Соттың құзыреті қандай болмақ?
Соттың құзыреті қандай болмақ?
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
769
оқылды
Қазақ елінде жүріп жатқан саяси, әлеуметтік және эконо­микалық жаңғырулар жаңа сот жүйесінің қалыптасуына ық­пал етті. Биліктің бұл тармағы түбегейлі реформаларды бас­тан өткеріп жатыр. Келесі 2023 жылы Жоғарғы Сот кейбір құзырынан айырылуы мүмкін. Сонымен бірге бұрын­нан біте қабысқан, ым-жымы бір судьялар қатарына заңгер­лер, адвокаттар, құқықтану­шы­лар және басқа мамандар араласып жатыр. Енді би болу үшін судья өтілінің болуы да қажет емес. Салада қандай өзгерістер жүруде, тағы не күтіледі?

Жаңа соттың жаңалығы неде?

«Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін өткен жиындарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесі тұйық судай тоқтап қал­майтынын, терең өзгеріске түсеті­нін білдірді. Мысалы, 1 ақпан­дағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңес­те ел Президенті соттардың сапалы қызмет атқаруы үшін нақты шара­лар қабылданып жатқанын жет­кіз­ді. Жаңа Қазақстанда «талап­қа сай келмейтін судьяларға орын бол­мауы тиіс». Кейінгі 3 жылда ғана 174 судья жұмыстан қуылды немесе лауазымы төмендетілді. Бұл – осы­ған дейінгі 10 жылдағы көрсеткіш­тен 3 еседей көп! Мұның сыртында сот жүйесіне халық пен бизнестің сенімін арт­тыру үшін ол «бөлшектелуде». Был­тырғы шілде айынан Қазақстан тарихында тұңғыш рет «әкімшілік әділет жүйесі» іске қосылды. Өйт­кені 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап жаңа Әкімшілік рәсімдік-про­цестік кодекс күшіне енген бо­­ла­тын. Кодекстің негізгі міндеті – аза­­маттарды, бизнесті әкімшілік органдардың заңсыз әрекеттерінен қорғау. Өзге соттардан айырмашы­лығы сол жаңа «мамандандырыл­ған ауданаралық әкімшілік соттар­да» тараптар ретінде бір жақтан жеке тұлға немесе компания, ал екінші жақтан меморган немесе ше­неунік шығады. Басқаша айт­қанда, мұнда азаматтар не компа­ния­лар бір-бірімен соттаспайды, әкімшілік соттар құзырлы органдар қозғаған қылмыстық істерді қара­майды. Олардың бар күш-жігері тек билік өкілдерінің әрекеті мен әрекет­сіздігінен зардап шеккен­дерге кө­мек­тесуге, шенеуніктердің заңсыз шешімдерін жоюға, сөйтіп әділдікті қалпына келтіруге шоғыр­ланады. «Бұл – өте маңызды іс. Себебі Қазақстан азаматтары да, кәсіпкер­лер де меморгандармен, сондай-ақ билік пен құзырға ие лауазым ие­лерімен күн сайын түрлі салада қарым-қатынасқа түседі. Оның соңы дау-шарға ұласып та жатады. Енді әкімшілік органдардың құзыр-өкілеттігін жүзеге асырумен байланысты барлық дауды жаңадан құрылып отырған мамандан­ды­рыл­ған соттар қарайды. Билік өкіл­дерінің әрекетіне не әрекетсіздігіне наразы кез келген адам өз құқығын қорғау үшін жаңа әкімшілік сот­тарға жүгіне алады», – деді елорда­ның мамандандырылған ауданара­лық әкімшілік сотының судьясы Жанар Дүйсенова. Қазір елде осындай 21 әкімшілік сот құрылды. Оларда 165 судья жұмыс істейді. Оның сот корпусы мұқият іріктеліп, біразы шетелде тағылымдамадан өткен. Шілдеде құрылған әкімшілік соттарға жарты жылдың ішінде 14 мыңнан астам талап-арыз түсіпті. Бұрын мұндай істердің 85%-ы меморгандардың пайдасына шешілетін. Содан кәсіпкерлер шенділердің ісін көре тұрып, әділет іздеуге тіпті талпын­байтын, одан нәтиже шығарамын деп үміттенбейтін. Ал қазір істердің тең жартысында сотқа арыздану­шы­лар жеңіп шыққан: шешім­дердің 48%-ы талапкерлердің пай­дасына шешілді. Тағы 2 мыңнан астам талап-арыз кері қайтарып алынған, 1,5 мың іс бойынша та­рап­тар татуласқан. Осылайша, соттар 7 мыңнан астам азамат пен бизнес субъектілерінің мүддесін қорғады. Президент айтқандай, жаңа соттың енгізілуі нәтижесінде ме­мап­параттың азаматтармен жұмыс істеу жүйесі түбегейлі өзгереді. Бұл маңызды реформаның табысты болуы соттардың кәсібилігіне тікелей байланысты. «Егер соттар жергілікті орган­дағы шенеуніктің мәселені ушық­тырғанын, адамдардың одан қа­шып сотқа жүгінгенін көрсе, онда оның басшылығымен жұмыс іс­тейтін болады. Шенеуніктердің өзара ұқсас қателіктерін соттар жергілікті және орталық меморган­дардың назарына жеткізеді», – дейді Жоғарғы Соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Аслан Түкиев.

Жоғарғы Сот АХҚО-мен құзыр бөліспек

Ұлттық экономика министр­лігінің байламынша, отандық соттарға инвесторлар да сенбейді. Олар да мемлекетпен тартыста сот­тар заңның емес, биліктің жағына шығады деп ойлайды. «Инвесторлар сол бұрынғыдай қазақстандық соттардың толық тәуелсіз емес екеніне алаңдайды. Олар сондай-ақ өз пайдаларына шешілген сот шешімдерінің толық­қанды орындалатынына сенбейді. Сондықтан Қазақстанда инвестор­лармен байланысты дауларды ше­шу кезінде заң үстемдігінің халық­аралық стандарттарын қамтамасыз етуге деген зәрулік бұрынғысынша сақталып отыр», – деп түсіндірді экономика ведомствосы. Бұл – «сенбесе қойсын!» деп қол сілтей салатын жағдай емес. Ұлттық экономика министрлігінің тұжырымдауынша, осы жағдай – республикаға инвестиция тартуға тежеу болған факторлардың бірі. Осыған орай инвесторларды тарту, сүйемелдеу және қолдау бойынша институционалдық те­тіктерді ары қарай жетілдіру жұ­мыс­тары жүргізіліп жатыр. Соның аясында 2023 жылы халықаралық сипаттағы ірі инвестициялық және коммерциялық даулар бойынша істерді Жоғарғы Соттың құзыры­нан толық алып қойып, АХҚО сотына және оның Халықаралық арбитраж орталығына тапсыру ұсынылып отыр. 2022 жылғы 21 қаңтарда отан­дық ірі бизнес өкілдерімен кез­дескен Президент Қ.Тоқаев «Жаңа экономикалық бағыттың» негізін қалайтын басты бір қағидат ин­вестициялық климат болатынын мәлімдеді. Ал оның тағы бір ұс­тыны жекеменшікке қол сұқпау болмақ. Бұған ашық әрі әділ сот кепіл болуы тиіс. – Сот жүйесін жаңғырту – ма­ңыз­ды мәселе. Біз тиісті шара­ларды, соның ішінде заңнамалық тұрғыдағы шараларды қабылдадық. Соттарға құқықтың әртүрлі сала­сынан, оның ішінде корпоративтік сектордан жаңа мамандар тарты­лып жатыр. Сот ісіне мықты кор­поративтік заңгерлер мен адвокат­тардың тартылуы, әсіресе өңірлер­де инвесторлар мен бизнесмендер­дің мүдделерін сапалы қорғауды қам­­тамасыз етеді, – деген Мем­лекет басшысы Жоғарғы Сот кеңесі мен Жоғарғы Сот алдына судьялар корпусын жаңарту жұмысын бел­сенді жүргізу міндетін қойды. Мысалы, өткен жылдың өзінде сот жүйесіне бұрын судья болып жұмыс істемеген адамдардың үлкен тобы келіп қосылды. Атап кетсек, былтырғы қарашада Жоғарғы Сот судьясы болып кәсіби аудитор, заңгер, экономист, бұған дейін Қар­жы министрлігінің Ішкі мемле­кеттік бақылау комитетінің төра­ғасы болған Берік Нәжмиденов сайланды. Сондай-ақ құқықтану­шы, инвестор, қоғам қайраткері Герман Нұрбаев, Дүниежүзілік банк, PwC секілді халықаралық ұйымдарда істеген заңгер, салықшы Дана Тоқмырзина, квазимемле­кеттік секторда басшылық қыз­меттер атқарған, заңгер Ербол Өмірәлиев және басқасы Жоғарғы Сот судьялары атанды. Сот жүйе­сіне Бас прокуратурадан да біраз маман келіпті. Ел басшылығы судьялар «қарға қарғаның көзін шұқымайды» қағи­датымен жұмыс істейтін жабық кастаға айналып кетпеуі тиіс деп шарт қойды. Тек соңғы 5 жылдың ішінде коррупциялық қылмыстары үшін Фемиданың 17 өкілі жауапқа тартылыпты. Құтылып кеткені қан­шама?! Сот қазылары алқасы­ның шешімімен 29 судья теріс іс-әрекеті үшін қызметінен босатыл­ған. Жалпы, судьялардың қатарын тазалау жұмыстары белсенді жүр­гізіліп жатқан көрінеді. Жаңа судья­ларды іріктеу рәсімі қатай­тылды. Бүгінде сот болып, төрелік еткісі келетін кандидаттар алдымен полиграфтың («жалғандық детек­торының») тексеруінен, сондай-ақ күрделі психологиялық тесттен өтуі қажет.

Тәуелсіздік қаржылық кемелдіктен басталады

Билер қатарының білікті ма­мандармен толығуына жалақының жо­ғарылауы да ықпал етуі тиіс. Бұрын сот билігі қаржылық тұр­ғыдан Үкіметке тәуелді болды. Енді Ұлттық банк секілді өз жалақысын, әкімшілік шығыстарын және бас­қасын өзі белгілеуге мүмкіндік алады. Әйтпесе, Конституциялық кеңес 2008 жылғы 23 маусымдағы жолдауында «соттарды қаржылан­дыру сот төрелігін толық және тәуел­сіз жүзеге асыру мүмкіндігін қам­тамасыз етуі керек деген конс­титуциялық талап іс жүзінде толық жүзеге асырылмайтынын», сал­да­рынан судьялар бюджетін қалып­тас­тыру кезінде жергілікті атқару­шы билікке қол жаюға мәжбүр бо­латынын, шенеуніктерге осын­дай тәуелділік сыбайлас жемқор­лық­­қа ықпал ететінін ашық айт­қан-тын. Осыған байланысты 2021 жыл­ғы 20 желтоқсанда Президент «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» конституциялық заңға және ілеспе заңға қол қойды. Жо­ғарғы Сот аппаратының бас­шысы Наиль Ахметзакировтің айтуынша, бұл құжаттарға сәйкес, 2022 жыл­дан бастап сот жүйесін қаржы­ландырудың жаңа моделі енгізілді. Ол нақты квотаны қарас­тырады: сот жүйесінің шығыстары енді барлық мемлекеттік орган шы­ғыстарының жалпы сомасының кемінде 6,5%-ын құрайды. Яғни, сот жүйесін қаржылан­дыру шегі белгіленеді. Соның ая­сында төл бюджетін қалай қалып­тастыратынын, оны жұмсау қағи­даттары мен бағыттарын судья­лардың өзін-өзі басқару органдары айқындайды. Бұл ретте қаржыны бөлу мәселелері Жоғарғы Соттың кеңейтілген жалпы отырысында қа­ралады. Шығындардың ныса­налы жеріне жұмсалуын бақылау бұрынғысынша Есеп комитетінің құзырында қала береді. «Сот жүйесінің бюджетін қа­лып­тастыру процесі айқын әрі ашық түрде жүргізіледі. Енді бұл құзырет құрамына барлық өңірдің сот өкілдері кіретін кеңейтілген жалпы отырысқа беріліп отыр. 2023 жылға арналған бюджет жобасы аталған органның осы жылғы сәуір­дегі кезекті отырысында қара­лады», – деді Наиль Ахметзакиров. Демек, соттар енді атқарушы билікке қаржы сұрап, алақан жай­майтын болады. Меморгандардың бүкіл бюджетінің 6,5%-ы көлемінде қаражат автоматты түрде бөлінбек. Бұл сонда қанша миллиардты құ­рауы мүмкін? 001 бюджеттік бағ­дар­ламасы бойынша 2021 жылы Қазақстанда барлық мемлекеттік органды ұстап тұру үшін жалпы со­масы 855 миллиард 779,3 мил­лион теңге жұмсалыпты. Соның 6,5%-ы шамамен 55,6 миллиард теңгені құрайды. Дегенмен 2023 жылғы республикалық бюджетте Жоғарғы Сотқа 57 млрд 497,6 млн теңге қарастырылып отыр.