Кәсіптік білімге де кезек келді
Кәсіптік білімге де кезек келді
© коллаж: Әсел Балтақызы
500
оқылды
Елімізде жиі реформа жүретін, бағдарламалары жыл сайын жаңартылатын білім реформасына тағы да жаңалық енбек. Ендігі жер­де Білім және ғылым ми­нистрлігі оқу бағдарла­ма­лары, әдістемелік құрал­дар, оқулықтарды қайта жаңартпақ. Осыған дейін өз­гертілген оқу бағдарла­масы білім жүйесіне қан­ша­лықты әсер етті, ал оқулық­тарды жаңарту оқу жүйесіне оң нәтиже бере ме? Президент техникалық бағыт­тағы мамандықтарды дамыту бо­йынша Үкіметке тапсырма жүктеді. Оның артынан Білім және ғылым министрлігі де іле-шала министр­ліктің реформасына өзгеріс енгі­зуге кіріссе керек-ті. Өйткені білім басшысы техникалық бағыттағы мамандықтардың аясын кеңейту мақсатында математикалық білім­нің сапасын арттырмақ. Ол үшін оқу бағдарламалары, әдістемелік құралдар, оқулықтар қайта жаңар­тылады. Бұл туралы министр Асхат Аймағамбетов министрлер кабине­тінде мәлім етті. Оның сөзіне қара­ғанда орта білім берудің сапасын бағалау үшін қорытынды аттестат­тау және бақылау қағидалары жетілдірілетін болады. Ал Алтын белгіге үміткерлерге қойылатын талап күшейтіліп, биылдан бастап білім беру сапасына сырттай бағалау толығымен еңгізіледі. Ме­ке­мелер үшін мемлекеттік аттес­таттау рәсімі қайтарылады. Соны­мен қатар, пән мұғалімдерінің тап­шылығы проблемаларын шешу үшін қайта даярлау тетігі қолға алынады. Мәселен, мамандығы мұға­лім емес, бірақ кәсіби білімі мен тәжірибесі жеткілікті мамандар мұғалімдікке қайта даярлау арқылы тартылатын болады. Сондай-ақ біліктілікті арттыру курстары енді педагогтер үшін 5 жылда бір рет емес, 3 жылда бір рет өткізілетін бо­лады. Тиісті заң жобасы Парла­менттің қарауына берілген.

Өзгертуден кенде емеспіз

Өзгеріске бүйрегі бұрып тұра­тын білім саласы да осыған дейін талай өзгерді. Білім беретін мек­теп­тердің оқу бағдарламасы жаңа мазмұнға көшті, заман талабына сай оқулықтар да сан рет ауысты. Жоғары оқу орнына түсу де бірне­ше рет өзгертіліп, тестілеу жүйесін де ауыстырып көрдік. Ғылым мен технологияның қарқынды дамуы оқыту әдістемелеріне де түбегейлі өзгерістер енгізуді талап етті. Білім беру саласының сарапшылары бі­лім саласындағы жаңашылдықтың барлығы оқушылардың бойына рухани құндылықтарды сіңіріп, ғылыми дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, заманға сай жаңаша көзқарас қалыптастырып, өзді­гінен іздену, оқу қабілетін шыңдау үшін қажет екенін айтып келеді. Сол үшін мектеп оқулықтарындағы теориялық материалдар мен мәтін­дердің көлемі азайтылып, оқып жаттауға лайықталған тапсырма­лардың орнына баланы өздігінен ойлануға және ізденуге же-телейтін шығармашылық тапсырмалар, тәжірибелік дағдыларын дамытуға бағытталған оқу материалдары көбейтілді.

Оқулықтар оңбай тұр

Бірақ жаңашылдыққа жаны құмар министрліктің жаңартылған оқу жүйесіндегі олқылықтар оңбай тұр. Бір ғана мектеп бітірушілерге арналған ҰБТ төңірегінде де түрлі сын айтылып келеді. Ал жаңа за­манға лайықталып, оқушылардың денсаулығын ескеріліп құрасты­рылған оқулықтардың сапасы сын көтермейтіні талайдан бері тал­қыланып жатыр. Осы оқулықтар­дың балалардың денсаулығына да әсер етіп жатқаны айтыла айтыла жауыр болуға айналды. Әйткенмен салмағы артқанмен оқулықтардың сапасы артқанын байқау қиын. Өйт­кені жаңа баспаланған оқулық­тарда оқушы түгілі ұстаздардың өзі түсінбейтін тапсырмалар өріп жүр. Мәселен, бастауыш сынып оқу­шыларының оқулықтарындағы сөз тіркестерін енді ғана жазу-сызуды үйреніп жатқан балаларға бірнеше қайтара түсіндіруге тура келеді. Себебі бұған дейін қате жіберген баспалар жіберген қателіктеріне бастарын ауыртпайды. Қызығы ке­лесі жылы тендер жарияланса, тағы да сол баспаның қарасын кө­руге болады. Сондықтан да оқу­лық­тар жыл сайын жаңарса да жа­уапкершілікке алынбайтын бас­палар оқу бағдарламасын жыл сайын өзгертуді күн-түні тілейді. Өйткені оларға ұрпақтың білімінен гөрі бюджеттің ақшасына маңызды.

Жаңартудан жағдай өзгермейді

Министр кәсіптік білім беру­дегі оқу бағдарламасын жаңарту туралы айтқанда, жаңартылып жат­қан орта білім берудегі олқы­лықтарды еске алғанымыз осы себепті. Техникалық білім берудегі жаңартылатын оқулықтар да бас­тауыш сыныптың күйін кешпеу үшін қайтпек керек? Педагогика ғылымдарының докторы Асқарбек Құсайынов «Кәсіптік білім берудегі оқу бағдарламалары, әдістемелік құралдар мен оқулықтардың жа­ңартылуы жемісті болу үшін талап­ты күшейту керек» деп отыр. Ай­туынша, бұрын оқу бағдарлама­ларын министрліктің өзі жасап, бекітетін. Қазір бұл бағдарлама­лар­ды колледждердің өздері жұмыс берушілермен бірге атқарады. «Мысалы, ауыл шаруашылығы са­ласында жұмыс берушілер өздеріне жаңа көлік алған болса, алған көлікті жүргізе алатын, онымен жұмыс істей алатын мамандарды қабылдауға мүделлі болады. Сол үшін олар да оқу орнына ауыл ша­руашылығы саласындағы құрал­дар­ды қолдану нұсқаулығын да­йын­дауға көмектеседі. Мұндай тә­жірибе қай салада болмасын ұтым­ды», – дейді Асқарбек Құсайынов. Бірақ оқулық жазу – жауапкер­шілігі жоғары жұмыс. Жауапкер­шілік болмаса, қайта-қайта оқулық жаңартудан жағдай өзгермейді. Мәселен, көлік құрастыру саласы­ның іргетасы ретінде негізгі оқу­лық­тар болса, қалғандарын оқу-әдістемелік құрал ретінде өңдеуге болады. «Бірінші, оқулық жазатын авторлардың «оқулықтану» ғылы­мынан хабары болу керек. «Оқу­лық» дегеннің қандай ғылым еке­нін, оны жазу жауапкершілігі жо­ғары жұмыс екенін жүрегімен се­зі­не білгені маңызды. Химия, био­ло­гия, тарих пәні – жеке-жеке ғы­лым. «Оқулықтану» деген де ғы­лым. Сондықтан автор сол ғы­лым­ды меңгеріп қана қоймай, жазу-сызудың талаптарын жатқа білгені жөн. Екіншіден, оқулыққа қойылатын талап жоғары болуы тиіс. Оқулыққа қойылатын талап дұрыс болмаса, сапалы оқулық бол­майды. Үшіншіден, жазылған оқулықтарды сол талаптарға сәй­кес екенін бағалайтын сарапшылар дайындалуы керек. Сарапшы­лар­дың білім деңгейі өте жоғары болу ма­ңызды дүние», – дейді Асқарбек Құсайынов.