NEET-жастардың қатары көп
NEET-жастардың қатары көп
606
оқылды
Алдын ала келісіп немесе біреуге тапсырып қоймаса, жастардың диплом алған бетте жұмысқа тұрып кетемін деуі – қиын шаруа. Ақшасы жақсы, мәртебелі деген жұмыс орындарына еңбек өтілінсіз өту қиын. Соңында әлеумет­тік аударымдар жасамайтын, ақысын күнбе-күн немесе аптасына бір төлейтін жұмыстар қалады. Еріксіз істейді. Сонда жастар өздеріне арналған «Жас­­тар практикасы», «Алғаш­қы жұмыс орны» сияқты жоба­лардың бар екенін білмегені ме, әлде оларды қызықтырмай ма? Қара­ғанды облысында NEET-жастар қатары көбейген. 2013 жылдан бері жұмыспен қамтылмаған жастар проблемасы көтеріліп келеді. Нәтижелі жұмыс­пен қамтуды және жаппай кәсіп­кер­лікті дамытудың 2017-2021 жыл­дарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 14 742 жас жұмысқа орналасты. «Жастар тә­жірибесі» бағдарламасы да табысты жүзеге асырылып жатыр. Кәсіпкер­лікті дамытуға да ерекше көңіл бө­лінеді. «Бастау Бизнес» жо­басы бо­йынша бес жүзден астам жас оқуға жіберілген, 489 грант бөлінген, – дейді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Аида Ысқақова. Өздігінен кәсіп ашамын дегендерге қаржы бөлініп жатыр. Бірақ оны дұрыс пайланбайтындар да бар. Қарағанды облысының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі бас­қармасы­ның басшысы Біржан Әлім­жанов «күнделікті күнелтуге жете­тін қаражатың болмаса, жаһан­дық проблеманың өзі түкке тұрғы­сыз болып қалады» дейді. Оның дәлелі – жастардың жұмыссыздық деңгейі бойынша Қарағанды, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан кейін үшінші орында тұруында. Біржан Нұрланұлы көрсеткен проблеманы шешудің бірден-бір жолы – орта тапты қалыптастыру. – Бүгінде жастардың бизнеске деген қызығушылығы жоғары. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің бастамасымен бірнеше жыл қатары­нан гранттық қолдау көрсетіліп келеді. Өткен жылы бюджеттен бөлінген грант  260 млн теңге болса, оның 100 млн теңгесі әкімнің гранты, қалғаны аудан және қала әкімдері бөлген грант. Биыл грант көлемі 2 млн теңгеге дейін көтерілді. Бірақ осы бөлінген гранттардың әлеуметтік әсері қандай деген сұрақ туындайды. Жастардың дені бұл қара­жатты ақшалай көмек ретінде қарастырады. Грант кәсіп ашып, жұмыс орындарын құру үшін, өз ауданына пайдасын келтіру үшін беріледі. Көп жағдайда бұл ақша несие жабуға, көлік алуға және тағы да басқа мақсаттар үшін жұмсалып кеткен фактілер де бар. Осындай масыл­дық­ты түбегейлі жою керек, – дейді Біржан Әлімжанов. Жұмыссыздыққа қатысты Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы биыл Президент тапсырмасы бойынша «Еңбек» бағдарламасы арқылы жұ­мысқа тартылатын жастардың жа­ла­қысы 30 АЕК, яғни 90 мың теңгеге дейін көтерілгенін айтады. Бірақ жастар бұл бағдарламалар туралы біле бермейді. Одан бөлек, биыл облысымызда «Жасыл ел» бағдарламасына қаржы бөлмеген өңірлер де бар. Тіпті, жас­тарды тұрғын үймен қамтуда міндеттеме алғанымен, Ақтоғай, Осакаров, Ұлытау аудандарында бірде-бір пәтер ұсынылмаған.

Өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмайды

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Білім және ғылым ми­нистр­лігінің тапсырысымен 2018 жылдан бері жоғары оқу орындары түлектерінің жұмысқа орналасуы жайында зерттеу жүргізіп келеді. Зерттеу басталған жылы түлектердің 60%-ы өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмаған. «68 жоғары оқу орны түлектерінің жұмысқа орналасуы 50%-дан төмен. 92 мамандық бойынша жұмысқа орналасу көрсеткіші орта есеппен 67,4%. Тү­лек­­тердің жұмысқа орналаса алмауы­ның басты себебі жұ­мыс берушілердің жас мамандарды даярлау сапасына қанағаттан­бауы­нан», – деп көрсетеді сарапшылар. 2020 жылы да осы жағдай қай­таланды, зерттеушілердің пайымынша, жұмыс берушілердің түлектердің білім, білігіне көңілі толмайды. Өзі тәжірибесіз, оның үстіне, білімі таяз болса, ондай жас­ты жұмысқа кім ала­ды? Мұндайда «Жастар тә­жірибесі» немесе «Ал­ғаш­қы жұмыс орны» ең тиімдісі сияқ­ты. Мамандық бойынша жұ­мыс істеп, аз-кем тәжірибе жинақ­тайды. Еңбегінің ақысын да алады. Алайда, тәжірибе уақыты аяқталған соң тұрақты жұ­мыс­қа қалуы екіталай. Олай дейтініміз, аталған бағдар­ламалар жарты жылға ғана есептелген. Одан кейін жұмыс берушіде бос жұмыс орны болса жақ­сы, болмаса, қайтадан жұмыссыздар қатарына қосылады. Бағдарламалар жастар үшін тартымды бола түсер. Дегенмен  таңер­теңнен кешке дейін бір ай отырып, 90 мың теңге тапқанша жеңіл жолмен көбірек тапқысы келетін жас та көбейді. «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Ержан Хамитов: – Облыс жастарының 9,9%-ы NEET санатына жатады. Бұл қайта 2,1%-ға азайғаны. Ресми дерек бо­йынша аймақтағы 261 мың жастың 4,3%-ы жұмыссыз. Жұмыс бар негізі, бірақ көпшілігі ұсынған жұмысты істегісі келмейді. Кейбіреуі үйде отырып табыс табамын дейді, таксист болады, – дейді.

Бағдарламалар нәтижесі қайда?

«Жастар практикасына», «Ал­ғаш­қы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» жобасынан бөлек «Жасыл ел», «Дипломмен – ауылға» бағдарламалары болса да, жастар арасындағы жұмыссыздық азаяр емес. Неге? Бақсақ, мәселе түпкі мақсаттың дұрыс еместігінде сияқты. Жыл сайын пәленбай адамды мында, түгенбайды анда жібердік дейтін статистикалық сандардың түпкілікті нәтижесі тұрақты жұмыс­қа орналастыру болуы керек емес пе? Бірақ  біз түлектің тұрақты жұ­мыс­пен қамтылуын емес, тек тәжірибеден өту индикаторын ғана есепке аламыз. Мемлекет бағдар­ламаға қаражат бөлді, мынша адам қатысып, ол игерілді. Тіпті, асырып орындалды дейміз. Сонымен жылды жабамыз. Жұмыс іздеуге шорқақтығымыз, сонымен қатар жеңіліне жүгіре­тініміз тағы бар. 50-60 мың теңге айлыққа «күзет» деген жазуы бар форманы киіп жүруден арланбаймыз.

Іздегенге жұмыс бар

Жұмыс іздеген адамға маман­дық жетерлік. Бір ғана «Еңбек» электронды биржасында еліміз бо­йынша 98 123 бос жұмыс орнына шақыру болса, оның 5 635-і Қарағанды облысына тиесілі. Мысалы, Қарағанды қаласындағы Maker ЖШС-KLMZ басқарма басшысы Жәнібек Байға­белов­пен сөйлескенімізде өндіріске жаңа жұмыскерлер керек екенін айтқан болатын. Алып ком­пания­ға жүз­деген маман керек. Бірақ құлшы­нып тұрған жастар аз. Өйткені  қазіргі уақытта автоматтандырылған станоктарда тұратын маман қат. Аймақта биыл бірнеше жоба қолға алынып, жастарды жұмыспен қамтымақ. Бұл бағдарламалар іске асып жатса да, жұмыссыздар саны азаймасы анық. Өйткені  Қазақстан жұмыссыздық деңгейі бойынша Еуразия экономикалық одақ елдері ішінде алдыңғы қатарда тұр. ЕАЭО комиссиясының статистикасына сүйенсек, республикада жұмыспен қамту орталығына тіркелгендер саны бір жылда, яғни 2020 жылдың тамызынан 2021 жылдың тамызына дейін 1,6%-ға өсіп, жұмыссыздар қатары 222,6 мың адамға жеткен. Осыған қарап, өзіңіз қорытынды жасай берсеңіз де болады…

Қарағанды облысы