Мұнайлы өңірдің мұңы жұмыссыздық болғалы тұр
Мұнайлы өңірдің мұңы жұмыссыздық болғалы тұр
387
оқылды
Атырау облысындағы «Теңізшевройл» компаниясының «Келешек» кеңейту жобасы» құрылысының 87 пайызының аяқталуына  байланысты 2022 жылдың соңына дейін шамамен 39 мың адамның жұмыстан босатылуы мүмкін деген болжам бар. Ал өңірдегі жобаларға қажетті шетелдік мамандарға бөлінетін квота саны азайғанымен, төртінші санатты мамандарға зәрулік шешімін таппай отыр. Теңіз кенішіндегі еліміздегі ең ірі жобалардың бірі «Келешек» кеңейту жобасы» 2016 жылы басталған болатын.  Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстарының 87 пайызы аяқталды. Онда қазір 60 мыңға жуық адам жұмыс істеп жатыр. Олардың 5 мыңы шетелдік. Ал жобадағы қазақстандық жұмыс­шылардың 40 пайызға жуығы атыраулықтар.

Қысқарту былтыр басталды

«Келешек» кеңейту жобасы» құрылысының аяқталуына байланысты 2021 жылдың басында «Теңізшевройл» ЖШС-ның мәліметі бойынша 15-16 мың адамның қысқартылуы жоспарланған. Алайда былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, 2 769 адам жобадан босатылды. Оның 1 228-і  Атырау облысынан. Босатылған адамдардың 1 016-сы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылып, екі маман  оқуға жолдама алған.  Қалған 210 адам мамандықтарына сай жұмыс табылғанша әлеуметтік төлемдерді алады. Бұдан басқа өңірде 8 мыңнан аса жергілікті тұрғындар жұмыссыздық бойынша арнаулы мекеме тіркеуінде тұр. Бір атап өтер жайт,  Атырау өңірінде «Теңіз­шевройл» ЖШС-нан басқа «Норт Каспиан Оперейтинг Компани» филиалының Қашағандағы кен орны да бар. Аталған мекемелер өз жобаларын толықтай аяқтау үшін шетелдерден білікті мамандарды тартуға мұқтаж. Бұл өз кезегінде жергілікті мамандардың біліктілігінің өсуіне септігін тигізеді-мыс. Дегенмен алып шетелдік компанияның әлемдік жобасының құрылысына қатысу үшін алдымен шет тілін білумен қатар заманауи техниканы меңгеру де отандық жұмысшыларға қойылатын талаптар қатарына кіреді. Сол себепті 2000-жылдардың басында Атырауда шет тілін оқытумен қатар ірі жоба­ларға маман дайындайтын арнайы оқу орталықтары ашылды. Дегенмен біздің ел әлі де  шетелдік ма­мандарға зәру екенін әр жыл сайын бөлінетін квота көрсеткіші айқындап тұр.

Биыл 6 мың квота бөлінеді

Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшы­сының орынбасары Еркебұлан Әбілхасымовтың айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2022 жылғы 4 ақпандағы №43 бұйрығына сәйкес биыл Атырау облысына шетелдік жұмыс күшін тарту бойынша 6 226 бірлік квота бөлінді. Бұл квота бойынша жалпы 3 мыңдай  адам келеді деп күтілуде. Себебі 2020 жылдың мамыр айынан бері заңнамаға сәйкес арнайы квота бөлу  процедурасы өһзгерген еді. Таратып айтсақ, мерзімі аяқталуға жақын қолданыстағы рұқсатты 1 жылға ұзартуды құзырлы мекемелер жаңа рұқсат беру деп бағалайды. Егер шетел азаматының төлқұжаты немесе жұмыс берушінің деректері өзгерсе, сонымен қатар шетел азаматын басқа шетел азаматына ауыстырса, бұл процедура қайта рәсімдеу болып саналады. Қол­даныстағы рұқсаты жаңартылып, жаңа рұқсат беріледі. Бұл өз кезегінде квота санатына кіреді Былтыр 7 723 квота қарастырылып, шетелден 3 621 маман елге келіп қызмет істеп жүр.  Себебі  7 723 квота­ның ішінде 3 195 рұқсат ұзартылып, 985 рұқсат қайта рәсімделген. Атырауға квота бойынша шетелден шақырылған мамандардың  ең жоғарғы көрсеткіші 2019 жылы тіркелген. Сол жылы 17 мың шетелдік маман ша­қырылып, 11 мың 700 адам қызметке келген. Биылғы квота көрсеткішіне келсек, бұл көрсеткіш 2020 жылдан 1,4 есе, 2019 жылдан 2,2 есе кем. Бірақ «Теңізшевройл» мен «НКОК» компаниялары мен мердігерлері 3 және 4-санаттар бойынша шетелдік білікті мамандарды шақыратынын алға тартады.  Ал оларды отандық мамандармен алмастыру мәселесіне біліктілік санаты кедергі жасайды екен.

Отандық маман алмастыра  алмай ма?

Мұнай-газ өнеркәсібінде жұртшылықпен байланыс саласында көптеген жыл жұмыс істеген маман Жағыпар Егізбаевтың айтуынша, жұмысшы мамандардың санатын көтеру мәселесін мемлекет тарапынан қолдау қажет. Себебі шетелден шақыр­тылатын   5-6 санаттағы аргонды доғалық дәнекер­леуші, ультрадыбыстық бақылау бойынша дефектоскопист, 5-6 санаттағы технологиялық құбырларды монтаждаушы секілді мамандар  елімізде де бар. Бірақ олардың білімі мен біліктілігі 3-4 санаттық болып тұр. Ал олардың біліктілігін 5-6 санаттар деңгейіне көтеру мәселесімен айналысуда жүйесіздік бар. Бар мәселе осында. Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшы­сы­ның орынбасары Еркебұлан Әбілхасымовқа жол­даған сауалымызға берілген жауапта шетелдіктерді отандық мамандармен алмастыру мәселесіне орай  2020 жылы заңнамаларға өзгерістер енгізілгенін білдік. Оның айтуынша,  шетелдік жұмыс күшін тартуға қатысты заңнамаға 2020 жылы 17 сәуірдегі енгізілген өзгерістерге сәйкес жұмыс берушілер 4 санат бойынша  тартылған шетелдік қызметкерлер  6 айдан бастап 12 ай ішінде жергілікті мамандармен ауыстырылуы тиіс. Бұл ретте 2020 жылы 641 шетел азаматы жұмыс­қа рұқсат алып, 2021 жылы олардың 194-і жергілікті азаматпен алмастырылды. Сонымен қатар 2021 жылы 4 санат бойынша 484 шетел азаматы жұмыс рұқсатын алған, ал оларды жергілікті азаматтармен ауыстыру 2022 жылдың тамыз айында басталады. Аталмыш басқарма берген мәліметке сүйенсек, «Теңізшевройл» ЖШС-ның сұранысы бойынша 2019-2021 жылдары 11 мамандық бойынша 1 139 адам оқуға жолданып, 650 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. «Теңізшевройл» компаниясының ресми өкілі берген мәліметте компанияның 4-санаттағы қызметкерлерді жұмысқа  шақырмайтыны, бірақ бизнес серіктестердің уақытша жұмыс істеп жүрген шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу арқылы өз қызметкерлерінің біліктілігін арттыру ниетін қол­дай­тыны айтылған. Сайып келгенде, алып компания­ның мердігер серіктестері 4-санаттағы мамандарға зәру және оны шетелден шақыртуға мәжбүр. Бұл мәселені шешуге облыстық әкімдік те қауқарсыз. Қазір Атырау облысының әкімдігі өз тарапынан мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде биыл және келесі жылы 9 мыңдай адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.

Атырау  облысы