Қайдасың, қайда, инвестор?
Қайдасың, қайда, инвестор?
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
372
оқылды
«Қасіретті қаңтар» инвесторды шошытты. Билік KASE, АХҚО бир­жаларының жұмысын бірер күнге доғаруға мәжбүр болды. Лондон қор биржасында елдің көшбасшы қос банкі Kaspi Bank пен Halyk Bank ак­циялары алапат ауқымда – тиісінше 25,1% және 17,7%-ға құлдырады. Яғни, құнды қағазға қаражатын са­ла­тын инвесторлар да қазақстан­дық активтен жаппай арылған. Қар­жыгерлер қазір жағ­дай тұрақ­танғанын айтады. Алайда жылдар бойы түзілген жағымды инвес­тклимат зардап шеккені байқалады.

Құты қашқан елге инвестиция құтаймайды

Экономика ғылымдарының докторы, доцент Ербол Сығаев бір мәселеге назар аудартады: тәртіпсіздіктер кезінде тек Ал­матыда ғана емес, өзге өңірлерде де қаржы секторы пұшайман күйге түсті. «Қаңтардың басында бірнеше күнге интернеттің бұғатталуы салдарынан бар­лық қаржы институтының, банктердің, сақ­тандыру, брокерлік-диллерлік ком­па­ниялардың және басқа да бизнес ны­сан­дарының жұмысы дағдарды. Қаржы субъектілерінің ұялы қосымшалары пай­дасыз болып қалды. Ақша аудару, төлем жасау мүмкін болмады. Қазақстан бүкіл қаржылық секторының жұмысы жалғыз осы ресурсқа – интернетке толығымен тә­уелді екенін әлемге паш етті», – дейді ғалым. Бұл Үкіметтің экономикалық қауіп­сіздік мәселесін жете ойластырмағанын көрсетеді. Мысалы, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов цифрлық теңге іске қосылатынын жариялап та жіберді. Бү­гін­де соған дайындық жұ­мыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Былтыр Ұлттық банк цифрлық теңгені енгізудің пилоттық жо­басын қолға алды, платформаның прото­типін әзірлеу аяқталған. «Ұлттық төлем жү­йесінің жұмыс істеуі үшін қажетті нор­мативтік-құқ­ықтық база әзірленді. Биыл 1 шілдеге қарай оны толық іске қосу­ды жоспарлап отырмыз», – деді Ғ.Пірматов. Цифрлық ұлттық валютаның енгізілуі де интернетке тәуелділікке қатысты проб­леманы көкейкесті ете түседі. Болашақта жұрттың қолында «цифрдан» басқа ақша қалмаса, қағаз ақша болмаса, мемлекет интернеттен ұзаққа ажырап қалса, халық азық-түлік сатып ала алмай, ашықпай ма? Әлеуметтік кернеу бүлік қатерін күшейтпес пе? Ондай елде ин­вестор тұрақтамасы сөзсіз. «Стратегиялық тұтас секторлардың интернетке тәуелділігінің үлкен қауіп-қатері бар. Сондықтан бұл оқиғалардан сабақ алу керек. Резервтік ІТ шешімдер әзірленгені жөн, олар Қазақстан интер­неттен және SWIFT жүйесінен ағытылған жағдайда қаржылық операциялардың үздіксіз жүргізілуіне мүмкіндік беруі тиіс. Әйтпесе, елдің қаржылық жүйесінің тым осалдығы инвесторларды үркітуі мүм­­кін», – дейді ғалым.

Табиғаты таза, халқы тоқ елге – қалталы жақ

Жаңа Үкімет Қазақстанның инвес­тициялық саясатын өзгертуге ниетті. «Ұлттық экономика министрлігі биыл­ғы ақпан айында 2025 жылға дейінгі Ин­вестициялық саясат тұжырымдамасын қабылдауды жоспарлап отыр. Оның ая­сында инвестициялар тарту саясаты қайта қаралады, онда енді ESG, жаһан­дық энер­гетикалық және технологиялық транс­формация талаптары ескеріледі», – дейді Экономика министрі Әлібек Қуантыров. Бұл жерде әңгіме декарбонизация үрдісі жайында болып отыр. Табиғатты CO2-мен көп ластайтын, жасыл эко­но­ми­каға ден қоймайтын, көміртек шы­ға­рын­дыларын азайтпайтын елдерден инвес­торлар теріс айналмақ. Әйтпесе, олардың өніміне дамыған мемлекеттер шамадан тыс салық салады, сондай-ақ экологиялық қозғалыстар наразылық акцияларымен компанияның беделін түсіреді. Инвестор тартуда Қазақстанды қиын заман күтіп тұрғандай. Өйткені елімізде бүкіл қуат-энергияның 70 пайыздайы көмір мен мазут жағатын, яғни жыл он екі ай ауаға CO2 бөлетін стансалар өндіреді. Қазақстандықтардың үйлерін де негізінен көмір жағылатын қазандық­тар мен пештер жылытады. Президенттің байламынша, республика 2060 жылға қарай «климатты-көміртекті бейтарап елге» айналады. Бірақ оған дейін де өмір сүріп, өркендеу керек. Декарбонизация, ESG секілді әдемі сөздерді білу аздық етеді, олардың тала­бына сәйкес келген маңызды. Өйт­кені қа­зіргі заманда шетелдік инвесторлар қан­дай да бір елге инвестиция құю туралы ше­шім қабылдағанда ол мем­лекеттің не­месе жобаның ESG кри­терийлеріне қан­ша­лықты сай келетінін басшылыққа алады. 2020-2021 жылдары Morgan Stanley, Ernst&Young және McKinsey жүргізген зерттеулер көрсеткендей, сақтандыру, зейнетақы және инвестициялық қорлар түріндегі институционалдық инвестор­лардың, сондай-ақ миллениал-инвес­торлардың басым бөлігі компаниялардың ESG-рейтингін қадағалайтын болып шықты. Неге? PwC сұрау салған тұ­тыну­шы­лардың 76%-ы «қоршаған ор­таға, қыз­меткерлеріне немесе жергілікті жұртшы­лыққа нашар қарайтын ком­паниялардың өнімдерін сатып алуды тоқ­тататынын» мәлімдепті.

ESG ес жиғызбай тастамасын

Қалай болғанда да, Қазақстан «и-эс-джиден» теріс айналмаса, қайта соған бет бұрса, құба-құп. Себебі ESG-күн тәр­тібіне бағдарланған қорлардағы қаражат орасан зор: шешім қабылдау кезінде эко­логиялық, әлеуметтік және корпора­тивтік ахуалды назарға алатын жаһандық инвест-активтер соңғы 8 жыл ішінде үш еселеніп, 40,5 триллион (!) долларға жеткен. Осы инвес­тиция дариясының мыңнан бір бөлігін өзімізге бұра алсақ, қазақстандық эконо­мика биік асуға көтеріле алар еді. PwC дерегінше, 2025 жылға қарай басқа барлық қорлардан әлдеқайда көп актив дәл осы ESG қорларының қолында шоғырланады. Жаһандық ESG қорла­ры­ның саны да еселеп артуда: 2020 жылдың соңында олардың саны 4 153 болса, 2021 жылдың соңында 7,5 мыңнан асты. PricewaterhouseCoopers дерегінше, таяу болашақта ESG талаптарын сақ­тамау – жекелеген компаниялар және тұтас елдер үшін капитал нарықтары есі­­гінің тарс жабылуына соқтыруы мүмкін. Сонымен бірге осы тұрғыда «лас» елдер үшін шетелдік заем да қымбаттайды. Ха­лықаралық валюта қорының баға­лауынша, «климаттың өзгеруіне әсерінің 10 пайыз­дық пунктке артуы нарықтық экономикасы жаңа қалыптасқан елдердің ұзақмерзімді мемлекеттік облигациялары бойынша спредтердің 150 базистік пункттен астамға артуына әкеледі». Ал «климаттың өзгеруіне оң үлестің 10 п.п.-ке жақсаруы обли­гациялар бойынша спредтің 37,5 б.п.-ке төмендеуіне ықпал етеді». Әзірге декарбонизация мәселесінде Қазақстанның жағдайы мәз емес. Әлгінде айтылғандай, елдегі электр қуатының 70 пайыздайы көмір-мазут жағатын стан­салар мен ЖЭО-ларда өндіріледі. Кейбір қалаларымызда содан қап-қара қар жа­уатынды шығарды. Экологиялық жағ­дай көп жерде сын көтермейді. Қазақстан өт­кен онжылдықта ЖІӨ-ге шаққанда пар­ник газдарын шығару көрсеткіші бойынша әлемде бірінші орын алды. Мысалы, көрші Өзбекстан осы он­жыл­дықта су және күн электр станса­ларынан алынатын энергияның үлесін 25%-ға жет­кізуді жоспарлап отыр. Оларда жаңа жо­балар іске қосылуда. Ал Қазақ­станда ше­неуніктер мұның бәрін көз­бояушылыққа айналдырып жіберген: былтыр құзырлы органдар жүргізген тергеу барысында әшкереленгендей, өңірлерде шенділер жалған фирмалар құрып, сол арқылы Қытайдан арзанқол күн панельдерін тасыған, оған мол суб­сидия алған. Ол панельдерді фермерлерге, ауыл тұрғын­дарына таратыпты, олар болса, бұл «жыл­тыр тақтайды» қалай пайдалану керегін білмеген.

Инвесторға сүйкімсіз өңір әкімі жазаланады

Жалпы, ҚР Ұлттық экономика ми­нистрлігінің байламынша, Өзбекстан біздің аймақта инвестор тартуда қазаққа мықты бәсекелес болғалы тұр. «Тікелей шетелдік инвестициялар ағыны үшін жаһандық бәсеке шиеле­нісуде. Әлем елдері инвесторларды тарту үшін барынша қолайлы жағдай жасауға тырысады. Мысалы, Өзбекстан үдемелі инвестиция саясатына көшті. Инвес­ти­циялық бағдарламасына сәйкес, Өз­бекстан шетелдік инвестиция көлемін 35 миллиард доллардан асыруды жоспарлап отыр», – деді ведомство. Смайылов Үкіметінің 2025 жылға де­йінгі жаңа «Инвестициялық саясат тұ­жы­рымдамасында» біріншіден, осы төрт жыл ішінде негізгі капиталға са­лынған инвес­тиция көлемін ЖІӨ-нің 30%-ына жеткізу, екіншіден, тікелей шетелдік инвести­ция­лардың жыл сайынғы жалпы ағынын 2025 жылға қарай 30 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғайту белгіленбек. Әзірге Үкіметтің жетістігі мақ­танарлық емес. 2 ақпанда Инвестициялық штаб отырысын өткізген Премьер Әлихан Сма­йылов 2021 жылдың 9 айында ел эко­но­микасына құйылған тікелей шетелдік ин­вестициялар (ТШИ) 49%-ға артқаны­мен, небәрі 18,7 млрд долларды құрағанын жеткізді. 49% – бір қарағанда, ауыз тол­тырып айтуға жарам­ды. Алайда ол «дұрыс салыстырудан» пайда болған көрсеткіш: 2020 жылы Қазақстан бар-жоғы 17,1 млрд доллар ТШИ тарта алды. Ал пандемияға дейінгі 2019 жылы ТШИ көлемі 24 мил­лиард доллар болды. Яғни, 2019 жылмен са­­лыстырсақ, былтыр ТШИ 22%-дан ас­там­ға құлдырады. Топ-10 инвестор қата­рын­да Нидерланд, АҚШ, Швейцария, ҚХР, Ре­сей, Ұлыбритания, Бельгия, Түркия, Оңтүстік Корея және Франция қалды. Жаңа жоспар аясында ТШИ көлемін 2022 жылы – 23,9 млрд, 2023 жылы – 25,1 млрд, 2024 жылы – 27,6 млрд, ал 2025 жылы – 30 млрд долларға жеткізу міндеті қойылмақ. Жаңа тұжырымдамада Қазақстанды инвесторларға тартымды етуге бағыт­талған тың шаралар көзделуде. Мысалы, инвестахуалға ықпал етуі мүмкін заң­дардың, нормативтік-құқықтық акті­лері­нің жобалары алдымен инвестор­лардың талқылауына салынып, со­лардың пікірі де ескерілмек. Сарап­шы­лар ин­вестор болса да, шетелдіктерді ұлттық заң­­наманы түзуге араластыру қауіпті болуы мүмкін деп алаңдаушылық білдіріп отыр. Шетелдік басқарушылық, жоғары білікті және техникалық қызметкер жал­дауға шектеуді азайту, шетелдік мигрант­тар үшін квотаны 50 пайызға дейін ұлғайту мәселесі пысықталмақ. АХҚО-ға инвестиция салғандарға «ин­вестициялық салықтық резиденттік» ұсынылады: ин­весторға және оның отбасы мүшелеріне Қазақстанның көп реттік визасы бері­леді, елге еркін келуіне жол ашылады. ESG талаптарын Қазақстан жағдайына бейім­деу бойынша ұсыным-кеңестер әзір­­ленеді, 2023 жылы Бірыңғай қазақ­стан­дық ESG-рейтингі құрылуы тиіс. Әкімдер енді өз өңіріндегі инвесткли­матқа жауапты болады: өткен жыл қоры­тындысында инвестиция тарту бойынша ең төменгі көрсеткіштер Батыс Қазақстан (нысаналы көрсеткіш 69,6% ғана орын­далған) және Қызылорда (66,4%) облыс­тарында тіркелді. Премьердің тапсыр­масымен екі өңір әкімдерінің жауапты орынбасарлары тәртіптік жазаға тар­тылады.