Атакәсіптен қол үзетіндер көбейді
Атакәсіптен қол үзетіндер көбейді
© коллаж: Әсел Балтақызы
370
оқылды
Мемлекет ауыл шаруашылығын экономиканың драйве­ріне айналдыру үшін салаға серпін берудің барлық тетіктерін қарастырып-ақ жатыр. Сонда да болса бүгінде ауылдағы ағайынның агросек­тордан көңілі қалғандай. Тіпті, бұл саладан мүлдем қол үзіп жатқандары да жетерлік. Шынында, ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан қол­дау жасалып-ақ жатыр. Президент­тің өзі соңғы 5 жылда шаруаларды қолдауға 2 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінгенін айтты. Дегенмен осыншама мол қаражатқа жыл он екі ай мал соңында жүрген қауым қол жеткізе алмай жүр. Егін шаруа­шылығына ден қойғандардың есебі түгел болмай тұр. Диқандар да есіл еңбектің өтеуі болатын субсидияны жылдап сарғая күтеді. Шаруалардың енді бір тобы аз-маз қаржы үшін құшақ-құшақ құжат жинауға құ­лықты емес. Осы секілді қолдан жа­салған кедергілер ауыл шаруа­шылығын табысты ету жолында білек сыбанып, іске кірісуге дайын көпшіліктің жігерін жасытады. Саланы жайлаған жемқорлық та атакәсіпке аңсары ауатындар үшін алынбас қамалға айналғалы қашан? Апта басында Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кеңес отырысында Прези­дент те ауыл шаруашылығын жем­қорлық жайлап алғанын тілге тиек етті. Жыр болған субсидияны «са­уын сиырға» айналдырған түрлі лауазымдағы 450 тұлға жауапкер­шілікке тартылды. Оған қоса бірер күн бұрын өңірлердегі ауыл шаруа­шылығы саласына басшылық еткен бірқатар лауазым иесінің «қызмет­тік бабын асыра пайдаланды» деген күдікке ілінгені хабарланды. Басқаны былай қойғанда, жайы­лымдық жерге гидротехни­калық құрылымдар арқылы тір­шілік нәрін жеткізуге бөлінген 80 миллиард теңгенің сайда саны, құмда ізінің қалмағанының өзі көп нәрсені аң­ғартса керек. Осынау факторлардан кейін-ақ ауылдағы ағайынның агросаладан үміт үзуінің себебін түсіну қиын емес. Ал Ұлттық статистика бюросы 2021 жылы агроөнеркәсіп кеше­ніндегі жұмыс істеп тұрған жеке кә­сіпкерлердің саны 2 400-ге азай­ғанын мәлімдеді. Қазір ел аума­ғында бұл ауқымды салада 241 200-ге жуық жеке кәсіпкер қызмет көрсетеді екен. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарушы дирек­торы – агроөнеркәсіп және тамақ өнеркәсібі департаментінің дирек­торы Ербол Есенеев бұл статис­ти­каны қалыпты тенденция деп са­найды. Оның айтуынша, бұл көр­сет­кіштерге тиімділік тұрғысынан қараған жөн. Әрі жылдан-жылға агроөнеркәсіп кешеніндегі жеке кәсіпкерлердің азаю тенденциясы байқалып отыр екен. – Шынында кейбір шаруа қо­жа­лықтары өз жұмысын тоқтатады. Дегенмен мұның ең басты себебі соңғы жылдары агроөнеркәсіп кешенінде тиімділігі жоғары техни­калар, технологиялар қолданумен байланысты болса керек. Саланы автоматтандыруға көптеп көңіл бөле бастады. Мынандай бір қы­зық­ты факті бар, осыдан 100 жыл бұрын 1 шаруа қаладағы 20 адамды азық-түлікпен қамтыды. Ал қазір сол 1 шаруа 120-140 адам күнделікті азық-түлікпен қамтамасыз ете ала­ды. Демек, саладағы шаруалардың, басқа да құрылымдардың азаюынан трагедия жасаудың қажеті жоқ, – дейді Ербол Еркінұлы. Агроөнеркәсіп кешеніндегі жеке кәсіпкерлердің азаюы маман айтқандай тиімді технологияның көп қолданылуымен байланысты болғаны құпталады. Алайда мұнда шаруалардың тауын шағатын әр­түрлі қиындықтарды да жоққа шы­ғаруға болмас. Бұл оймен «Ата­ме­кен» ұлттық кәсіпкерлер палата­сының департамент директоры Ербол Есенеев те келіседі. – Жоғарыда айтылғандай фак­тор­лармен бірге агроөнеркәсіп ке­шенінде табыс тапқысы келетін­дерге кедергі болатын жайттар жет­кілікті. Мәселен, қарапайым ша­руаға жер алу оңай емес. Утиль­алым­ды қосқанда ауыл шаруа­шы­лығы техникасының бағасы да қым­батқа шығады. Оның үстіне та­уарды өндірушіден тікелей тұты­нушыға жеткізетін механизм жоқ. Еңбек адамы ортада делдалдарға жем болады, – дейді Е.Есенеев. Сарапшы айтқан тағы бір құнды пікір шаруаларға қатысты қоғамдық көзқарас турасында болды. Жа­сы­ратыны жоқ, бізде агробизнес өкіл­дері субсидияны қалтаға басып жа­тыр деп ойлайтындар көп. Де­ген­мен маман пікірінше жыл сайын 8 триллион теңгенің өнімін өнді­ретін еліміздегі агроөнеркәсіп ке­шені үшін жалпы құны 100 мил­лиард теңге болатын субсидия көп шығынды ақтамайтын көрінеді. Әрі кез келген ауыл шаруашылығы та­уа­рын өндірушінің өніміндегі суб­сидияның үлесі 4 пайызға жетпейді. Демек, субсидия алған шаруаны бюджеттің масылы деуге келмейді. Керісінше олар экономиканың ең­се тіктеуіне үлес қосатын асыраушы саланың өкілі ретінде құрметке лайықты. Қазақстан Фермерлер одағы­ның төрағасы Жигули Дайрабаев та шаруаны қолдаудың орнына шақ­шадай басын шарадай қылатын сәттердің көп екенін айтады. – Агроөнеркәсіп кешенінің дамуына қолжетімді несие мен субсидияның тұсау болып тұрғаны айтылып та, жазылып та жүр. Бас­қаны былай қойғанда, мал құла­ғындағы сырғамен табыс табуға әрекеттенетіндер бар. Шенді-шек­пенділермен бірге әлгі сырғаларды таңбалайтын қарапайым опера­торлар да шаруаның қалтасына қол салуға құмар. Осындай ұсақ-түйектен желінгендердің мұндай қадамға неліктен баратынын түсіну қиын емес. Сонымен қатар мемлекеттік жос­парлау жұмысында да тұрақ­тылық жоқ. Министрлер ауысқан сайын басымдықтар да өзгереді. Ведомство бірде етті ірі қара малға, енді бірде кооперативтерге, тауарлы сүт фермасына бетбұрыс жасайды. Екі ортада шаруа сандалады, – дейді Жигули Дайрабаев. Ауыл шаруашылығы саласын пайда табудың көзі ретінде қарас­тыратындардан шаруалармен бірге ауылдар да зардап шегіп келеді. Қа­зақстан Фермерлер одағы төр­а­ға­сының айтуынша, соңғы жыл­дары болашағы жоқ деген санатқа жататын 1 300-ге жуық елді мекен жойылыпты. Тағы 2 мыңға тарта ауыл құрып кетудің алдында тұр. Ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы Алмасбек Садырбаев асыраушы секторға сеп болатын бағ­дарламалардың көпшілігі ка­бинетте түзіліп, шаруалардың қа­тысуынсыз қабылданып жатқанына наразы. – Маған қазір «шаруашылық­пен айналысуға ниет қалмады» деп ха­ба­рласатындар көп. Мен еңбегі ақ­талмаған соң осы қадамға бар­ғалы жатқан шаруаларды жақсы түсінемін. Меніңше бұл мәселені ше­шу үшін ауыл шаруашылығын осы саланың өкілдеріне басқарту керек. Бұл жүйені министрліктен бастап, аудан әкімдігінің ауыл ша­руашылығы бөлімдеріне дейін ен­гізуді құптаймын. Одан соң шаруа­ларды қолдауға бөлінген қаржыға қол салғандарға жауапкершілікті күшейтпей, қалыптасқан жағдай­дың өзгеруі қиын. Бастысы, салаға қатысты түрлі мемлекеттік бағдар­ламаларды, заң жобалары нағыз еңбек адамдарының ортасында кеңінен талқылануы қажет. Бұлай болмаған жағдайда олардан нәтиже күту бекершілік, – дейді Алмасбек Садырбаев. Қысқасы, қолдау көрмей, ақ адал еңбегі ақталмаған шаруалар­дың мәселесіне түбегейлі мойын бұр­май агроөнеркәсіп кешенін да­мытамыз деу бекершілік. Әрі асы­раушы сала атына ие ауыл ша­руашылығы елді мекендегі мил­лион­даған отандасымызды жұмыс­пен қамтиды. Демек, бұл салаға қызмет көрсететін кәсіпкерлердің азаюы көптеген әлеуметтік мәсе­леге себеп болады. Сондықтан сала мамандары статистика мен бірге шаруаның нақты қалауын орын­дауға сергек қарағаны жөн-ақ.