Бизнес нарықтың заңдылығына бағынуы тиіс
Бизнес нарықтың заңдылығына бағынуы тиіс
© коллаж: Елдар Қаба
491
оқылды
Президент нарықтық экономиканың базалық принциптеріне қайшы келетін жасанды монополияны қатты сынға алды. Өңірлерде түрлі салалар бойынша басымдылық жағдайда отырған компаниялар өз қызметтерінің бағасын шама­дан тыс қымбаттатып жіберген. Әсіресе, өндіріс ошақтарына қатынайтын кі­ре­беріс теміржол тармақтарын жалғызілікті иеленіп алған жеке оператор­лар­дың әрекеті кәсіпорындар үшін де, түпкілікті тұтынушы үшін де көп қиындық тудырып, тауар бағаларының өсуіне, инфляцияның ырық бермей кетуіне итермелейді. Осыдан тура бір жыл бұрын Мемлекет бас­шысы Қ.Тоқаев Үкімет жиналысында кәсіп­керлердің кіреберіс теміржол тармақтарын ие­ленушілердің атына көп арыз-шағым түсірге­нін айта келіп, Бас прокуратура мен Бәсек­е­лестікті қорғау және дамыту агенттігіне (БҚДА) аталған проблеманы шешуді тапсырған бола­тын. Әйтсе де, одан монополистер айылын да жимаған сияқты, қайта қызмет ауқымын кеңейтіп, арандарын аша түскен сыңайлы.

Монополистен көрген құқай аз ба?

Еліміздің негізгі теміржол объектілерінде ең ірі кіреберіс тармақтарын иеленуші «Көлік сервисі орталығы» АҚ 2015 жылға дейін «Қа­зақстан темір жолы» ҰК» АҚ-дан 1,7 млрд тең­геге 150 кіреберіс теміржол тармақтарын са­тып алған. Кейінгі жылдары сатып алған объек­тілер санын ұлғайта түскен, қазір олардың қарасы 300-ге жетті. «Көлік сервисі орталығы» АҚ өндіріс орын­дарының кіреберіс теміржол тармақтарын мен­шігіне қаратқан соң, бизнес нысандарына құ­қайды бұрынғыдан да күшейте түскен. Жер­гілікті зауыттар үшін вагон жөнелту тарифін 4-5 есе көтеріп жіберген. Тіпті, кейбір кәсіп­орын­дардың тарифін 118 есе (!) қымбаттатқаны тура­лы дерек бар. Мұндай бейбастық жағдай Пав­лодар, Қостанай, Түркістан, Алматы, Ақмола және басқа да облыстарда кездеседі. «Ең қызығы, монополистер кәсіпорындар орналасқан учаскелердегі теміржол тармақ­тарын олардың өздерін айналып өтіп, қалай сатып алғаны түсініксіз?! Өйткені өндіруші өзінің тауарын өткізу үшін ең алдымен осы кіреберіс жолға иелік етуге мүдделі болады емес пе, бірақ ол белгісіз себептермен монополис­тер­дің қарамағына өтіп кеткен. Ал егер кәсіп­орын бекітілген көтеріңкі тарифпен келіспейтін болса, монополист теміржол тармағын жауып тастай салады. Сөйтіп, отандық өндірушілер не сырттан келетін материалдарды қабылдай ал­май, не қоймада жатқан өнімдерін өткізе алмай пұшайман күй кешеді»,– дейді Мәжіліс депу­таты А.Перуашев Үкіметке жолдаған сауалында. Ол аз десеңіз, «Көлік сервисі орталығы» АҚ теміржол жол тармағының жабылып, жүк та­сымалы жүрмей қалуына байланысты табыстан қағылғанын айтып, оған кәсіпорындардың өздерін кінәлі санаған. Сол себепті бірнеше зауытқа әрқайсына 80 млн теңге көлемінде айыппұл салу туралы хабарлама жіберген.

Тарифі тым шырқап тұр

Монополист компанияның астамсып кет­кені соншалық, жүкті магистралдық желіден кі­ре­беріс тармақ арқылы кәсіпорынға жеткізу та­рифі кейде оны Ақтаудан Көкшетауға дейін 1 мың шақы­рымдық қашықтықтан тасымалдау құ­нынан да қымбаттырақ шығатын болған. Мұн­­дай жағдайда кәсіпорындар «Көлік сервисі орталығы» АҚ-ға тәуелді болып, қымбат та­риф­ке байланғанша, өздері үшін жаңа кіреберіс жол­дарды салып алғаны, анағұрлым арзанға түсер еді. Жеке оператор туралы әңгіме қозғағанда біз тек бір монополисті мысал еттік. Алайда, эко­но­мист Арман Байғановтың айтуынша, темір­жол кө­лігімен жүк тасымалдау нарығында кә­сіп­кер­лерді теспей сорып отырған бірнеше мо­но­полист бар: ППЖТ-1, ППЖТ-2, «Енисей» фир­масы және т.б. Бұл монополистердің бәрі­нің та­биғаты бір – өздері ештеңе жасамайды, бірақ нақ­ты өнім өндірушілерді салыққа ба­тырып қояды. «Мұндай бір кіреберіс тармақтың бойында бірнеше кәсіпорын отыруы мүмкін. Сонда әр кәсіпорын монополистерге жылына 100 млн теңге төлеуге мәжбүр. Мәселен, Алматы қала­сындағы «Промышленный» учаскесінде мың­д­а­ған вагондарды жөнелтіп-қабылдайтын 38 зауыт бар. Монополист тек осы учаскеден ғана бір жылда 3 млрд теңге ақша жинайды», – дейді экономист Арман Байғанов. Егер тұтас республика туралы айтатын бол­сақ, ол сома бірнеше жүздеген миллиардтан асып кетеді. Ол ақша тауардың өзіндік құны мен бағасының ішіне кіреді де, инфляцияның өршуіне тікелей ықпал етеді. Бұл енді көпқа­баттың тұрғын үйлердің алдына шлагбаум ор­натып қойып, пәтеріне өткісі келетін тұрғын­дардан ақша талап еткенмен бірдей.

Жосықсыз субъектінің үстінен іс қозғалды

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агент­тігінің хабарлауынша, жақында Алматы-2 стан­сасының локомотив жетегі операторына қатысты тергеу басталды. «Мемлекет басшысының инфрақұрылымға, оның ішінде теміржол тұйықтарына, разъез­дерге, эстакадаларға толыққанды және ашық қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі тап­сырмасы бойынша және кәсіпкерлердің БҚДА-ға шағымданған ұжымдық арызы негізінде өз қызметі үшін шамадан тыс жоғары баға бел­гілеген локомотив жетегі операторы «Жолашар ЖД-Сервис» ЖШС-на қатысты тергеу бас­тал­ды», – делінген ведомство таратқан ақпаратта. Тексеріс барысында аталған компания 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап вагондарды беру-жөнелту қызметі үшін бағаны 13 013 теңгеден 37 335 теңгеге дейін, яғни үш есе өсіріп жібер­гені расталды. Сондай-ақ «Жолашар – ЖД Сер­вис» ЖШС-ның нарықта Алматы-2 станса­сынан қабылдау-тапсыру пунктіне дейінгі аралықта локомотив жетегіндегі вагондарды беру-алу қызметі бойынша монополиялық жағдайда тұрғаны анықталған. ҚР ӘҚко 159-бап 3-бөліміне сәйкес, бизнес субъектілеріне нарықта монополиялық жоғар­ғы немесе монополиялық төменгі бағаны қо­йып, өзінің монополиялық немесе басымдылық жағдайын орнатуға тыйым салынған. Тағы бір айта кететін мәселе, егер ол әрекет үшін қыл­мыстық жауапкершілік қарастырылмаған жағ­дайда шағын және орта кәсіпкерлік субъек­тілері, коммерциялық емес ұйымдар осы жағ­дай кезінде тапқан табысының 3% көлемінде, ал ірі кәсіпкерлік субъектілері 5% көлемінде айып­пұл төлеуге міндетті. Сондай-ақ олардың мо­нополиялық кірістері толығымен тәркіле­нетін болады. Өйткені жекеменшік компанияны басқару нарықтың компания үшін емес, кері­сінше монополистің нарық мүддесі үшін қызмет етуі тиіс.

Сапаға назар аударған да жөн

Президенттің кіреберіс жолдарда тәртіпті реттеу, табиғи монополия субъектілерінің қызметін тексеру және тармақ иеленушілердің баға құрауын талдау туралы тапсырмасынан кейін 21 субъект тасымалдау тарифтерін 80%-ға арзандатқан. Бірақ барлық мәселе тек тарифке келіп қана тіреле ме? Кіреберіс жолдарда қоз­ғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де көкейтестілігін еш жойған жоқ. Жылдан-жылға пойыздың адам басып кету, вагондардың рельс­тен шығып кету оқиғалары жиі қайталанады. «Тек былтыр ғана кіреберіс жолдарда 200-дей жылжымалы құрамның жолдан шығып қалу фактісі тіркелген. Оқиға кезінде жүздеген локомотивтер мен вагондар зақымданып, істен шықты. Бұл оқиғалардың басым көпшілігі шо­йынжолдың тиісінше күтімде ұсталмағанынан, дер кезінде жөндеу көрмегенінен болып отыр. Жеке тармақ иеленушілер жолдың сапасына тиісінше көңіл бөлмейді»,– дейді TLK Media компаниясының директоры Жанна Есенғарина. Бұрын «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ «Теміржол көлігі туралы» ҚР заңының 58-ба­бына сәйкес, инфрақұрылымның ұлттық операторы ретінде кіреберіс жолдарда қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптары бойын­ша тексеру жүргізуге құқылы болатын. Алайда 2014 жылдың қараша айынан бастап бұл бапқа өзгертулер енгізіліп, ол құқық алынып тастал­ды. Қазір инфрақұрылым операторының бар пәрмені тармақ иеленушілермен тек профи­лак­тикалық жұмыстар жүргізумен ғана шек­те­ліп қалды. Соған қарамастан теміржол бойында әлдебір апаттар болып, ол адам өліміне ұласып жатса, жалпақ жұртшылық мәселенің байыбына бармастан мұның бәрі үшін жалғыз «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ны айыптауға бейім. Ал шынтуайтына келгенде ұлттық компанияның оған еш қатысы жоқ. Сондықтан қандай да бір жосықсыз субъекті туралы сөз қозғағанда оның меншік түріне басты назар аудару қажет. Өйт­кені теміржол саласында республикадағы ең ірі жұмыс беруші – «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-дан басқа да (130 мыңға тарта адам еңбек етеді) көптеген ірілі-ұсақты бизнес құрылым­дары өріп жүр.