Жаңа Қазақстан латифундистерден арыла ма?
Жаңа Қазақстан латифундистерден арыла ма?
© коллаж: Әсел Балтақызы
620
оқылды
Сарапшылар «латифундистік облыстар» деген бейресми рейтинг құрыпты, оған Қа­рағанды, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстары жатады екен. 6 жыл бұрын жерге қатысты толқулар кезінде миллион гектарға ие латифундистердің аты-жөні аталды. Жер реформасы бойынша комиссия жұмысының қорытындысында бір қолға берілетін жер көлемін шектеу ұсынылды. Алайда ол шек тым жоғары болып шықты. Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі тіпті 478 мың гектарға дейін жер иеленуге рұқсат етуді қарастырыпты.

Жер жетпей, ауыл кәсібі құлдырап барады

Әлемдегі 9-шы территорияны иеленген Қазақстанның бүкіл ұлы даласын, тау-тасын, дария-суын қоса алсақ, аумағы 2 млн 724,9 мың шаршы шақырымды құрайды. Бұл – 272 млн 490 мың гектар. Егер оны 200 мың гектардан үлестіріп берсе, бүкіл қазақ жері 1,3 мыңдай ғана аз шоғыр адамның қолында кетпек. Миллионнан үлестірсе, қазақ жері небәрі 272 адамның қолына болады. Ұлт пен ұрпақ болашағына қауіп-қатер төндіретін мұндай кесапатқа, әрине жол беруге болмайды. Мемлекет басшысы осыдан үш жыл бұрын жерді өзі де пайда­лан­байтын, өзгеге де бермейтін жер иеленушілерді «шөп қорыған итке» теңегені мәлім. Ол бос жатқан жа­йылымдық жерлерді тезірек қайта­рып алып, ауыл тұрғындарына бе­руді тапсырды. Бұл жұмыс әлі күнге жалғасып келеді. Алайда 2022 жылғы 8 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент айтқандай, «бұл жерде де Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер көзбояушылыққа жол берген». Министрлік ел бас­шы­­лығына жайылымдық жердің тап­шылығы елде 6,8 миллион гек­тарға немесе 32%-ға азайды деп мә­лімет ұсынған. Бұған «шаруа қо­­­жалықтарымен арада мемо­ран­думға қол қоюдың және елді­ ме­кен­дердің аумағын кеңейтудің арқа­сында мүмкін болыпты-мыс». Ал Бас прокуратураның тексерісі көр­сеткендей, бірқатар өңірде жайы­лымдық жердің тапшылығы сол бойы азаймаған, қайта ушыққан. Ақмола, Атырау және Қостанай облыстарында «ауыл тұрғындарына енді малын фермерлердің жеріне де жаюға рұқсат беріледі» деген жалған меморандум жасалған. Шын мә­нінде, қарапайым халықты ол жақ­қа аяқ бастырмайды. Малын жайса, онысын тартып алады. Кейбір өңірде жүздеген мал ұстайтын ауыл кәсіпкерлерін әкімқаралар жерден айырған. Салдарынан оларға та­бын­дарын, үйірлерін жаппай пы­шаққа жығу ғана қалыпты. Осыдан кейін ауыл шаруашылығы қайдан дамысын? Мысалы, министрлік де­регін­ше, 2021 жылдың 10 айында ауыл шаруашылығы өндірісі 2,3 па­йызға азайып кетті, яғни сала ре­цессияға ұшырап, кері кеткен. Бұған қоса, былтыр Қазақстан соңғы жылдардағы ең аз егінді жинады: қамбаға небәрі 16,4 млн тонна дәнді және дәнді-бұршақ дақылдары құйылған. Ал 2020 жы­лы егіс алқаптарынан 20,06 млн тонна өнім алған болатын, яғни пандемия қатты қысқан алғашқы жылдың өзінен 18,2%-ға құлдырап отыр. 2016 жылғы 23,1 миллион тон­налық рекорд барған сайын алыстап кетті. Содан бері астық көлемі тек құлдырап келеді. Ендеше бар айыпты қуаңшылық пен пан­демияға жабу негізсіз болса керек. Қасым-Жомарт Тоқаев жайы­лым­дық жердің тапшылығы қағаз бетінде ғана азайғанын ашық айт­ты. Тағы бір сорақысы сол, облыс әкімдіктері жергілікті жұртшылық­тың жайылымға деген сұранысын азайтып көрсете бастаған. Үкімет бұған көз жұма қарапты. Мұндай әрекеттер ауыл халқының нара­зылығын өршітпесе, кемітпейтініне Президент де назар аудартты. Сол себепті ол Үкіметке жергілікті әкім­дермен бірлесіп, осы мәселені түбегейлі шешуді жүктеді.

Өнімсіз шоғырлану – ел өмірін өксіту

Президент Қ.Тоқаев биылғы 8 ақпандағы Үкімет отырысында жер­дің бір қолда шоғырлануына жол бермеуді жерді ұтымды пайда­лану бағы­тын­дағы ең маңызды міндет деп бел­гіледі. Оның мәліме­тін­ше, Қазақ­станда жай ғана шо­ғыр­лану емес, «өнімсіз шоғырлану» (непроиз­водительная концентра­ция) деп аталатын қауіпті кесел бе­лең алған. Билікке сөзі өтімді тұлғалар жерді көп қарпып қалды, бірақ онда ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүр­гізбейді, жерді күтіп ұстауға ин­вестиция салмайды. «Бұл тарапта қылмыстық си­паттағы істерді де табуға болады: са­рапшылар айтып жүргендей, кей­бір латифундистер жалған схе­малар арқылы сол жерлерге мол субсидия алып, бір ұтады. Сондай-ақ ол жерлерді жергілікті ауыл кә­сіпкерлеріне, фермерлерге жалға беріп, тағы ұтады. Яғни, үнемі екі жеп, биге шығып отырады. Ал жер­де нақты жұмыс істейтін шаруаға мемлекеттің қамқорлығы мен де­меуқаржысы жетпей жатады. Мұн­дай кесірлі тәжірибелерге тоқтау салған жөн», – дейді экономист-ғалым Марат Ерғозин. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында бірқатар өңірде жер бөліктері ешқандай ғы­лыми негізделген тәсілсіз-ақ мәс­лихат шешімдерімен бекітіле сала­тынын мәлімдеді. Нәтижесінде, Атырау облысында бір қолға – 98 мың, Алматы облысында – 96 мың, ШҚО-да 69 мың гектардан беруге жол ашылған. Қ.Тоқаев бұл лати­фун­дистердің қолында шоғыр­лан­ған шамадан тыс жер көлемін заңдастырып, бекітіп беру талабына ұқсайтынын ескертті. Былайша айтқанда, солардың мүддесі үшін нормативтік база түзіліп жатыр. Бірақ бұл көлем Ауыл шаруа­шылығы министрлігі ұсынған мөл­шерлемелердің қолына су құя ал­май қалады. Мәнісін түсіндіре кет­сек. Жерге қатысты халық тол­қуы­ның басталуына орай 2016 жылғы 11 мамырда Жер реформасы бойынша комиссия құрылып, үш ай жұмыс істеген. Беделді комиссия көпшіліктің көңілінен шыққан шешімдерге қол жеткізді: шетел­діктерге де, қазақстандықтарға да ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға тыйым салуды, ал Қазақстан азаматтарына бір қолға жалға бе­рілетін жер көлемін қатаң шектеуді ұсынды. Бұл ұсынымдар Жер ко­дек­сіне және ұлттық заңнамаға енгізілді. Алайда Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің түсіндіруінше, сол аса маңызды заңнамалық түзетулер өмірге жол­дама алуы үшін қажетті норматив­тік-құқықтық актілерді ведомство сол бойы қабылдамапты. Осыған орай министрлік тиісті Үкімет қау­лысы­ның жобасын әзірлеп, оны 2022 жылғы 4 қаңтарға дейін қо­ғам­дық талқылауға шығарды. Бұл құ­жат НҚА түрінде тетігі түзілмей, іске қосыла алмаған заңдарды – 2018 жылғы 4 мамырдағы «Кейбір заң­на­малық актілерге жер қатынас­та­рын реттеу мәселелері бойынша өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу ту­ралы», сондай-ақ 2021 жылғы 30 маусымдағы «Кейбір заңнамалық актілерге жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң­дарды іске асыру үшін қажет кө­рінеді. Сонымен бірге құжат шаруа немесе фермер қожалығын жүргі­зетін Қазақстанның 1 азаматында және ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізетін, шетелдіктердің үлесі жоқ отандық 1 жекеменшік компа­ния-кәсіпорынның иелігінде қан­ша көлемде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер арендада бола алатынын межелеп, лимитін бекітеді.

Латифундистердің шашбауын көтерген бе?

Ол жоба сарапшылардың да, қарапайым қазақстандықтардың да қатаң сынына ұшырады. Негізсіз емес еді. Мәселен, оған сәйкес, 1 жеке тұлғаға Атырау облысында – 98 325 гектар, Алматы облысын­да – 95 760 гектар, Қарағанды об­лы­­сында – 82 783 гектар, ШҚО-да – 69 400 гектар, Павлодар облысын­да – 49 826 гектар, Жамбыл об­лы­сында – 40 мың гектар, СҚО-да – 28 405 гектар, Ақтөбе облысында – 26 498 гектар, Түркістан облысын­да – 21 635 гектар, БҚО-да – 18 377 гектар, Қызылорда облысында – 10 мың гектар, Қостанай облы­сын­­да – 9 350 гектар, Маңғыстау облысында – 7,5-9 мың гектар, Ақмола об­лы­сында 5 200 гектарға дейін жер ие­ле­нуге рұқсат етілмек. Бұл – әр облыс үшін ұсынылған ең жоғарғы шек, соның ішінде об­лыс­тың әр ауданында бұл шек әртүрлі құбылады. Мұның сыртында қаулы жоба­сында шетелдік қатысуы жоқ 1 заңды тұлғаның, яғни компания, фирма, кәсіпорынның қолында шоғырлануы мүмкін жер телімінің жалпы көлемі де көрсетілді. Ол жер лимиті Алматы облысында – 478 804 гектарға дейін (Алакөл ауда­нында), Қарағанды облысында – 388 611 гектар (Ұлытау), Атырау облысында – 203 150 гектар (Жы­лыой), Ақтөбе облысында – 132 492 гектар (Байғанин), Түркістан облысында – 108 115 гектар (Со­зақ), ШҚО-да – 96 700 гектар (Абай ауданы). Өзге өңірлерде 80 мың гектардан аспайды: 78-60 мың гектар аралығында. Атап өтер жайт, бұл тек «1 әкiм­шiлiк ауданның, қаланың шегіндегі шекті, ең жоғарғы мөлшерлері» ғана. Ендеше құжат қабылданғанда, латифундистер әртүрлі облыстың, іргелес жатқан аудандардың әрқай­сысынан жүздеген мың гектар жерді астына басуы мүмкін еді. Енді Президенттің пәрменіне орай арнайы жұмыс тобы басқа шек-лимиттер белгілейтін болады.

Әлем латифундистері бізге үлгі

Жалпы, жұмыс тобы ауыл кәсі­бі­мен айналысамын деушілерге үл­кен жер кесіп беруге келісуі ғажап емес. – Түсіндіре кетейін: мемлекет үлкен жер учаскелеріне қарсы емес. Бұл жақсы, себебі экономикалық айналымға бірден көп жер тарты­лады, «масштаб эффектісі» іске қо­сылады, бәсекеге қабілеттілік жо­ғарылайды. Бірақ мол жер иеле­ріне қойылатын талап-міндетте­мелер де қатаң болуы тиіс, олар сол жерді іс жүзінде пайдаланбағаны үшін жауапкершілік арқалауы шарт. Сондықтан Үкіметке жұмыс тобын құрып, оған сарапшыларды және ғылыми институттарды жұмыл­дыруды тапсырамын. Жұмыс тобы жер телімдерінің шекті мөлшер­лерін анықтауы керек және олар 2022 жылғы 1 мамырға дейін бекіті­луі қажет! – деді Үкіметтің кеңей­тілген отырысында Қ.Тоқаев. Latifundist.com порталының дерегінше, әлемде өте көп жер ие­ленген жаһандық агроалпауыттар бар. Олар жер активтері үшін ғалам­шарда өзара «қырғын» шайқас жүр­гізіп жатыр. Өйткені ұдайы қы­зуы көтеріліп, құрғақшылыққа бе­йім болып бара жатқан Жер ша­рында қолжетімді құнарлы жерлер жыл өткен сайын азаю үстінде. Бірақ бұл алыптар өз еліне игілік әкеліп отыр. Мысалы, Қытайдың аса ірі өсімдік егуші агрохолдингі Beidahuang Group дүниежүзінде 5,4 млн гектар жерімен 1-орында тұр. Жерінің көбі, әрине Қытайда. Шың елін асырау және экспортқа өнім шығару үшін компания 2011 жылдан бері соя егуге дүниенің төрт бұрышынан жер іздеуге кірісті. 1,5 млрд доллар инвестиция құйып, дефолт жағдайындағы Аргенти­надан 234 мың жерді арендаға алды. Кейін тағы 320 мың гектар жерді сатып алды. Ал әлемдегі төртінші ірі агро­холдинг аргентиналық El Tejar 1 мил­­лион гектар жерге ие, ол негі­зінен Бразилиядағы жерлерді сатып алып жатыр. Дегенмен деградация­ға ұшыраған жерлерді қалпына кел­тірумен де айналысады екен. Бір Ма­ту-Гросу штатында ғана 5 млн гектар азған жер болыпты, ол егіс­тік үшін жарамды күйге кел­тіріліп жатыр. Latifundist.com дерегінше, әлем­дегі ірі латифундиялар қата­рына 2015 жылдары отандық «Қаз­ЭкспортАстық» (3-орында, 1 млн гектар) және Василий Рози­нов­тың «Иволга-Холдингі» (1,5 млн гектар) да кірген. 2020 жылғы 2 наурызда сот В.Розиновты айыпты деп та­нып, 2,6 жылға бас бостандығын шек­теді. Еуразиялық даму банкі өзі­нен ондаған миллион доллар не­сие алып, қайтармаған бұл агро­хол­дингтің алаяқтық істе­ріне ша­ғым­данып, сотқа жүгінген болатын. The Land Report хабарлағандай, атақты миллиардер Билл Гейтс АҚШ-тағы ең ірі жер иеленуші­лер­дің біріне айналды. Ол Американың 18 штатында 110 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлерін сатып алған. Онда ол жүгері, күріш, соя және картоп егеді. Сарапшылардың пайымдауынша, қазірдің өзінде азық-түлік стратегиялық, өмірлік маңызды ресурсқа айналды: дүние­жүзінде адам саны артып, қазақша айтқанда, жейтін ауыз көбейіп жатыр. Демек, ауыл шаруашылығы өніміне сұраныс тек арта береді. Еске сала кетсек, Президенттің бастамасымен Қазақстанда шетел­діктерге жер сатылмайды, жалға да берілмейді. Егер шетелдік инвес­тор­лар Ұлы дала жерінен қандай да бір дақыл алғысы келсе, оған жергілікті аграршыларға тапсырыс беруі, солар егуі шарт. Бірақ «Жаңа Қазақстанның» Үкіметіне құнды ресурсты рәсуалай бермей, оны ұтымды жұмсауға үйренуге тура келеді. Бұл жолдағы бастапқы әрі бас­ты қадам өнімсіз латифундис­тер­ден арылу болмақ.