«Қорықпа, біз кино түсіріп жатырмыз!» – Әуежайды басып алған «режиссер» баланы жұбатамын деп жылатты
«Қорықпа, біз кино түсіріп жатырмыз!» – Әуежайды басып алған «режиссер» баланы жұбатамын деп жылатты
©А.Ахметқазы
465
оқылды

«Қаңтар оқиғасы» кезінде Алматы халықаралық әуежайын арандатушылар басып алған еді. 5 қаңтар күні 45-ке жуық бүлікші 5 рейстің ұшуына кедергі келтірді. Әуежай ғимаратын талқандап, бүлдіріп, тұрақтағы көліктерді өртеген. Ертеңінде әуежай арандатушылардан толықтай тазартылды. Міне сол оқиғалардың өткеніне де 40 күн толды. Сол сәтте әуежайда жүздеген жолаушы болды. Соның бірі – Жанар Мақсұтова (ред. аты-жөні өзгертілген). Ол дәл сол күні әуежайда болған, сондағы көргенін біздің журналистерге баяндап берді...

Жанардың мамандығы – дәрігер-узист. Қалалық аурухананың бірінде жұмыс істейді. Жаңажылдық мерекеден кейін еңбек демалысына шыққан болатын. Осының сылтауымен үш баласын алып, Шымкентке қайын жұртына бармақ болған. Ол кезде күйеуі іссапармен Ақтауда болыпты. – Кешкі сағат 8-дер шамасында қайын інім балаларыммен бірге әуежайға жеткізіп тастады. Өзі асығыс болған соң, сырттан қоштастық. Оның үстіне, багажға өткізетін ауыр жүгіміз де болмады. Сөйтіп, әуежайға өзіміз кірдік. Сол кезде кіреберісте тұратын күзеттің бірде-бірін байқамадық. «Бұлардың бәрі қайда кетті» деп ойладым да қойдым. Бірақ айналада адамдар абыр-сабыр, әркім өз ісімен жүргендей көрінді. Досмотрда да ешкім болмады, күту залына өзіміз өтіп кеттік, – дейді ол. 39 жастағы дәрігер негізі Алматының тұрғыны. Үш баласының екеуі – ұл, біреуі – қыз. Есімі – Айза, жасы – 7-де. Ол үйдің – ортаншысы. Балаларының үлкені – 15 жаста. Қызы 7-де, кенжесі 5-те. – Күту залына кіргеніміз сол, бес минутта автомат асынған, түрлері қорқынышты біреулер кіріп келді. «Біз сендерге тиіспейміз. Билікке қоятын талабымыз бар, соны орындатамыз» деп айналаны қиратып, сындыра бастады.  Әлгі жерде кенеттен айқай-шу болып, ел дүрлігіп кетті. Осыны көрген қызым шошып, жылай бастады. Бізді байқаған бүлікшілердің бірі қасымызға келді де: «қорықпа, біз жай ғана кино түсіріп жатырмыз» деп жұбатуға тырысты. Бетінде тыртығы бар, сақал жіберген 30-дар шамасындағы жігіт. Әлгінің түрінен қорыққан қызым одан әрмен аңырап жылады. «Режиссер» жігітке жиіркенішпен қарадым да, «өзім жұбатамын, әрірек барыңызшы» дедім. Содан қызымды тыныштандырып, есімді жиюға тырыстым. Бірден қайын ініме «тез әуежайға кел, бізді алып кет» деп хабарластым. Балаларды алып, ұшаққа отырғызатын жақтан шығып кетпек болдым. Себебі, ғимараттың басқы кіреберісін жауып, ешкімді кіргізбей де, шығармай да жатты, – дейді үш баланың анасы. Оның айтуынша, олар ғимаратты айналып, сырт жағына шыққанша қараңғы түскен. Сол кезде әуежай маңындағы алаңқайдың бірінен қайын інісі тауып, алып кеткен. Артынан Жанар сондағы бүлікшілердің өзара қазақша сөйлескенін және бәрі бірдей сақалды емес екенін еске алды.