Орманды қорғаушылар неге қорлаушыға айналды?
Орманды қорғаушылар неге қорлаушыға айналды?
698
оқылды
Ресми мәліметтерге сүйенсек, республикадағы орман қоры 29 миллион гектардан астам аумақты алып жатыр. Оның 3 миллион 706 мың гектары Шығыс Қазақстанға тиесілі. Бұл үш миллионның 2 миллион гектары орманмен көмкерілген аумақ. Бұған республикадағы ағаш қорының 50 пайызы Шығыста орналасқанын қосып қойыңыз. Шығыс Қазақстан орман алқаптарының көлемі жағынан ғана емес, ағаш дайындаудан да республикадағы алғашқы үштікке енеді. Облыстағы орман алқаптары негізінен Марқакөл, Батыс Алтай, Катонқарағай мемлекеттік қорықтары, «Семей орманы» резерваты мен «Қазақстан темір жолы», «ҚазАвтоЖол» секілді мекемелердің аумағында орналасқаны белгілі. Бұдан бөлек аумағы 2 миллион гектардан асатын облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына қарасты 13 орман шаруашылығы бар. Жақында Өскемен қалалық №2 сотының баспасөз қызметі осы орман шаруашылықтарының бірінде заңсыз ағаш кесу фактілері анықталып, табиғатқа 65 миллион теңгеден астам залал келгенін жария етті. «Ет бұзылса тұз себесің, тұз бұзылса не себесің?» демекші, өкінішке қарай, осы келеңсіз істің басы-қасында орманды қорлауға емес, қорғауға тиіс орман шаруашылығы басшысының оған қарасты орманшылықтардың қызметкерлерінің жүргені, кәсіпкерлерге қылқан жапырақты (шырша) ағаштарды билетсіз, яғни рұқсат қағазынсыз кесуге келісім бергені белгілі болды. «Сот барысында айыпталушылар өз кінәларын толық мойындады. «Өскемен орман шаруашылығы» директоры өздеріне қарасты аудандағы орман шаруашылығы мекемелері басшыларымен сөз байласып, 2020 жылдың мамыр айынан 2021 жылдың ақпанына дейінгі аралықта Ш. мен А. есімді кәсіпкерлерге заңсыз ағаш кесуге мүмкіндік берген. Сот орман шаруашылығы мекемелерінің қызметкер­леріне түрлі жаза тағайындады. «Өскемен орман шаруашылығының» басшысы 3 жылға, қалған орманшылар 1 жыл 6 айдан 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі бойынша оларға өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды. Ал кәсіпкерлер Ш. және А. 3 жыл мерзімге ағаш кесу саласында жеке кәсіпкерлікпен айналысу құқығынан айырылып, 50 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Үкім заңды күшіне енген жоқ» делінген Өскемен қалалық №2 сотының баспасөз қызметі тарат­қан ақпаратта. Былтыр қараша айында дәл осы орман шаруа­шылығына арнайы барып, мұндағы орманшылардың жалақысының төмен, тех­ника­ларының көпшілігінің ескі, тіпті 1989 жыл­ғы көліктердің бар екені туралы газетімізде мақала жазған едік. «Біздің орман шаруа­шылығында 230 адам жұмыс істейді. Жер аума­ғы­ның көлемі – 246 511 гектар. Оның 70 пайы­зы – орман. Төрт ауданда орналасқан бес ор­ман­шылығымыз бар. Қазір Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2 миллиард дана ағаш көшеттерін отырғызу жөніндегі тапсырмасына орай орман көлемін ұлғайтып жатырмыз. Шы­ғыс Қазақстанда 5 жыл көлемінде (2021-2025) жалпы ауданы 40,6 мың гектарға 196,8 миллион ағаш көшеттерін егу жоспарланған. Әрине, бұл қосымша жұмыс күшін қажет етеді. Білікті кадр ғана емес, жүйткіген заманауи техникалар да бізге керек-ақ» деген болатын сол кезде облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Өскемен» орман шаруашылығы дирек­торының орынбасары Рифат Серікбайұлы.

Шығыс Қазақстан облысы