Утилизациялық алым: көлік құны арзандай ма?
Утилизациялық алым: көлік құны арзандай ма?
© коллаж: Әсел Балтақызы
395
оқылды
Утилизациялық алым жинау құқы жекеменшік компаниядан алы­нып, мемлекеттік ұйымына берілді. Алайда бұл на­рық­тағы көлік бағасына әсет етпейді. Өйткені авто­мобиль салондарындағы жаңа көліктер тапшылығы үлкен. Сондай-ақ жаңа жылдан бері жүрілген машиналардың құны тағы өскен. Ал былтыр тапсырыс беріліп, қаражаты төленіп қойған «темір тұлпарларын» тұтынушылар әлі күтіп отыр. Сол себепті көліктердің бағасы қымбаттамаса, әзір арзандайды дегенге сену қиын.

Көлік тапшылығы туындауы мүмкін

Үкімет «ӨКМ Операторы» ЖШС компаниясын утильалым жи­нау құқығынан айыру туралы қау­лы қабылдады. Оның функ­ция­сы «Жасыл даму» АҚ мемлекеттік ұйымына берілді. Бұдан былай утилизациялық алым есебінен құрылған активтер мемлекет мен­шігіне берілетін болды. Бұрынғы компанияның қызметі тоқтады, тиісінше автомобиль нарығындағы ірі ойыншылар да утилизациялық төлемдерді тоқатты. «Утилизациялық алыммен ай­налысатын жаңа мекеме құрылды. Бірақ бізге одан есепшоттар әлі келген жоқ. Төлемнің қаншалықты өзгеретінін алдағы уақыт көрсетер. Жаңа компанияға жаңа бағамен төлейтін шығармыз деген үміт­теміз. Бірақ баға бірден төмендей­ді дегенге сену қиын. Әрі кетсе 10-20%-ға арзандайтын шығар. Мем­лекет үшін оны бірден арзан­дату тиімсіз. Бұл – салық ретінде түсетін және автоөндірушілерді қолдауға бағытталған қаржы», – деді автомобиль сатумен айна­лысатын «Орион Дистрибьюшн» ЖШС-ның бұқарамен байланыс жөніндегі директоры А. Алексеев. Оның айтуынша, утилиза­ция­лық алымның азаюы немесе олар­дың меншік иесінің ауысуы на­рық­тағы көлік бағасына әсет ет­пейді. Оның басты себебі – авто­мобиль салондарындағы жаңа кө­ліктердің тапшылығы. Әрі қа­лыптасып қалған баға саясатына утилизациялық алымдар тікелей әсер етеді деуге сену қиын. Оны айтасыз, салондарға көліктердің жаңа партиясы қашан келетінін автодилерлердің өздері білмейді. Жаңа жылдан бастап жүрілген көліктерге баға тағы өскенін көріп отырмыз. Былтыр тапсырыс бері­ліп, қаражаты төленіп қойған кө­ліктер тұтынушыларға әлі жеткен жоқ. Ал көптеген автомобиль бренд­теріне жаңа тапсырыстар қабылдау 2021 жылдың соңында мүлдем тоқтап қалды. Бұл – тек Қазақстандағы жағдайға бай­ла­нысты емес, әлемдік құбылыс. Әдетте жыл соңында көлік на­рығында сауда-саттық қыза түсе­тін. Жеке адамдарды айтпағанда, тіпті мемлекеттік бюджеттің иге­рілмей қалған қаржысына қызмет­тік көліктер сатып алу белең ала­тын. Бірақ бұл жолы олай болмады, нарықтағы жаңа автомобильдердің саны шектеулі. Анық дефицит бай­қалды. Ал автосалоннан кере­гін таппаған жұрт еріксіз қолд­а­ныста болған автокөлік базарын аралайды. Осыдан кейін жүрілген көліктерге сұраныс артып, баға көтеріліп кеткен.

Бағаны нарық реттей ме?

Ескі көліктер «Колеса» және өзге де сайттарда былтырғымен салыстырғанда 10-15%-ға қымбат­тырақ бағаға ұсынылып жатыр. Ең өкініштісі, бұл процестің әлі де тоқтайтын түрі жоқ. «Автосалондарда машинаның құны 15 пайызға өсті. 5-6 млн теңгенің көлігі 1 млн теңгеге қым­баттаған. Дистрибьюторлар жа­қында бағаны арзандатамыз дейді. Демек, сол 15 пайызды алып тас­тайтын шығар. Бірақ оның өзі бір жыл бұрынғы межеден көп қымбат. Бұл – қулық. Бағаны қолдан қым­баттатып отырғаны осыдан-ақ кө­рініп тұр. Бұған мемлекет шек­теу қоюы тиіс», – дейді қала тұрғы­ны Алмас Нұрислам. «Астер авто» жүрілген көліктер салонының жетекшісі Юлия Крав­чук бағаны аспаннан алып қой­маймыз, барлығын нарық реттейді деп ақталды. Оның айтуынша, көлік құнының динамикасын ба­қылау мүмкін емес. Бірақ өсім бар. Баға көліктің техникалық жағ­дайына қарап қойылады. «Біз бағытымызды нарыққа қарап айқындаймыз. Келген кө­ліктің бағасы нарықтық құны мен оның техникалық жағдайына қа­рай бағаланады. Саудалаушылар көліктерін қымбатқа бағалайды. Алайда автомобильдің құны тех­никалық жағдайына, ішкі-сыртқы сипатына, күтіліміне, жүру қашық­тығына, жасалған жылына, мар­касына қарап белгіленеді. Нарық­тағы ұсыныс пен сұранымға да байланысты. Өтімділігі аз көліктер арзанға бағаланады. Сондай-ақ спорттық немесе экстракласс машиналардың сатылымы ұзаққа созылады», – дейді Ю.Кравчук. Дистрибьюторлар үшін көлік­тердің тез сатылғаны керек. Сон­дықтан олар ең өтімді автокөлік­тер­мен жұмыс істегенді тиімді кө­реді. Бұл – бизнес. Нарықта жа­­пон­дық автомобильдердің өтім­ділігі жоғары, одан кейін кәріс көлікте­ріне сұраныс күшті. Жұрт шыққа­нына 5 жылдан аспаған көліктерді жақсы алады, баға да соған сай жоғары болады. Ескі көліктердің ішінде 2013-2014 жыл­дары шық­қандары көп қым­баттаған.

Утильалым ақшасы қайда кетті?

Соңғы бес жылда автокөліктер мен ауылшаруашылық техникасын сатып алушылар жеке операторға техниканың мақсаты мен үлгісіне қарай 400 мыңнан 13 миллион тең­геге дейін утилизациялық жинақ төлеген. «ӨКМ Операторы» мәлі­ме­тіне сенсек, 2016 жылдан 2021 жылдың қыркүйек айына дейін 600 млрд-тан теңгеден астам қаражат түскен. Оның 300 млрд теңгесі автокөлік өнеркәсібін және ауыл шаруашылығы техникасын өнді­рушілерді ынталандыруға берілген, 30 млрд теңге ескі көлік­терді тап­сырған халыққа төленген, 29 млрд теңге ескі техникаларды жинақ­тауға және утилизациялауға жібе­рілген. Сонда жиналған қар­жы­ның тек 10%-ға ғана утильге ба­ғыт­талған. Ал 181 млрд-тай тең­генің қайда жұмсалғаны белгісіз. Есе­сі­не, осы уақыт ішінде жаңа көлік­тердің бағасы екі есеге жуық өскен. «ӨКМ Операторы» ЖШС құ­рылған уақыттан бергі кезеңге тә­уелсіз аудит жүргізіп, тексеру нә­тижесі ашық ақпарат көздерінде жариялануы тиіс. Ал есеп айы­рысуды және функцияларды мем­лекеттік операторға беру рәсімдері аяқталғанша утиль жинауға мора­торий жариялау қажет. Сондай-ақ утиль жинау мөлшерлемесін қайта қару мәселесі де соңына дейін пысықталмаған. Бүгінде бар әңгі­ме базалық мөлшерлеме төңіре­гінде айтылып жатыр, ал утильге алынатын сома негізінен коэф­фи­циенттер арқылы манипуляция­ла­нады», – дейді Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясы фракция­сының мүшесі Е.Жаңбыршин. Қазір утиль жинауға байла­ныс­ты Экология министрі Серікқали Брекешевтің төрағалығымен жұ­мыс тобы құрылып, талқылау жү­ріп жатыр. Бүгінге дейін екі жина­лыс өткізіп тастады. Бірақ ұйымда әртүрлі тараптардың тепе-теңдігі сақталмаған. Министрліктер бұл процеске көлік өндірушілердің лоб­бистерін көбірек қосып жібер­генге ұқсайды. Жұмыс тобындағы адамдардың 70 пайызы утильалым­ның сақталуына мүдделілік бай­қатқаны содан-ау шамасы.

Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы іске қосылады

Индустрия және инфрақұ­ры­лымдық даму министрлігінің мәліметінше, қазір жеңілдетілген автонесиелеуге қосымша бюджет қаражатын бөлу мәселесі қарас­тырылып жатыр. Сондай-ақ кәдеге жарату алымынан түсетін қаражат есебінен «бірінші отбасылық ав­томобиль» кіші бағдарламасы іске қосылады. Қолданыстағы жеңіл­детілген автонесиелеу бағдарла­масы басталған сәттен бастап қаржыландырудың жалпы лимиті 82 млрд теңге. Шарттарға сәйкес, көлік Қа­зақ­станда құрастырылып, бір ма­шинаның құны 15 млн теңгеден аспауы тиіс. Несиелеу мерзімі – жеті жылға дейін. Соңғы қарыз алушы үшін номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 4%-дан аспауы тиіс. «Бағдарлама 20 жылға есеп­телген және револьверлік несие­лендіруге негізделген. Ол іске асы­рылған сәттен бастап ре­воль­верлік-қайтарымды қаражатты ескере отырып, 159 млрд теңгеге 30,5 мың қарыз берілді. 80 мыңға жуық адам отандық автокөліктерді сатып алды. Бүгінде отандық өн­дірістің келесідей брендтері қол­жетімді: Hyundai, JAC, Chevrolet, KIA және LADA» деп жазылған ведомство таратқан ақпаратта. Қазір бұған дейін Ұлттық Банк тарапынан қаржыландырылған же­ңілдетілген автонесие бағдар­ламасы тоқтатылған. Осыған бай­ланысты ИИДМ қаражат алудың жаңа көздерін іздестіріп жатыр. Вице-министр Марат Қарабаев автокөлікті бастапқы жарнасыз сатып алу мүмкіндігі пысықталып жатқанын да хабарлаған болатын.