Жер мәселесі: әкімдердің әлегінен құтылдық
Жер мәселесі: әкімдердің әлегінен құтылдық
765
оқылды
Жер дауы біз үшін ескірмейтін түйткілге айналғалы қашан?! Маңызын әлі жойған жоқ. Үй саламын деп жер кезегіне тұрып, кезегі жылжымай не қолдағы малына жайылым таппай сенделген жұрт көбейді. Осыған кінәлілердің қатарында шенділер де кездескен еді. Рас,бәріне бірдей күйе жақпаймыз, бірақ жер беру құқығын пайдаланып, талай әкім мен шенділер жақын-жуығына, танысына жер таратып берді. «Көп асқанға бір тосқан» дегендей, енді әкімдіктер жер беру хақынан айырылды. Бірақ әкімдер істеген бұрынғы заңсыздықтың зардабын қалай жоямыз?

Комитет бұрынғы соқпаққа түспесе игі

Таяуда Ауыл шаруашылығы министрлігі жер мәселесіне қатыс­ты ережелерге өзгеріс енгізгенін жария етті. Бұдан былай әкімдіктер жер беріп, берілген жерді бақылай алмайтын болды. Яғни, бұрын үй салу үшін жер кезегіне тұрса да, басқа мақсатта жер берілсе де, бәрі тікелей әкімдік арқылы жүзеге аса­тын. Енді әкімдер бұл құзыреті­нен айырылды. 2014 жылдан бас­тап Жер қатынастары және Мем­лекеттік бақылау басқармалары облыстық, қалалық, аудандық әкім­діктердің құрамына кіргенін білеміз. Бірақ бұл қадам әкімдер мен айналасындағы шенділерді «тайраңдатуға», жемқорлыққа баруына жол ашты десек, қателес­пейміз. Себебі көптеген шенеунік­тер заңды айналып өтудің амалын тауып, жақын-жуығы мен туыста­рына жер үлестірді. Кейін осы жай­ды айтып, біраз қоғам белсен­ділері мен азаматтар қарсылық танытқанын жиі естіп жүрдік. Ақыры Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 19 наурызда өткен Президент жанын­дағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында жер ре­фор­масы жөніндегі комиссия құру­ды тапсырған болатын. Ол ко­миссияның талқылаған мәселе­ле­рімен ел жақсы таныс. Комис­сия­ның бес отырысында 120-дан астам ұсыныс түсті. Жер заңна­масын жетілдіру бойынша бір­қатар жүйелі жоспар әзірленді. Сонда дәл біз айтып отырған әкім­діктердің жерді үлестіру жайы талқыланды. Былтыр 30 маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң қа­былданды. Ол заң жердің пайдала­нылуы мен қорғалуындағы мем­лекеттік бақылау функцияларын 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап орталық уәкілетті органның ведомство­сына беруді көздеді. Ұғынықты етіп айтсақ, тек жер беру жөніндегі функциялар әкім­дікте қалды, ал әкімдіктердің жер беруін, оны алған адамның жерді пайдалануын бақылау жөніндегі функциялар Жер ресурстарын басқару комитетіне берілді. Енді комитет әр өңірдегі өз департаменті арқылы осы істі атқарады. Тек комитет бұрынғы соқпаққа қайта түсіп жүрмесін делік.

«Әкім әкім болар ма, жерге қол сұқпаса»

Иә, әкімдіктегілердің асып-тас­­қанына әйтеуір бір тоқтау керек болатын. Әйтпесе шенді-шекпен­ді­­лердің былығы көбейіп, халық зия­нын көрген еді. Мәселен, Түр­кі­стан облысында осындай жағдай же­терлік. 2016 жылы Сарыағаш ауда­нында 300 гектар жайылымдық жер­ді сол кездегі аудан әкімі Бұ­қар­бай Парманов қаулы шығарып, бәз­біреулердің меншігіне беріп жі­берген. Ешқандай заң талаптары сақ­талмаған екен. Тағы бір жер дауы­нан арылмаған аудан – Төлеби ауда­ны. Әлгі айтқан Б.Парманов Са­рыағаштан кейін дәл осы аудан­ға басшы болып келген. Кейін де бір­талай заңсыздыққа барып, өзі­нің қалаған адамдарына жер үлес­тіріп­ті. Соның кесірінен былтыр ау­дан аумағындағы даулы жерлерге қа­тысты 34 талап-арыз қаралған. Жер берудегі заңсыз әрекеті үшін еш­қандай жауапқа тартылмаған сол Парманов кейін Шымкент қа­ла­­сының Абай ауданына басшы бол­ды. Тағы осындай бір былық Түркі­стан­ның Шардара ауданынан шық­қан еді. Заң талабына қарамас­тан, жайылымдық жерлер бағып отыр­ған малы жоқ адамдарға беріл­ген. Әкімдіктің қаулысымен Қ.Тұ­рыс­беков ауылдық округі аума­ғы­нан ба­қан­дай 384,0 гектар жайылымдық жер 49 жылға жалға беріліп кеткен. Ал осы облыстың Жер қатынастары бас­қармасы 2021 жылы мұндай бы­лық барлық ауданда барын, қол­ға өткен жерлерді мемлекет мен­ші­гіне қайтаратынын хабарлаған. Қош, демографиялық қысымы қатты, халқы да, өрісте жайылған ма­лы да көп Түркістан облысында жайы­лымдық жерге таласқандарды түсінуге болар. Аса бір шүйгін жері жоқ Маңғыстау облысында да жер ие­ленуге құлықтылар көп екен. 2019 жылы өңірдегі ең үлкен елді ме­кен­нің бірі – Маңғыстау ауылы­ның әкімі мен орынбасары заңсыз жер бергені үшін сотталды. Аук­цион өткізбей-ақ, қаражатты бюд­жет­ке аудармастан 8 жер телімін же­ке тұлғалар мен кәсіпкерлік су­бъек­тілерге бөліп берген. 2020 жы­лы Алматы облысының Кеген ау­да­нында ауылшаруашылық жер­лерін шенділер өз туыстарына бө­ліп бергені айтылды. 240 гектарға жуық жерден халыққа ұлтарақтай жер де бұйырмаған. Не керек, қайтқен күнде де жер­ге көз тікпей отыра алмайтын әкі­мі көп елміз.

Жер тартысы – жемқорлық

Заңсыз жер үлестірудің түп-төр­кіні сол ақшада, яғни жемқор­лық­та жатқанын аңғару қиын емес. Әкім­діктер жер билігін қолына ал­ғалы екі түрлі заңсыздық тарады. Бірін­шісі, ел жақсы білетін үй салу үшін жер телімін алуға кезекке тұру­да. Елде жеке тұрғын үй салуға Қа­зақстан азаматтарына тегін жер бері­летінін білеміз. 2021 жылғы де­рек бойынша, 1,5 миллион адам ке­зекте тұр. Бірақ ақысыз жер телі­мін беру кезінде таныстық пен жем­қорлық жайлаған. Бұны жер қа­тынастары жөніндегі заңгер Бақыт­жан Базарбек айтып берді. – Тізімде өлген адамдар, жеке бас куәлігін жоғалтып алғандар, бас­қа елге қоныс аударған адамдар жү­реді. Бұрын жер алып қойған не­месе тұрғылықты мекенжайы жоқ, көшеде жүрген адамдар да ба­рын көрдік. Бұл адамдарды әкім­дік жасырын түрде қосып келген. «Оларды арнайы тізімге не үшін қо­сады?» дерсіз. Себебі әкімдіктегі тізім­де жылдап кезекке тұрғысы кел­мейтін адамдар мәселені ақша­мен шешкісі келеді. Мысалы, кей адамдар бар, 20 жыл бойы тізімде тұр. Аудандарда ақысыз жер телімін алу үшін кезекте кемінде 7 жыл тұру керек. 15 мыңыншы орында тұр­ған адам 4-5 мың АҚШ долла­рын беретін болса 350-орынға кө­терілуі мүмкін. Ал тізімде сіз ие­лен­ген 350-орында тұрған азамат бір­не­ше жыл бұрын қайтыс болып кет­­кен. Әкімдіктегілер қайтыс бол­­ған адамды тізімнен шығарып тас­­тап, оның орнына пара берген аза­­­­­­­матты қоя салады, – дейді Б.Базар­бек. Енді екінші мәселеге келейік. Бұл – аудандық және қалалық әкім­діктің жанындағы жер комис­сия­лары. Дәл осы жер комис­сия­лары­на әкімдер төраға болып отыр­ды. Біреуге жер берерде ко­мис­сияны өзінің шешіміне көн­діре­ді. Ол үшін жазалана қоймайды. Неге? Себеп қарапайым, шешімді қа­былдаған өзі емес, комиссия бо­лып шығады. Сол арқылы жерді жа­қынына, не ақша ұсынған адам­ға берсе де – өз еркі. Қылмысты әш­керелеу қиын. Абырой болғанда, Жер комиссиясының арқасында осы әділетсіздік  жойылды. – Әкімдердің заңсыздығын Жер комиссиясында ашып айттық. Жер кодексінің 97-бабына 2018 жы­лы өзгеріс енгізген едік. Сол өз­герістерге сәйкес, «шаруа фер­мер қожалығын жеке тұрғын үй құры­лысы және жеке қосалқы үй шаруа­шылығына, яғни жердің ны­са­налы мақсатын ауыстыруға тыйым салынған» деген норманы осы баптың 3-тармағына қостық. Нор­ма жұмыс істеді, бірақ іс жүзін­де жергілікті органдар, аудандық дең­гейдегі әкімдіктер ауылшаруа­шы­лық жерлерін заңды айналып өту арқылы иемденудің жақсы ама­лын ойлап тапты. Яғни, жерді бағ­бандық немесе саяжай ретінде алады, оған тыйым жоқ. Заңның ол­қы жерлерін пайдаланып, осы кез­ге дейін үлкен алқаптар әркімге бері­ліп кетті. Енді оның бәрін жөн­ге келтіру қажет, – деді заңгер Бақыт­жан Базарбек. Бұл мәселенің қиыны сол, әкім­­діктердің заңсыз іс-әрекеті ар­қылы елімізде қанша гектар жер аза­маттардың иелігіне өтіп кеткені жай­лы нақты дерек жоқ. Кеш те бол­са заңсыздыққа тұсау салу құп­тар­лық амал болды. Ендігі міндет – жер қатынастары саласына қарай­тын басқармалар заңсыз беріліп кеткен жерлерді толық анықтап, жағ­дайды ретке келтіру. Ал жаңа фун­кцияны өз ырқына алған Жер ресурс­тарын басқару комитеті қа­лай жұмыс істейтін алдағы уақыт көр­сетеді.