Қазақстандықтар 2023 жылдың қыркүйегінен бастап үй жануарларын тіркеуге міндеттеледі
Қазақстандықтар 2023 жылдың қыркүйегінен бастап үй жануарларын тіркеуге міндеттеледі
486
оқылды

2022 жылдың 2 наурызында "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң өз күшіне енеді. Аталған заңда азаматтардың асырап отырған жануарларының өмірі, денсаулығы және әлауқаты үшін жауапкершілік алуы керектігі туралы жазылған. Сондай-ақ, заңның басты мақсаты халықты жануарларға адамгершілік танытуға тәрбиелеу, деп мәлімдеді ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова. Бұл туралы Informburo.kz басылымы жазды. 

Заңда қаңғыбас жануарларды асырау және ұстауға қатысты қандай талаптар бар? Атап айтқанда, жекелеген санаттағы жануарларды мәдени ойын-сауық мақсаттарында, эксперименттік, зертханалық, қызметтік, үй, қараусыз және қаңғыбас жануарларды асырау және ұстау кезіндегі талаптар белгіленген. Мұнымен қатар, барлық бұқаралық ақпарат құралында жануарларға қатыгездікпен қарауды насихаттауға тыйым салынбақ. Үй жануарларына асырауды реттеуге бағытталған НҚА жобалары келесі мәселелерді қамтиды:
  • үй жануарларын ұстау мен серуендетудің типтік ережелері;
  • үй жануарларын есепке алу ережелері;
  • жануарларды тасымалдау ережелері;
  • есепке алынатын үй жануарларының тізбесі;
  • тұрғын үйлерде ұстауға тыйым салынған жануарлардың тізімі;
  • жануар иесінің ерекше жауапкершілігін қажет ететін үй жануарларының тізімі.
2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап иелері үй жануарларын тіркеуге міндеттеледі. 
"Есепке алудың егжей-тегжейлі тәртібі тиісті ережелерде айқындалатын болады. Бұл процесс жануарлардың иесінің есебінен жүзеге асады. Ал халықтың әлеуметтік осал тобына жататын азаматтарға бұл рәсімнің ақшасын мемлекет төлейді. Мұнымен қатар, иттердің өз бетімен жүруіне тыйым салынған", – деп түсіндірді Әлия Шалабекова.
Сонымен қатар, НҚА-ның бірқатар жобасы қаңғыбас жануарлармен жұмыс істеуді реттеуге бағытталған. Мысалы:
  • жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың үлгілік қағидалары;
  • қаңғыбас жануарларды егу және зарарсыздандыру ережелері;
  • жануарларға арналған баспаналардың қызмет ету ережелері;
  • жануарларға арналған баспаналарды есепке алу ережелері.
Заң күшіне енген соң Қазақстанда қаңғыбас жануарларды өлтіру тәжірибесі тоқтатылады. Ал олардың санын реттеу мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен стерильдеу жолымен ғана жүзеге асырылады.
"Бұл ретте жануарларды аулаудың үлгілік қағидаларының жобасы шеңберінде иесі бар екенін білдіретін белгілері бар жануарларды стерильдеуге тыйым салу жоспарланып отыр. НҚА жобалары жануарларды тиісті жағдайларда ұстау мақсатында оларға арналған баспаналардың қызметін реттейді. Бұл – жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселесінде маңызды аспект", – деді вице-министр.
Үй және қаңғыбас жануарларға қарауды реттеумен қатар, әртүрлі санаттағы жануарларға бағытталған НҚА жобаларының блогы әзірленді:
  • жануарларды баспаналарда, зоологиялық қонақ үйлерде, уақытша ұстау пункттерінде, оңалту орталықтарында, зоологиялық питомниктерде, байланыс зоопарктерінде және жылжымалы менагерьлерде ұстау ережелері;
  • жануарларды мәдени ойын-сауық мақсаттарында пайдалану және оларды күтіп-ұстау ережелері;
  • жабайы жануарларды өздерінің мекендейтін ортасына қайтару мүмкін болмайтын еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда ұстау қағидалары;
  • еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда ұсталатын басқа да жануарларды азықтандыру үшін пайдаланылатын жануарлардың тізбесі.
Қоғамдық инспекторлар куәлігі. Заңмен енгізілген қоғамдық бақылау институтын ескере отырып, жануарларға жауапкершілікпен қарау саласында қоғамдық бақылау жүргізу, сондай-ақ, жеке тұлғаларға қоғамдық инспекторлардың куәліктерін беру қағидаларының жобасы әзірленді.
"Қазіргі және болашақ ұрпақты тәрбиелеу туралы айтатын болсақ, заңда халықты жануарларға жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу және тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру туралы ережелер қарастырылған. Бұл маңызды әрі үлкен жұмыс. Халықты жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнама туралы хабардар ету, білім беру жүйесінде биоэтика курстарын оқыту, көрмелер, семинарлар және басқа да іс-шаралар өткізу жұмыстарына басым бағыттардың біріне айналып, барлық азаматтың күнделікті өміріне енуі тиіс", – деді Әлия Шалабекова.
Вице-министрдің айтуынша, заң және әзірленіп жатқан нормативтік-құқықтық актілер пакеті жануарларға қатысты иттерді төбелестіру, ветеринарлық операцияларды наркозсыз жүргізу, жануарларды жазасыз өлтіру, жануарларды тоздырып, дер кезінде көмек көрсетпеу, мейрімсіздікпен аулау сияқты жағымсыз көріністерге тосқауыл қояды.