«Қасіретті қаңтар»: дәрігерлер өз борышын адал атқарды
«Қасіретті қаңтар»: дәрігерлер өз борышын адал атқарды
366
оқылды
Арада бір ай өтсе де, «Қаңтар оқи­­ғасының» қасіреті алматы­лық­тардың жадынан өшер емес. Ауыр күндерде алдыңғы шепте қызмет көрсеткен жандардың бірі – дә­рігерлер. Ол күндері мегаполистегі барлық емдеу мекемелері күшей­тілген режимде қызмет көрсетті. Солардың қатарында «Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ау­руханасы» да бар. Дүрбелең күндері жұмыс орнында болған аурухананың 200-ге жуық қызметкері өжеттік танытып, кәсіби борышын атқарды. Тіпті, қаладағы қауіпті жағдайға қарамастан, үйлерінен жұмысқа ке­ліп жатқандар да болған. Олар­дың әрбірі қасіретті күндердің тіке­лей куәгері және қаһарманы деп айтуға лайық. Солардың бірі – аталған аурухананың қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі, дәрігер Бауыржан Омаров қиын сәттерде ауруханаға түскен әрбір адамға қызмет көрсеткендерін айтады. «Ауруханамыздың қабылдау бөлімше­сіне қысқа мерзімде көптеген жарақат алған адамдар түсті. Түрлі жарақаттармен түскен науқастардың кім екеніне, қандай салада жұмыс істейтініне қарамай, па­циент ретінде қабылдадық. Өйткені дәрі­гер қандай жағдай болмасын, кез келген сәтте науқас атаулыға кім екеніне қара­мастан көмек көрсетуі керек. Аурухана басшылығы медициналық көмек бригадасын күшейту туралы алдын ала шешім қабылдаған, құрамында трав­ма­толог, хирург, нейрохирург, анесте­зиолог-реаниматолог және басқа да мамандар бар 5-6 бригада дайын болған. Осы жолы науқастар көбіне оқ жа­рақатымен түсті, одан басқа да түрлі жа­рақаттар болды, граната сынықтарынан жарақат алғандар, газбен уланған адам­дар, кесілген немесе жарылған жарақат­пен түскендер. Ауруханадағы 9 ота жасайтын бөлме үздіксіз жұмыс істеді», – дейді бөлім меңгерушісі.

«Үйде, тыныш жердемін» деп алдадым

Осы күндерде жұмыс орнында болған тағы бір дәрігер, хирург Мұрат Ахметов сол күндері қабылдау бөлімі бейне бір соғыс майданының жағалауына ай­нал­ған­дай болды деген ойын айтты. «2022 жылдың қаңтары ызғарлы бо­лып қана қоймай, Алматының аспанына қара бұлт үйіргеніне куә болдық. Қаң­тардың 4-інен 5-іне түн ауған шақта бас­шылық дәрігерлерді қабылдау бөліміне көмекші қол ретінде жібере бастады. Солардың ішінде мен де бол­дым. Сол уа­қыттан бастап ауруха­намыздың қыз­мет­керлері, дәрігерлер, медбикелер, тазалық, шаруа бөлімі дамыл таппады. Тіпті, оқтан, қауіптен тайсалмай, жұмыс­қа келіп жатқандар аз болмады. Дәрі­герлердің қиындыққа қарамай, жұмысқа келулеріне тура келді. Алдымызға келген пациенттің әрбіріне, жоғары дәрежеде, жіті бақылауға алып, ота жасадық. Тіпті, анам қоңырау шал­ғанда, уайымдамасын деп, «үйде, тыныш жердемін» деп алдаған сәттерім де болды. Барлық қызметкер өз міндетін толық атқара білді. Негізгі лек оқ жарақатынан туын­даған, бас ми, кеуде және іш, қол-аяқтың ауыр жарақаттары болды. Жансақтау ұжымы үшін де бұл аса қиын сәт болды. Әріптестерімді мақтан тұтамын», – дейді 1-санатты хирург М.Ахметов.

Жекелеген жеңіл машиналармен де әкелді

Қырғын болған күндерде өз міндетіне адалдық танытып, келген науқастарға жанұшыра қызмет көрсеткен жандардың бірі – қабылдау бөлімшесінің аға мед­бикесі Гүлзира Мұхамеджанқызы. «5-і күні таңертең әдеттегідей жұмыс­қа келсем, әріптестерімнің түрі шар­шаңқы көрінді, мән-жайды күнделікті өткізілетін 5 минуттық жиналыс бары­сында түсіндім. Түнгі 1-2-лерден бастап, ауруханаға оқ жарақаттарымен науқастар түскен екен. Артынша, сағат 9-10-дардан бастап, кезек-кезек, оқтан жарақат алған бір сәтте 5-10 науқасқа дейін түсе бастады. Олардың ішінде саны, кеуде жарақаттары, бас жарақаттарымен түскендер көп бол­ды. Науқастарды жеңіл машиналармен де әкеліп жатты. Сол кезде қабылдау бөлімін көрсеңіз, қазір есімізге түсірсек, басы­мыздан өте бір қиын жағдай өткенін тү­сінеміз. Ол кезде ондай сезім болған жоқ, ең бастысы, өз міндетімізді атқару болды. Түскен науқасқа бірнеше адам көмек­теспесе, қансырап жатты, киімдерін ше­шу, оны ота жасайтын бөлмеге тасымалдау, жансақтау бөліміне жеткізу кезінде қина­лып қалғанымыз болмаса, бәріміз өз мін­детімізді күнделікті жұмыс ретінде қа­был­дадық. Көмекке басқа бөлімше­лердегі әріп­тестеріміз келе бастады. Қолымыз, киімдеріміздің бәрі қан. Қабылдау бөлі­мін­дегі қанды кіші мейір­бикелер жуып үлгермей жатты. Осы жағдай қаңтардың 6-сына қараған түні сағат 3-терге дейін жалғасты. Содан кейін де түсіп жатты, бірақ біршама саябыр­сығандай болды. Осы­лайша, ұйқы түгіл, бір отырмай таңды атыр­дық. 6-сы күні де осындай жағдай қайталанды. Кейін бүлікшілер ауруханаға қарай келе жатыр деген хабар келгенде ғана, қорқыныш сезімі пайда болды. «Алла жар болсын», «Құдай сақтай гөр» деп білген сүрелерімізді айтып, жұмысымызды жал­ғастыра бердік. Кешке қарай эвакуация басталғанда, осында кіріп, бәрімізді қы­рып кете ме деп жүрегім қатты тарсылдап кетті. Қабылдау бөлімінің жарығын өші­ріп, есігін жаптық. Түнгі 2-3-терде тыныш­тала бастады. Содан таңғы 4-тен бастап науқастарды қайта қабылдай бастадық. Әріптестерім батырлық танытты деп есептеймін. Қашан да алдыңғы қатарда қызмет етіп, бірінші соққыны алатын қабылдау бөлімі ғой. Дегенмен түсіп жат­қан жас, әлі оң-солын танып үлгермеген жастарды көргенде, ауырмаған жүрек болмаған шығар. 4 күн ұйқысыз қызмет еттік, содан 9 қаң­тардан бастап шаршағанымыз ай­қын сезіле бастады. Өз басым үйге 11-і күні ғана қайттым. Менімен бірге қал­ғандар да аз емес», – дейді аға медбике Г.Мұхамеджанқызы. Иә, тарихта «Қасіретті қаңтар» атауы­мен қалған оқиға қазақ халқына да өз­гелерге де сабақ аларлық ой салғаны анық. Біз де мұндай сынақты күндердің қайта­лан­бауын тілейміз. Бұл – баршаның кө­кейіндегі ортақ тілек.

Алматы