Қазақстан Президенті ҚХР Төрағасымен келіссөз жүргізді
Қазақстан Президенті ҚХР Төрағасымен келіссөз жүргізді
364
оқылды

Бейжің қаласындағы Халық жиналысы үйінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин келіссөз жүргізді, – деп хабарлайды Akorda.kz.

Өзара сенім мен достыққа негізделген кездесуде көшбасшылар Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің, соның ішінде саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық салалардың ауқымды мәселелерін талқылады. Қазақстан Президенті Қытай Төрағасына ілтипат білдіріп, қысқы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі керемет ұйымдастырылғанын атап өтті.
"Бейжіңдегі Олимпиада ойындары бүкіл адамзат үшін жауапты сәтте өтіп жатыр. Бұл спорт сайыстары жаңаруға үндеп, пандемияның сын-қатерлерін еңсеруге үлес қосады. Сондықтан  Сіздің шақыруыңызды зор қуанышпен қабыл алдым", – деді Мемлекет басшысы.
Президент еліміздегі жағдайды тұрақтандыруға бағытталған күш-жігеріне берік достық ниетін білдіргені, сондай-ақ Жаңа Қазақстан құру жолында қажетті көмек көрсетуге дайындығы үшін Қытай Төрағасына ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпиннің тиімді басшылығымен қол жеткізген Қытай экономикасының даму жетістіктеріне жоғары баға берді. Президент дипломатиялық қатынастар орнаған 30 жыл ішіндегі қазақ-қытай қатынастарының дамуы туралы айта келе, екі елдің күш біріктіре отырып, барлық саладағы стратегиялық серіктестіктің берік іргетасын қалағанына назар аударды. Оның пікірінше, бұл ынтымақтастық мәңгі, жан-жақты және саяси конъюнктураға бағынышты емес. Қазақстан Президенті бүгінгі келіссөздің қазақ-қытай қарым-қатынасы тарихындағы сапалы әрі жаңа кезеңге бірлесе қадам басуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қытай достығын, тату көршілік пен өзара сыйластықты нығайтуда жаңа табыстарға қол жеткізу үшін тығыз ынтымақтастыққа әзір екенін атап өтіп, Си Цзиньпинді биылғы қыркүйекте Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Мемлекет басшысының пікірінше, ҚХР Төрағасының сапары екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікке тың серпін береді. Келіссөз барысында сауда-экономикалық байланыстарды арттырудағы бірлескен іс-қимылға ерекше назар аударылды. Президент пандемияға қарамастан, екіжақты тауар айналымы 2021 жылдың қорытындысы бойынша 15,2 пайызға өсіп, 18,2 миллиард долларға жеткенін атап өтті. Қытай мен Орталық Азияның бес елі арасындағы жалпы сауданың жартысы Қазақстанға тиесілі. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев «Бір белдеу - бір жол» бастамасын одан әрі іске асыру жөніндегі басым міндетті атады. Мемлекет басшысы еліміздің цифрлық технологиялар мен көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екеніне тоқталды. Келіссөз барысында туризм және мәдени-гуманитарлық байланыстар саласындағы ынтымақтастықты дамытудың перспективасы, сондай-ақ Қазақстанда қытай мәдени орталығын ашу мәселесі талқыланды. ҚХР Төрағасы «біртұтас Қытай» қағидатына қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі жан-жақты дамытуға мүдделі екеніне сенім білдірді. Си Цзиньпин Қазақстан мен ҚХР арасындағы байланыстардың алдағы 30 жылдағы алтын дәуіріне осы кездесу жол ашатынын атап өтті. ҚХР Төрағасы «Бір белдеу - бір жол» бастамасы жүзеге асырылып жатқан 9 жыл ішіндегі оң ынтымақтастықты атап өтті. Сондай-ақ Си Цзиньпин ауыл шаруашылығы, жасыл энергетика, жасанды интеллект, қаржы және электронды сауда салаларындағы өзара ықпалдастықтың келешегіне де баса мән берді. Қытай басшысы Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевтың парасатты әрі көреген басшылығымен Қазақстанның қуатты әрі өркендеген мемлекетке айналатынына сенім білдірді. Сондай-ақ ол Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің жұмысына және оның өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бастамаларына жоғары баға берді. Кездесу соңында Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанға шақыруын қабыл алып, алдағы күзде елімізге мемлекеттік сапармен келу жөніндегі жоспарымен бөлісті. Сонымен қатар Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевпен тұрақты байланыс жасап тұруға дайын екенін жеткізді.