Төртаяқтының өз Тәңірі бар
Төртаяқтының өз Тәңірі бар
330
оқылды
Қазақ итті жеті қазынаның қатарына қосқан. Адамның күнделікті өмірде итті қажетсіну мәселесі күн тәр­тібіне қойылғанда төртаяқтыға көрсетілер құрмет те, обал-сауап та ке­йінгі орынға сырғыды. Керісін­ше, бұқара биліктен көше кез­ген қаңғыбас иттердің көзін жоюды талап ете бастады. Ал ортақ тәртіп пен арнаулы заңның болмауы бұл істегі «бармақ басты, көз қыстыға» жол ашқан.

«Қанды» күреске – қыруар қаражат

Өткен аптада әлеуметтік желіде қызу талқыланған Тараздағы Пер­сик атты иттің өлімі біздің елдегі қаң­ғыбас жануарлармен күрестің күң­гей тұсын әшкереледі. Вете­ри­нар­лық қызмет өкілдерінің төрт­аяқ­тыны аяусыз өлтіруі жануарлар­дың құқы­ғы дегенде өре түрегеле­тін қоғам белсен­ді­лерінен бұрын тір­шілік атаулының обал-сауабын ой­лайтын көпшілікті де бейжай қал­дырмады. Ең қызығы, біздегі бұл бағыттағы жұмыстың түпкі мә­ні мей­лінше көп жануарды өл­ті­руге бағытталған сияқты. Сон­дықтан да болса керек, көше кез­ген иттер мен мысықтарға қарсы «май­дан» ашқандар өз мақсатына жету үшін кез келген әдіс-тәсілді қолдана бе­реді. Демек, мұнда әлгі әдіс-тәсіл­дер­дің іске татымды­лығы мен қаң­­ғыбас жануардың құқығын қорғай­тын заң нормалары назар­дан ты­с қалады. Қаңғыбас жануар­лардың көзін түбегейлі жоюға кі­ріскендерге өз құрбан­дарын кө­шеде, қоғамдық орында, тіпті үй­дің ауласында ұстап алып, аяусыз өлтіре салу түкке тұрмайды. Тіпті, қолға түскен «ол­жа­ның» қаңғыбас немесе үй жа­нуары екеніне көз жеткізуге де еш­кім бас қаты­рып жатқан жоқ. Алай­да бұл күреске қар­жы қазы­надан бөлінетінін ес­керсек, оның мақсатты һәм тиімді жұмсалғаны жөн. Орталық комму­никациялар қызметінде өткен брифингте Ор­ман шаруашылығы және жануар­лар дүниесі комитеті төраға­сының орынбасары Данияр Тұрғамбаев жергілікті әкімдіктер қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауға 150 миллион теңгеге дейін қаржы қарас­тырып келгенін айтқан. Бұл деге­ніңіз – республика бойынша 1 мил­лиард теңгеге жуық қаражат қаң­ғыбас жануарлармен аяусыз кү­реске жұмсалып келгенін көрсетеді. Десе де, оның нәтижесі көңіл көншітпейді.

Заң бар, тәртіп жоқ

«Inucobo жануарларды қорғау қауым­дастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің жетекшісі Лилия Сәрсенова иесіз жануар­ларды бейберекет жою оңтайлы әдіс емес екенін айтады. – Осы уақытқа дейін Қазақ­станда қаңғыбас жануарлардың көзін жою әдісі қолданылып келді. Одан көше кезетін төртаяқты­лар­дың саны азаймады. Есесіне тиім­сіз әдіске жұмсалған бюджет қар­жысы желге ұшты. Жалпы, әлем елдері бұл мәсе­лені ізгі әрі тиімді жолмен шешуге көшкен. Атап айтқанда, қаңғыбас жануарларға екпе салып, залал­сыз­дандырып, өз «ортасына» қай­та жіберу тәжірибесі қолданыла­ды, – дейді Лилия Сәрсенова. Шынында, қаңғыбас иттермен күресте дәл қазіргі сәтте бізге жетпей тұрғаны осы ізгі (гуманды) тәсілдер болып тұр. Әйтпесе, кө­шеде жүрген «кезбелерді» ныса­на­сына алатындар Конституциядан бастап, Азаматтық кодекс, «Вете­ринария туралы» заң сияқты құ­қық­тық құжаттардағы талаптарды аяққа таптап жүр. – Қаңғыбас жануарлармен кү­ресудің ережесін әр облыс өз қа­лауынша түзген. Бірақ олар жа­нуар­лар құқығын қорғау жайында айтылған заңнамаларға қарсы келеді. Мәселен, кей ережеге сай қаңғыбас жануарлардың көзін 3 күн ішінде жоюға болады делінген. Алайда ол ережеде қаңғыбас жа­нуар ұғымы нақтыланбаған. Ал Аза­маттық кодекстің 124-бабына сай көшеден табылған немесе ау­ланған үй жануарын иесіне қай­­тарып беру керек. Заңға сай, оның иесін 2 айға дейін іздеуде бола­ды, – дейді Л.Сәрсенова. Ал бізде 2 ай тұрмақ көзге түс­кен жа­нуар­ды сол сәтте аяусыз өл­­тіріп кету фактісі азаймай тұр. «Inucobo жануарларды қорғау қа­уымдастығы» заңды тұлғалар бір­лестігінің жетекшісі Тараздағы Пер­сиктен бөлек жыл басынан бері вете­ри­нар­лық қызмет өкілдері асыранды иттерді өлтірген бірнеше фактісін мысал етті. Мә­селен, Шығыс Қазақстан, Қа­ра­ғанды, Қостанай облыстарында жеке үйдің аула­сында, тұмылдырық кигізілген төбет­тер­дің де қаны тө­гілген. Мұндағы екі жағ­дайда қо­жайындары өз иттерінің асыл­тұ­қымды екенін құжатпен дәлелдеп, қас­көйлердің үстінен қылмыстық іс қозға­тыпты. Бұл көпшілікке, қоғамдық ұйым өкілдеріне белгілі болғандары ғана. Жоғарыда келтірілген фактілер қаң­ғыбас жануарларды күресумен айналы­сатын ұйымдардың санға басымдық бе­ретінін айғақтайды. Сондықтан көзге түс­кен ит-мы­сық­тың иесі бар-жоғы рас­тал­­май, құрбандыққа шалынып кете ба­рады. Иесіз екені дәлелденгеннің өзінде тір­шілік иесіне аяусыздық танытып, көп­тің көзінше өлтіре­тіндердің әрекетін ақ­тауға бол­майды. Бұл орайда мамандар қаң­ғыбас жануарларды аулаудың бас­ты шарты оларға зақым кел­тір­меу екенін алға тартады. – Негізінен, қаңғыбас иттердің 90 па­йы­зын арнаулы құрал-жаб­дықсыз-ақ ау­лау­ға болады. Ал бізде аулау кезінде рұқсат етілмеген түрлі құрал қолданып жатады. Өзіміз қамқорлыққа алатын ит­терді қолға түсіруде мейлінше олар­ға ешқандай құралсыз жа­қындап, асықпай аулаймыз, – дей­ді «Я живой» қоғамдық қорының құ­рылтайшысы Елизавета Ли­писей. Иесіз жануарларға қамқорлық жасауға үндеп келе жатқан маман «Жануарларға жауапкершілікке қарау туралы» заңның күшіне енуі салаға серпін әкелетініне сенімді. Оның бұл ойын әріптесі, «Inucobo жануарларды қорғау қауым­дас­тығы» заңды тұлғалар бірлестігінің жетекшісі Лилия Сәрсенова да құптайды. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетін­де­гілердің мәліметінше, 2 наурызда күшіне енетін заңда қаңғыбас жануарлармен күресудің барлық алгоритмі толық жазылған. Мәсе­лен, заңның 24-ба­бына сай жа­нуарларды аулауда олар зиян кел­тірмейтін тәсілдер мен құралдарды қолдану рұқсат етілген. Ал олардың көзін жою қажеттілігі туындағанда өлім алдын­дағы азапты болғыз­байтын әдістерге иек арту құпта­лады. Бір сөзбен айтқанда, қаң­ғы­бас жануарлардың көзін жоюда мейлін­ше ізгілікке негізделген әдіс-тәсілдер кә­деге жарағалы тұр. Бастысы, сол қағиданы бұл күреске жұмылдырылған мамандар қатаң сақтаса болғаны.

Тиімді тәжірибелер

Жалпы, әлем елдерінде де қаң­ғыбас жануарлармен күрестің кей­бір әдіс-тәсілі еріксіз ойландырады. Атап айтқанда, Дүниежүзілік жа­нуарларды қорғау қоғамы ауланған жануардың иесі табылмаса, белгілі бір уақыттан соң оны құрбандыққа шалуды құптайды. Олар сол арқы­лы иесіз жануарды үйреншікті ор­тасына түсіп, өмір үшін күрес ке­зіндегі аяусыз өлімнен сақтай­ты­нына сенімді. Әлем елдерінің тәжірибесінде қаңғы­бас жануарлармен күрестегі Чехияның әдісі ең оңтайлы сана­лады. Бұл елде иесіз қалған жа­нуар­ды көргендер полиция шақы­рады. Тәртіп сақшылары төртаяқ­ты­ның чипі немесе денесіндегі өз­ге белгілер арқылы иесін іздеуге кіріседі. Егер әлгі жа­нуардың иесі табылмаса, оған полиция­ның сай­тына суретін жариялау арқылы жа­­ңа қожайын іздестіріледі. Неме­се ол өмі­рінің соңына дейін қаң­ғы­бас жануар­ларға арналған меке­менің қамқор­лығына өтеді. Нидерланд қазір әлемдегі қаң­ғыбас жануары жоқ жалғыз ел. Бұл атаққа ел билігі жа­нуар­ларға құ­қықтық мәртебе беру, оларды асы­рауға түрлі салық салу арқылы қол жеткізген. Мұнда үй жануар­ла­ры­на қатыгездік таныт­қан­дар қатаң жазаға тартылады. Сол секілді Люксембургте үй жануарын аяусыз қинағандар 227 мың доллар айып­пұл төлейді. Ита­лияда үй жануарын көше­ге қуған­дар 1 жыл шартты жазаға тартылуы мүмкін. Үй жануарынан бас тарт­қандарға Германияда 25 мың еуро, Аустрияда 15 мың долларға дейін айыппұл салынады. Швеция мен Норвегия, Герма­ния, Қы­тай сияқты елдердің тә­жірибесінде ке­рісін­ше үй жануа­рын асыруға ниеттенген­дерге са­лық салу тәртібі қарастырылған. Ірі көлемдегі салық төлеу арқылы аталған елдің азаматтары өз «ниеті­нің» дұрыстығын дәлелдейді. Са­лық көлемі иттің дене тұр­қына байланысты әртүрлі болып келеді. Осы орайда бізге де қаңғыбас, иесіз иттерге қамқорлықпен, ізгі­лікпен қарау­дың құқықтық тетігін қарастырмай бол­май­ды. Ал бұл істегі «Жануарларға жауап­кер­­ші­лікпен қарау туралы» заңның қау­қары уақыт өте дәлелденер.