Екі өңірде браконьерлер ұсталды
Екі өңірде браконьерлер ұсталды
354
оқылды
Шығыс Қазақстан облысының 3 ауданында браконьерлікпен айналысқан бірнеше топ қолға түсті. Олардан мылтық және тегіс ұңғылы қару тәркіленген. Әуелі Бесқарағай ауданында 4 ер адам ұсталды. Олардың көлігі­нен еліктің төрт ұшасы, екі мыл­тық, пышақ, оқ-дәрі табылған. Бұдан соң тәртіп сақшылары Тарбағатай ауданында мылтық­пен жабайы қабан атқан 53 жас­тағы тұрғынды, Бородулиха ауданында елік атқан екі адамды қолға түсірді. Олардан да заттай айғақ­тар мен қару-жарақ шыққан. Шы­ғыс Қазақстан облысының По­лиция департаменті күдікті­лерге қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қарағанды облысында да браконьерлік өршіп тұр. Таяуда полицейлер Қызыл кітапқа енген жануардың 844 мүйізін тапқан. 5 ақпанда Жаңаарқа кентінде жүргізілген жедел іс-шаралар ке­зінде 29 жастағы азаматтың авто­көлігінен 844 дана мүйіз тәркі­ленген. Автокөліктің жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамал­ды. Қазір жүргізушінің тағы екі сыбайласы ұсталған. Облыс­тық Полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллиннің айтуынша, аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 339-1-бабына сәйкес «Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысуы» бойынша қылмыс­тық іс қозғалып жатыр. Аталған бап­тың санкциясына байланысты қылмыскердің мүлкін тәркілеп, үш жылдан бес жылға дейін бас бостан­дығынан айыру көзделген. Былтыр да дәл осы Жаңаарқа ауданында киік мүйізін сатумен айналысқан тұрақты топ ұсталып, 274 дана мүйіз тәркіленген болатын. Сот шешімімен олардың бірі 4,5 жылға қамалып, қалған үшеуі 3,5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.