас­пана алған болып шықты. Мен заң бойынша, әділеттік бойынша да олай болмайтынын айтып едім, шу көтеретінін айтты. Және солай жа­сады. Кеше ол кісіні кеңсемізге ша­­қырып, қызметкерлер ымыраға келуге тырысты, қайын сіңлісін тір­кеп, комиссия шешіміне қалды­райық деп еді. «Баспана әперетін­деріңе кепілдік беріңдер!» деп талап қойды. Енді ниетіміз Аллаға аян!» – дейді Б.Имашев. Қош, бұл даудың ақ-қарасы алдағы уақытта анықталар. Күмәнді тұсы, айтыскер ақын парақшасында осындай жазба қалдырып, 10-нан аса жағымды пікірден кейін пікір жазуға тосқауыл қойып тастады. Тағы бір айтыскер, бүгінде Түр­кияда тұратын Айнұр Тұрсын­баева­ның «Теңіздегі тренинг» курсына қатысқан қазақстандық қыз-келін­шектер әлеуметтік желіде ақынға алданып қалғандарын жа­ры­са жа­зып жатыр. Ал жұртты алдап кетті деген күдікке ілінген Айнұр Тұр­сынбаева парақшасын жауып тас­таған. «Алдандық» деген­дердің хат­­тарын дәстүрлі әнші Айгүл Елшібаева Instagram парақшасында жариялаған еді. Келіншектердің жазуынша, оларды әуежайға кел­геннен бастап алдап, қалталарын жұқартқысы келген. «Түркияға барып демалғымыз келді, агенттіктерді іздеп отырға­нымда Айнұр Тұрсынбаеваның «Теңіздегі тренинг» дегенін оқып қалдым, әрі тренинг, әрі демалып қыдырып қайтатын болдық деп баламыз екеуміз ұрындық. Тренинг құнына жолақысы кірмейді, 7 күнге 350 мың төледім. Желідегі парақ­шасында «тренингте жалпы саны 40 адам болады, қатысушыларды менед­­­жерлер әуежайдан күтіп ала­ды» деді. Алдаудың басы әуежай­дан басталды ғой. «Алты адамға $150 төлейсіздер» деген, түскен соң бізді күтіп тұрған түрік жігітке баруымыз керек бол­ған, ол телефонынан бізді іздеп тап­пай «жоқсыздар сіздер» деді. Әуе­жайда 20 минуттай тұрдық та, болмаған соң өзіміз такси іздеп тап­тық. Ұзын сөздің қысқасы, демалып та, қыдырып та оңбадық», – деді шымкенттік тұрғын. Тренингке қатысушылардың сөзінше, араларында әрең жүрген қарт кісілер де болған көрінеді. Қатысушылар соңғы жылдары ора­мал тағып, аузынан Алласын тас­тамайтын ақынның сөзіне еріп кеттік деп отыр. Айтыскер ақын дауға қатысты жауап берген жоқ, әзірге әлеуметтік желідегі парақшасын жауып тастап, үнсіз отыр.

ҚАТЕЛІКТЕН САБАҚ АЛҒАН ОЛ ЖОҚ

Бір жыл бұрын Алматыда 2,8 миллион оқырманы бар Жанерке Елшін мен Ақмарал Елшін есімді блогерлердің гивіне қатысып, көлік ұтып алған азамат алданып қал­ғанын айтып желіде жар салған еді. Жеңімпаз арнайы генератор арқылы анықталып, Жанна Мәлікқызы жеңім­паз атанған. Бірақ желіде ұт­қан­мен, өмірде көлік кілті қолына тиме­ген. Соңында Ақмарал «біз тек жарнамаладық» деп, өздерінің де алаяқтардың құрбаны болғандарына сендіріп, жауапкершіліктен сыты­лып шыққаны бар. Ал ойынға қаты­сып, көлік «ұтып» алған келіншек ешбір шығын шығармағандықтан, мүлікті талап етуге құқы жоқ деп та­нылған. Артынша Жанерке ұйым­дас­тырушыларды сотқа беретінін айтып, көлік ұтқан келіншекке 1 млн теңге ақша жіберетінін уәде еткен. Кейін оны «ұйымдастыру­шы­лармен сөйлесіп өзің ал» депті. Соңында ақша да, көлік кілті де Жаннаның қолына тимепті. Бірақ «алданып қалдық» деген апалы-сіңлілі Елшіндер ол оқиғадан сабақ алмаған сыңайлы. Жақында Жанерке Елшін «insta миллионер» курсын 2 900 теңгеге сатып алған адам­дар арасында осы көлікті ұтыс­қа шығарды. Тағы да Nissan авто­көлігі. Құндыз ішік, 5 ұялы телефон мен жүздеген адамға ақшалай сый­лықтарды уәде етіп жүр. Бұл көлік­тің де жалған болып шықпасына ке­пілдік жоқ. Таразының бір ба­сында сүйікті блогерінің сөзіне илан­ған әрі «2 900 теңге қайда кет­пей жатыр» деп ақшасын аударған халық. Екінші басында «Білімге ин­вес­тиция» деп бизнесін жарна­малаған блогерлер. Ал IT мамандары кез келген гивтегі бағдарламаны белгіленген адамға ғана ұтыс шыға­тындай етіп жасауға болатынын айтып дабыл қағып жүр.

ӘНШІЛЕР НЕГЕ АДАСТЫРДЫ?

Естеріңізде болса, қазақ эстра­дасындағы кейбір әншілер былтыр ұтыс ой­натып, басы дауға қалған. Ұтыс ұйымдастырушылар халықты 10 мың теңгелік лотореямен емес, 300 мың теңгеден 5 миллионға дейін баратын инвестициямен алдаған. Сол ойында 20 500 билет сатылған. Алайда 300 мың теңгенің өзі де жоқ. Жалпы, 20 500 билетті 9 900 теңгеге көбейтсек, пайдасы 200 миллион теңгеден асады. Бұл ақша кімнің қалтасына кетті? Халықтың ақшасы қайтарылды ма? Белгісіз. Жабулы қазан, жабулы күйінде қалды. Жаппай гив ойнатқан әртіс­тердің ішінде: Кәмшат Жолдыбаева, Нұрболат Абдуллин, Айжұлдыз Айдарбекова, Арман Жаналиев сияқты танымал адамдар бар. Кәм­шат та өзі алданғанын, сондықтан мәселені шешу үшін полицияға жү­гін­генін айтып, гив үшін алған го­норарын жеңімпаздарға сыйлап­ты. Қалған бөлігін сол ұйымдастыру­шыларға толығымен қайтарып жі­бер­генін жеткізіп, өзін ақтап бақты. Сонымен қатар Instagram-да 2,3 миллион оқырманы бар актриса да осындай ойын ұйымдастырамын деп басы бәлеге қалған болатын. Оның ойынына демеуші болған әйел атышулы арудан 55 мың тең­гесін әрең қайтарған. Ал гив сол күйі өткізілген жоқ. Әнші Айқын Төлепберген, вай­нер Мейіржан Төребаев, актерлер Артур және Асылхан Төлеповтер де бұл тізімнен шет қалмайды. «Гарант 24 Ломбард» ЖШС-на сеніп, жар­нама жасаған жұлдыздар Instagram әлеуметтік желісіне халықтан ке­шірім сұрап, видеоүндеу жариялау­мен шектелді. Алматы қалалық Полиция департаментінің Тергеу басқармасының мәліметіне сәйкес, жедел-іздеу шараларын өткізу барысында «Гарант 24 Ломбард» және «Estate Ломбард» директор­лары қамауға алынып, олар қар­жылық пирамидаға салымшыларды тарту арқылы алаяқтық жасады деп айыпталды.

ЗАҢ ӘЛСІЗ БЕ?

Халықтың ақшасын алдап, ал­ғандардың үстінен қылмыстық іс қозғайтын тергеу органдары олар­дың әрекетіне, ең алдымен ұйым­дасқан қылмыстың сипатын беріп, әрі қарай Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» деп аталатын 190-бабы­мен дәрежелеуі мүмкін. Ал жарнама жасап, жұртты сендіргендер «өзіміз де алданып қалдық» деп ақталады ғой әдеттегідей. Жалпы, заңнамада жарнама берушілерді жауапқа тартатын те­тіктер жоқтың қасы. Қолданыстағы «Жарнама туралы» заңында да бұ­қаралық ақпарат құралдары арқылы жарнама жасап, жұртты адастырған адамдарды тікелей жауапқа тар­татындай тармақтар жазылмаған. Мәселен, «Жарнама туралы» заң­ның «Жарнама туралы заңдарды бұзғаны үшін жауаптылық» деп аталатын 19-бабының 2-бөлігі «Жарнама беруші жарнама туралы заңдарды бұзғаны үшін егер ол жар­нама жасау­шының және жарнама таратушының кінәсінен болғаны дәлелденбесе, оның мазмұнына қатысты жауапты­лық көтереді» деп тұжырым жасай­ды. Яғни, заңда жарнаманы жүргіз­ген адамның топ болып қылмыс жа­са­ған адамның құрамына жат­қы­за­тындай жауап­кер­шілік жоқ. Ондай тармақ «Бұ­қа­ралық ақпарат құрал­дары туралы» заңда да жазылмаған. Тек заңда жөнсіз жарнама түрлеріне анықтама беріліп, олар заңсыз жарнамаланған жағдайда бұқаралық ақпарат құрал­дарының теріске шығаруға міндетті екені көрсетілген. Қорыта айтқанда, әлеуметтік же­лілерде, бұқаралық ақпарат құ­ралдары беттерінде жалған жарна­маны насихаттайтын азаматтарды жауапқа тартатындай баптарды енгізетін уақыт жеткен сияқты. Әйт­песе, алданған халық, алдағыш та «алданғыш» та алаяқтар арта береді.