Шетелдік мигранттарға квота азайтылады
Шетелдік мигранттарға квота азайтылады
273
оқылды

Сонымен, 2022 жылы шетелдік жұмыскерлерді тартуға квота Қазақстандағы жұмыс күші санының 0,31%-ын құрайтын болды. Бұл – 28,3 мың адамға тең.

«Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі ішкі еңбек нарығын қорғау мақса­тында жыл сайын жұмыс беру­шілердің қажеттіліктері бойынша Қазақстанға шетелдік жұмыс күшін (ШЖК) тартуға квота белгілейді және бөледі. 2022 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,31% мөлшерінде белгіленді», – деп мәлім етті ведомство. 2022 жылы ШЖК тартуға квота келесі 4 санатқа бөлінді: І санат, яғни өзге елдерден басшылар және олардың орынбасарларын шақыру үшін 1 243 рұқсат беріледі. ІІ санат бойынша құрылымдық бөлімшелердің 6 499 басшысын әкелуге жол ашық. Рұқсаттардың негізгі бөлігі ІІІ (мамандар) және IV (білікті жұмысшылар) санаттарға тиесілі, тиісінше 13 887 және 3 421 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыс­тарға 3 302 адам тартылуы мүмкін. Былтырғы 2021 жылы жергілікті атқарушы органдар 18,2 мың адамды шетелден алғызу үшін жұмыс берушілерге рұқсат берді және ұзартты, бұл белгіленген квотаның 64%-ы (29,3 мың адам). Яғни, министрлік берген квотаны әкімдіктер толық пайдаланбаған. 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты­мен Қазақстан аумағында 14 932 шетелдік азамат еңбек қызметін жүзеге асырып жатыр. Бейберекетсіздік пен одан кейін басталған полиция рейді кезінде біраз шетелдік еліне кетуді жөн санаған.