Қарағанды тұншығып тұр
Қарағанды тұншығып тұр
661
оқылды
Қарағанды облысындағы басты мә­селе­нің бірікөк түтін. Қарағанды қаласында өткен аптада қою қара түтін қаптады. Анығында, тұрғындар түтінге тұншыққандарын айтып, тиісті мекемеге шағымданған еді. Жұма күні Қарағанды облыстық Экология департаменті қала­дағы бірнеше ауданда болып, мониторинг жүргізген болатын. Иә, қалада қолайсыз метеорологиялық жағдайлар барын «Қазгидромет» мекемесі де растаған. Ауаның ластану себебінің анық-қанығын білу үшін дәл осы мекеме сынама алған. Экологтер тексеріс нәтижесінде Михайл­ов­ка, Оңтүстік-Шығыс және қала орталығында көміртегі оксидінің шамадан тыс артық мөлшерін анықтады. – Пештен шыққан түтінді атмосферада таралмайды деп қорытынды жасауға болады. Сондай-ақ қаламызда көлік қозғалысы көп. Солардың түтіндері жер бетіне шоғырланып қалады. Мұны өлшемдер растайды. Өйткені күйе мен көміртегі (СО) оксиді көмірді, ор­ганика­лық отынды жағу кезінде пайда болады, – дейді облыстық Экология департаментінің бас маманы Римма Рахымбекова. Сондай-ақ Экология департаментінің өкілдері Теміртауда зиянды заттардың артық мөлшерін анықтаған жоқ. Ал әсілінде төбесі түтіннен арылмайтын металлургтер қаласы елдегі ауасы лас қалалардың қатарында. Жылжымалы зертхана қаладағы біраз аймақты аралаған соң, Теміртауға барып, Фур­манов көшесіндегі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ меткомбинатының жанына аялдап, ауаны зерттеді. «Аспаптық өлшеулерді санитарлық қорғау аймағында, сондай-ақ атмосфералық ауаны өлшедік. Алдын ала мәліметтер бойынша, Теміртау қаласындағы барлық ластаушы заттар норма шегінде тұр. Ауадағы заттардың деңгейін «Газоанализатор ГАНК-4» деп аталатын арнайы препаратпен анықтадық. Ауаны 16 позиция бойынша зерттедік. Аммиак, шаң және тағы басқа да көрсеткіштер бойынша алынды», – дейді эколог Римма Рахымбекова. Экологтер мұндай жұмыстардың әлі де жал­ғасатынын, экологиялық ахуалға бақылау­дың күшейтілгенін айтады.

Газ бағасы арзан болғанымен, орнатуы қым­бат

Қарағанды және Теміртау, Жезқазған қала­ларында тұрғын үйлер «Сарыарқа» магистрал­дық газ құбырының арқасында «көгілдір отынға» қосылды. Осы үш қаланың 3 мың үйіне газ жеткізілді. Тариф те бекітілді. Бірақ газ жеткізілгенімен қосылатындардың саны аз. Өйткені үйіне газ орнату үшін 800 мың теңге көлемінде қаражат керек. Мұндай қомақты қаржы әркімде бола бермесі анық. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қарағанды өндірістік филиалының директоры Талғат Қызылбаевтың айтуынша, қазір облыста 125 шақырым газ құбыры тартылған екен. Тығырықтан шығу жолын атаған Талғат Қызылбаев «алдағы уақытта банктермен бірлесе отырып, тұрғындардың үйіне газ енгізудің қаржылық мәселесін шешу келісіліп жатыр» дейді. Ал алдағы уақытта өңірдегі ірі кәсіпорын­дарды да біртіндеп газға қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Теміртаудағы алып метал-лургиялық комбинат жарқын болашақта газға көшеді. Бұл ауаға жіберілетін зиянды қалдықтардың көлемін отыз пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Ластаушы заттардың шығарындысы – 585 мың тонна

Мамандар ауаның ластануын ірі өнер­кә­сіптік кәсіпорындар, жеке тұрғын сек­торының шығарындылары, автокөлік пен қоқыс поли­гон­­дарымен байланыстырады. Қарағанды об­лысының қалаларында ластау­шы заттар шығарын­дыларының негізгі үлесі ірі өнеркәсіп­тік кәсіпорындардан келеді. Облыстық Экология департаментінің мәліметіне сәйкес, атмосфераға ластаушы заттардың нақты шығарындылары 585 мың тонна болған. Мемлекеттік органдар жергілікті жұртшылықпен бірлесіп, Қарағанды облысы­ның экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі 2020-2024 жылдарға арналған Жол картасын бекітті. Аталған жо­бамен 57 іс-шара бекітілген, сондай-ақ ат­мосфераға лас­таушы заттардың шығарын­дыларын экология­лық тиімділікпен 86 152,5 тоннаға төмендету бойынша 25 іс-шараны жүзеге асыруды көздеп отыр. Облыстың экологиялық жағдайын жақ­сарту үшін дайындалған Жол картасында ауаға шы­ғарын­дыларды азайту, экологиялық мони­торинг­ті күшейтуге басымдық берілген. «Арсе­лорМиттал Теміртау» кәсіпорнында қазандық және газ тазалау жабдығын қайта жаңарту, әк күйдіру цехын Теміртау қаласынан тыс шығару және Жезқазған қаласында «Қазақмыс» кәсіпорнының жаңа күкірт қышқылы цехын салу жоспарланған. Бұл шара­лар қоршаған ортаға теріс әсерді төмен­детуге мүмкіндік береді.

Экологтер «үш қалаға ғана мән берген» дейді

Жол картасында облыстың тек үш қала­сының ахуалына ғана мән берілген. Мәселен, бүгінгі таңда Абай, Қарағанды, Қаражал, Қарқаралы, Приозерск, Саран, Сәтпаев, Шахтинск қалаларының да экологиялық мәселелері аз емес. Өңірдегі ірі көмір шахта­лары мен зауыттар аталған қалаларда ор­наласқан. Алайда өңірдің бұл өндірістік қалалары мен елді мекендері Жол картасына кірмей қалған. «Негізгі шығарындылар Теміртаудың өнеркәсіптік нысандарымен шығарылып отыр. Тек қана «Арселор Миттал Теміртау» АҚ шығарындылардың 87,7 пайызы тиесілі. Неге жол картасына тек Жезқазған, Балқаш, Теміртау қалалары ғана енді, бұл мәселе көптеген қоғам белсенділерін толғандырады. Өйткені Қараған­дыдан басқа, облыстың басқа қалалары да, ауа сапасына қатысты жағдайды өзгертуді талап етеді», – деді эколог Ирина Игнатович. Әрине, әр қаланың ауасының тазалығы денсаулықты да жақсартады. Былтыр келген газға халықтың аз қосылуы, қыстық отынды алып қоюында деп түсіндірді мамандар. Ал­дағы жылы қалай болатынын уақыт көрсетеді...

Қарағанды облысы