Шексіз қаланың шетсіз мәселесі бар
Шексіз қаланың шетсіз мәселесі бар
394
оқылды
Үлкен қаланың проблемасы да үлкен болатыны белгілі. Бейресми статистика бойынша, 3 млн-ға жуық халық мекен ететін Алматы сияқты мегаполистің шешіл­меген мәселесі де шаш етектен. Мұны бұқарадан қар­ша борап жататын шағымдар мен ұсыныстардан бай­қауға болады. Әсіресе, жаңадан қосылған екі ауданның арыз-шағымынан аяқ алып жүре алмайсыз. Қалаға жаңадан қосылған Наурызбай, Алатау аудан­дарындағы ауызсу, аурухана, жол сапасына қатысты сұрақтар жиі туындап жатады.

150 мың тұрғын таза ауызсуға зәру

Алматыдағы Наурызбай ауда­нының Ақжар, Шұғыла, Тасты­бұ­лақ, Таужолы, Жайлау, Қарғалы, Құ­рамыс, Таусамалы шағынаудан­дарының тұрғындары таза ауызсуға мұқтаж екенін айтып келе жат­қа­нына жылдар болды. Бұл ауылдарда тұратын шамамен 150 мың тұрғын ішетін таза суды күнделікті сатып алуға мәжбүр. Осы мәселе бұрынғы әкім Ба­қытжан Сағынтаевтың да алдынан бірнеше рет шыққан болатын. Сол кезде Сағынтаев осы ауылдарға ір­гелес орналасқан «Қарғалы» сүзгі стансасының құрылысы бастал­ға­нын, ол 2021 жылдың аяғына де­йін пайдалануға берілетінін айт­қан еді. Оның айтуынша, аталған станса біткен кезде аудандағы Қарағайлы, Қарғалы, Тастыбұлақ, Құрамыс ауыл­дарының 40 мыңнан астам тұр­ғынын сумен қамтамасыз етуі керек-тін. Алайда 2021 жыл аяқ­талғанымен, аталған сүзгі стан­сасының жұмысы аяқталған жоқ. Сәйкесінше, жергілікті халық таза суды күтумен күн кешіп жатыр.

Сағынтаевтан қалған мәселені Досаев шеше ала ма?

Жақында ғана қала әкімі болып тағайындалған Ерболат Досаев Наурызбай ауданын аралап көрді. Жаңа әкімнің алдынан да экс-әкімнен қалған аудандағы қорда­ланған мәселелер көлденең шыға келді. Досаев Қарғалыдағы су сүзу стансасының жұмысы осы жылдың шілде айына дейін бітетінін айтып, жергілікті тұрғындарды сендіріп кетті. Ол сондай-ақ жаңа ауданда жалпы ұзындығы 149,6 шақырым су құбыры және 74,8 шақырым кәріз желілерін тарту бойынша жұ­мыстар жүргізіліп жатқанын жет­кізді. Әкім өзі айтқан жұмыстар то­лық аяқталғаннан кейін аудан­ның жоғарыда айтқан 150 мың тұрғыны ауызсумен толық қамта­ма­сыз етілетін болады деп қуантты. Мегаполистің бұрынғы бас­шы­сы тұсында неше рет айтылға­нымен, шешімі табылмай келе жат­қан сұрақтың бірі – Қара­ғайлы шағынауданы мен көршілес Құ­рамыс шағынаудандарындағы емхана мәселесі еді. Басы ауырып, балтыры сыздаған тұрғындар әлі күнге дейін апатты жағдайдағы дәрігерлік амбулаторияның көме­гіне жүгінуге мәжбүр. Нысан сейс­микалық қауіпті болғандықтан, 2018 жылы пайдалануға жарамсыз деп танылған болатын. Енді Ерболат Досаевтың ұсы­ны­сымен амбулатория орнына «Әлеу­меттік қызметтер үйі» жоба­сы үлгісінде көпбалалы аналар үшін әлеуметтік нысан салынбақ екен. «Бұдан кейін тұрғындар осы апаттық жағдайда тұрған емдеу орнына да зар болып қалмай ма?» деген заңды сұрақ туындайды. Жауапты шенеуніктердің ай­туынша, түйткілді шешу үшін көр­шілес Құрамыс шағынауданындағы мемлекеттік меншіктегі 6 гектар жерге жаңа емхана мен балабақша салу үшін жобалық-сметалық құ­жат әзірленген. Алайда айтылған емхана мен балабақшаның құры­лысы нақты қашан басталып, қа­шан аяқталатыны туралы мәлімет әзірге жоқ.

Күресінге толы көшелер

Алматыны ары қарай дамыту мақсатында жаңадан қосылған екін­ші аудан ол – Алатау ауданы. Бұл ауданда да қала белсенділері мен тұрғындардың мазасын алған мәселелер жетерлік. Ең бірінші мәселе, сапасыз жолдар мен сын көтермейтін коммуникация. Сонымен қатар дәл Наурызбай ауданындағыдай су мен кәріз жү­йе­сі мәселесі де бұл ауданда өткір тұр. Жер­гілікті халық 14-аумақ деп атап кет­кен шағынаудандағы инженер­лік желілер құрылысы да сын кө­тер­мейді. Мәселені шешу мақса­тында басталған бірнеше нысан аяқсыз қалып қойған. Бүгінде мұн­да 2 460 жекеменшік үй орна­ласқан. Ол үйлерде 21 800 адам тұрады. Жергілікті тұрғындар 2017 жылы басталған сумен жаб­дықтау және кәріз бойынша жұ­мыс­тардың аяқталуын күтіп жүр. Осы құры­лыспен айналысуға мер­ді­гер ре­тінде «Керегетас» ЖШС ко­мпа­ниясы танылған. Міндет­телген жұмыс сағызша созылып кеткен­нен кейін жергілікті халық ана бір жылдары осы компаниямен сот алдына дейін барған. Сот аталған ЖШС-ны жауапсыздық танытты деп шешім шығарған. Алайда басталғанына бес жыл болса да, тартылған су жүйесі мен керілген кәріз тағы жоқ. Бұл мә­селе де аудан тұрғындарының ти­тығына тиіп отыр. Айтпақшы, осы шағынау­дан­д­а әлі күнге түзу жол жоқ. Ше­неуніктердің айтуынша, жоғарыда аталған жұмыстар толық аяқтал­майынша, жол жабынын қалпына келтіру мүмкін емес кө­рі­неді. Олар­дың уәжіне сенсек, қо­­сымша артық шығын шығып кетеді. Алатау ауданында «Шаңырақ-1 шағынауданындағы Махамбет Өте­місұлы атындағы көшені жөн­деп беріңдерші», – деп жергілікті тұрғындар зарлап жүргеніне де біраз уақыт болды. Ауданның кейбір көшелерінде қарапайым көше жарықтары да тартылмаған. Тартылғандарының өзі тастай қараңғы. Тұрғындардың айтуынша, бағананың басында селтиіп тұрған шамдардың біреуі де ақшамнан кейін жан­байды. Жауапты тұлғалардың сөзінше, қала әкімінің аталған аудандарды аралап, танысу кезінде биыл Өте­місов көшесіне орташа жөндеу жүргізу туралы шешім қабылданған көрінеді. Сондай-ақ шағынау­дан­ды сумен жабдықтау және кәріз желілерімен толық қамту үшін қа­ла әкімі жобалық-сметалық құ­жаттаманы дайындауды және ин­женерлік желілер құрылысын 2022 жылы аяқтауды қаржыландыруды қамтамасыз етуді тапсырған көрінеді. «Бұл мәселені әкімдер әр кел­ген сайын айта-айта шаршадық. Өткен аптада жаңа әкім де келіп уәде беріп кетті. Бірақ кім біледі. Бұған дейін де талай шенеунік пен депутат та айтып кетті ғой. Шеш­кен бірі де жоқ. «Баяғы жартас – сол жартастың» күйін кешуде­міз», – дейді Қабылқаят есімді қария.

«Зерделіде» зәреңді ұшыратын үйлер бар

Ана бір жылдары осы Алатау ауданында орналасқан Зерделі шағынауданында пайдалануға беріліп қойған көпқабатты тұрғын үйлердің іргетасы қозғалып, тұр­ғындардың бір зәресін ұшырғаны елдің есінде болар. Дәлірек айт­қанда, тұрғын үй іргетасы қисайып қалған. Содан бері бірнеше жыл өтсе де, бұл мәселе түбегейлі ше­шілмеген. Сол кездегі қала басшы­лығы іргетасы сыр берген үйлерді қайта нығайту үшін шұғыл шара қолданып жатырмыз деп айтқан еді. Алайда әкімдіктің шұғылы шын мәнінде «шұғыл» болмаған сыңайлы. Себебі дәл қазір «Зер­деліде» дәл осындай қауіпті көпқа­батты 9 үй бар. Ол үйлерде тұр­ғындар атар таң мен батар күнді бір құдайға сыйынып күн кешуде. Алматының сейсмикалық қауіп­тілігі жоғары шаһар екенін ескер­сек, бұл мәселе жуық арада ше­шімін таппаса, әлі де зәрені ұшы­руы бек мүмкін екені айтпаса да түсінікті. Мегаполистің атқамінер­лерінің сөзіне сенсек, қала әкімі Ерболат Досаев дәл осы мәселені жақын арада біржола шешу үшін аудан әкімі Азамат Қалдыбеков пен жауапты басқармаларға нақты тапсырма берген көрінеді. Қазақта «үлкен отауға не қажет болса, кіші отауға да сол керек» де­ген сөз бар. Сол сияқты Алматы­ға іргелесе қосылған екі ауданның мәселесі қалған алты ауданмен бір­дей деңгейде шешілуі тиіс екені тү­сінікті. Бұл – қаланың эконо­ми­касымен бірге инфрақұрылымы­ның біртұтас дамуына тікелей қа­тысты шаруа. Осы орайда осы­дан екі жылдай бұрын қабылданған «Шетсіз қала» бағдарламасы ая­сында атқарылуы тиіс біраз шаруа тоқтап тұрған сыңайлы. Әйтпесе, аталған бағдарлама ел аузында әжуа­ға ілініп, «Шексіз дала» бағ­дар­ла­масы атанып кетуі де ғажап емес.

Алматы