«Ыстық үтікпен күйдірді»: Ақмола облысында үш жасар қызды анасы өлімші еткен
«Ыстық үтікпен күйдірді»: Ақмола облысында үш жасар қызды анасы өлімші еткен
© kyn.kz
384
оқылды
Ақмола облысында әйел үш жастағы қызын шаш бұйралайтын қысқыш үтікпен денесін бірнеше жерден күйдірген. Ол баласын осылайша «тәрбиелемек» болыпты, - деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Безбүйрек ананың адам баласының ақылына кірмейтін тірлігі Бұланды ауданында болған. Т. есімді азаматшаға қатысты Әкімшілік-құқықбұзушылық кодексінің 73-бабының 1-тармақшасы (яғни баланың денсаулығына қасақана жеңіл зақым келтіру) бойынша іс Бұланды аудандық сотының қарауына түскен. Полиция қызметкері әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамасында әйелдің үш жастағы қызы шаш бұйралағыш қысқышты алып бетін күйдіріп алғаны үшін жазасын бермек болғанын айтады. Қатыгез әйел ыстық қысқышпен қызының денесін бірнеше жерден күйдірген.
«Сарапшылардың қорытындысына сәйкес кішкентай балақайдың бет терісі, екі бірдей білегі, бөксе аймағы мен қабырғасы, сондай-ақ сан және сирағының біраз бөлігін І-ІІ дәрежелі күйік шалғаны расталды. Сот кішкентай сәбидің анасының тарапынан балаға қатысты қылмыстық іс белгілерін анықтап, полиция қызметкерінің аталған құқықтық жағдайды әкімшілік құқықбұзушылық ретінде қате қарастырып,  бұдан кішкентай бүлдіршіннің құқығы бұзылған деген қорытындыға келді. Полиция қаралған істе заңның бұзылуына және іске салдыр-салақ қаралуына жол берген», - дейді Бұланды аудандық сотының төрағасы Олжас Сүлейменов.
Қазіргі уақытта аудандық сот аталған жағдайларға байланысты істі тоқтатып, безбүйрек әйелді қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы мәселені шешу үшін істі прокуратураға жолдаған. Мұнымен қоса Бұланды аудандық полиция бөлімінің бастығының атына кінәлілерді жауапкершілікке тарту туралы жеке қаулы шығарылған.