Жаңа Қазақстан. Әлеумет
Жаңа Қазақстан. Әлеумет
458
оқылды
Қаңтардағы қаралы оқиға әлеуметтік саладағы қат-қабат мәселелердің бетін ашты. Жұмыссыздық, қымбатшылық, әлеуметтік теңсіздік және басқа да түйіні тарқатылмаған түйткілдер. Қоғам «Жаңа Қазақстаннан» жаңа леп, ірі реформалар күтеді. Халықтың әлеуметтік жағдайы – мемлекеттің бет-бейнесі. Сондықтан  бұл сала қандай реформаларға мұқтаж деп, әлеуметтанушыларға хабарласқан едік.  Рамазан Рамазан САЛЫҚЖАНОВ, әлеуметтанушы: – Қоғам болған­нан кейін бір саланы ғана өзгертіп, қал­ғаны өздігінен бас­қары­л­ады, өзгеріс болған салаға ілесіп кетеді деген түсінік дұрыс емес. Қоғам – үлкен жүйе. Егер әрқайсына бөлек-бөлек басқару реформалары қатар жүргізілсе, оның құрамдас бөліктері бір-бірімен үйлесіп, ілесе кетеді. Сон­дықтан әлеуметтік саладағы өзгерістер, алдымен экономикалық және саяси салалардағы өзгеріс­терге байланысты. Кей кезде тәуелді. Халықты баспанамен қамту, қымбатшылық, жұмыссыздық, әлеуметтік, рухани, мәдени өмірін дамыту экономикалық қарым-қатынастарға байланысты. Бүгінде азаматтардың көңіл күйі, болашаққа бағыт-бағдар алып, жету жолы, тәлім-тәрбиесі саяси өміріміздің өзгерістеріне байла­нысты. Қоғам салалары бір-біріне тәуелді. Осын­дай жағдайда өзгерістер барлық салада біркелкі, бір уақытта басталуы керек. Зерттеулерге сүйенсек, әлеуметтік тұрғыдан жиі көтерілетін мәселелерге жұмыссыздық, мем­ле­­­кеттің материалдық көмегіне мұқтаж әлеу­меттік топтардың жағдайының мүшкілдігі, бас­пана мен халықтың әлеуметтік-рухани дамуын­дағы кедер­гілер жатады. Бүгінде халық күнкөріс­тің қамымен ғана жүр. Қаржысын рухани баюға бағыттап, кемелденудің жаңа кезеңіне шығу деген жоқ. Бірінші кезекте, халықты мемлекеттік қолдау, қорғау, ал аса маңыз­дысы – жұ­мыс­пен қамту. Отан­дас­тары­мыз еңбек етіп, адал ақшамен тұрмысын түзеуі керек. Ал көп­ба­лалы аналарды қол­­дау – күрделі мә­се­ле. Көпбалалы болуды қолдап, демография­лық өсуді мемлекеттің негізгі мүддесі ретінде қарап, қаржылай көмектесетін мемлекеттер бар. Біз шетелдердің тәжірибесіне сүйеніп, «бізде неге олай емес?» деп шығамыз. Шын мәнінде, демографиялық ресурс – ең бастысы ресурс. Ақша, жер – екінші кезекте. Мемлекеттік тұрғыда демографиялық ресурсты арттырып, даму­дың жаңа деңгейіне көтерілеміз десек, «бірінші кезекте бала саны, соған қарай қаржы төленеді» деп ашық айтылу керек. Көпбалалы аналарды ынталандыру шаралары қамтылуы керек. Ондай болмаса, «мемлекет ешкімді қолдамайды, өзің үшін балалы боласың» деліну керек. Бірақ бізге екіншісі жарамайды. Кең-байтақ жердегі демографиялық тұрғыдан ең әлсіз елдердің қатарында болғаны­мыз­ бізге сын. Сондықтан көпбалалы аналарды мемлекеттік қолдау, бала санына байланысты үй мәселесі шешілуі тиіс. Ілияс Ілияс ТІЛЕУБЕРГЕНОВ, DataSight зерттеу орталығының директоры, әлеуметтанушы: – Біздің елге кере­гі – әлеу­мет­тік әділ­дік. Оған қол жеткізу­дің бірден-бір жолы – ашықтықты қам­тамасыз ету. Мәселен, елордадағы 4 аудан әкімшілігі аудан бюджетін халықпен санаса отырып, бекітеді. Бұл – шешім қабылдаудың ашықтығы және халықты соған қатыстырудың бірден-бір мысалы. Осы тәжірибені ауыл, аудан­дарға енгізу керек. Әкімдерді сол жергілікті халық сайлайтын дәре­же­ге жеткізу керек. Қазір ауыл әкімдерін жергілікті халық сайлау үрдісі басталған, енді соны жал­ғас­тыру керек. Екінші, әлеуметтік теңдік орнау үшін әкімшілік бөлшектердің көлемін қысқарту қажет. Мәселен, астана 4 ауданға бөлінген. Алматы ауданын алып қара­сақ, «Хайвилл» тұрғын үйін­дегі­лердің мұқтажы бір бөлек, 7-ем­хана жақтағы халықтың қа­жет­тіліктері басқа. Астананы төрт емес, одан көп әкімдікке бөлсе де, артық етпейді. Шағын аудандар бойынша жергі­лікті әкімдіктер қалып­тас­тырсақ, халық әкімдікке, әкімдік халыққа жақын болады. Халық саны аз болғанымен, мемле­кеті­міз­дің жері кең. Мақсат – елді бөлу емес, жергілікті жерді тиімді бас­қару. Себебі еңбек дауы, қымбат­шылық, жұмыссыздық басқару жүйесінің тиімсіздігінен туындап отыр. Бізде көпшілік жергілікті өзін-өзі басқару дегеннен қорқа­ды. Солтүстіктегі өңірлер өз алдына бөлініп, сепаратизм туып, елдің тұтас­тығынан айырылып қалуымыз мүмкін деген сылтаумен өзгелерді қорқытады. Бірақ әлеуметтік әділдік болса, табыстан түскен салықтар тек орта­лыққа бағытталмай, аудандарда қалып, өңірлер дамитын еді.