Бейбіт Сапаралы, қоғам қайраткері: Бес мүшелдің жүгі бар бел қайысар!
Бейбіт Сапаралы, қоғам қайраткері: Бес мүшелдің жүгі бар бел қайысар!
1,192
оқылды
Ол «Құнанбай қажыны» жазды. Ол – «Адал­ба­қан» мен «Байшөгелдің» авторы. Небәрі 21 жа­сында Шоқан тақырыбын қаузап, «Шоқан Уә­лиханов» атты деректі фильмге жауапты ре­дак­тор болды. Абай әдеби мектебі түлектерімен қоян-қолтық араласып, бірге жүрген, тәлім-тәр­биесін көрген азамат Бейбіт Сапаралымен сұх­батымыз осы тақырыптан басталды. – Бейбіт аға, Абай туған аудан­да, яғни Қарауылда дүниеге кел­діңіз. «Құнанбай қажыны» жазуы­ңызға сол себепкер болған секілді. Қарауылда туған баланың естігені де Абай ілімі болар. Есте жоқ ескі замандар туралы не білдіңіз, нені жадыға түйдіңіз? – Шыңғыстаудың бөктерінде дүниеге келдік. Ибраһим Құнан­байұлы заманы алыстай бастаға­нымен, сол рухани ортаның куә­герлері, Абайдың әдеби мектебі түлектері шәкірттерімен қоян-қолтық бірге жүріп өстік. Ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында біз туып-өскен өлкенің әр тау-та­сы­на, өзен-көліне, адыр-шоқысына дейін кереметтей сипатталады. Тобықты руының бар бұтақтары түп-тұқиянына дейін таратылып талданады. Тобықты табы қалай киінді, не ішті, не жеді, не деді, бар­лығы да көркем тілмен ғажа­йып суреттеледі. Соцреализм та­лаптарына сәйкес жазылған көріністер мен оқиғаларды алып тастар болсаңыз, құдды бір рудың не тайпаның энциклопедиялық мағлұматы дерсіз?! Бала күнімізде Жидебайдағы Абайдың мұражай-үйінің директоры болып қызмет атқарған Ахат Шәкәрімұлы ше­жірешінің тізесіне отырып, ұзын-сонар әңгімесін тыңдайтынбыз. Мектеп қабырғасын аттаған соң М.Әуезовтің қара шаңырақ-Қа­рауылда отыр деп ел ішіне ама­нат­тап қалдырған талантты жазушы Кәмен Оразалиннің ғиб­ратты дәрістерін тыңдап, қазақ тілі мен әдебиетінің қат-қабат қазына­ларына құныға сусындай беретін­біз. Ардагер-мұғалімнің «Абайдан соң» роман-трилогиясы мен «Абай ауылына саяхат» де­рек­ті зерттеу­лері кітабының қол­жазба нұсқасын көшіріп беру кезіндегі әсер-сезім­деріміз тіпті бөлек?! Хафиз Матаев бастаған аудан басшыларының қай-қайсысы да қара сөзге өте ше­шен, Абай мұраларына аса ыж­да­ғатты болатын. Абайды көрген көп ақ­сақалдарды жақсы таныған әке­­міз Төлеубай да Мұхтар Әуе­зов­тің 1957 жылы 60 жылдығына орай Абай еліне келген сапарын жыр етіп айтып, тарихи кездесулерді фотоға түсірген жалғыз фото ма­маны екендігін де мақтанышпен айтатын. Әртүрлі басшы қызмет­тер атқарған әкемізді іздеп, бір күні бір малшы үйге келгені естен кетпейді. Әлгі адамның сөйлеу ше­шендігіне тәнті болғанды­ғы­мыз соншалық, бірнеше сағат бойына айналшықтап кетпей қойдық. Яғни, Абай еліндегі бар­лық дерлік адамдардың бойында ерекше бір қасиеттер буырқанып шығып жататын. Алапат ашар­шылықта аудандағы 36 мың ха­лықтың небәрі 6,5 мыңы ғана қалса да, 37-нің зұлматы мен 2-ші Дүниежүзілік соғыс талай Абай ұрпақтарын жал­маса да, қырық жыл ойран салған Семей полиго­ны қыруар абайлық­тардың өмірін қыршын қиса да, Шыңғыс хан мен Кеңгірбай би, Құнанбай мен Абай данышпан арасындағы ұрпақ сабақтастығын ешбір де үзе алмапты. «Адалбақан», «Байшө­гел», «Құнанбай қажы», «Әнет баба» кітаптарымызда осы абай­тану мәселесіндегі ақтаңдақ ол­қылықтарды толтырып, көмескі қалған тақырыптарды мейлінше ашуға тырыстық. Көңілде жүрген, жазар, айтар жайттарымыз әлі де жетерлік. Абай әлемінің діни қайнарларына тереңдеп үңілу де ертеңгі күнгі басты тақырып­та­рымыздың бірі дер едік. – «Құнанбай қажы» мен «Бай­шөгеліңіз» бір төбе де, «Шоқан Уә­лиханов» туралы деректі фильм­ге редакторлық еткеніңіз бір төбе. Журналистикадағы еңбек жо­лы­ңызды да Шоқан тақырыбынан бас­таған екенсіз. Шоқан күрделі тұл­ға ғой. Сол заманда мұндай күр­делі тақырыпқа жауапты болу қиындық тудырмады ма? – Қазақ тарихының ақтаңдақ­тары көп. Шоқанның өмір жолы мен құпия тағдыры соның бір бө­лігі ғана. Шоқан тұлғасының қыр-сырларын ашу арқылы басқа да аса үлкен тақырыптарға дендеп енгіміз келді. Шоқан – хан тұқы­мы. Пат­шалық Ресейдің отар­шылдық сая­сатына жағрафиялық зерттеуле­рімен қызмет еткен қайшылықты тұлға. Шоқанның жастай өлімі де құпия сырларға толы. Осы және басқа да ақтаңдақтарды өз беті­мізше зерттеп, алғашқы мақалалар жазып жүргенімізде, ҚазМУ-дың журналистика факультетінің төр­тінші курсында үш айлық тә­жірибелік сынаққа «Қазақ­фильм» киностудиясына бөліндік. Небәрі 21 жаста қылшылдап тұрған кезі­міз. Бай мекеме мені бірден кіші редактор қызметіне тағайындап, айлық жалақы белгілеп қойды. Деректі фильм бөлімі жетекшісі Ю.Резников өз қамқорлығына алып, тапсырма дегенді үйіп тас­тады. Қоғамдық жұмыстар көбейіп кетті. Киностудияның қызмет­керлері газет-журналға жазылу науқанын да маған жүктеп қойды. Киножурналдарға сюжет түсіруге де сапарға шығып қоямын. Жеміс-жидекті консервілеу зауытына да бірнеше күнге көмек ретінде кино­студия қызметкері деп мені жі­береді. Осылайша, қарбаласып жүргенде бір күні киностудияға сол кездегі ҚазССР Сыртқы істер министрі М.Исиналиев келіп, 1985 жылы Ш.Уәлихановқа 150 жыл толатынын айтып, ЮНЕСКО шең­берінде іс-шаралар өткізу үшін Мәскеуден ғалымның бір томдық еңбегін шығаратынын айтып, Париж үшін бірнеше айда Шоқан туралы деректі фильм шығарып, оны алты тілге аударуымыз қажет­тілігін жеткізді. Киностудия бас редакторы Мұрат Әуезов шұғыл жи­налыс өткізіп, арнайы шығар­ма­шы­лық топ құрып, соның ішіне жас шоқантанушы деп мені де кіргізіп қойды. Қызық енді бастал­ды. Деректі фильм директоры да, бас режиссер Г.Емельянов та, бас оператор Ю.Литвяков та, өзге мамандар да Шоқан туралы енді ғана естіген болып шықты. Бар ауыртпалықты өзіме алып, бір ап­тадай уақыт ішінде жұмыс сцена­рийін жазып шығып, қай жерде нені қалай түсіру керек, Көкшетау, Ақмола, Ленинград, Омбы, Семей, Алматы, Жаркент пен Сарыөзекте қандай көріністерді қамту керек екенін нұсқап, алдыңғы түсіруші­лер тобын алыс аймақтарға аттан­дырып та жібердік. Шоқан туралы Д.Қонаев, А.Қонаев, О.Сүлейме­нов, Ә.Әлімжановты сөйлетіп алсақ деген ой-жоспарларымыз жүзеге аспай қалды. Бірі шетте сапарда, енді бірі ауырып емделіп жатты. Осындай кезде бір жарым айдай тынымсыз мазалап отырып, көмекшісі арқылы атағы жер жар­ған қырғыз классигі Шыңғыс Айт­матовты тауып, Фрунзе-Біш­кек қаласына барып, сол кездегі Қыр­ғыз ССР Кинематография ко­ми­тетінің төрағасы Ш.Т.Айт­­­­ма­­товты Шоқан тұлғасы жайында керемет пікір айтқызып түсіріп қайттық. Шыңғыс Айтматов қазаққа өте жақындап кетті, ол енді түсе қой­майды деген алыпқашпа өсектерге қарамай көпті таңғалдырып ерлік жасап қайттық десек те болады. Екі айға жуық уақыт ішінде түсірі­лім жасалған соң, тағы екі ай бо­йына таңнан кешке дейін монтаж­дау жұмысына қатынастық, мәтін түздік. Фильм толық аяқталар кез­де Ю.Резников бастығым қай­та-қайта сұрақ қоюмен болды. «Сіңірген еңбегің елеулі, енді бұл тарихи деректі фильмде кім бол­ғанын, қалай деп жазылғанын қа­лайсың?» дейді. «Фильмнің редак­торы болсам жетеді» деймін. Кіші редактор болған соң, әлі студент болғаннан кейін бұл құрметті қи­май жүр ма екен деп те іштей уа­йымдап қоямын. Кейіннен білге­нім, бұл деректі фильмнің сцена­рий авторлары деп М.Иси­налиев, Г.Емельянов есімдері жазылып, ол кісілер 6 мың сомнан қаламақы алған екен. Шоқан туралы бірнеше сериялық көркем фильм түсіріл­генде, қазақ те­ле­дидарына Асанәлі Әшімов аға­мызды баласы Сағимен бірге шақырып, алғашқы танысты­рылым хабарын жүргізген де біз едік. Шоқан туралы көптеген зерт­теу мақалалар жаздық. Шоқанның өлтірілгенін дәлелдейміз деп жү­ріп, осы тарихи мәселені 1960 жыл­дары алғаш көтерген, Шоқан жайлы «Идущие к верщинам» деп аталатын роман жазған атақты орыс ақыны, зерттеушісі Сергей Мар­ковтің Мәскеудегі үйіне дейін барып, марқұмның жұбайымен сөй­лесіп, оның Шоқан жайлы жа­бық мұрағаттардан теріп алған құн­ды екі дәптерін де сұратқан едік. Осы орайда, 1980 жылы сту­дент болсақ та, сол кездегі Компар­тия бірінші хатшысы Д.Қонаевтың көмекшісі, жазушы, «Что же ска­зать комиссарам?» кітабының ав­торы В.Владимировпен тіке жұмыс телефоны арқылы байланысып, бұрынғы Кооперативная шағын көшесін С.Марков атына ауыс­ты­руға да тікелей себепші болып едік. «Жазушы» баспасының директоры Ә.Жұмабаев ағамызбен С.Марков туралы жаңа кітап құрастырып шығаруға келісіп, көп мұраларын орысша машинкаға ақысын төлеп бастыртып та қойғанбыз. Алайда марқұмның жұбайы бізге керекті құнды қағаздарды тауып бере ал­ма­ған соң, Марков мұрасын на­си­хат­тай бермей шектеліп қалдық. Жа­л­пы, Шоқан тұлғасын әлі де тың көз­қараспен зерттеп-зерделеу қа­жет. Жұмбақ өлімі құпиясы ашы­ла­тын күн де тым таяу қалды деп білеміз. әдебиет – «Алтын киімді адамды» ізде­геніңізді де білеміз. Не себеп болды? – «Алтын киімді адам қайда?» деп аталатын көлемді зерттеу-зер­делеу мақаламыз 1990 жылы «Еге­мен Қазақстанның» бірнеше са­нында жарық көрді. Жазылу себебі де бар. Атақты Шерхан Мұртаза ағамыз 1985 жылдан бастап бірне­ше тың зерттеулерімізді «Қазақ әде­биеті» газетіне жариялаған бо­ла­тын. «Социалистік Қазақстан» бас газетіне бас редактор болып та­ғайындалғаннан соң бір көріп қалғанда мені бөлім меңгеруші­лігіне қызметке шақырды. Жеке көлігі бар басшы қызметім өзіме ұнаған соң, бос уақытта «Құнанбай қажы» кітабын жазып жүргеннен кейін осы мәселені алға тартып Шерхан аға ұсынысынан сыпайы түрде бас тарттым. «Онда елді елең еткізетін бір мақала қарызсың?!» – деді халық депутаты, бас редак­тор. Дереу жеке мұрағатымды қопа­рыс­тырып, қосымша ақпараттар сүз­гілеп, бір ай мұғдарында көлемді мақала жазып шықтық. Басты та­қы­рып, соңғы екі-үш ғасыр ішінде қазақ сахарасынан түрлі жолдар­мен талан-тараж етіп, Ресейге та­лап алып кеткен қазақ өркениетінің құнды мұрағаттарын Мәскеу мен Ленинградтан тездеп елге қайтару! Мақала қалың оқырманға қатты әсер етті. Дереу орыс тіліне аудары­лып, «Казахстанская правда» газе­тінің бірнеше санында «Достояние в эмиграции» деген тақырыппен жарық көрді. Мәскеуде лауазымды қызмет атқарған Тайыр Мансұров бұл газеттегі мақаланы Егоров де­ген көмекшісі арқылы Горбачевқа да жеткізіп, Кеңестер Одағының бірінші басшысы осы көтерілген мәселеге қатты мән берген. Дей тұрсақ та, Түркістанға қайтарылған тарихи жәдігер тайқазаннан басқа барлық мыңдаған аса құнды мұра­ғаттар өз елімізге оралған емес. Алыстағы шаң басып жатқан тегін әкетілген асыл мұраларды толық­тай қайтарып, Ұлттық мұражай төріне жарқыратып қоятын күн де қашықта емес деп сенгіміз келеді. – «Қаңтар оқиғасынан» кейін көптің көңілінде алаң бар. Жаралы жүрек жазыла ма? Бәріміз үшін мемлекетіміздің іргетасы құламауы маңызды. Елдікті, мемлекет­шіл­дікті қайтсек, орнықтырамыз? – 1986 жылғы Желтоқсан оқи­ғасы кезінде төрт күн бойына ре­дакциядан келіп, кетіп жүріп бар­лық жағдаяттарды өз көзімізбен көріп қаныққанбыз. Ал 2022 жыл­ғы «Қаңтар оқиғасы» кезінде тіке­лей қатысушы болмасақ та, қол­фонымыз өшіп жатса да барлық ахуалды көріп, болжап отырдық. Бейбіт шеру қарулы қақтығысқа ұласқан соң, бірнеше стратегиялық нысандарды басып алып, тонап, өртеп, отқа ораған соң, мақсат­тарына жеткен лаңкестер ізім-қайым жоқ болып кеткеннен кейін ұрлық-қарлыққа жаппай лап қой­ған тәрбиесіз, көргенсіз, қара ниет ұры-қарылар өз дегендеріне жет­кен соң, мұның арты неге апарып соқтырарын да анық біліп, көп­теген мұсылмандар қатарлы кө­кірегімізді шер кернеп, көзімізді ыстық жас жуып, Құдайға үздіксіз құлшылық жасап мұсыл­манның басты қаруы деп сана­ла­тын дұғаға жүгінгенбіз. Арқалаған амана­тымыз зор болғандықтан және де барлық айтылған ұран­дарға іштей келісе бермегендіктен еліктегіш жастарға ілесіп көшеге шығып кете алмадық. Жазықсыз жапа шеккен, жазатайым қаза тап­қан, қапияда мерт болған мың­даған қазақ жас­тарына дер уағында басу айтып, ай-күннің аманында аман сақтап, қорғап қала алмаған­дығымызға соншалықты өкініш­тіміз, қайғы­лымыз, қапалымыз. Тірі адам тір­шілігін жасайды деп, алдағы таңда атқарар міндеттер шаш етектен. Жастар бос жүрмей, оқу оқып, білім алып, қолдарынан келгенше жұмыс істеуі қажет. Елдің әлеу­меттік жағдайын дұрыс­тау – билік басындағылардың бас­ты міндеті. Жемқорлық пен па­рақорлықпен бел шеше күресу – барша отан­дастарымыздың басты міндеті. Жариялылық алдыңғы ке­зеңге шығуы тиіс. «Отанды сүю – иман­нан» деп айтылғандай, қазақ жас­тарын иманды етіп тәрбиелеу бі­лімнен де бұрын тұратын маңыз­ды іс-шара екенін бір сәтке де ес­тен шығармағанымыз абзал. Құ­дай­­дан қорқатын иманды жастар ғана қо­ғамдық орталарда жаман, шайтани істерге бармайды. Әрда­йым әділ­дікті ту еткен шен-шек­пенділер ғана жалпы халайықты тыныш­тан­дыра біледі. Тәкаппар әкім, қораз­данған басшы, маңыз­сын­ған ше­неу­нік мемлекеттің бас­ты жауы деп түсінгенде ғана қор­ша­ған ор­тамыз өзгеріп, рухани жан дү­ниеміз жадырап сала береді. Қа­зақ қазақты жау көрмесе, қазақ қа­зақты дос, бауыр санаса, қазақ­тың болашағы әлбетте зор бол­мақшы! – Сіз жетекшілік ететін «Қа­ғанат» ҒМО миссиясы қандай? – 1995 жылы Қазтелерадио кор­порациясы вице-президенті қызметінен өз еркімізбен кеткен соң ҚР Жазушылар одағы мүшесі ретінде жеке шығармашылықпен айналыса бастадық. 1996 жылы «Қағанат-ҚС» ғылыми-мәдени ор­та­лығын тіркеп, жеке кәсіпкер­лікке ден қойдық. Ал 2001 жылы «Қағанат-ҚС» атын өзгертіп, «Қа­ғанат» ҒМО және тіркеуден өт­кіздік. Мемлекеттік тендер дегенге еш жоламадық. Жеке баспахана ашып, кітап пен жорналды басып шығарған кездеріміз де болды. Қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі Мұхтар Мағауиннің 13 томдық шығармалар жинағын «Қағанат­тан» бастырып шығаруымыз ұлт­тық кітап бастыру тарихнамасын­дағы жаңа белестеріміздің бірі еді. 2005 жылы 25 шақты жеке компа­ниялар бірігіп, үлкен мақсаттар алға қойып, «Қағанат» консор­циу­мын құрдық. 2018 жылға дейін осы консорциум аясында қыруар іс-шаралар атқардық. Қайырымды­лық мақсатында да көпшіліктің алғысына бөленген ондаған жоба­ларымыз бар. 2018 жылы әлем та­ныған санаулы байлардың бірімен ортақ компаниямызды АХҚО-AIFC тіркеп, үкімет басшыларымен жұмыс істей бастадық. Біздің бар­лық мүмкіндігіміз таяудағы жыл­дарда толықтай іске қосылып, өз еліміз ғана емес, әлем танитындай деңгейде жарияға шығатын бола­ды. Сол күндерге жеткізсін! – Айтыңызшы, елу мен алпыс­тың айырмасы бар ма? – Әрине, бар! Елу ол елу ғой! Елу – жер орта жас! Ал, алпыс – ол алпыс! Алпыс – тал түс де­генмен, елуге жетпейді! Елуде ұлы Абаймен «құрдассың»! Ал алпыста Абайдан, Ибраһим хакімнен бір жас үлкен «қариясың»! Абай не­бәрі 59 жыл өмір сүріпті. Сақ­талған сүгіретіне қарап та, бір ғасыр бұрын өмір сүргеніне мең­зеп те өте кәрі адам сияқты елес­тетеміз. 73 жасында қызыл жендет қолынан опат бол­ған Шәкәрім атамыз да жас ке­зінде: «Алпыстан әрі бармаңдар, Аңдамай шал боп қалмаңдар» – деп өлең жолдарын жазып, алпыс – тал түсті қатерлі етіп көрсетіпті. Дей тұрсақ та, әр жастың өзіне кө­рік беретін сол жасты жасап отыр­ған адам емес пе?! Алпысқа келіп жүзіңнен, сырт келбетіңнен әр тай­са, алайда ішкі рухани қуатың мықты болса, иманың бек күшті, тақуалығың зор болса, алпысың­ның өзі кереметтей кемел жас емес пе?! Сақал-ша­шың­ды ақ қырау молынан баса бас­таса, Құдай Та­ғаланың ақыре­тіңнің жақсылығы­нан хабар біл­дірткен нұры емес пе?! Бес мүшел деп тұжырған қа­зақтың түсінігінше алпыстың ас­қары нағыз кемел жас емес пе?! Алпысқа келіп бір мыс­қал ақылы жоқ болып, алжасып, алты жасар баланың қылығын іс­теп отырған­нан бек сақтасын?! Алпыс жас – мұсылманша пайғам­бар жасы. Исламда 40 жас пен 63 жас аралы­ғындағы ер-азаматты көп тергеп-тексермей өте жауапты қызмет­терге қоя берген. Өйткені ол Құдай тағала кемел толыстырған пайғам­бар жасында деп есептеген. Осы есеппен келгенде, мұсыл­ман­ша әр отыз үш жаста тағы бір жас қосып отырса да тап қазір қадірлі де қошаметті пайғамбар жасын­дамыз! Тағы да бір пайғамбар жа­сымызбен құттықтап қойсаңыздар болады! Елуде жүзеге аспаған ар­ман-мақ­сат­тар алпыста міндетті түрде өміршең болатынын ұмыт­пайық қадірменді халайық!