Эксгумация: қураған сүйекте де көп сыр бар
Эксгумация: қураған сүйекте де көп сыр бар
874
оқылды
Қасіретті «Қаңтар трагедиясына» қатысты тергеп-тексеру амалдары жан-жақты жүргізіліп жатыр. Құзыр­лы органдар кінәлілерді анықтау үшін бірер апта бұрын жер қойнына тап­сы­рылған оқиға құрбандарының мәйіт­терін қайта қазып алды. Әйтсе де, бұл жағдай қайғыдан қан жұтып, қара жамылғандарға оңай соқпай тұр. Ал құқық қорғау органдары өз әрекет­терін мәйітті эксгумация жүр­гізудің қа­жет­тілігімен байланысты­рады. Де­се де, көпшілік қабірден қайта қазып алған мәйітке жасалған сараптаманың қоры­тындысына күмән­мен қарайды. Жалпы, бізде жүзін топырақпен жапқан мәйіт тұрмақ аурухана төсегінде демі үзілгендерді де мәйітханаға жеткізбей алып кетуге тырысатындар көп. Алда-жалда мәйітханаға түсіп қалғандарының да денесін кеспей алып шығуға әрекет жасайды. Құзырлы органдар арнаулы санкциясы болмай, мәйітханадағы денеге ешкімнің қол тигізе алмайтынын айтады. Ал санкция болған жерде мәйітке міндетті түрле сот медициналық сараптама жаса­лады. Сондықтан болса керек, қоғамда аты да, заты қорқынышты мекемеге түскен әр мәйіттің денесін кеседі деген теріс көз­қарас қалыптасып қалған. Сонымен бірге әупірімдеп жүріп кебінін кигізіп, жам­басын жерге тигізгендердің денесін қайта қазып алуды да біздің қоғам қабылдай алмай келеді. Әрине, істің ақ-қарасын анықтап, әділеттің салтанат құруы үшін мұндай қадамға бару да керек шығар. Дегенмен қолында санкциясы бар құқық орган қызметкерлеріне олардың бұл әрекеттері кедергі емес. Себебі бізде заң жүзінде эксгумация жасауға рұқсат етілген. Қылмыстық-процессуалды кодекстің 28-тарауында эксгумация жасаудың құ­қықтық негіздері тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Кодексте мәйіттің қыл­мыс­тық іс үшін маңызға ие жайттарды анықтау талап еткенде қазып алынатыны айтылады. Сонымен бірге мәйітке эксгу­мация жасау туралы соттың санкциясымен марқұмның туыстарының бірі міндетті түрде танысуы қажет. Заңмен бірге шариғат та қабірді қыл­мыстық істі анықтау үшін ашуға рұқсат етеді. Бұл жайында эксгумация хақындағы шариғат үкімін жариялаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орын­басары Сансызбай Құрбанұлы айтты. – Шариғатта қабірді бекер ашу харам әрекет деп саналады. Қабірді тек қажет­тілікке қарай ашады. Мысалы, мәйіт жат­қан жерді су басса немесе ол біреудің мен­шігіндегі жерде жерленіп, жер иелері «мына мәйітті алып шығып кет» деп талап қойғанда ғана мәйітті қазып алуға болады. Сонымен бірге шариғат қылмыстық істі анықтау үшін мәйітті қазуға мәжбүр болса, қабірді ашуға рұқсат береді, – деді Сансызбай Құрбанұлы. Мәйітті қазып алуға қатысты шариғат тұрғысынан баға берілгенімен, қайғының үстіне қайғы жамылғандардың көңілі жұбанар емес. Өйткені олар бір-екі апта бұрын жерлеген мәйіттің денесіне жүр­гізілетін сараптаманың нәтижесіне сенім­сіздік танытады. Сондықтан мар­құмдардың жақындары болмашыға бола қабірді ашып, өлікті қайтадан мәйітханаға тасуды құр әурешілік деп біледі. Енді бірі­нің пікірінше, болары болып, бояуы сің­ген­нен кейін марқұмға қастандықтың қалай жасалғанын зерделеудің де қажеті шамалы. Алайда сала мамандары мәйітке бірер апта тұрмақ, бірнеше жылдан кейін де эксгумация жасала беретінін айтады. Рес­публикалық Сот сарапшылары палата­сының Алматы облысы және Алматы қаласы бойынша филиалы төрағасының орынбасары, белгілі сот медициналық сарапшысы Тахир Халимназаровтың ай­туынша, мәйіттің құр сүйегінен де кісі өлімінің себебіне қатысты көп жайтты анықтауға болады. – Тәжірибемде мәйітті бірнеше жылдан кейін қазып алып, эксгумация жасаған сәттерім болды. Жыл сайын кемінде 1-2 осындай жағдайға тап болып жатамыз. Мәйітті бірнеше жылдан кейін қазып алғанда оның жұмсақ еттері қалады. Мұндай жағдай сараптаманың нәтижесіне мүлдем әсер етпейді. Кісі өлімінің себебіне қатысты тергеушіні қызықтырған барлық сұраққа жауап табылады. Соққыдан болған өлімнің себебін бірнеше жылдан кейін құр сүйектің өзіне сараптама жүргізіп те анықтауға болады. Ал марқұм аурудан көз жұмса, онда мәйіттегі жұмсақ еттің болғаны керек, – дейді Тахир Халим­назаров. Сот медициналық сарапшы «Қаңтар трагедиясынан» кейін қабірді ашуды талап ету фактілерінің жиілеп кетуін мәйітханада мәйіттерге тиісті сараптама жүргізілме­генімен байланыстырады. – Өздеріңізге мәлім, Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде содырлар мәйіт­ханаларға да шабуыл жасады. Сал­дарынан сарапшылар мәйітке сараптама жасап, оның қорытындысын әзірлей алмады. Бейбіт тұрғындар да мәйітханадағы туысқандарының денесін мейлінше ер­терек алып, жер қойнына тапсыруға ты­рысты. Олардың барлығы дерлік қылмыс­тық оқиғалардан қаза тапқаннан кейін өлімнің себеп-салдарын нақтылау үшін міндетті түрде сараптама жүргізілуі керек, – дейді маман. Әлбетте, о дүниеге аттанған адамның обал-сауабын ескеретін біздің қоғамның мәйітті қазып алуға үрке қарауының себебі түсінікті. Оның үстіне, соңғы оқиғалардан соң жағдай тіпті ушыға түсті. Әсіресе, қо­сақ арасында марқұмдарды құрбандардың тізімінен сызып, бүлікшілердің қатарына қосып жіберу фактісін ешкім жоққа шығара алмайды. Алайда мұндай жағдайға жол бермеу үшін «Қаңтар трагедиясына» қатысты барлық жайт мұқият тексерілуі керек десек, тергеу органдарының марқұм­дардың «мазасын» алуы да шартты дүние. Сонда да болса, бұл істе тергеу органдарына заң алдында да, ардың алдында да ұял­майтындай әрекет етуі қажет-ақ.