«Цензурасыз» цифрлар немесе сіз статистикаға сенесіз бе?
«Цензурасыз» цифрлар немесе сіз статистикаға сенесіз бе?
350
оқылды
Басқаны қайдам, Қазақстанда статистикаға сенетін адам сирек. Ресми ор­гандар тарапының «сұлу» цифр­лы көрсеткіштері мен шынайы жағ­дай арасындағы айырмашылық айтарлықтай. Әсіресе, орташа жа­лақы, ин­фляция мен жұмыссыз­дық дең­гейіне қатысты тараты­ла­тын ресми мәліметке сенімсіздікпен қарайтын­дар көп. Бұл мәлі­мет­тердің шынайы­лығының күмән ту­ғызуы өз алдына, кейбір статисти­ка­лық дерек­терге еріксіз езу тар­тасың. Сонда статистиканың түзілу сыры неде? Әлем елдерінде де статистиканың шы­найылығы өзекті мәселеге айналған. Әсіресе, билік тарапынан елдің әлеу­меттік-экономикалық дамуын бағдар­лай­тын салалардағы көрсеткіштерді «көр­кемдеу» бұрыннан келе жатқан тәсіл. Сондықтан болса керек, Ұлыбри­та­ния үкіметін екі рет басқарған Бенджа­мин Дизраэлидің өзі статистиканы өті­ріктің кең тараған түрі екенін мойындады.

Санмен ойнауға болмайды!

Ал біздің атқамінерлер қаңтар оқи­ғаларынан кейін ғана статистика мен шындықтың арасындағы алшақ­тыққа көз жеткізді. Ста­тистикалық мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын Президент жыл басынан бері бірнеше рет еске салды. Қаңтар оқиғаларынан кейін Мә­жіліс отырысында сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жауап­тыларға цифрлармен «ойнауды» қойып, нақты іске көшуді тапсырды. Мемлекет басшысының бұл ескертуі жұмыссыздық деңгейін өзін-өзі нәтижелі жұмыспен қамту көрсеткіші арқылы азай­тып көрсеткісі келетіндерге бағыт­талды. Отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде Президент халықтың тең жартысының табысы 50 мың теңгеден аспайтынын сын тезіне алды. Ал одан 2 ай бұрын Ұлттық статистика бюросы елдегі орташа жалақының 243 667 теңге болғанын хабарлаған. Президент айт­қандай жұмысы барлардың тең жартысы 50 мыңға жетер-жетпес еңбекақымен күнелтіп жатқанда орташа жалақыға қа­­тысты бұл мәлімет те халықтың ша­мына тигені анық. Өткен аптадағы Үкі­меттің кеңейтілген отыры­сында Қасым-Жомарт Кемелұлы тұрғын үй құрылы­сының көлеміне қатысты ресми дерекке күмән келтірді. Атап айтқанда, былтыр ел аумағында жалпы көлемі 17 миллион шаршы метр тұрғын үй салынған екен. Салада бұрын-соңды болмаған бұл көрсеткіш те Президент назарынан шет қалмады. Ол сол кеңесте жауаптыларға әкімдердің жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін ескі үйлер мен саяжайларды да есеп­ке қосты деген деректі тексеруді тапсырды.

«Өз өтірігімізге өзіміз сеніп келдік»

Президентпен бірге Мәжіліс депу­таттары да статистикалық мәліметтерді түзу ісіне шынайылық пен нақтылық же­тіспейтінін ашына айтып жатты. Мә­селен, Ұлттық банк былтыр инфля­ция­ның 8 пайыздан аспағанын, ал азық-түлік баға­сының 20 пайыздан өспегенін растады. Дегенмен Ұлттық банктің бұл мәліметінің өтірігі көп ұзамай әшкере болды. Әсіресе, жыл қорытындыланар сәтте әлеуметтік маңызға ие кей тауар түрлерінің 40-50 пайызға дейін күрт өскені айтылды. Бір сөзбен айтқанда, бағаны ауыз­дықтауда басталып, әлеуметтік-эконо­микалық жаңғыртудағы кешенді шара­лар легін қабылдауда Үкіметті жалған ста­тистика «жаңылыстырған» сияқты. – Статистика елдегі болып жатқан жағдайларға қатысты нақты мәліметт­ерді ұсынуы керек. Ал бізде бұл мәлі­меттер бұрмаланған. Өкініштісі, Үкі­меттің өзі осы бұрмаланған статистикаға сеніп кел­ген. Және олар шешімді де осы мәлімет­тер негізінде қабылдап келген, – дейді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев. Мәжіліс депутаты бірқатар саладағы статистиканың бұрмаланғанын айтады. Атап айтқанда, орташа жалақы мөлше­ріне қатысты дерекке қарапайым азамат­тарды былай қойғанда, статистердің өзі сенбейді. Сауда және интеграция ми­нистр­лігі ба­ғаның өсімі 12 пайыздан аспағанын мә­лімдейді. Десе де, тамыз-қыркүйек ай­ларында картоп бағасы 3 есе, құрылыс материалдары 2,5 есе қымбат­таған. Ал Ұлттық статистика бюросы министрлік ұсынған ақпаратты теріске шығарудың орнына оны қалыпты жағдай деп санайды. Сол секілді 2021 жылы елдегі жұмыс­сыздық деңгейі 4,9 пайыз деген цифр да күмәнді. Өйткені бұл саладағы шынайы статистика экономикалық белсенділігі төмендер, өзін-өзі нәтижелі және нәти­жесіз жұмыспен қамтығандар, NEET жас­тар сияқты санаттардың «көлеңке­сін­де» қалып қойған. Мегаполис тұр­ғын­дарының санына қатысты деректердің де нақты­лауды қажет ететін тұсы жетіп жатыр. Мәжілісмен отандық статистика сала­сындағы өзекті мәселені көтерген депу­таттық сауалын Премьер-Министр Әлихан Смайловтың атына жолдаған. Әзірге әр жылдары Статистика агенттігін, Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетін басқарған Әлихан Асханұлы бұл сауалға жауап қатпады. Дегенмен Қазақстандағы статистиканың ұңғыл-шұңғылын жетік білетін маман ретінде Үкімет басшысының бұл саланы реформалаудың оңтайлы тетігін таба­тынына сенім артамыз.

Әркімнің өз «шындығы» бар

Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының бас менеджері Аяулым Сағынбаева статистиканы шынайы ету дереккөзге байланысты деген пікірде. Сарапшы статистикалық зерттеулер ке­зінде әр адам, заңды тұлға нақты ақ­парат ұсынған кезде ғана деректердің шынайы­лығы күмән туғызбайтынын алға тартады. – Біздегі статистикалық деректердің не­гізін заңды тұлғалардан және мемле­кеттік мекемелерден түскен әкімшілік мәліметтер құрайды. Сонымен бірге респонденттерді кездейсоқ таңдау тәсілі арқылы сауалнамалар жүргізіледі. Демек, статистика осы дереккөздер ұсынған мәліметтер негізінде түзіледі. Сондықтан бұл жағдайда заңды тұлғалар, мемлекеттік мекемелер, респонденттер мейлінше нақ­ты ақпарат беруі керек. Ұлттық ста­тистика бюросы бұл деректерді өзгерте алмайды. Оның үстіне, бұл жүйенің шынайы мә­лімет ұсыну қабілеті Еуропа­лық статис­тикалық одақ, ТМД Статис­тика комитеті тарапынан тексеріліп тұрады, – дейді А.Сағынбаева. Демек, азаматтардың әлеуметтік жағдайына қатысты деректерді атүсті беруі де күмәнді статистиканың түзілуіне себеп болуы мүмкін. Заңды тұлғалардың табы­сына, қызметкерлерінің орташа жала­қысына, жаңадан құрылған жұмыс орын­дарының санына қатысты да мәліметтерді «түзетіп» ұсынуынан да ста­тистикаға сенімсіздік «синдромы» пайда болады. – Мәселен, сауалнама кезінде маусым­дық жұмыс істейтін респондент өзін жұ­мысы бар тұлғалардың санатына жатқызуы мүмкін. Алайда ол маусым аяқталған соң қайтадан жұмыссыздар қатарына енетінін жасырып қалады. Енді біреулер бір ме­кенжайдан, екінші мекен­жайға қоныс аударғаны туралы тиісті органдарға ха­барламайды. Заңды тұл­ғалар да шынайы мәлімет беруден қаш­қақтап жатады. Мұндай көзқарас ор­талық мемлекеттік мекемелерде де бар. Қысқасы, дереккөз нақты ақпаратты жа­рия етпей шынайы статистика түзілмейді, – дейді сарапшы. Осы орайда маман статистика ор­гандарының өкілеттілігін кеңейтуге баса назар аударуды құптайды. Өз кезегінде, бұл өкілеттілік арқылы статистика орган­дары өздеріне ұсынылатын деректердің шы­найы­лығына көз жеткізу мүмкіндігіне ие болмақ.

P.S.

Расында, соңғы жағдайлар кезінде Президенттің сын садағына жиі ілінген статистика бюросына түбегейлі өзгеріс қажет екені байқалады. Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасымен елдің әлеу­меттік-экономикалық дамуы жолында нақты реформаларды әзірлеуге кіріскен Үкі­мет те «цензурасыз» мәліметке зәру. Ал ол статистиканы қалыптастыруда нақты жағ­дайға қатысты шынайы ақпарат беру – әр қазақстандықтың азаматтық борышы. Бастысы, сол ақпарат статистика орган­дарына жетпей, салалық мемлекеттік ме­кемелер тарапынан бұрмаланып кетпесе болғаны. Демек, саланы жетілдіру кезінде мәліметтерді өз ыңғайына қарай ұсынатын­дарды да қатаң жауапкершілікке тарту мәселесін ұмыт қалдырмаған абзал.